Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Болашақ бүгіннен басталады» атты ұлттық байқаудың бас жүлдегері, марқұм Нұрперзент ДОМБАЙДЫҢ сүйікті жары Тоғжан Есеновамен сұхбат.
– Нұрперзент Жандәулетұлы Сыр өңірінде өмірге келіп, студенттік дәуренін Алматыдай ару қалада өткізді, алғашқы еңбек жолын үш жүздің басын қосқан Ұлытауда аудандық газет тілшісі боп бастап, белгілі басылымдарда басшылық қызметтерде болған. Ол кісімен қашан, қайда және қалай таныстыңыз?
– Екеуміз – бір топырақтың түлегіміз. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Энгельс совхозы – Нұрперзенттің туған жері, ал менің туып-өскен жерім – «Бірлік» деген шағын елді мекен. Оқыған мектебім сегіз жылдық еді, 9-10 класты Энгельс совхозындағы №25 мектеп-интернатта жатып оқыдым. Нұрперзент менен бір сынып жоғары оқыды.
Екеуміздің таныстығымыз қызық болды. Мектеп жанында тұщы бұлақ ағып тұратын. 9-класс оқушыларын егістік тазартуға алып баратын болып, бізге бұлақ жанына жиналыңдар деді. Бірге оқитын оқушылар машинаны күтіп әрі бұлақ суына қолымызды жуып отырдық. Бұл мамыр айы еді. Жоғары класта оқитын төрт-бес қыз, орталарында бір бозбала бар, мектеп шарбағынан шығып, бұлақтан су ішуге тоқтады. Бозбала қыздарға алақанымен су алып беріп, оны қыздар бірінен кейін бірі ішіп жатты. Күткен машинамыз келіп, соған беттеп бара жатқанда, қыздарды «суғарып» тұрған ер балаға көзім түсіп кетті. Ол да маған кірпік қақпай қарап қалды. Аққұба өңді, сұңғақ бойлы, жүзі жылы жан екен. Біз машинаға мініп егістікке кеттік.
Ертеңіне кластас құрбым: «Сенімен жоғары кластың бір баласы танысқысы келеді» деді. Маған екі шумақ өлең жазып, оны құрбы қызымнан беріп жіберіпті. Өкінішке қарай, сол өлеңін сақтамаппын, әйтеуір, мені құсқа теңеп, басқа жақтан қалай келдің деген сияқты еді… Сабақ біткен соң құрбым екеуміз мектептен шығып бара жатсақ, шарбақтың есігінің алдында кешегі қыздарға алма-кезек алақанымен су ішкізген бозбала тұр. Есімі Нұрперзент екен. Өзіммен бірге оқитын сол ауылдың қыздарынан «Қандай оқушы? Қайда тұрады?» деп сұрастырып көрсем, мектептің беткеұстар озат оқушысы екенін, өлең шығаратынын, газеттерде өлеңдері, мақалалары шығып жүргенін айтып, жарыса мақтады. Нұрперзент мені күнде мектептен күтіп алатын, интернатқа дейін шығарып салатын. Бір күні киноға шақырды. Солай жүріп, біртіндеп сөйлесіп кеттік. Біз солай танысқанбыз.
Мектеп бітірген соң ол Алматы қаласындағы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (КазГУ-ге) журналистика факультетіне оқуға түсті. Мен мектепті бітірген соң Қызылорда қаласында жұмыс істедім. Кейін кітапханашы деген мамандық иесі болдым. Ол 1980 жылы оқуын бітірген соң, екеуміз бас қостық. Қаламгердің жары болу менің маңдайыма жазылған бақ болды десем, қателеспеймін. Жазған мақаласы мен өлеңдерін, сиясы кеппей тұрып, алдымен маған тыңдататын. «Қалай екен, саған ұнады ма, дұрыс жазыппын ба?» деп, үнемі менімен кеңесіп отыратын.
Жолдамамен жас маман ретінде Жезқазған облысы Ұлытау ауданынан бір-ақ шықтық. Нұрперзент аудандық газет тілшісі болып орналасты. Ұлытау ауданына бір-бір чемоданымызды көтеріп келіп, сол жерден өмір жолымызды бастаған жандармыз. Екі қызымыз Нұргүл мен Гүлнұр аудан орталығы Ұлытау селосында, кенже ұлымыз Нұрсұлтан сол кездегі облыс орталығы Жезқазған қаласында өмірге келді.
Халықтың мұң-мұқтажын қорғап жүрген соң ба, араласатын, сыйласатын адамдары көп болды. Үйге бірі келіп, бірі кетіп жататын еді. Ол өте қонақжай, көпшіл жігіт еді. Сөзім жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейін. Бірде Нұрперзент жұмыстан қуанып келді. Ертең Ұлытауға Алматыдан концерт келетін болыпты. «Іштерінде қызылордалық екі әнші бар екен. Сол жерлестерімізді үйге қонаққа шақырып, дәм берейік» деді. Жаз айы, күн ыстық. Үйімізде ет сақтайтын тоңазытқыш жоқ еді. Бұл 1982 жылы ғой. Аудан орталығында тұрсақ та, мұнда ет дүкені де жоқ, ет, сары май, т.б. тамақтарды баздан барып аламыз. Базға ет алуға барсам, ет жоқ екен. Қонақтарға енді қандай тамақ беремін деп қиналып тұрғанымда, баз меңгерушісі: «Қаздың еті бар, аласыз ба?» деді, қуанып кеттім. Үйге 3 қаз әкеліп, соларды баппен асып, күтіп отырғам, концерт аяқталған соң қонақтар да келді-ау… Нұрекең тек екі әнші ғана шақырамын деген, қайдағы-ы, оркестрдегі 15 адамның бәрін ертіп келіпті. Былбырай піскен семіз қаздың етін екі табаққа салып, орталарына қойып, қонақтарымызды солай жайғағанбыз. Көңіл жетсе, бәрі жетеді екен ғой…
Бұрын Жезқазған облысында «Ұлытау үні», «Байқоңыр дауысы» деген өнер фестивальдары жылма-жыл дәстүрлі түрде өтетін. Бір жылы Алматыдан Жезқазған қаласына Мәдина Ералиева концерттік сапармен келді. Нұрперзент: «Мәдина Ералиева – Қазалының қызы, біздің жерлесіміз ғой, үйге шақырмасақ ұят болар» дегесін, меселін қайтарғым келмеді. Дүние қат кез. Азық-түлік, арақ-шарапты адам басына шақтап береді, кір сабынға дейін талонмен алатынбыз. Сонда да әнші апамызды барымен базар деп, қонаққа шақырдық. Фестивальға жан-жақтан арнайы келіп жатқан өнер адамдары атақты әнші Мәдинаның шашбауын көтеріп, біздің үйге бірге ере келмесі бар ма?! «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген бекер сөз емес екеніне сол жолы көзім анық жетті. Отбасымызбен жақын араласатын қызылордалық жолдастарымызды (олар да Жезқазған қаласына біз сияқты жолдамамен келген жас мамандар), дереу көмекке шақырдық. Әйтеуір үйге қанша қонақ келсе де Нұрекеңнің мерейі үшін намысқа тырысып, сыртқа сыр білдірмей, жылы-жұмсағымызды ортаға қойып, тамақ берген кездеріміз аз болған жоқ.
1993 жылы Жезқазған жұртшылығы Ұлытаудан шыққан қос тұлға – Төрегелді Шарманов пен Камал Смайыловтың 70 жас мерейтойын атап өтті. Сол жылдары Нұрперзент «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істейтін. Мерейтойға Алматыдан біраз жазушылар келіпті, тойға келген сыйлы қонақтар ішінде «СҚ» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза мырза да бар екен. Қонақжай Нұрперзент: «Шерхан аға тек менің басшым ғана емес, ауызы дуалы, елге сыйлы үлкен адам ғой, үйден дәм беріп, батасын алайық» деді. Шерхан ағайға «Үйге соғып дәм татып кетіңіз» десе, «Рахмет, қарағым, баратын жерлеріміз көп, үйіңе бара алмаймыз» депті. Сонда қасында тұрған Камал аға: «Қалай бармайсыз, бұл жігіт шын ықыласымен шақырып тұр ғой. Сіз де жас болмадыңыз ба?» дегеннен кейін, баруға келісіпті. Қой сойғанбыз, соның етін астық, бар жылы-жұмсағымызды қойып, дастархан дайындадық. Қасымда Жұмагүл деген құрбым бар. Жас кезіміз ғой. Бір жағынан «Мұнымыз қалай болар екен? Елге танымал үлкен адам дастарханымызға риза бола ма, жоқ па» деген де қорқыныш бар көңілімізде.
Бес қабат үйдің төртінші қабатында, екі бөлмелі шағын пәтерде тұратынбыз. Балконда қонақтардың келуін күтіп, сыртқа қарап тұр едік. Бір кезде жер-көкті басына көтерген МАИ (ГАИ) дабылымен 20 шақты машина есік алдына келіп тоқтады. Елге әйгілі ақын-жазушылар әлгі машиналардан түсіп, үйге беттеді. Ұлытау ауданының әкімі Серік Тілеубаев мырза бастаған 80-дей адам біздің шаңырағымызға кіріп жатты, кіріп жатты. Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов ағалар төрдегі диванға жайғасты. Етті басымен табаққа салып әкеліп, үлкендердің алдарына қойғанбыз, тамақтан аздап ауыз тиді. Түрегеліп тұрған адамдар да алма-кезек дастарханға келіп жатты. Аттары аңызға айналған ағаларымыз шын ықыластарымен ақ тілек, ақ баталарын берді. Кетерінде Шер-ағаның: «Әттең, уақыт тығыз, әйтпесе асықпай отырып, дәм тататын үй екен!» дегені әлі күнге көңілімнен кетпейді.
Арада жиырма шақты жыл өткен соң, Алматыға қоныс аудардық. Нұрперзент республикалық «Ана тілі» газетіне қызметке тұрып, кейін сол газеттің бас редакторының бірінші орынбасары болды. Қызмет бабымен түрлі жиындар мен басқосуларға барғанда, біраз ақын-жазушылар: «Баяғыда Шер-ағамен бірге Жезқазғандағы үйіңде қонақ болғанбыз» дегенін маған қуана айтып келуші еді.
– Нұрперзент Жандәулетұлы жазуда күй талғайтын ба еді? Жылдың қай мезгілінде өндірте жазатын? Әуесқой сазгер ретінде шығарған әндеріне тоқтала кетсеңіз. Қандай әндері бар?
– Шығармашылық жұмыстарымен демалыс күндері түнгі уақытта айналысатын еді. Бір қызығы, жерге көрпе жайып, етпетінен жатып жазғанды ұнататын.
– Түн іші. Бөлме. Ояумын.
Жүзімде сәл-пәл қаяу мұң.
Айналам тыныш. Ұйқыда,
Балам да, жарым – аяулым.., – деп жазған жыры бар еді.
Жыл мезгілінің барлық кезін ұнататын, әсіресе көктем мен күз айын қатты жақсы көретін еді. «Көктем – жаңа өмір басталатын кез, күз айы – бір жылғы өміріңе есеп беретін мезгіл» дейтін.
Жезқазған қаласында жылма-жыл «Ұлытау үні» фестивалі өтіп тұрғанын жоғарыда айттым ғой. 1998 жылы сол фестивальдің аясында, Нұрперзенттің 40 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті. «Жүрек үні» атты алғашқы жыр кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Содан бері «Адалдықтың ақ жолы», «Адамдық айнасы», «Жеңімпаз», «Елім деп соғар жүрегім», «Алғыс арқалаған азамат», «Ғибратты ғұмыр» «Күй», «Ұлт жаны», «Ерлік – елге мұра» секілді оншақты кітабы жарық көрді.
Сазгерлік қыры жайлы айтар болсам, студент кезінде шығарған 4-5 әні бар. «Достарым» , «Ана», «Аранды», «Немерем», «Сүйген жар» деген әндерін дастархан басында, достарымен бас қосқанда өзі айтатын. Бірақ бірде-біреуі нотаға түсірілмей қалғаны өкінішті болды.
– Қанша жыл отастыңыздар? Отағасы ретінде қандай қасиеттерін бағалайсыз?
– Жігіттің үш жұрты болады ғой. Өз жұрты – бауырларын жақсы көрді, нағашы жұртын және қайын жұртын бірдей көріп, құрметтеді.
Адал жар, мейірімді әке болды. Қарапайым, бауырмал жан еді, достарының ортасында өз орны болды. Екеуміз 41 жылдай отасып, тату-тәтті, бақытты өмір сүрдік. Алланың осындай жақсы жігітке жар еткеніне іштей шүкіршілік етемін.
Әке ретінде балаларына жақсы тәрбие берді. Олардың тәртібіне, үлкенді сыйлауына, сабағын жақсы оқуына қатты мән берді. Адал еңбек етуге, өтірік айтпауға баулыды. Мектепте жүргенде Нұргүл, Гүлнұр, Нұрсұлтанның жиналыстарына барып тұратын. Ата-аналар комитетінің төрағасы болды. Нұрай, Ерасыл, Замира деген жиен немерелерін өте жақсы көрді. Қарағанды қаласына жолы түсіп бара қалса, оларға соқпай қайтпайтын еді. Бәрін ойыншық дүкеніне ертіп барып, қалаған ойыншықтарын алып беріп, қуантып қайтатын. Жиен, немере деп бөлгенді онша ұнатпайтын еді, жиен дегеннен гөрі немере дегенді дұрыс көрді. Кенже ұлымыз Нұрсұлтан әкесі өмірден өткеннен кейін отбасын құрды. Амандық болса, Нұрекеңнің өз немересі де өмірге келер деп ойлаймын.
– Журналист-публицист ретінде жазған еңбектері бағаланды ма? Мемлекет тарапынан қандай марапаттарға ие болды?
– Еңбегі бағаланбады деп айта алмаймын. Нұрекең Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Болашақ бүгіннен басталады» атты ұлттық байқауының бас жүлдегері атанды. Әр жылдары Президенттің, Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хаттарын алды. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның «Алтын қалам» дипломының иегері болды.
Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты бәйгеде «Қазақ тілді баспасөздің үздік журналисі» номинациясы бойынша бас жүлдемен марапатталды. Бұл оның соңғы жетістігі еді…
– Өзі өмірден өткелі бері мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптары жарық көрді ме?
– Өмірден өткелі өзі дайындап кеткен екі кітабы мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Бірі – «Ұлт жаны» атты кітабы, бұл жинақта тілге қатысты мақалалар мен сұхбаттары, ой-толғамдары басылған. Екіншісі – «Ерлік – елге мұра» кітабы. Онда Кеңес Одағының Батыры Үрмаш Түктібаев, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова және Ұлы Отан соғысына қатысқан басқа да қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы баяндалады.
– Ардақты азамат, аяулы жарыңыздың атын шығару үшін Ұлытау өңірінде немесе туған жері – Қызылорда облысында қолға алынып жатқан істерге көңіліңіз тола ма?
– Ұлытау өңіріне ол 30 жылдан астам уақыт өмірін арнады. «Ұлт ұясы – Ұлытау» деп шырылдаған да Нұрперзент еді. Ол Ұлытаудың атын ұлықтау үшін, оның киелі топырағында туған тарихи тұлғаларды күллі қазақ еліне кеңінен таныту үшін республикалық газеттерге осы киелі жер, оның тамаша адамдары жайлы жазған тарихи-танымдық мақалаларын жиі шығарып тұрды. Совет заманында Жезқазған қаласының атауы орыс тіліндегі ресми құжаттарда «Джезказған» боп жазылатын. Сол алдыңғы «Д» әріпін алғызып тастауға Нұрперзент көп тер төкті. Қазір кеншілер қаласының «Джезказған» емес, «Жезқазған» аталып жүргені соның еңбегі екенін жұрттың бірі білсе, бірі білмейтін де шығар. Бірақ зерттеуші-тарихшылар ескі газет тігінділерін ақтарса, Нұрперзенттің жазған мақалаларынан еліміз үшін, ана тіліміз үшін еткен ерен еңбегі тайға таңба басқандай көрініп тұрғанын байқар еді.
Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» деп аталатын үлкен корпорацияға қарасты «Мысты өңір» газеті әу баста биттің қабығындай 2 беттік жұқа газет еді, соны ол 8-10 беттік үлкен басылымға айналдырды. Оның таралымын бірнеше есе арттырды. «Мысты өңірді» тек Жезқазған қаласының ғана емес, Балқаш, Ұлытау, Жезді өңірлерінің де тұрғындары іздеп оқитын тартымды басылымға айналдырды. Алайда атамыз қазақтың: «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған екен. Жершілдік, рушылдық дертіне шалдыққан әлдебіреудің көреалмастықпен аяқтан шалып, жазықсыз жала жауып, үстінен арыз жазғанына күйінген сәтінде ол: «Әттең, осы еңбегімді туған жеріме – Сыр өңіріне жұмсағанымда ғой!» деп іштей өкінетін. Сол өзекті өртеген өкініші оның ішінде кетті…
Бергенінен берері көп шағында, өмірінің ең өнімді кезінде өмірден өтті. Өмір бойы бар күш-жігерін баспасөз жұмыстарын ұйымдастыруға жұмсаған оның өз шығармашылығымен айналысуға уақыты да, мүмкіндігі де болған жоқ. Зейнет демалысына шыққасын, қала сыртына өз күшімен салған жайлы үйімізде, тыныш жерде жатып жазамын деп, Сыр өңіріне қатысты аңыз әңгімелер мен сонда өмірге келген белгілі, белгісіз тарихи тұлғаларға қатысты деректерді көптен жинастырып жүрген. Оның жазамын деген шығармашылық жұмыстары аз емес еді. Әттең, 2021 жылы 23 шілде күні аяқастынан жүрек талмасы ұстап, қайтыс болды.
Ол өмірден өткен соң, «Ұлытау үні» атты республикалық фестивальдің 30 жылдығына байланысты Жезқазған өңірінде болған ақындар мүшәйрасында, өзі еңбек еткен республикалық «Ана тілі» газеті ұжымының ұсынысымен Нұрперзент Домбай атындағы атаулы жүлде тағайындалды.
Сондай-ақ, өмірден өткен журналистер есімдерін халық жадында сақтау үшін көп еңбек етіп жүрген «Түркітілдес журналистер қоры» (президенті Нәзия Жоямергенқызы) Нұрперзент Домбай атындағы жүлдемен бір жас журналистті марапаттады. «Қазақ газеттері» ЖШС басшылары мен «Ана тілі» газетінің ұжымына және Нәзия Жоямергенқызына айтар алғысым шексіз.
Тірі болса, Нұрперзент Жандәулетұлы Домбай биыл 65 жасқа келер еді деп, Сыр елі, кіндік қаны тамған Қазалы жерінің азаматтары ақындар айтысын, басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, оның мерейжасын атап өткелі жатыр. Ауқымды істің басы-қасында болып, бәрін ұйымдастырып жүрген азаматтарға басымды иіп, рахметімді айтамын.
Келешекте оған көше атын беру туған жеріндегі басшы азаматтардың ойларында бар, алайда, бекітілген ереже бойынша марқұмның қайтқанына 5 жыл толу керек екен. Амандық болса, ол күнге де жетерміз деген ойдамын.
Сұхбаттасқан
З.ӘМІРҚЫЗЫ,
журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<