Сыр бойының гидрологиялық ахуалы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Ол туралы пессимистік болжам бұрыннан айтылып жүр. Орталық Азиядағы ең ірі өзеннің қазіргі жағдайы, оны сақтап қалудың жолы қандай? Осы сұрақтар және Арал мәселесі жөнінде Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғановпен сұхбаттастық.
– Сырдарияның су қоры қалай реттеледі? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Өзіңіз білетіндей, Қырғызстан аумағынан бастау алатын Нарын өзені Өзбекстандағы Қарадария өзеніне қосылып, нәтижесінде Сырдария өзені қалыптасады. Сырдария өзені өз ағысы барысында Тәжікстан аумағындағы «Бахри Точик» (Қайраққұм) су қоймасы арқылы өтіп, кейін Өзбекстан аумағы арқылы ағып, Қазақстандағы «Шардара» су қоймасына құяды. Нарын-Сырдария каскадында «Шардара» су қоймасынан жоғары 4 қойма бар. Жалпы сыйымдылығы – 26,6 млрд текше метр. Олар – Қырғызстандағы «Тоқтағұл», Өзбекстандағы «Әндіжан» және «Шарбақ», Тәжікстандағы «Бахри Точик» су қоймалары. Қазіргі таңда аталған су қоймаларында жинақталған су көлемі 12,5 млрд текше метр (жалпы сыйымдылықтың 47 пайызы), былтырғымен салыстырғанда 1,8 млрд текше метр аз. Қазақстандағы «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі – 6,2 млрд текше метр. «Шардараға» секундына 541 текше метр су түсіп жатыр. «Арал-Сырдария» бассейнінде осы екеуін қоспағанда 36 су қоймасы бар. Инспекция Созақ ауданын есепке алмағанда, Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Қызылорда облысының аумағындағы су ресурстарын пайдалануды реттейді. Қызылорда облысында жалпы сыйымдылығы 34,7 млн текше метр 6 су қоймасы орналасқан. Оның 5-і Жаңақорған, 1-і Арал ауданында. Бүгінгі күні осы су қоймалары 37 пайызға толған, яғни 12,8 млн текше метр су жиналған. Қазір барлық су қоймасында көктемге су жинау жұмыстары жүріп жатыр.
– Осы кезде облысқа қанша көлемде су келіп жатыр? Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл ақпанда судың келуінің пессимистік сценарийіне сай әрекетке көшкенін білеміз…
– «Көктөбе» су бекеті арқылы біздің облысқа секундына 177 текше метр су келіп, көлдер жүйесіне, шабындықтар мен Арал теңізіне бағытталуда. Судың бір жылдары мол, бір жылы аз болуы жауын-шашынға байланысты. Сырдария өзенінде судың азаю процесі 2012 жылдан басталды. Ал 2003-2019 жылдар аралығында «Шардара» су қоймасына жылына 15 млрд текше метрден астам су түсті. Жылына 20 млрд текше метрден астам су келген уақыттар болды. Соңғы кездері бұл көрсеткіш 12-13 млрд текше метр шамасында. Судың ең аз келген жылы – 2021 жыл, небәрі 10 200 млрд текше метр. Сырдария өзенінің су қоры 37 млрд текше метр болса, оның ішінде елімізге жыл сайын 12 млрд текше метр, ал су аз жылдары 10 млрд текше метр белгіленген.
– Күріш егуге бейімделген Сыр өңірі оның көлемін жыл сайын азайтуға мәжбүр болып отыр. Суды үнемдеудің тағы қандай жолдары бар?
– Облыста бұған дейін 86 мың гектардан астам күріш егіліп келсе, былтыр 81 мың гектарға дейін қысқарды. Сырдария мен Әмудария бойында орналасқан 5 мемлекеттің Су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы жылына екі рет өтеді. Оның бірінде вегетацияға, екіншісі вегетациядан тыс, яғни қысқы мезгілде бөлінетін су көлемі жөнінде болжам жасалады. 2025 жылдың қараша айында осы комиссияның 91-отырысы өтті. Сол кезде болжанған су көлемінің қазіргі күні «Шардара» су қоймасына 95 пайызы келді. Болжанып отырған су көлемі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 1 млрд текше метр кем. Осы су көлеміне талдау жүргізіліп, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазсушар» мекемесінің Түркістан, Қызылорда филиалдарымен күнделікті бірлесіп, су тапшылығының алдын алу мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайтып, егін шаруашылығын әртараптандыру, суды үнемдеуге бағытталған шаралар қабылдау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қызылорда облысында күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту көзделіп отыр. Тамшылатып суару әдісіне көшіп, оның орнына жүгері егу мүмкіндігі қарастырылды. Өткен жылы өңірде 81 мың гектарға күріш егілсе, 60 мың гектарға дейін лазерлік тегістеу жұмысы жүргізілді. Бұл әдіс суды 20 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Суды тиімді пайдаланғаны үшін егін шаруашылығымен айналысатындарға мемлекеттен 80 пайызға дейін субсидия беру көзделген. Былтыр Қызылорда облысында 8,1 гектарға дейін су үнемдеу технологиясы қолданылып, егін егілді.
– Су туралы сөз болғанда Кіші Арал мәселесін айналып өте алмаймыз. Оның қазіргі күйі қандай?
– 2006 жылы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде «Көкарал» бөгеті салынып, оған су жинау басталды. Сол кезде 3-4 жыл ішінде су толады деп болжанған. Кейбір жылдары су көп болып, тіпті одан да жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, артық суды үлкен теңізге тастауға мәжбүр болдық. Қазіргі уақытта жинақталған су көлемі – 23,08 млрд текше метр. 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Кіші Аралдағы су деңгейін 44 метрге жеткізу жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, құжаты дайын. Қаржы көздері нақтылануда.
– Ал теңіздің тұздылығы қандай? Балықтың тіршілік етуіне қолайлы ма?
– 2025 жылдың қорытындысымен Кіші Арал суының орташа жылдық тұздылық мөлшері – 8,8 г/л (%). Бұл – орташа көрсеткіш. Егер тұздылығы орташа 14-15 % асса, балықтың тіршілік ету ортасы қолайсыз болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





