Табиғи газ тарифіне қатысты сұрақ көп

2949

1

Жақында ғана облыстық қоғамдық кеңес жанынан сараптамалық топ құрылды. Ол табиғи газ тарифі, сұйытылған газ бағасы, саладағы басқа да бұрын алпауыт компаниялардың коммерциялық құпиясы саналып келген ақпараттарды жинап, тәуелсіз сарапшылар арқылы талдаумен айналысады. Аталған топтың құзыреті қандай? Жұмысынан қандай нәтиже күтеміз? Салада қандай өзгерістер орын алмақ? Осы және өзге де мәселелер туралы сараптамалық топ төрағасы, кәсіпкер, қоғам белсендісі Болат Нұрхожаевтан сұрап білдік.

– Болат Жолтайұлы, табиғи газ тарифіне қатысты мәселені бұрыннан айтып келесіз. Бұл ретте қоғамдық кеңес жанынан құрылған сараптамалық топ нақты немен айналысады?

– 2013 жылы наурызда табиғи газ бағасы 6,6 теңге болған. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 8 теңге, шілдеден бастап 12,9 теңге болды. Кейін қайта 12,6 теңгеге түскен. Бұл өзгеріс көтерме баға тарифіне байланысты болды. 2015 жылы 12,7 теңге, одан соң 18,9 теңгеге жетті. 2016 жылы 19,9, 2018 жылы 21 теңге болған. Ал, 2019 жылы 20,9 теңге болып, шамалы арзандаған.

Бағаны айтып отырған себебім, өңірдегі аудандарды газдандыру үшін 2014 жылдан 2019 жылға дейін инвестициялық тариф енгізілген болатын. Осылайша, өндіруші мекеме 24 млрд теңге қаржы алып, төрт ауданға және Байқоңырға газ жүргізді. Ал, 2019 жылы ол инвестициялық мерзімі біткен соң тариф бұрынғы бағаға бару керек қой? Яғни, бұрын газ тарифі тасымал және көтерме бағадан құралатын. Оған инвестициялық тариф қосылып, үш компоненттен тұратын болды. Енді тасымал мен көтерме баға ғана қалуы керек еді. Бірақ «ҚазТрансГаз» оған ішкі шығындар дегенді қосты. Сонымен, соңғы екі жылда орташа тарифпен келе жатыр.

Бағаның бұлай болу себебін зерделеу қажет. Өңірге қажет газ қайдан, қаншасы өзіміздің «Ақшабұлақ» кен орнынан алынады? Себебі «Ақшабұлақтан» бізге салынған газ желісі бар. Ол қаншалықты жүктемемен пайдаланылып отыр? Онымен қанша газ таси аламыз? «Ақшабұлақ» қанша газ өндіре алады? Осы сауалдарға жауап алу үшін сараптамалық топ толық ақпаратты жинауы керек.

– Сонда біз Қызылорданың өзіне газдың қайдан келетінін де нақты білмейміз бе?

– «ҚазТрансГаз» мекемесінің басшысы өткенде бір жиында елу де елу, яғни, жартысын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» арқылы, жартысын «Ақшабұлақтан» аламыз деген. Ал, сол жиында-ақ, одан кейін сөз сөйлеген инженері: «Біз «Ақшабұлақтан» мүлде газ алмаймыз» деді. Демек, мекеме басшыларының өзі газды қайдан алып отырғанын нақты білмейді. Біз тіпті де білмейміз. Сараптамалық топты сол ақпараттарды жинатып, толықтай сараптау үшін құрдық. Оның жұмысы – барлық ақпаратты жинау, яғни, «ҚазГерМұнай» қанша газ өндіреді, қаншасын біз таси аламыз, қаншасын қайдан қандай бағамен аламыз? Тарифтің дұрыстығы қаншалықты екенін тексеру үшін соның бәрін талдап, тәуелсіз сарапшыларға береміз.

Облыстық әкімдік жанындағы «ИнтерГаз» мекемесі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырына ғана иелік етеді екен. Одан газды қаншадан алып отырмыз, ол ақпаратты білмейміз. Мысалы, жобамен айтар болсақ, қазір «Ақшабұлақтан»газды «ҚазГерМұнай» 0,61 теңгеден босатып отыр. Сөйтіп оны алады да «ҚазТрансГаз» мекемесі көтерме баға деп, «ҚазТрансГаз Аймаққа» 7 теңгеден береді. Ал, «ҚазТрансГаз Аймақ» бізге 21 теңгеден сатады. Кеше ғана 18 теңгеге түсірді. «ҚазГерМұнай» мүмкіндігі болса, неге тікелей 0,61 теңгеден қалаға жеткізбейді? Оған мүмкіндігі бар ма? Елімізде газдың көтерме бағасы деген бар, ол министрлікпен бекітіледі.

– «ҚазГерМұнайдың» ондай мүмкіндігі бар ма?

– Кезінде Қызылордаға дейін өздері газ желісін салған, оны кейін «ҚазТрансГаз» балансына берген. Сондықтан, мүмкіндігі жоқ болғанның өзінде, неге жоқ екенін түсіндіруі керек емес пе? Біздің қолымызда бары 2018 жылғы мәлімет. Одан кейінгі ресми ақпарат жоқ. Енді сол мәлімет бойынша Қызылорда қаласының газ тұтыну мөлшері 150 млн текше метр. Ал «Ақшабұлақтағы» «Кристалл Менеджмент» деген компания 190 млн текше метр пайдаланады екен. Ал, газдандырылған аудандар 90 мың текше метр газ пайдаланады. Жалпы, облыстың газ тұтыну көлемі 618 млн текше метр. Демек, «Ақшабұлақтағы» «Кристалл Менеджмент» бір қала тұтынатын газды тұтынып отыр. Одан энергия өндіріп, «ҚазГерМұнай» және басқа да кәсіпорындарға, артылғанын қалаға сатады екен. Арзан газдан өндіріп отырған энергияның да бағасы түсуі керек емес пе? Ойлап қарасақ, ана жақта бір компанияға керек екен деп, облыс орталығын қамтамасыз етуге жететін газды соған беріп қойып отырамыз ба? Неге халыққа бермейміз? Мысалға дариядан су алып отырсақ оның жанынан суды бөтелкелейтін мекеме ашса бүкіл суды соған беріп, халыққа «Шардарадан» су тартып алыңдар дейміз бе?

«Ақшабұлақтан» өндірілген газдың бүкіл көлемін өңірге беріп отыр ма, әлде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» арқылы басқа жаққа жіберіп отыр ма, бұған қатысты да нақты ақпарат жоқ. Жалпы барлық ақпаратты жинақтап бұл мәселеге толық көз жеткізгіміз, сосын тәуелсіз сарапшылармен де, мемлекеттік органдармен де сараптап ұсыныс бергіміз келіп отыр. Ақпараттар жинақталғасын оған сараптауға ниет білдіргендер болса толық береміз.

– Қазір өңірде сұйытылған газды кімдер өндіріп, қайда жіберіп отырғаны да үлкен мәселе болып тұр ғой. Бұл бағытта да сараптамалық топ талдау жүргізе ме?

– Айталық, «ҚазГерМұнайда» сұйытылған газдың бағасы 28 теңге. Сол газдың литрі тұтынушыға жеткенше кеше ғана 120 теңгеге дейін жетті ғой. Өйткені ортадағы делдал компаниялар бағасын бір-біріне сатып көтеріп отыр. Бұл жөнінде экономикалық тергеу департаментінде қылмыстық іс қозғалғанын естідік. Іс біткенше оның ақпараты жабық. Бірақ жалпы газ тарифінің ақпаратын жан-жақты болу үшін комиссияға экономикалық тергеу департаменті мамандары да қосылды. Өйткені олардың да сұрақтары бар.

Сұйытылған газ тарифіне келсек, газ сататын мекемелердің үлкен сыйымдылықтағы резервуары болуы керек деген талап бар екен. Мысалы, газды бөлшек саудада сатушының талапқа сай газ таситын көлігі бар мекеме неге тікелей сұйытылған газ өндірушіден 28 теңгеден алып, әкеліп өзінің тасымал шығыны мен басқасын қосып сата алмайды? Өйткені оған «договор перевалка» деген тосқауыл жасап қойылған екен. Ол бойынша менің 300 текше метрлік сыйымдылығы бар базам болуы керек. Газды «ҚазГерМұнайдан» алып, бірден сату нүктелеріме апармай, ортадағы перевалкаға құйып, одан қайтадан құйып алып сатудың қажеттілігі қанша?

Бұл талап жойылса сұйытылған газды 28 теңгеден алып, айталық, 35 теңгеден сатуға мүмкіндік болады. Неге сол мүмкіндікті жасап бермейміз? Бұл мәселе бойынша да біз сауал қойып отырмыз. Газбен айналысатын компанияға өндіруші басынан өзі құйып бере алатын болса, ортадағы делдалдардың не қажеті бар? Делдалдар 28 теңгеден алады да, бір жерде тұрған газды тек қағаз жүзінде 1-2 теңге қосып бір-біріне сата береді. Соңында ол газдың бағасы 120 теңгеге барады. Тіпті көтерме бағамен алатын оператордың болуына да түбегейлі қарсымын. Бөлшек саудада газ сатушы компания тікелей өндірушіден алуы керек. Әрбір газ сатушы тікелей келісім-шартқа отырып, компанияны өндіруші графикке қойсын. Компания кезегі келгенде барып өзіне керек газды құйып алады да, әкеліп сата береді. Олай жасауға не кедергі екені де түсініксіз болып отыр. Егер қандай да бір технологиялық қиындықтар болса оны түсіндіріп берсін.

Сұйытылған газбен айналысатын компанияларға монополистер білгенін істеп отыр. Газ сатушы компания келісім-шартты өндірушіден ала алмайды. Перевалка керек. Оған қоса, ол келісім-шартты әлгі монополист қалаған мекемесіне береді. Тіпті, жеткізу кестесі де жоқ. Газ үшін ақшаңды көрсетілген мерзімде төлейсің. Ал, саған газды қашан беретінін өздері біледі екен, қаржысын алдын ала төлеп қойып айлап тиесілі газын ала алмай отырғанын кәсіпкерлер айтып отыр. Кәсіпкер талап қойса онда енді саған газ жоқ, бермейміз деуі мүмкін. Олай болмауы керек.

– Негізгі мәселе табиғи газ ғой. Мысалы, табиғи газға қатысты біз сөз басында айтқан 24 млрд теңге қаржыны тұтынушылар төлеп келді ме?

– Ол 2014-2019 жылдар аралығында аудандарды газдандыруға салынған қаржы. Оның банкке төлейтін сыйақысының өзі 13 млрд теңге екен. Демек, 24 млрд теңгені 50 проценттен астамын қосып қайтарады. Қазір Арал, Жаңақорған, Қазалы мен Байқоңырда мекеме салған газ желілері тұр. Ақшасын бүкіл қызылордалықтар болып төледік. Бірақ газ желілері мекеме балансында тұр ғой. Олар сол Аралдағы газ желісін, мекемесін сатамын десе миллиардтарға сата алады, я болмаса арендаға берген сияқты пайдалануға конкурс жасап бере алады, яғни, мекеме өзі салған қаржысын қайтарып алуына болады.

Мысалы, мен 20 млн теңгеге нан сататын дүкен салдым делік. Оған кеткен шығынды нанның бағасына бөліп жіберіп, нанды мен мың теңгеден сата алмаймын ғой. Өйткені, ол – менің жылжымайтын мүлкім. Оны мен кез келген уақытта жалға бере аламын немесе сатып жіберуіме болады. Ал, мекеменің бұл жердегі әрекеті соған ұқсас. Салынған газ желісінің шығынын тарифке қосып отыр. Оған қоса, 3-4 жылдан кейін газ желілеріне авариялық қызмет салынбаған екен, сондықтан төрт ауданға авариялық қызмет құру үшін тарифті 2 теңгеге көтеруіміз керек дейді. Ал, бұл 20 млн теңгеге дүкен салып, халыққа маған өрт қауіпсіздігінен келіп, ішіне сигнализация құр деп жатыр, оның сомасы осынша. Сондықтан мен сендерге нанды енді 1000 емес 1200 теңгеден сатамын деген сияқты әрекет. Әуел бастан оның қауіпті өндіріс екенін біле тұра, авариялық қызметті жобаларына неге қоспаған? Енді келіп оны да халықтың мойнына артқысы келеді.

– Яғни, сол 24 млрд теңгеге байланысты баға 8 теңгеден осыншама көтерілді ме?

– Әрине, бұл жерде негізгі бағаның көтеріліп тұрғаны инвестициялық тарифке байланысты. Қазір Атырау облысында газ тарифі 7-8 теңге. Облысымызда – 18 теңге. Біз де газ өндіруші облыспыз. Оған қоса табиғи жағдайымыз оңтүстікке қарағанда батысқа келіңкірейді. Мысалы, Аралдың суығы Ақтөбемен бірдей, біздің облыста жылыту маусымы кейде 8 айға созылады. Ал, бізді оңтүстік облыстарға теңейді де, газ бағасы Алматыда 30 теңге болса, бұларға 20 теңге болса ештеңе емес дейді. Сондықтан, біздегі газ тарифі батыспен бірдей болуы керек. Өткенде газ бағасын түсіргенде де Атырау облысында 3 теңгеге, бізде 1 теңгеге ғана түсірді. Бұл неге сүйеніп қабылданған шешім? Бұл бойынша да министрліктен ақпарат сұратқымыз келіп отыр.

– Егер 24 млрд теңге шығынды жауып тастасақ, бізде газдың тарифі қанша болады?

– Келесі жиынға дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» оны есептеп береміз деді. Негізі сол газ желісіне жұмсалған шығын халықтың мойнына артылмай, бюджеттің болмаса компанияның өз ақшасына салынуы керек болатын. Сол кезде газдың бағасы 8-9 теңгеден бүгінде әрі кетсе 10-12 теңгеге ғана көтерілер еді. Мүмкін одан да арзан болар.

Жалпы біз дамыған мемлекет болсақ, халық өзі тұтынбаған тауарға, облыстағы салынған желіге тарифке қосылып төлеген әрбір теңгесіне дивиденд алуы керек. Жақсы, бәріміз патриотпыз, аудандар да газды тұтынуы керек, оны жұмыла көтеретін болсақ қарыз жабылғасын соған өзі жаққан газдың үстіне салған қаржысынан халыққа пайдасынан үлесі болуы керек емес пе?

Сондықтан, 24 млрд теңгенің қалғанын мемлекет қандай жолмен болса да, өзі жабуы керек. Сөйтіп, газды бастапқы бағасына түсіріп берсін. Оның қанша қалғанынан да, осы уақытқа дейін халық қаншасын жапқанынан да, түскен қаржыдан қаншасы шығынына, қаншасы қарызын жабуына кетіп жатқанынан хабарымыз жоқ, мүмкін ол қарыздан біз көзіміз тірімізде құтылмайтын шығар?

– Бұрыннан өзекті мәселе бұған дейін қоғамдық кеңес тарапынан неге көтерілмеді?

– Оны бұрын көтере алмаған себебіміз, коммерциялық құпия деп, «ҚазТрансГаз Аймақ» талай сұратқанда ақпаратты бермейтін еді. Былтырдан бастап квазимемлекеттік сектордың қызметіне талдау жасауға қоғамдық кеңестерге рұқсат берді. Сол заңды басшылыққа алып, газдың мәселесін түбегейлі түсінгіміз келіп отыр. Осы үшін сараптамалық топ құрдық. Енді оған атсалысамыз, талдау жасаймыз деген тәуелсіз сарапшылар, мамандар болса, біз барлық мәліметті береміз. Бірнеше жерден сараптама жасап, қорытынды берген дұрыс. Тәуелсіз сарапшыларды көптеп тарту үшін әлеуметтік желіге де жариялағымыз келіп отыр. Жанашыр адамдар, мамандар болса неге атсалыспасқа? Кез келгенімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Қажетті ақпаратын жинап береміз. Ал, сараптамалық топ өз жұмысын бітіріп, қорытынды жасалғаннан соң халыққа да толық ақпарат береміз.

Дәл қазір «Ақшабұлақта» газ өндірушіден 28 теңгеден босатылып жатыр деп те айта алмаймыз. Өйткені сүйенетін құжат жоқ. Мүмкін 28 теңге емес шығар?  «ҚазГерМұнай» мекемесі ақпаратты береміз деп отыр.  Мысалы, біз осы күнге дейін «Ақшабұлақтың» басында газ бағасы 0,7 теңге деп келдік, өйткені бұған дейінгі ақпараттарда бізге солай айтылған. Ал, кеше ол 0,61 теңгеден  босатылып отыр деді. Оған да біз қолымызға нақты құжат алуымыз керек. Оны да «ҚазГерМұнай» маманы ауызша ғана айтты. Енді соны ресми түрде, қағаз жүзінде алуымыз қажет. Бұл жерде ресми алынған қағаз сөйлеуі керек. Мысалға әлеуметтік желіде «Ақшабұлақ» басында электр энергиясының көбі майнинг компаниясы тұтынуда деп айтылып жүр, кеше жиынға қатысқан «Кристалл Менеджмент» компаниясы өкілі ол жақта ешқандай да майнинг компаниясы жоқ екенін айтты. Бұған да ресми жауап болуы керек. Сол кезде мәселенің басы ашық болады, қаңқу сөздер болмайды.

– Алдағы уақытта сараптамалық топ осы ақпараттың барлығын талдап, нақты нәтижесін шығарды делік. Содан кейін ше? Үкіметке ұсыныс берумен ғана шектеле ме? Құзыреті қандай?

– Иә, сараптамалық топ нәтижесі бойынша эксперттік пікірлер қосылып Қоғамдық кеңес отырысына  шығарылып ұсыныс береміз, өйткені кеңес – кез келген маңызды мәселе бойынша азаматтық қоғамның үнін естіртетін консультативті-кеңесші, байқаушы орган. Бірақ Заң бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдарына мемлекеттік орган жауап беруге міндетті етілген. Біздің ұсынысымызды кері қайтаратын уәжі болмаса, олар соған сәйкес шешім қабылдауы тиіс. Болмаса ұсынысты орындай алмау себебін дәлелді түсіндіруі керек. Бұл заңмен міндеттелген.

– Сараптамалық топ қызметіне сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<