Табысқа жеткен адам қашанда құрметті

438

0

Фото: Облыстық мәслихат

Қайрат Нұрсейітов сайлаушылар аманатын арқалап, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып «AMANAT» партиясынан сайланған. Ол ұзақ жылдан бері аймақтың ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жақында халық қалаулысымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қайрат Болатұлы, біз сізді облыстық мәслихат депутаты және ауыл шаруашылығы саласының белді өкілі ретінде танимыз. Сондықтан сұхбатымызды облыстың аграрлық секторының даму тенденциясынан, су тапшылығы мәселелерінен бастасақ…

– Сыр өңірі – аграрлы аймақ. Соңғы жылдары облысымыз индустриалды өңір ретінде де жақсы дамып, шағын және орта бизнес өркендеп, ірі кәсіпкерлік кешендер салынып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында аймақ диқандарының еңбегі зор. Жасыратыны жоқ, су тапшылығы жылдан-жылға күрделеніп келеді.Биыл облыс бойынша 189600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 80 900 гектарға күріш егілді.Қиындықтарға қарамастан күріш көлемін барынша шығынсыз сақтауға қол жеткіздік. Дер кезінде қабылданған батыл шешімдер мен жүргізілген келіссөздердің арқасында егіс алқаптары сумен қамтамасыз етілді.Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты Сыр өңірінің егін шаруашылығында әртараптандыру жұмыстары жанданып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Аграрлық секторды дамыту – басым бағыттардың бірі. Бұл саланың әлеуеті зор.

– Депутат ретінде қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?

– Ең алдымен, халыққа қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге мән беріп келеміз. Оның ішінде әлеуметтік нысандар салу, жол жөндеу, газдандыру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселелері бар.

– Өңірдің ең өзекті мәселесі ретінде нені айтар едіңіз?

– Бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын төрт жолақты ету мәселесі еді. Жұмыс қазір орындалу үстінде. Үлкен жолдың бойында қаншама ауыл бар, жолдың кеңейгені қай жағынан да тиімді. Қалған мәселелер кезең-кезеңімен реттеліп жатыр.

– «Жұмысшы мамандықтар жылының» маңызы туралы не айтасыз?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ерінің және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңызға айналды. Саналы ғұмырында туған жеріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Осы орайда аймақ дамуына зор үлес қосқан жұмысшы мамандық иелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Еңбек адамдары мен сала үздіктеріне құрмет көрсету – ортақ парызымыз.

– Облыстық мәслихатта аудандардағы өзекті мәселелер қаншалықты жиі көтеріледі? Өзіңіз қандай мәселелер көтеріп, шешілуіне ықпал ете алдыңыз?

– Аудандардағы өзекті мәселелер – газдандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бір ғана Сырдария ауданында соңғы жылдары Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Н.Ілиясов, Шаған ауылдары газға қосылды. Қазір Ақжарма ауылында жұмыс басталуда. Кезең-кезеңімен қалған елді мекендерге де жеткізілетін болады. Ал баспанамен қамту, инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары әр ауданда қарқынды жүргізіліп жатқанын өздеріңіз білесіздер.

– Жалпы, депутаттыққа бет бұруыңыздың себебі неде?

– Бұл – халықтың аманаты мен сенімі. Депутат болу мақ­сатым да, арманым да болған емес. Ең бастысы, өзіміз туып-өскен өңірге қызмет ету, халық игілігі жолында жұмыс істеу.

– Қабылдауыңызға келген адамдарды көбіне не толғандырады?

– Қабылдауларым «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалында өтуде. Азаматтар түрлі мәселелермен келеді. Бірі жұмыс, бірі әлеуметтік көмек сұраса, енді бірі заң аясында кеңес алады. Әр мәселені мұқият тыңдап, оны шешуге атсалысамыз.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ақжарма ауылынан жаңа кәсіптік нысан салып, елді мекендегі шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыруға бет бұрып жатырмыз. Бұйырса, игілігін ел-халық көреді, сезінеді. Жоспарлы жұмыстар қатарында ауданның табиғи газ бармаған ауылдарын газдандыруға қолдау көрсету де бар. Сондай-ақ аграрлық секторды дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»