Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, көрнекті әдебиет сыншысы, Сыр перзенті Бақыт Сарбалаұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қазақ әдебиетінің қалғымайтын сақшысы көңіл түкпіріндегі көп ойлардың тиегін ағытты.
– Биылғы жылдың басты тақырыбының бірі – ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Әңгімеміз – қазақ сөзінің қадір-қасиеті жайлы болғандықтан, осы тақырыптан бастасақ… Бас ақынымыздың данышпандығын, даралығын әлемге таныту мақсатында мемлекеттік деңгейде көптеген шаралар қолға алынды. Сіздің ойыңызша, яғни сыни тұрғыдан қарағанда қамтылмай қалған мәселе бар ма?
– Өте орынды сұрақ. Иә, негізінде Абай – қандай да бір мерекенің аясына сыймайтын тұлға. Қазақ деген кім десе, Абай дейміз, яғни, бүтіндей ұлтымыздың келбетін танытатын кемеңгер. Тіпті адамзаттың Абайы десек те қателеспейміз. Олай дейтін себебім, әлемде Абаймен теңесетін ақын жоқ. Өйткені оның бойындағы көрегендік қуаты бөлек. Шығармаларының көркемдігі, шымырлығы, өміршеңдігі өзгеше. Мысалы, ақынның артында бас-аяғы екі том ғана дүниесі қалса да, арада ғасырдан астам уақыт өткенде әлем назарын аударып, қазақ руханиятының құнды қазынасы ретінде бағаланып отыр.
Жалпы Абай үшін мерейтой керек пе? Жоқ. Сондай-ақ, санасы қалыптасқан аға буын үшін де аса қажет бола қоймас. Бұл – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін қажет, яғни, балабақшадан бастап, мектепте, басқа да білім беру ұйымдарында білім алушыларға Абай мұрасын терең ұғындыра білсек, елдің болашағына деген сенім нығая түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз беттерінде кеңінен талқыланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы – дер шағында жазылған дүние. Расында, қазіргі таңда әлем кеңістігінен ұлт ретінде, мемлекет ретінде лайықты орнымызды алуға күресіп келеміз. Былайынша айтқанда, ақпарат кеңістігінде бейбіт соғыс жүріп жатыр. Сондықтан түп-тамырымызды, тарихымызды терең білуіміз керек. Сол тамырдан ажырамай, өмір сүруге тиіспіз. Бұл – бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпақтарының алдында тұрған үлкен жауапкершілік.
Жасыратыны жоқ, кезінде Ленинді күн көсем деп танып, коммунистік саясаттың соңына ердік. Ойлап қарасақ, кешегі отызыншы жылдары қолдан жасалған қастандықтар, тап күресі, коммунистік партия саясаты бізге, яғни адамға жасалған тәжірибе екен. Оған кейінірек көзіміз жетті. Мұны айтып отырған себебім, сол кездегі коммунистік идеологияның мықтылығын мойындауымыз керек. Міне, сондықтан өткен тарихымыздан сабақ алып, елдің ертеңін дұрыс бағыттай білуіміз керек.
«Өнер алды – қызыл тіл» деген халқымыз. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиеттің маңызын, сөздің құнын, өнердің парқын біліп, Абайша айтсақ, толық адам болмысын қалыптастыру біз үшін басты ұстаным болып қала бермек.
«Туғанда дүние есігін
ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына
кірер денең» –
дейді Абай. Түсінген адамға өмірдің ұстыны өлең екенін, пенденің бесік жырымен өмірге келіп, жоқтаумен о дүниеге жөнелетінін айтады. Адамзат барда сөздің, өнердің өлмейтінін осыдан-ақ білеміз.
– Ақпарат саласының келешегі жайлы көп әңгіме айтылады. Оның ішінде қазақ журналистикасына сыни көзбен қарайтындар баршылық. Кейде көңілге қонымсыз пікірлер де айтылып жатады. Ал сіздің ойыңыз қалай?
– «Ақпаратқа кім ие болса, әлемге сол иелік жасайды» деген сөз бар. Бұған дау жоқ. Әсіресе, осы заманда қандай ақпарат болсын, қолжетімді. Себебі, бар адамның қолында ұялы телефон. Бала да, ересек адам да осыған тәуелді. Алайда балалар, жасөспірімдер сол ақпараттардың пайдасы мен зиянын ажырата бермейді, яғни, санасы уланып та жатыр деген сөз. Сонымен бірге, идеологияның басты құралының бірі телеарналар арқылы ақпарат таратуда айтарлықтай проблемалар бар. Арзан күлкі, орынсыз ойын-сауық, титтей де тәрбиелік ықпалы жоқ шоу бағдарламалар ұрпақтың санасын аздыруға бағытталғандай көрінеді. Ұлттық нақыш, тарихи таным, аталы сөздің ізі де қалмай барады. Батыстың фашизм, садизм, порнография сияқты небір жат әдеттері ақпараттың бос кеңістігін жаулап жатыр. Алайда сол елдердің өзінде бұған заңмен тосқауыл қойылған. Сондықтан дәл қазіргі таңда ақпарат тарату және пайдалану мәселесінде өте абай болуымыз керек.
Иә, журналистиканың болашағы жайлы көптеген болжамдар айтылады. Дегенмен, өзімнің жеке пікірім, енді бірнеше жылда жазба басылымдар түгел жойылып, тек электронды сайттар ғана қызмет көрсетеді дегенге келіспеймін. Өйткені жоғарыда айтып өттік, БАҚ – идеологияның басты құралы. Өткенге ой жіберсек, бір жылдары «Жұлдыз» журналының, «Жас алаш» газетінің тиражы жарты миллионға жеткен! Демек, бұл – біріншіден, халықтың ақпараттың шынайылығына деген сенімі, екіншіден әдебиетке, рухани танымдық дүниелерге деген құштарлығы деп ойлаймын. Сондықтан болашақта жазба басылымдар жойылып кетпейді. Бәлкім, саны азайып, сапасы артады, яғни, бәсекеге қабілетті басылымдар қалады.
Сондай-ақ, «қазақ баспасөзi орыс басылымдарынан артта қалды» деген пiкiрлерге де қосылмаймын. Мұндай пiкiр билiктегi кей адамдардың біржақты көзқарасынан туындап отыр, яғни, олар қазақ басылымдарын оқымайды, оқығанымен түсiнбейдi. Міне, осыдан кейін билік пен бұқара арасында кереғарлық қалыптасады. Ең басты мәселе – мемлекеттiк мәртебе иеленгенiне қарамастан, ана тiлiмiзге әлі күнге толық теңдiк тимей отыр. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны бар, «Сөзi жоғалған елдiң өзi жоғалады» деген. Демек, негiзгi себеп осында. Әйтпесе, билiкке де, бұқараға да пiкiрiн ашық жеткiзіп, ел мүддесi тұрғысында екі тарапты тең ұстайтын басылымдар бар. Билік осыған назар аударуы керек.
– Қазір пікірін ашық айтып, азаматтық көзқарасын танытқан адамды «оппозиция өкілі» деп атайтын болдық. Осыған не айтасыз?
– Жалпы елдің болашағы, мемлекеттің мүддесі үшін билікке оппозицияның көп көмегі бар. Ол билікке жау емес. Бірақ аттанға аттан қосатын, елдің берекесін бұзып, айғай сүрен салып жүретін емес, саясаттан хабары мол, қоғамдағы ахуалды саралай алатын, сауатты, белсенді тұлғалардың пікірімен билік те санасуы керек. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Керек десеңіз, «оппозиция» сол биліктің құрамында отыр. Қалай дейсіз бе? Себебі, халықтың емес, қалтасының қамын ойлайтын, қоғамдағы қат-қабат мәселеге бір ауыз үн қоспайтын, мемлекеттің саясатын халыққа дұрыс жеткізе алмайтын мемлекеттік қызметшілерді «оппозиция» демегенде кім дейміз? Бұған қатысты айтар әңгіме көп…
– Әңгіменің түйінін сіздің негізгі қызметіңізге қарай бұрсақ. Әдебиет сыншысысыз. Бүгінгі таңда әдебиетке келген жастардың шығармалары сыннан өтіп жүр ме? Әлеуметтік желі бетінде ақын да, жазушы да көп. Әркім қалағанын оқиды. Сіздің ойыңыз?..
– Мен әлеуметтік желіні көп қарай бермеймін. Рас, онда ақпарат ағыны толассыз. Жақсысы да, жаманы да бар. Кез келгенін қабылдай бермей, талдап, таразылап барып оқу керек. Заманның соңғы жетістігі – мына ұялы телефонды пайдаланамыз. Негізінде, ол бізге қызмет етуі керек болса, өкінішке орай, осы күні біз оған «қызмет етіп» жатырмыз, яғни, телефонға телміріп, алтын уақытымызды босқа өткіземіз. Одан гөрі тарихыңды танитын, рухыңды оятып, жігеріңді жанитын әдеби кітаптар оқығанға не жетсін?!
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Осы орайда ұрпақ тәрбиесінде әдебиет үлкен күш екенін атап айтар едім. Осыған терең мән беруіміз керек. Мәселен, ел тәуелсiздiгiн орнатуда қазақ қаламгерлерінің ықпалы зор деп ойлаймын. Иә, шындығында солай. Тарихи шығармалар жазып, ұлттық ұстынымызды танытып, отты жырларымен рухымызды оята білген ақын-жазушыларымыздың еңбегі ерен. Себебі, сол уақытта алаңға шығып, биліктің баса көктеуіне жол бермей, қарсылық танытқандар – Абайды, Мағжанды, Мұхтар Әуезовты оқыған, Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаевтың жырларын жаттап өскен жастар. Сондықтан бүгінгі күні де жас ұрпақ көркем әдебиетті көп оқуы керек. Ол, мейлі, ғалым немесе ақын-жазушы, иә, бір әкім қара болмай-ақ қойсын. Құрылысшы болсын, механизатор, шаруа болсын, бірақ ең бастысы – адам болуы тиіс! Тым болмаса әрбір ата-ана өз баласына дұрыс тәрбие бере алса, соның өзі – үлкен жеңіс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміздің іргетасы мықты болуы үшін идеологиялық саясатты бір сәт те уысымыздан шығарып алмауымыз керек.
– Ой-пікір бөліскеніңізге көп рахмет! Аман болыңыз!
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<