Облыс әкімінің орынбасары
Серік Ахметтің облыстық
«Сыр бойы» газетіне сұхбаты
– Серік Әбжәліұлы! Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын қоғам идеологиялық бағдаршам ретінде қабылдады. Үш онжылдықтың үлкен оқиғаларына баға берілген, алдағы бағытты белгілеген мақаланың құндылығы неде деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Тәуелсіздік – бабалар арманы ақиқатқа айналып, ғасырлар бойы биік мұрат пен мақсаттың арқасында қол жеткізген ең басты құндылығымыз. Ол – еліміздегі әрбір азаматтың еңбегінің, талай тұлғалардың маңдай терінің жемісі. Әсіресе, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, Елбасы – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, еліміздің абыройы мен мәртебесін әлемге танытқан тұлға. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», – деген сөзі дәлел.
Бұлай дейтінім, әлемде 4 мыңнан астам этностар бар. Бұл этностардың барлығы жеке мемлекет құра алған жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда жер шарындағы шамамен 200-ден астам ел болса, оның 193-і БҰҰ-ға мүше. Сол себепті де, біз бақыттымыз деп толықтай айта аламыз, өйкені егеменді мемлекетіміз бар – ол Тәуелсіз Қазақстан!
Бүгінде Президенттің аталған мақаласымен көпшілік жете танысып шықты деп ойлаймын. Бұл жай мақала ғана емес, өткенімізге есеп бере отырып, алдағы жоспарларымызды бағамдаған бағдарламалық құжат, 30 жылдық белесімізді бағдарлаған баршаға ортақ ұранымыз болуы керек.
Тарихқа сәл шегініс жасайық. Осыдан жүз жыл бұрын Алаш қозғалысының көшбасшысы, қайраткер ұлы тұлға Әлихан Бөкейханұлы «Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық» деген еді. ХХ ғасырдың бас кезіндегі аласапыран уақытында айтылған бұл сөз қазақ халқының сол кездегі жай-күйінен хабар берсе керек.
Алаш арыстары армандаған Тәуелсіздікке бүгінде біздің қолымыз жетіп отыр. Оның маңызын біліп, қадірлеу, тұғырын нық ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Тәуелсіздік үшін күрес «күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады».
Осы орайда, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында 30 жыл ішінде жеткен жетістіктер, бағындырған белестерді үш онжылдыққа бөліп қарастырып, алдағы кезеңге бағыт-бағдарымызды тұжырымдап, өзекті мәселелерді еңсеру жолдары ұсынылған.
Әсіресе, төртінші онжылдықтағы экономикалық даму, әлеуметтік саясат, білім сапасын жақсарту, мемлекеттік тіл, жер, мәдениет, экология, жастардың тәлімді тәрбиесі сияқты маңызды мәселелерге ерекше назар аударылған. Бұл «Қуатты елдің иесі және кемел халық болу» қажеттігін нақты көрсетеді.
Ендігі жерде біртұтас ұлт ретінде бай тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды нығайта отырып Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай заманауи біліммен сусындап, еңбектенуіміз қажет. Сол кезде ғана Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай аламыз.
Осы орайда, Алаштың анасына баланған, қасиет қонған Сыр елінде толымды істер қолға алынуда. Мәселен, ежелден келе жатқан «Сыр елі» ұғымы аясында былтырдан бастап «Сыр бірлігі», «Сыр қоғамы», «Сыр шаңырағы», «Сыр болашағы», «Сыр спорты», т.б ауқымды жобалар іске асуда.
Ал, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленіп, 3 жылға жоспарланды.
Жобаның басты мақсаты – өңірдің тарихи-қоғамдық және мәдени-рухани даралығын жан-жақты айшықтап, зерттеп, насихаттау. Бүгінгі қоғам мүшелерін, замандастарымыздың өмірлік тәжірибелерін қолдана отырып, өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, қастерлі Тәуелсіздігіміздің құндылығын ұғындыру. Ұлттық жаңғыру кезеңіндегі адамның жаңа болмысын қалыптастыру.
Кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің танымдық-пассионарлық әлеуетін арттырып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің берік негіздерін орнықтырып, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптеп, жаңа заман талабына сай нығайтып дамыту арқылы болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру.
Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деген сөзін тағы бір атап өткім келеді.
– Кейінгі екі жылдың бірі – Жастар жылы, бірі – Волонтер жылы болып аталды. Қоғамның ең белсенді, идеяшыл, бастамашыл тобы – жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді? Волонтер жылының жетістіктері қандай?
– Мемлекет басшысының Жарлығымен былтырғы 2020 жыл – Еріктілер жылы болып жарияланды.
Президент бастамасының лайықты жалғасы ретінде біздің өңірімізде де республикада алғашқылардың бірі болып белсенді азаматтық қоғам өкілдері, қайырымды азаматтар және жастардың басын қосқан «Сыр волонтерлары штабы» құрылды.
Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Осы тұста игі бастамалардың басында жүрген барлық волонтерларға жүрекжарды алғысымызды білдіреміз.
Бірқатар аудандарда жас волонтерлар мен кәсіпкерлердің көмегімен тұрмысы төмен, аз қамтылған, жалғызбасты қарт кісілер тұратын отбасыларға 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Белсенді жас кәсіпкерлеріміз онлайн оқыту кезінде мұқтаж отбасылардан шыққан оқушыларға қажетті смартфондарды сыйға тартса, енді бірі блок бекеттерде күні-түні еңбек еткен қызметкерлерге азық-түлік таратуға, халыққа тегін бетперде үлестіруге көмегін ұсынды. Осы ретте халық игілігіне қызмет еткен Сыр автоволонтерларына да ерекше ризашылығымызды айтсақ дейміз. Күн демей, түн демей, кез келген ұсыныстарға қолдау білдіргендерін мен жақсы білемін.
Волонтерлар дәрігер нұсқамасы негізінде 210 қала тұрғынына 2154 дана дәрі-дәрмек, 255 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік өнімдерін, ауруханаларда үздіксіз еңбек еткен 1 700 медицина қызметкеріне ыстық тамақ, ауруханаларға 72 оттегі баллонын жеткізді. Сондай-ақ, өткен жыл көлемінде олардың көмегімен 8 451 мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 870 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табысталды.
Сондай-ақ, волонтерларымыз су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал тұрғындарына да 105 тонна азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық заттар жинауға атсалысты.
Бұл әлемді дүрбелеңге салған індет ешкімді бейжай қалдырмағанын байқатады. Елдің қамын басты орынға қоятын азаматтардың арқасында біз оны бірлесе еңсеріп келеміз. Президент те қайырымдылығын аямаған, қиын кезеңде бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне, соның ішінде волонтерларға ерекше алғысын білдіріп, «Халық алғысы» медалімен марапаттады. Осы ретте, коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түскен аймақтың 107 азаматы «Халық алғысы» медалін иеленсе, оның 11-і – жас волонтерлар. Сондай-ақ, әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқаны үшін облыстың 3 жас азаматына «Жыл волонтерлары» халықаралық сыйлығы тағайындалды.
Ал, жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді деген сұрағыңызға қатысты, ұлы ұлттың лайықты ұрпақ жалғасындай ұлттық құндылықтарды дәріптей білетін, жарқын болашақ жолында жаңалықтарға жаны құмар білімді және отансүйгіш, патриот болғанын қалаймын.
– Өткен жылы пандемия салған әлекке қарамастан, Абайдың 175 жылдығы, әл Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлық Ұлыстың 750, Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. «Ұлылардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн» деді Президент. Сыр елі осыған қаншалықты үлес қосты деп ойлайсыз?
– Өзіңіз атап өткендей, 2020 жыл еліміз үшін айшықты оқиғаларға толы жыл болды. Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл Фарабидің 1150, Ұлық Ұлыстың 750, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойлары аясында облысымыздың мәдениет және өнер мекемелерінде 2 мыңнан аса ауқымды мәдени іс-шаралар өткізілді. Хакім Абайдың 175 жылдығына орай жергілікті өнерпаздардың қатысуымен «Абай» операсы облыста тұңғыш рет сахналанып, «Абай жырлары – Сыр мақамдарында» жобасы аясында өңіріміздің жыршы-жыраулары ұлы ақынның 20 шығармасын Сыр мақамдарында орындады.
«Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы өткізіліп, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Е.Төлеубайдың «Абай», Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» спектакльдері сахналанды.
Облыс кітапханаларында ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай», «Әл Фараби әлемі», «Алтын Орда – Ұлы дала тарихы», «Алтын Орда: Тарих пен тағылым» атты кең көлемде кітап көрмелері мен тарихи танымдық кештер ұйымдастырылды.
Елімізде қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты наурыз айынан бастап іс-шаралар онлайн режимде ұйымдастырылып, шығармашылық жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында Youtube желісінен арнайы «Сыр шаңырағы» каналы ашылды.
Әрине, тарихымызды тану, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Сондықтан да ауқымды шаралар өз кезегінде алдағы уақытта да жалғасатын болады.
– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қандай шаралар өткізіледі, ол бойынша қандай жоспар бар?
– Үкіметтің Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі 2021 жылғы 28 ақпандағы №86 қаулысына сәйкес, республикалық шаралар жоспары бекітіліп, ұйымдастыру және мерекені өткізу тұжырымдамасы қабылданды. Республикалық жоспарға сәйкес облыстық шаралар тұжырымдамасы бекітілді. Бұл жоспар түрлі форматтағы 260 шарадан құралған.
Қазіргі күні жоспар “Жасампаздыққа толы жылдар” ұраны аясында 12 тақырыптық бағытта жүзеге асуда. Оларды ұйымдастыру және өткізу Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге негізделіп, келесі тақырыптық бағыттар бойынша жүзеге асады:
1.«Қазақстанның жаһандық бастамалары». Халықаралық қауіпсіздікке қосылған үлес» тақырыбы бойынша қаңтар айында ғалымдардың, тарихшы-ұстаздардың, белгілі сарапшылардың қатысуымен «Ядролық сынақ және қазақ даласы» атты ғылыми-танымдық онлайн конференция өткізіліп, музейде «Тәуелсіз Қазақстан және ядролық қарусыз әлем» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Ал, барлық білім мекемелерінде «Қазақстанның жаһандық бастамалары». Халықаралық қауіпсіздікке қосылған үлес» тақырыбында онлайн лекциялар мен сынып сағаттары өтті.
2. «Қазақстан – спорттық ұлт» тақырыбы бойынша ақпанда «Сыр жұлдыздары» топтық эстетикалық гимнастикасы бойынша ашық біріншілік ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен «Ұлттық ойын – ұлт игілігі» және Тоғызқұмалақтан онлайн турнир өткізілді. Халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасындағы қазақ күресінен республикалық турнир, жасөспірімдер арасында еркін күрес пен волейболдан республикалық турнир, дзюдо мен самбодан облыстық біріншіліктер болды.
3. «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті» тақырыбы аясында наурыз айында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жоба облыстық деңгейде бастау алып, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: бірлік және сәйкестілік моделі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, этномәдени бірлестіктермен бірге «30 қайырымдылық іс» марафоны ұйымдастырылды.
Мұнан бөлек, Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, 22 наурызда Наурыз мейрамына арналған жаңа форматтағы шаралар, Ақмешіт фольклорық ансамблінің «Тәуелсіздік тартуы» атты концерті, «Дала өркениеті – бабалар мұрасы» атты ғылыми-танымдық онлайн конференция өткізілді.
4. «Ғылым және технология» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде сәуір айында ғалым-педагогтардың студент жастармен TEDx форматында «Білімнің жаңа сапасы және адами капитал» тақырыбында кездесулер, «Жұлдыз-ай» өнер фестивалі, Байқоңыр қаласында «Байқоңыр: Тәуелсіздікке тарту» атты өнер күндері ұйымдастырылады.
5. «Ұлттық ынтымақтастық, бейбітшілік және тұрақтылық» тақырыбы аясында мамыр айында «1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі» мерекесіне арналған «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» мерекелік концерті, «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» атты этнос өкілдерінің күндері, Жеңіс күніне арналған мерекелік концерттер, «Нәубет жылдар шежіресі: Қазақстандағы қуғын-сүргін» облыстық ғылыми-танымдық конференция және драматург Рахымжан Отарбаевтың сценарийі бойынша «Нарком Жүргенов» спектаклі қойылады.
6. Маусым айында «Патриотизм» тақырыбында «Менің елім – Мәңгілік ел» онлайн патриоттық акциясы, «Менің Туым, Менің Елтаңбам, Менің Әнұраным» тақырыбында патриоттық әндердің онлайын конкурсы, әншілердің «Сыр бұлбұлдары» облыстық конкурсы, журналистердің «Қанатты қалам» форумы мен «Ұшқыр қалам» фестивалі өтеді.
7. Шілдеде «Астана күні: Нұр-Сұлтан табыс пен өркендеу символы» тақырыбында “Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Елбасы ролі» атты облыстық ғылыми-тәжіріибелік конференция ұйымдастырылып, «Елорда – еңселі астана» атты мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметкерлер арасында «Елбасы және Қазақстан дамуының стратегиясы» тақырыбында жалпыұлттық эссе онлайын конкурсы өткізіліп, Нұр-Сұлтан қаласында Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіші орнатылады.
8. Тамызда «Айбары асқақ Ата Заң» мерекелік концерті, «Ел бірлігі және Ата Заң» дөңгелек үстел отырысы мен сазгерлердің «Отаным – Қазақстан» облыстық конкурсы өткізіледі.
9. Қыркүйек айында «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ қоғамы» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, ғалым-педагогтардың студент жастармен TEDx форматында «Білімнің жаңа сапасы және адами капитал» тақырыбындағы кездесулері өтеді. «Тәуелсіздік ұрпағы» жобасы, жастардың «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, оқушылардың күздік гимназиядасы, «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты суретшілердің халықаралық симпозиуымы мерекелік тартуды толықтырады.
10. «Ауылды жаңғырту», дәстүрлі «Алтын дән-2021» мерекесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафоны, «Жақаев ізбасалары» еңбек лагері күзгі салтанатты айшықтайды.
11. «Индустриалды-инновациялық даму. Цифрлық экономика» тақырыбында қараша айында «Ұлы өнертапқыштарға алғашқы қадам» атты инновациалық идеялар конкурсын, жастар ұйымдарының «Биотехнология мен нанотехнология проблемалары және келешегі мен дамуы» тақырыбындағы дебат, «3D модельдеу», «Цифрлық білім беру бағдарламасы», «Робототехника» орталықтарын ашу жоспары және бар.
12. Желтоқсан айында, Тәуелсіздік мерекесінің шарықтау кезеңінде «Тұғыры биік тәуелсіздік» республикалық ақындар айтысын, «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастыру, Арал ауданында «Аралтұз» АҚ-да V цехты, «Qazaq Qamel» ЖШС-ның түйе сүтінің құрғақ ұнтағын шығаратын зауытты іске қосу, Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухананы ашу жоспарланып отыр. Қармақшы ауданында балалардың жазғы демалысына арналған 150 орындық лагерді, Жалағаш кентінде 200 орындық Оқушылар үйін және 50 орындық өнер мектебін, Қызылорда қаласында Ш.Есенов атындағы ағарту орталығын, Жаңақорғанда 600 орындық мектепті де іске қосу Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы айтулы шаралар болғалы тұр. Әрине, мерекені атап өту барысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында көтерілген негізгі мәселелерге басымдық беріледі.
Айта кетейін, Қызылорда облыстық филармониясы жыл бойында «Тәуелсіздікке тарту: 30 жылдыққа – 30 шара» айдарымен 30 концерт (оффлайн, онлайн) өткізеді.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты басқа өңірлерден өнер ұжымдарын шақыру жоспарланған жоқ.
Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі аясындағы негізгі шаралар, республикалық деңгейде аталып өтілетін атаулы даталар: Ыбырай Алтынсаринның 180, Жамбыл Жабаевтың 175, Әлихан Бөкейханұлының 155, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 және өңірімізде аталып өтілетін атаулы даталар Жалаңтөс Баһадүрұлының 445, Сартай батырдың 310, Кете Жүсіп Ешниязұлының 150, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтоларымен ұштастырылып өткізіледі.
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мерейлі мерекеге қаншалықты үлес қосады?
– Бүгінде біздің облысымызда 816 мыңнан астам халық болса, оның ішінде 35 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Елдің ынтымағы мен бірлігін арттырып, достықтың бесігін тербетіп отырған 11 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жасайды.
Осы мәдени бірлестіктер арқылы «Сыр елі – достық мекені» жобасы, Татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдық мерейтойы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай күз айларында XXIII облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы және «Қайырымды істер марафоны» аясында бірқатар игі істер жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, этносаралық қатынастағы «тілдік барьерді» жоюға ауқымды қадам жасалуда. Бұның экономикалық та, рухани да тиімділігі анық байқалады. Аталған бағыт бойынша облыстық ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, «Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті жүйелі жұмыс жүргізуде. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылады. Қазақ тілі этнос балалары мен жастары үшін 63 сағаттық оқу бағдарламасы негізінде аптасына 2 реттен оқытылса, ал, ағылшын тілі аптасына 2 сағаттан 72 сағатты құрап отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында 750 бала қазақ тілін меңгерді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
2016 жылдан бастап «Достық үйінде» медиация кабинеті жұмыс жасайды. Облыстық ҚХА-мен бірлесіп, 42 медиатор дауларды шешуге атсалысуда.
Өткен жылы қоғамдық медиаторлардың атсалысуымен 370 дау өзара ымыраға келу арқылы шешілген. Қарап тұрсақ, осы санның артында қаншама тағдыр, қаншама баланың көз жасы жатқанын айту қиын. Сол себепті, медиация институтының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы рөліне ерекше мән берген дұрыс.
Аймағымызда облыстық ассамблеяның қолдауымен 2018 жылдан бері «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асуда.
Бұл жоба біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ, Қазақстан этностарының арасында «Ұлттық жаңғыруды» ілгерілетуге бағдарланған. Бұл тұрғыда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев «Рухани жаңғыру ұлттық жаңғыруға ұласуы қажет», – деген болатын.
– Тән саулығы – жан саулығы деп жатамыз. Аймағымызда салауатты өмір салтын қалыптастыру, жалпы бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту көрсеткішін 30%-ке жеткізу көзделіп, қазіргі күні 31,3 процентке жетіп отыр.
Спорт мектептерінің шұғылданушылар үлесі жыл сайын артуда. Тәуелсіздік алған 1991 жылы 15 спорт мектебі жұмыс жасаса, қазір олардың саны 21-ге жетті.
Бүгінде облыста 2310 спорт нысаны бар. Оның ішінде: 12 стадион, 38 спорт кешені, 7 жабық жүзу бассейні, 3 ипподром, 1 жеңіл атлетикалық манеж, 74 ату тирі, 17 теннис корты, 1 хоккей корты, 434 спорттық залдар, 1463 жазықтықты құрылғылар (1332 спорттық алаңдар, 113 алаң, 16 спорттық ядро, 2 спорттық трасса) және 260 бейімделген спорттық залдар бар.
29 мемлекеттік ұйым жұмыс жасайды: жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, 14 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер, 6 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, 4 кәсіби спорт клубтары, Орталық стадион, «Мұз айдыны» спорт кешені.
Президенттің балалар спорт секцияларының желісін дамыту тапсырмасына орай 2020 жылы облыстағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт клубтары мен жалпы білім беру мекемелерінде 7604 спорт секциялары жұмыс істеп, 100 893 бала қамтылды.
Сыр спортшылары едәуір жетістіктерге жетіп, еліміз бойынша спорттың дамуына өз үлестерін қосты.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы атанған мақтанышымыз Илья Ильиннің жетістіктерін атап өткеніміз орынды.
Облыс тарихында грек-рим күресінен Ермек Көкетов Әлем чемпионатының қола жүлдесін алса (2005 жылы), бокстан әйелдер арасында Лондон Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марина Вольнова (2012 жылы), ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков (2016 жылы) ел спорты тарихында өшпес із қалдырды.
Ал, ересектер арасында Әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері, 2021 жылы Токио Олимпиада ойындарына жолдама алған Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков Сыр жастарына үлгі болып келеді.
Сыр спорты тарихында алғаш рет 2013 жылы «Мұз айдыны» спорт кешені ашылып, онда шорт-трек, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау спорт түрлері жұмыс жасайды. 2019 жылы мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, әйелдер арасында тұңғыш рет төрт айналым жасаған шебер спортшы ретінде әлемдік спорт тарихына енді.
Жеңімпаздардың айтулы жетістіктерінің арқасында олардың ізін жалғастырушы жас спортшылардың саны артып келеді.
Сондай-ақ, «Қайсар» футбол командасы 1999 жылы Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанса, 2019 жылы араға 20 жыл салып екінші мәрте Бас кубокқа ие болды.
2020-2021 жылдарға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін жалға алу бойынша 12 жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланды.
2020 жылы 5 жоба (Қызылорда қаласы «Сәулет» шағын ауданы, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кенті, Сунақата, Қожакент а/о) іске қосылып, 55 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Бұл кешендердегі 60 спорт секциясына 720 бала қатысады. Ал, 2021 жылы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде және Қармақшы ауданының Ақай ауылында, Жалағаш, Шиелі, Қармақшы аудандарының орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстары басталатын болады.
Жыл көлемінде бұқаралық спортты насихаттау мен дамыту бағытында біршама ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында Қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық турнирі, Қазақ күресінен «Балаби баба» атындағы республикалық турнир, Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2021» ХXXIV облыстық спартакиадасы, Жалаңтөс Баһадүр бабаны еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы XІІІ республикалық турнир, Тәуелсіздік күніне орай Мұстафа Шоқайды еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир секілді шаралар өткізіледі.
– Серік Әбжәліұлы, сіз жетекшілік ететін салалар ішінде мәдениеттің шоқтығы биік. Бұл біздің таным қабілетіміздің өлшеміндей көрінеді. Осы саланы көтеруде қандай еңбек жасалып отыр?
– Дұрыс айтасыз, мәдениет – адамзат әлемінің айнасы, мәдениет – елдің мәйегі деп жатамыз. Мәдениет саласын қолдау кейінгі жылдары ерекше сипат алып отыр. Президент Жолдауынан туындайтын тапсырмалар қатарында мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 35 процентке көтерілді.
2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылында 150 орындық клуб құрылысын аяқтау жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Жаңақорған ауданы Шалқия кентіндегі клуб пайдалануға берілмек. Облыстық бюджет қаржысына Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 600 орындық Мәдениет үйі құрылысы аяқталады.
Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында балалар үйірмелерінің жұмысын жақсарту, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, оларды қолөнерге және қолданбалы-декоративті өнерге баулу туралы айтқан. Осы тапсырманы орындау үшін балалар үйірмелерінің қызметін дамыту туралы өңірлік жоспар бекітілді.
Осы кезде облыста 26 жанр бойынша 854 көркем өнерпаздар үйірмесі 10606 қатысушыны қамтиды. Олардың ішінде 528-і балалар мен жасөспірімдерге арналған, 6506 бала мен жасөспірім қатысады. Жоспар бойынша биыл балалар шығармашылығын дамытуға арналған 56 тегін үйірме ашып, оған 300-ден астам бала тартылмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын.
Жас ұрпақты парасатты, білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеуде кітап пен кітапхананың алатын орны ерекше.
Облыстағы 209 мемлекеттік кітапхананың 12-сі балалар кітапханасы. Бүгінде балалар кітапханаларының кітап қоры 389871 дана болса, жыл сайын 25000-нан астам балаларға қызмет көрсетеді.
Облыста балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оларды кітап оқуға тарту мақсатында «Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту, кітап оқуды насихаттау және «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бағытындағы 2021-2025 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді.
Жоспарға кітап оқу мен отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту, жас оқырмандарды тарту мақсатында «Отбасымен бірге оқимыз» челленджі басталды. Сондай-ақ, «Кітапханадағы туған күн», «Кітап ғажайып әлем», «Оқуға құштар мектеп», «Кітапхана.Оқырман.Отбасы», «Отбасымызбен оқимыз» атты отбасылық түрлі сайыстар және ақын-жазушыларымен кездесулер сынды түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылуда.
«Сыр шаңырағы» Youtube арнасында кітап оқу мәдениетін дамыту, отбасылық кітап оқуды қолдау үшін «Балалар әдебиеті» айдары ашылды.
Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы шеңберінде «Тәуелсіздік – биік сенің айбының» атты оқу челенджі, «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы, «Жазғы кітапхана», «Ертегімен есейем», «Әжем айтқан ертегі» онлайн жобалары ұйымдастырылып, кітап оқудан «Кел, балалар, оқылық» атты оқу чемпионаты өткізіледі.
Мұны арнайы айтып отырғаным, біздің бүгіннен бастап ұрпақ бойына сіңірген игі қасиеттеріміз Тәуелсіз елдің ертеңгі еншісін айқындайды.
Әрине, әлемді жайлаған пандемия көптеген бастамаларға кедергі келтіргені жасырын емес. Алайда, кейбір құндылықтарға көкей көзімен, саналы сезіммен қарау керектігін де уақыт алға тосып отыр. Сондықтан біз мұндай сындарлы шақтан шыңдалып шығамыз. Елдің ауызбірлігі – қашанда ең басты байлығы. Үш онжылдықта еңсерілген іс, алға қойған мақсат осы бірліктің арқасында баянды бола бермек.
Расында, еліміздегі өрелі өзгерістер мен биік белестеріміз Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген құндылығымыз екені анық.
Ұлы Қорқыт бабамыз: «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі» дегендей, бұл жетістіктеріміздің барлығы – Елбасы бастамасымен, Президенті басшылығымен, елдің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық қазақстандықтардың, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған ауқымды істеріміздің нәтижесі, жемісі.
Тәуелсіздігімізді баянды, тұғырын нық ету – баршамыздың парызымыз ғана емес, ең басты міндетіміз бен ұлы мақсатымыз!
Сұхбаттасқан
Қуат Шарабидинов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<