Тарқатылмайтын түйін болмайды

1703

0

Қазалы ауданында көптің ықыласына бөленіп, халық қамын ойлаған абыройлы азаматтар аз емес. Сол қатарда елге болысып, қысылтаяң сәтте қолдау көрсетіп жүрген жандардың бірі – облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ібайдулла Тілеп. Жуырда Қазалы халқына ғана емес, облысқа белгілі азаматпен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Сізді халық жақсы таниды. Дегенмен оқырманға ең әуелі өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз…

– Мен 1959 жылы теңіздің қолтығында дүниеге келіппін. Нақтыласам, «Қосшоқы» деген жер. Кейін әкем «Жанай» учаскесіне көшіп, 12 жасқа толғанша сол жерде білім алып, ойын қуып, теңіз толқынына қарап өстім. Одан кейін 1976 жылы Қызылорда ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1979 жылы бітіріп шықтым. 1980 жылы институтқа түстім. Осылайша 3-курста оқып жүріп әскерге аттандым. Азаматтық борышымды аман-есен атқарып келісімен қызу жұмысқа кірісіп, елмен араласып, аға мен іні тауып, бүгінгі күнге жетіп отырмын.

Қазір кейбіреулер «уақытым бекер өтіп кетті» деп өкініп жатады. Алайда Шерхан Мұртазаның пайымдауынша, уақыт емес, өмір өтеді екен. Уақыт өз қалпында, таңның атысы күннің батысымен жалғасын тауып отырады. Артта қалған өмірге өкпе жоқ, тек алға қарай қадам басамыз.

– Біраз жылдан бері облыстық мәслихат депутатысыз. Жалпы депутаттық, азаматтық ұстанымыңыз қандай?

– Мені сол орынға отырғызған халық. Халық – құдайдың бір есімі. Елдің аманатын арқалап жүргеннен кейін мүмкіндігім келгенше білімімді, тәжірбиемді ел алдында көрсетіп, қызметімді абыроймен атқарып, берілген сенімді аяқасты етпей жүрсем, соның өзі – үлкен мәртебе.

Ертеректе ауданға қарасты елді мекендерде жарық, ауызсу мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Қазір олардың қатары азайды. Құдай қаласа, барлығының шешім табатын күні алыс емес. Бертін келе, ауылдарға да көптеген дүниелерді жеткізу керек болды. Жалпы адам баласының тұрмыс-тіршілігі жақсарған сайын сұраныс та өзгеріп, көбейіп отырады.

Елді мекендерден көлікпен шыққан адам неліктен кентке шаршап жетуі керек?! Ауданда жастар уақытын құр өткізбеу үшін түрлі орындар салынып жатыр. Сол қатарға мұз айдынын қоссақ, артық болмайды. Біздің жастар сонда сырғанап, көңіл көтеріп, керемет саябақ пайдалануға беріліп, жұртшылық кешкілік қыдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Шағын футбол алаңдары салынып, бүлдіршіндер доп теуіп, уақыт өткізіп жатыр. Мұны көрген сайын қуанамын. Түптеп келгенде, болашақ жастардыкі болғандықтан, біздің аудан жастары да ешкімнен кем болмай, жақсы білім алып, биіктерден көрінсе деймін. Ел игілігіне қажеттінің барлығы табылып, осыларды жүзеге асыру әрі атсалысу – менің азаматтық борышым. Негізгі ұстанымым да осы бағытта. Менің сөздік қорымда болмайды деген сөз жоқ, ертеңіміз жарқын, болашағымыз баянды болатынына сенемін.

– Ібайдулла аға, бүгінге дейін облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен аймақта, оның ішінде ауданда шешімін тапқан мәселелерге тоқталсаңыз…

– Әуелі ұсынған бағдарламаммен таныстырайын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің жаңа бағдары басты жеті қағидатқа негізделген. Сол қағидаттардың іске асуына атсалысу, шағын және орта бизнесті дамытудағы бағдарламаларды іске асыру, жастар ісін қолдауға, өнер және спортқа ден қойған жастардың жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндіктер қарастыру, Арал, Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасау, ішкі жолдарын күрделі, ағымдағы жөндеуге қаржы бөлдіру, елді мекендердің жол, су, электр жарығы мәселелерімен қоса газдандыру жұмыстарына күш салу – басты бағдарым.

Қазірге дейін аймақта түйіні тарқатылған түйткілдер көп. Ал Қазалы ауданына келер болсақ, жоғарыда тоқталып өткендей, 2004-2005 жылдары жарық, сусыз отырған ауылдар көп кездесетін. Сол уақытта облыстық өкілетті орган мінберінде елге сыйлы азаматтар жетерлік еді. Мен солардың тәрбиесінен өтіп, көп нәрсе үйрендім.

Жоғарыда айтқанымдай, бұрынырақта ауыл өз алдына, кенттің өзі жарықсыз отырды. Бір көшеге 2 сағат, келесісіне 2 сағат жарық барып тұратын. Ауызсу мәселесі де тура осындай болатын. Бүгінде ауызсу мәселесі шешілген. Барлығына бірдей жетіп тұр десек, артық емес. Сонымен қатар автожол мәселесінің де біржақты болып келе жатқанын көзіміз көріп жүр. Қараңғы көшелердің  жарқырап тұрғанын, бүгінге дейін көптеген елді мекендерде білім ошақтары салынғанын айтпай кетуге болмайды. Ертеде дарияның арғы бетіндегі шет ауылдармен өткелдің болмауы салдарынан байланыс үзіліп қалатын. Мұның барлығы артта қалды.

Осы ретте «Қарлаң» көпірінің салынып жатқанын мақтанышпен тілге тиек етсем деймін. Мұның өзі – үлкен іс. Міне, осындай дүниелердің игілігін халық көруге тиіс. Бұл жұмыстардың бәрінде облыстық мәслихат депутаттарының үлесі бар.

– Жүйелі жұмыстың жолын жемқорлық кес-кестейді ғой. Осы тұрғыда пікіріңізді білсек…

– Мен ауылда туып-өстім. Сол кезде есте қалғаны күнде кешкісін жағалай орналасқан көршілер кешкі ас дайын болғанда тамақтарын бір-біріне ала жүгіретін. Оған қоса біреудің үйінде той болса, барлығы бірдей қуанып, бір отбасында қайғылы жағдай орын алса, тұтас ауыл қайғыратын. Бұл – имандылықтың басымдығы. Кешегі күнге дейін мұның барлығы болғанымен, ненің әсері екені белгісіз, қазір жоғалып барады.

Әрине, бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын. Жемқорлық – қоғамның өзегіне түскен жегі құрт тәрізді. Мұның өзі ертеңге деген сенімді жоғалтады.

– Осы тұста ұрпақ тәрбиесіне ұқыппен қарау керек секілді. Қазалы ауданындағы жастардың жаппай төбелесі елді бір дүрліктіріп алды емес пе?

– Бала үйдегі тәрбиеге қарап түзелетіні сөзсіз. Соның арқасында биіктерден көрініп, ортасына сыйлы болып, елге танылатыны тағы бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Егер бала отбасында дұрыс тәлім алса, оның болашағы жарқын болады. Керісінше, бұрыс тәрбие берілсе, көптеген кедергілерге ұшырап, болашағы бұлыңғыр тартады.

Қазір жастар ұялы телефонды жата-жастанып қарайды. Әлеуметтік желіге телміріп, уақытты құр жібереді. Бұл «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері. Мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Мейлі олар қалта телефонды ұстай берсін. Бірақ содан өзіне керегін алып, қажетіне жаратсын. Оны жақсы бағытта пайдалансын. Әрбір ата-ана бала тәрбиесіне бейжайлық танытпау қажет екенін түсінсе екен. Қазіргі заманда баланы, бала тәрбиесін қараусыз қалдыруға болмайды.

Сұхбаттасқан

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<