– Ұлжан, жеңісіңе күллі жерлестерің қуанысып, сүйінші сұрасып жатыр. Ақжолтай хабарды алдымен таратуға ұмтылып, облыстық «Сыр бойы» газеті де өзіңе деген тілектестігін білдіріп отыр.
Біздің білуімізше, Өзбекстан алғаш қолға алып өткізіліп отырған бұл фестиваль бұрынғылардан өзгерек секілді.
– Дұрыс, өзбек елінде ұлт өнерін дәріптейтін әртүрлі ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Бұл фестиваль өзбек Президентінің арнайы қарарымен бекітілген «1-ші Халықаралық бақсылық фестивалі» деп аталады. Мұнда тек бақсылық, жыршылық өнерді ғана емес, сонымен бірге ұлттық тағам, қолөнер бұйымдары, халықтың салт-дәстүріне қатысты жәдігерліктер жәрмеңкесі болды.
Өнер тойына келген 74 мемлекеттің әрқайсысы өзінің тарихи қалаларының макетін жасап, тағамдарын тарту етіп, жарқылдаған бұйымдарын жайып тастады. Көргеннің көз жауын алады, ертегі еліне еніп кеткендей әсер қалдырады.
Ал, эпостық шығармаларды орындау мен бақсылық өнер сайысының сахнасы қала ортасындағы атшаптырым алаңда кешкі сағат сегізден таң атқанша талмай жырлады. Оны шамамен 5 мыңдай адам тамашалады және өзбек елінің телеарналары тікелей эфирден таратты.
Фестивальдің ашылуына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев келіп, сөз сөйледі. Ол кісінің «Егер біз халық жауһары саналатын өнерді ұлықтап, әлем алдына шығармасақ, онда тарихтың алдында кінәлі боламыз» деген сөзі барша түркі жұртын жақындастыра түскендей еді.
Бағзы замандағы Тоныкөк, Күлтегін кезеңінде-ақ шежірелі жырларымыз тасқа қашалып жазылды. Түрік қағанаты, Ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы тұсында бақсылар, жыршы-жыраулар мемлекеттің құрылуына тікелей атсалысты. Ұлттық идеологияны жасаушы сол жыршы-жыраулар еді. Міне, сондықтан да өз мұңы мен үнін бойында сақтаған киелі өнер әрбір ұлт үшін қымбат қазына. Жыр – халықтың қанында ағыстап жатқан асыл болмысы.
Бес күндік ұлт өнері мерекесінде осы сарындағы ойдың әрбір кеудеде сақталып келе жатқаны сезілді.
… Менің кезегім түнгі сағат он екіде келді. Өзбектің рубабы, қырғыздың қомузы, тываның чанзысы, кәрістің кунхуы, ұйғырдың дутары думандатқан алапат үннің ішіне қазақтың ақ домбырасын алып қосылып кеттім. «Көрғұлы» дастанын жырладым.
Қазылар алқасында түріктің, монғолдың, кәрістің, басқа да елдердің беткеұстарлары отыр. Бәрі ұлт музыкасының білгірлері, профессор, академиктер. Санасы көне ғасырларға саяхаттап кеткендей болған көп жұрт мен мақам қайырған сайын осы шағына қайта оралғандай бір дүрлігіп басылып отырды. Сірә, тыңдаушың болса, өн-бойыңдағы бүкіл дарының мен даусың тасқындап төгіледі екен. Негізі әр эпосшыға жарты сағат уақыт берілді. Бір қызығы, мені шектеген жоқ. Екі иығымнан рух қанаты көтергендей аспандап барып, 45 минут дегенде өзім тоқтадым.
– Қазақтың жыры мен мақамының қандай болатынын жарқырата көрсетіпсің! Бұл сенің жыраулық талантың ғана емес, ұлт өнерінің тініне бойлап, оның қадір-қасиетін ұстай білген ұзандығың. Қошемет аз болмаған шығар?
– Сайысқа қатысушылар күндіз демалады не қыдырыстап қызық көреді. Мен де өз жырымды айтып болған соң демалатын шығармын деп ойладым. Бірақ, сол күні өзін шаһар хакімінің орынбасарымын деп таныстырған бір азамат маған келіп, «Халық сұрауы бойынша ертең жеке концертіңізді берсеңіз екен» деді. Халық сұрап жатса, жоқ деймін бе, ертеңіне қалалық мәдениет үйінде жеке концертім өтті. Мұнда да мың жарымдай көрермен жиылды.
Мен жергілікті халықтың ұлт өнерін соншалықты қадірлейтінінің куәсі болдым. Бір жарым сағаттық концертімнің қалай өтіп кеткенін өзім де байқамадым.
– Бәрекелді, айтпақшы, орындаушы үшін сайыстың ең қызық көрінісі жүлде беру сәті қалай болды?
– Ең соңғы күнгі сол сәтті қобалжып күткеніміз рас. Бас жүлде болмайды екен деген де сыбыс естілген. Әдетте жүлде соңғы орындардан бастап табысталады ғой. Үшінші орын, екінші орын берілді. Менің атым аталмады. Бәрі де шетінен алтын алқым, күміс көмей дейтін жыршы-жыраулар. Бәрі де озуға лайық. Бірақ, жүлдеден менің де үмітім бар. «Бірінші орын өзбек Абдназар Пояновқа беріледі» деген сөзді естігенде сырттан қараған адам еңсемнің түсіп кеткенін байқаған шығар. Қазақстан атынан келіп тұрған жалғыз жырау мен едім. Жұрттың соңында қалғаным қазақ өнеріне қиянат жасағаным емес пе деп өзім өзімнің жер-жебіріме жетіп тұрдым. Осы кезде «Гран-приді тапсыру үшін Өзбекстан мәдениет министрін шақырамыз» деп хабарланды. Министрдің көрермен арасынан шығып, сахнаға жетем дегенінше ұза-ақ уақыт өткендей болды. Ол менің соңғы үмітім еді. Бір кезде… «Гран-при Қозоқстан бохчиси Улчан Байбосиновага берилади» дегенде бес мың қаралы жұрт бір мезгілде ду-у қол соғып, орнынан көтерілді.
Бұл сәтте мен өз халқымның арқалатқан аманатын орындағандай ерекше күй кештім. Көп жұрт «Қазақ, қазақ!» деп қошеметтеп жатты.
Осылайша, мыңдаған жұрттың кеудесі киелі өнер тұнығымен тазарған бес күн дүрілдеп өте шықты. Жыраулық-бақсылық өнер өзінің тарих сахнасына берік орныққанын тағы бір дәлелдеді.
– Жеңісің де, жемісің де баянды болсын, ұлт өнерінің Ұлжаны!
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек Аяшұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<