«Тіл тұтастығына қол жеткізбей, ұлт тұтастығына жету мүмкін емес»

2690

0

Түрлі тарихи кезеңдерде тілі де, салт-дәстүрі де тұншықтырылған халқымыздың туған тілін мәңгілік тілге айналдыру мәселесін талай аға буын көтерді. Бұл қатарда Шерхан Мұртазадан бастап, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, олардан кейінгі Оразгүл Асанғазы сынды басқа да белгілі тіл жанашырлары бар. Қазіргі кезде де осы мәселе Мәжілісте немесе Сенатта болсын оқтын-оқтын көтеріледі. Бұл тұрғыда мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының да ортаға салған өткір ойлары мен ұсыныстары көп. Он жылдан бергі сенатордың тіл тұтастығымен қоса, әділетті қоғам құру, елдің әлеуметтік, білім беру мәселелері жайын шетелдермен салыстыра айтқан пайымды пікірлерімен  сұхбатымызда таныса аласыздар.

– «Кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен Парламент депутаттары бір ғана сөйлемнен тұратын антты мемлекеттің атауын иемденген тілде бере алмауы – ақылға сыймайтын дүние. Мемлекетке қызмет етем деген адамның отыз жылда қазақ тілінде бір сөйлем үйренбеуінен артық сорақылық жоқ шығар» деп жазыпсыз. Сол мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүрсіз, осының себебі мен сылтауы белгілі, шешу жолдары әлі табылмады ма?

– Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толуда, ғасырлармен салыстырғанда, бұл аз уақыт. Осы аралықта ғасырға бергісіз жетістікке жеткен тұстарымыз да бар, әттеген-ай деген кемшін жағымыз да жетерлік. Сол кемшіліктердің ішінде тіл мәселесін бүгінге дейін біз толыққанды шеше алмадық. Оның толып жатқан себептері бар. «Тіл туралы» арнайы заңды қабылдадық. Соның аясында да тілімізді біраз жерге апарып, көп нәрсеге қол жеткізуге болар еді. Бірақ көп жағдайда бірқатар субъективті себептерге байланысты олай ете алмадық. Себебі біздің биліктегі көптеген азаматтарымыз, ол министр немесе әкім болсын өзінің ана тілінде сөйлемегендіктен, олардың қол астындағылардың да сол ресми тілге басымдық беруі белең алған. Сөйтіп тілге қатысты мәселелер шешілмей келеді. Бұл – субъективті себептер. Енді мұны қалай жөндеуге болады? Бізде арнайы тіл комитеті құрылған, оған жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Барлық облыстарда тіл басқармалары ашылған. Өкінішке қарай, солар өз дәрежесінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Өзім Парламент мүшесі ретінде шет мемлекеттердің ішінде бізге ұқсас елдердің тіл саясатына қатысты мәселелерін салыстырамын. Мәселен, Малайзия мемлекетін алайық, бұл елде де 1970 жылдары біздің елдегідей жағдай орын алды, яғни негізгі тіл қытай тілі болып, малай тілі екінші, үшінші орындағы тіл деңгейіне түсіп кетті. Елдің Премьер-министрі болып Махатхир Мохамад сайланғаннан кейін ол бірден тіл мәселесін қолға алды. Бірінші кезекте малай мектептеріне арнайы заң шығарып, малай тілінде сабақ беретін орта мектептердің барлығына мемлекет тарапынан қаржы бөлгізді, ал өзге қытай, ағылшын тілінде сабақ беретін мектептер өздері ақша табуы керек болды. Аз ғана уақыттың ішінде бүкіл іс қағаздары, заңдардың бәрі малай тілінде шығарылды. Сөйтіп мемлекетте малай тілінің үстемдік құруына ықпал етті. Дәл осындай жағдай бұрынғы Кеңес Одағының ішінде көрші Өзбекстанда да болды, біреулер оларда басқа ұлттарға қарағанда өзбектердің саны көп деп жатады. Одан басқа Грузия, Латвияның тіл саясаты ұнайды. Латвияда өзге ұлттардың қатынасы дәл біздегідей, шамамен 37-38 пайызға дейін өзге ұлттар, орыстар тұрады. Бірақ Латвия бір ғана тіл – латыш тіліне мәртебе берді. Бүкіл іс-қағаздарын, келісімшарттарды, сыртқы мемлекеттермен байланысты құжаттарды, ішкі заңдарының бәрін латыш тілінде шығара бастады. Қазір латыш тілі – сол елде бір-ақ мемлекеттік тіл, басқа тілдер мойындалмайды. Мен осы екі мемлекетті бекерден бекер айтып отырған жоқпын. 1990 жылдары қазақтың тілге деген құрметі, ұлттық рухтың оянуы деген өте күшті болғаны есімде. Бірақ 2000 жылдардан кейін бұл рух басылып қалды, қазір де сол төмен деңгейде. Біздің азаматтарымыз ана жерде, мына жерде шулағанымен бұл шаруа бітпейді, мәселе шешілмейді.

– Енді осы мәселені шешудің қандай өркениетті жолдары бар?

 – Оның бір-ақ жолы бар. Бәрі заңды жолмен шешілу керек. Ол заң жолы – мемлекеттік тіл, Қазақстан территориясында бір-ақ тіл – ол қазақ тілі болуы керек, ресми тіл деген нәрсені алып тастауымыз қажет.

– Оған не кедергі сонда?

– Оған кедергі болатын сан алуан себептер, көзқарастар бар. Парламентте бұл мәселені қаншама рет көтердік. Көпшілігі Ресейге қарайлайды. Бізде басқа ұлттың өкілдері, славяндықтар мәселелерін айтып шығады. Мемлекеттік қызметкерлерге тілді міндеттеу туралы айтылғанымен көп жағдайда ол орындалмайды. Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік қызметке алмайтын болса ғана мектептен бастап бәрі қазақ тілін үйренуге ден қояр еді. Тағы бір мәселе – бізде орыс мектептеріндегі қазақ тілі өз дәрежесінде жүргізілмейді, қазақ тілін мойындамай, оған екінші, үшінші пән ретінде қарайды. Содан кейін аралас мектеп деген ұғым бар. Аралас мектеп дегенің – орыс мектеп деген сөз. Қазақ, орыс сыныптары болғанымен, ол жерде барлығы орыс тілінде сөйлейді. Өйткені ондай мектептерде орыс тілі үстемдік құрады. Ақпарат құралдарының өзін қарасаңыз, мысалы, теледидарда, мерзімді баспасөзде де мемлекеттік тілге қарағанда ресми тілдегі өнімдердің саны басым. Бұл – жүйелі түрде шешілетін мәселе. Оны тек заң арқылы ғана шешуіміз керек. Мемлекеттік тілге толыққанды мәртебе берілуі қажет. Қазақстан мемлекетінде бір ғана мемлекеттік тіл – ол қазақ тілі болуы тиіс. Бұл Ата заңымызда да, Тілдер туралы заңда да солай жазылуы керек. Қазір қарасаңыз, ата-аналардың арасында балаларын орыс мектебіне беретіндердің үлесі жылдан-жылға артып келе жатыр. Биыл 2019 жылмен салыстырғанда баласын орыс мектебіне беретіндердің үлесі артып кеткен.

– «Билік десе әкесін, байлық десе бабасын ұмытып кететіндермен толассыз күрес бұрын да, қазір де жүріп жатыр» депсіз. Дегенмен қазіргі күрес Абайдың заманынан ауырлау секілді, сізге қалай?

– Өтпелі қоғам деген нәрсе бар, бір қоғамдық формациядан екінші кезеңге көшетін кез. Бұрын біз социалистік қоғамнан, ондағы жоспарлы жүйе, барлығы тең деп санайтын, жекеменшікке мән берілмейтін жүйеден тікелей әртүрлі меншік болатын қоғамға өттік. Сол тоқсаныншы жылдардың ортасында жаңа жүйеге өткен кезде халықтың басым бөлігі өзінің үлесінен құр қалды. Ал қоғамдағы элита, сол кездегі басшы қызметтегілер зауыт, фабрикаларға ие болып қалды. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Сондықтан қоғамдағы бай мен кедейлердің ортасындағы айырмашылық жылдан-жылға алшақтап барады. Бұл – өте қауіпті нәрсе. Көптеген Еуропа елдерін қарасаңыз, байлар мен кедей таптың айырмашылығы айтарлықтай үлкен емес. Бізде бірнеше есе болса, оларда шамалы ғана. Сондықтан Елбасы да, қазіргі Президентіміз де бізде орта тапты қалыптастыру керектігіне баса назар аударады. Бірақ әлі орта тапты қалыптастыра алмай жатырмыз. Орта тап деген не? Бұған тұрақты түрде жалақы алып, балаларын оқыта алатын, емханаларда толықтай емделуге мүмкіндігі және шетелге шығуға жағдайы бар адамдар жатады. Орта тапты көтеріп, олардың санын көбейтпейінше, біз әділетті қоғам құра алмаймыз. Бұл мүмкін емес. Ал орта тапты қалыптастыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек. Алайда оның да үлесін көтере алмай келеміз. Кешегі пандемия да оған кері әсерін тигізді. Орта тап деген, мысалы, менің кішкентай шаштаразым, дүкенім бар, болмаса шағын наубайханам болуы мүмкін, осындай орта тап көбейген жағдайда қоғам күшейеді. Сонымен қатар біздің елімізде 100 мыңға жуық азамат мемлекеттік қызметте істейді, солар да орта тапқа жатуы керек. Бұлардан бөлек дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет саласында істейтін бюджеттік сала қызметкерлерін де орта тапқа жатқызуымыз қажет. Бұл топтағылардың жалақысы енді-енді көтеріліп келе жатыр. Негізі, алатын айлығы төмен. Отбасының күнделікті қажеттіліктеріне жұмсауға жететіндей жалақы алатын болса орта тапқа жатады. Соған әлі де шамамыз келмей тұр. Орта тап қалыптаспайынша, олардың мемлекеттегі үлесі 60 пайызға жетпейінше тұрақты қоғам құрамыз деу бекершілік. Себебі кедей тап басым болса, үнемі билікке наразы, ылғи да билікті сынаушы, тек сұрай беретіндер көп болады. Сондықтан да биліктегі азаматтардың, оның ішінде Парламенттің басты мақсаты – орта таптың қалыптасуына жағдай жасау. Ең төменгі жалақыны келесі жылы 60 мыңға шығарып жатырмыз,  ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 мың теңгенің айналасы. Ал сіз осы ақшаға 1 ай өмір сүре аласыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан да бұл бағытта Үкімет көп жұмыс жасау керек. Мемлекет тек мүгедек жандарға, оларды асырап отырғандарға, қарт кісілерге, көпбалалы аналарға ғана көмектесіп, қалған қол-аяғы бүтін, дені сау халықтың жұмыс істеп, еңбек етуіне мүмкіндіктер ғана ұсынуы қажет. Бізде сол бағытта түрлі әлеуметтік бағдарламалар қабылданды, жұмыспен қамтуға байланысты да бірнеше жобалар бар, әлеуметтік жұмыс көздері де қарастырылады. Бірақ солардың бәрі әлде де болса аздық етуде.

Кез келген ұлтты топтастырып, тұтастыру үш нәрсеге ¬ тіл, діл, дінге байланысты болады.  Егер біз осы үш нәрсені бөліп алатын болсақ, ұлттың біртұтастығы, біркелкілігінен айрыламыз. Түптеп келгенде, елде тіл тұтастығы болмайынша ұлттың да тұтастығына қол жеткізе алмаймыз.

– Қазіргі урбанизация дәуірінде ауылдан қалаға көшетіндер көбейді. Бірақ бұл ірі қалаларға жүктеме түсіреді және ауылдардың жойылуына әкеледі. Оны тоқтатудың жолы қайсы?

 – Иә, рас, ауылдан көшетіндер өте көп. Кейбір деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда ауылдық жерден 700 мыңдай адам қалаларға көшіп кеткен. Ауылдар бос қалып жатыр. Әрине, көшем деген адамды ұстап тұра алмайсың, өз еркі. Олар ауылдан неге көшеді? Себебі ауылда жұмыс көзі жоқ, оңтүстік өңірлерде біршама жақсырақ, ал бірақ солтүстік, орталық өңірлерде жағдай қиын. Бұл жерлерде мал ұстауға мүмкіндік жоқ, ауа райы қолайсыз, жер де жетіспей жатады. Сондықтан ірі шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр, бірақ өз деңгейінде емес. Көмектесе отырып, ауыл халқын көбірек жұмыспен қамтып, мал ұстаймын, егін егемін дегендерге мемлекет тарапынан тұқым, техника жағынан болсын қолдау көрсетілсе, ауыл халқын тұрақтандыруға болады. Осы жағынан маған Қытайдың реформасы ұнайды. Қытайда да дәл біздікіндей жағдай болған. Тіпті бізден де күрделі кезеңдер өткен. 1980 жылдардың аяғынан бастап Қытай ауыл шаруашылығына ұзақ уақытқа өсімсіз несие берді. Мәселен, бес жылға дейін 30 мың доллар алады, сол аралықта олар бір долларын да қайтармайды. Бұл бір, екіншіден, сол шаруа егін еккеннен кейін мемлекетпен келісім-шарт жасайды да, мемлекет олардың өнімін қойған бағаға сатып алады. Ал бізде өнім өндіргеннен кейін оны өткізу де – проблема. Қытайдың осы ауыл шаруашылығы реформасы бізге келіңкірейді. Оны бірнеше рет айттық та.

 – Қазір елде рухани ұлттық құндылықтар төмендеп, тобырлану басым сипат алды. Соның себебі неден, әлде ұлттық идеологияның жоқтығынан көреміз бе?

– Бұл ұғымның ауқымы кең, оның ішінде ең басты нәрсе – ұрпақ тәрбиесі. Тәрбиенің шетін шығарсаң, ол тағы біраз мәселеге барып тіреледі. Тәрбиені бірінші кезекте ата-ана, екіншіден,  мектеп, колледж бен жоғары оқу орындары яғни орта береді. Бұлардың бәрі тәрбие беруде жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Бірақ көбіне байқайтынымыз – қазір ата-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін өткен 30 жылдың ішінде түсіріп алдық. Толық емес отбасылар көбейді, отбасылық құндылықтарға мән берілмей қалды. Осы тұрғыда мемлекеттің тұтас бір ұстанымын әлсіретіп алдық. Ұлттық құндылыққа дін де кіреді. Ол да – тәрбие берудің бір саласы. Кезінде есік-терезенің бәрін ашып тастадық, түрлі діни ағымдар жан-жақтан ағылып кіріп жатты. Соның салдарында қазір халқымыз діни көзқарастар бойынша жік-жік болып бөлінетін болды. Бір ұлт – бір халық. Бірақ діни көзқарастарға келгенде әртүрлі пікірде. Бұл дұрыс емес, тұтас ұлтта тұтас дін болу керек. Білімге байланысты бізде жақсы бағдарламалар бар, мысалы, «Болашақ» бағдарламасы бай, кедей демей, білімді жастарды оқытты, бұл – Елбасының төл бағдарламасы. Сосын іштегі мектептерді де элиталық, жай деп бөліп тастадық. Элиталық мектептерге пәлен миллион теңге беріп оқытады, сол мектептердегі балалар мен қарапайым мектептердегі балалар арасында да көзқарастар алшақтығы бар. Мектепке барған кезде бай, орта, кедей таптағы ата-аналар болады. Бай баласын мектепке үлкен «Джип» көлікпен апарады, ал мұны жағдайы төмен, автобуспен баратын бала көріп, айырмашылықты сезеді. Содан барып олардың бойында қоғамға деген өшпенділік пайда болады. «Неге менің әке-шешем кедей, неге ана баланың ата-анасы бай?» деген оймен өзін кем сезінуі, айналаға деген ызасы күшейеді. Ал Еуропа елдерінде адамдар бай болған сайын барынша қарапайым бола түседі, мүмкіндігі келгенше байлықтарын көрсетпейді, ыңғайы келгенше автобустармен жүруге тырысады, балаларын да қоғамдық көлікке мінгізеді. Сондықтан осы жағынан біздің халқымыздың бойындағы Абай айтқан мақтаншақтық, өзін өзгелерден жоғары ұстауға ұмтылу, менмендік сияқты теріс қылықтар елдің ішінде билікке, бай адамдарға деген өшпенділікті арттыруға себеп болуда. Одан басқа біздің балалардың әртүрлі мектептерге баратыны да – үлкен мәселе. Себебі орыс мектебінде оқитындардың қоғамдағы көзқарастары мүлдем бөлек, таза қазақ мектептеріндегі оқушылардың санасы мүлдем басқа. Мектептердің екі тілге бөлінуінің өзі, тіпті балабақшадан бастап екі түрлі тәрбие алуы баланың санасында айырмашылықтар туғыза бастайды. Қоғамдағы белгілі бір құбылыстарға олар әртүрлі көзқараспан қарайды. Мұның өзі ұлтты тұтастыруға кедергі болатын жайт. Айналып келгенде, кез келген ұлтты топтастырып, тұтастыру үш нәрсеге – тіл, діл, дінге байланысты болады.  Егер біз осы үш нәрсені бөліп алатын болсақ, ұлттың біртұтастығы, біркелкілігінен айрыламыз. Түптеп келгенде, елде тіл тұтастығы болмайынша ұлттың да тұтастығына қол жеткізе алмаймыз. Біздің Ресеймен шектесетін 5 мың шақырым шекарамыз ашық жатыр, көршінің бүкіл телевидениесі де бізде толық көрсетіледі, Қазақстанда халықтың 70-80 пайызы орыстың телевидениесін көреді, ақпараттарын оқиды. Осы жағынан латын қәрпін енгізу ұтымды ұсыныс болатын. Көрші Өзбекстан, түркі тектес мемлекеттердің барлығы өздерінің графикасын латыншаға көшіріп, жөндеп алды. Дүние жүзінде миллиардтаған халық осы латын қәрпін пайдаланады. Қазір әлемде орыс тілінің үстемдігі жоқ. Бәлкім, тек 200 млн халыққа ғана ықпалы бар шығар, қалған жерде орыс тілін мойындамайды. Өз пікірім – Қазақстанда ең негізгі тіл – ол қазақ тілі болып қалып, екінші ағылшын тілін балаларымыз мектеп бітіргенде сөйлей алатындай деңгейде біліп шығуы керек. Бұл ретте бізге ағылшын тілінен төнер қауіп жоқ, себебі олармен шекаралас жатқан жоқпыз. Алайда ағылшын тілін мектепте жаппай бірінші сыныптан оқытуға да қарсымын. Өйткені әлі ой-санасы қалыптаспаған балаға бірден бірнеше тілді үйретіп, бір мезетте бірнеше тілдің әріптерін таныту қате нәрсе, бұл – баладан дүбәра жасау деген сөз. Сол себепті әріптерді оқып, жазуды ана тілінде үйреніп алғаннан кейін 4-5 сыныптан бастап ағылшын тілін меңгерткен жөн. Осы тұрғыда Германия, Түркия, Жапония, Еуропа елдерінің балаларға білім берудегі үлгілері керемет, олар бастауыш сыныптарда міндетті түрде тек қана өз ұлтының тілін оқытады. Содан кейін барып, балалардың қалауы бойынша басқа тілді үйретеді. Бізде қалау жоқ, міндеттеу бар.

 – Сұхбатыңызға көп рахмет!

Райхан РАХМЕТОВА

«Астана ақшамы» газеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<