Тілеуі бірдің таймас бағы

1349

0

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толуда. Ширек ғасырлық уақытта үлкен құрылымға айналған ҚХА түрлі бастамалар мен жобаларды жүзеге асырды. Бүгінде татулық пен бірлікті насихаттап, ұлттар ымырасын бір арнада тоғыстырған құрылымда ғылыми-сараптамалық топ жұмыс жасайды.

Осы орайда облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақовпен әңгімелесудің сәті түскен еді.


– Айтжан Жұмабайұлы, алдымен өңірдегі ғылыми-са­раптамалық топ жұ­мы­сы мен құрамы туралы айта кет­сеңіз…


– Аймақтағы ғылыми-сарап­тамалық топтың жұмысы – этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму­дың үдерістерін кешенді сарапта­ма­лық бағалау, елде және әлемде осы процестің дамуын болжау, этносаясаттың өзекті ба­ғыттары бойынша Ассамблея қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің ғылыми көрініс мәселелерін ілгерілетуді ұйымдастыру, жалпыұлттық ке­­лісімге қол жеткізуде, қазақ­стандық қоғамның тұтастығын нығайтуда, демократияны дамытуда саяси және азаматтық институт ретінде Ассамблеяның ролін күшейтуге жәрдемдесе отырып, ғылыми-сараптамалық қолдау білдіру. Біздің ғылыми-сараптамалық топ 16 адамнан құралған. Топ құрамында ғылым докторы, ғылым кандидаттары, PhD доктор және ғылым ма­гистрлары бар. Ғылыми-са­раптамалық топ мүшелері ай­мақ­та өтіп тұратын түрлі ша­ра­ларға белсенді қатысып оты­рады.


– Қазірге дейін қандай жұ­мыс жасалды?


– Өткен жылы біздің ҒСТ мүшелері облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, облыс көлемінде ау­қымды жұмыстар атқарды. Мә­селен, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай оқу орындарында «Әлем елдеріндегі алғыс білдіру дәстүрлері» тақырыбында лекциялар мен сайыстар өткізілді. Сонымен бірге Қызылорда қа­ласындағы жоғары медицина колледжінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне арналған Бейбітшілік са­бақ­тары бастау алса, Достық үйін­де «Ұлттық тарихи жады – рухани жаңғырудың не­гізі» тақы­рыбында ғылыми-та­ным­дық конференция өтті. Мемлекетіміздің Ата Заңы – Конс­титуция күні қарсаңында «Конституция – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында көшпелі семинар ұйымдастырылды. Мұнан өзге «Этноконфессияаралық ке­лісімнің қоғамдағы рөлі» атты дөңгелек үстел, «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жоба­сы аясында Жалағаш және Қар­мақшы аудандары тұрғында­рына арналған семинар болды. Бұл шаралардың барлығы облыстық ҚХА-ның ұйытқы болуымен жүзеге асты.


– Университетте «Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы» ка­­федрасы жұмыс жасай­ды. Сыр өңіріндегі этносаясат­ты жүр­гізу мен дамытуда кафед­раның ролі қандай?


– Кафедраның негізгі қыз­меті – этнос, дініне қарамай жастарға қазақтың тарихы мен мәдениетін, тілін дәріптеу. Оған қоса Қазақстанды мекен еткен 140-қа таяу этнос өкілдерінің тарихы мен мә­дениеті, тілдері туралы білім тарату. 2008 жылы шыққан Ассамблея мен Білім туралы заңға сәйкес қазақ халқының тарихы мен мәдениеті төңірегінде өскелең жастарды тарту, оларды толеранттылыққа бейімдеп, тәрбиелеу де – бір мақсат. Се­бебі оларға жүргізілетін сабақ­тар, атқарылатын қоғам­дық жұ­мыстардың барлығы кафед­раның тікелей қызметтік функциясына сәйкес ұйым­дасты­ры­лады. Осы ретте бірлік пен ынтымақты дәріптеуде кафед­раның ролі зор деп білемін.


– Ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі ретінде жас ға­лым­­­дарды дайындауда қандай жұ­мыстарыңыз бар?


– Жыл сайын дәстүрлі түр­де жас ғалымдар арасында Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық үлгісін ілгері­летуге арналған республикалық үздік ғылыми жобалар бай­қауының өңірлік кезеңі, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ғы­лыми конференциялар және дөңгелек үстелдер, кәсіптік жә­не техникалық білім беру ұйым­дарында Бейбітшілік сабақтары және т.б. шаралар өткізіледі. Ғылыми-сарапшылық топ мүше­лері түрлі ғылыми бағыттарда ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, топ мүшелері ғылы­ми зерттеу бағыттары бойынша, мақалалар, монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар және т.б. шығарып тұрады. Мә­селен, ғылыми-сараптамалық топ мү­шесі М.Насимовтың «Қа­лып­тасқан Қазақстан – Елбасы саясатының желісі», «Са­наны жаң­ғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыптарында моно­гра­фия­лық еңбектері жарық көрсе, өлкетану бағытында С.Тай­манның, Н.Мыңжастың «Жаңа­қорған», «Сырдария» ат­ты кі­таптары шығарылды.


Сонымен бірге №212 орта мектеп оқушысы Айзат Ербол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Сыр өңірі корейлері туралы зерттеп, үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауынан бірінші орынды жеңіп алды.


– Әлемді жайлаған індеттің салдарынан барлық жұмыстар онлайн жүйеге көшті. Сіздер­дің тараптарыңыздан қандай шаралар атқарылуда?


– Бұл пандемия елімізге өте ауыр тиюде. Десе де, ел бірлігін насихаттау, көп­этнос­ты халқымыздың бірлесе жү­ріп өткен дара жолы мен қол жеткізген жетістігін көр­сету мақсатында ғылыми-сарапта­ма­лық топ мүшелері мерекелік шараларға, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, ашаршылық, сая­си қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиыншы­лық­тарды қазақ халқымен бірге ең­серген этнос өкілдері туралы бейнесабақтар, онлайн лекциялар көрсетілімін жасады. Сонымен бірге, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, ғы­лыми-сараптамалық топтың мүшесі Дәулет Омаровтың «Сыр бойына қоныстанған корейлер: Тарих және тағылым» мақаласы және өзімнің «Нәубет әкелген ғасыр» тақырыбында мақалам БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде жарық көрді.


Қоғамда бір шаңырақтың астында сан алуан этнос пен конфессия өкілдерінің басын қосып, бейбіт өмір салтын құру – өте маңызды және жауапкершілігі үлкен. Осы мақсатты орындау­да Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ғылыми-сарапта­ма­лық кеңесінің орны ерекше. Аталған топ ұлтаралық келісім мен жоғары толерантты мәде­ниет қалыптастыруды бас­ты міндет санайды. Осыған сәй­­кес ҒСТ-ның атқаратын жұмысы және алдағы жоспар­лары ауқымды. Атап айтсақ, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назар­баевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақ­стандық үлгісіне арналған рес­пуб­ликалық ғылыми жобалар байқауының өңірлік ке­зеңін өткізу, облыстық ҚХА жа­нындағы ғылыми-сарапта­ма­лық топ мүшелерінің этнос­ара­­лық қатынастар және қо­­ғам­дық келісім мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерін ұйым­дастыру, ғылыми-сарап­шылық топ мәжілісін және тағы басқа жұмыстарды өткізуді жос­парлап отырмыз.


Әңгімелескен

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<