Коммуналдық қызмет – қандай қоғамдық жүйеде болмасын, тұтынушылар үшін өткір проблемалар жиынтығын құрайтын саланың бірі. Қазақстан Президенті кейінгі уақытта атқарушы билікке оның қызмет бағаларын өсірмеу туралы бірнеше рет нұсқау беріп, сонымен бірге мемлекет су, жарық, жылу жүйелерін жаңғыртуға миллиардтаған теңге қаржы бөлуде. Бұл қолдау кеңес әлемінен қордаланып қалған өткір түйіндерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беруде. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетіне үлкен міндеттер жүктелетіні мәлім. Саланың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелеріне қатысты міндеттерін сараптау үшін газет тілшісі комитеттің облыс бойынша департамент басшысы Гүлмира Сейітбекқызы Өтегеновамен ой бөлісті.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы кейінгі уақытта осынау түйткілді мәселелерге барынша назар аудара бастады, – деді бізбен әңгімесінде департамент басшысы. – Уақыт жылдам өзгеруде. Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Ал бұл орайда біздің бүгінгі шешімдеріміз, осыған сәйкес жасайтын нақты іс-әрекетіміз өзгерістердің талабына жауап беруі қажет. Президент бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек, әуежай қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, логистика нарықтарында белең алып отырғанын мәлімдеді. Шындығын айтқанда, осының барлығы халықтың тұтыну мүддесіне байланысты мәселелерді қамтиды. Егер Президенттің кейінгі шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессияның ашылуында сөйлеген сөзіне зер салсаңыз, аталған мәселелер тағы да назардан қағыс қалған жоқ. Президент барлық күш- жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керектігін, бұл бағытта басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға тірелетінін тағы да назарға салды. Жоғарыда айтылған халықтың коммуналдық қызметке қатысты түйткілдері департамент арқылы шешілетін болғандықтан, бұл бізге үлкен міндеттер жүктейді.
– Сіздің есіңізге қоғамдық пікірде көрініс тауып отырған мәселені салғым келеді. Қызылорданың тұтынушылары, міне, бірнеше жылдан бері табиғи газдың игілігін көруде. Бірақ, көпшілігі оның бағасына наразы. Осы тарапта департаменттің бірқатар табанды іс-қимыл жасап жатқанынан хабардармыз…
– Департаменттің бұйрығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалына 2020-2025 жылдарға арналған тауарлық газды тасымалдау тарифі бекітілді. Ол қосымша құн салығынсыз мың текше метрге 5941 теңге құрайды. Бұрынғы тарифтен 34,6 процент төмен. Бірақ акционерлік қоғам департаменттің бұйрығымен келіспей, сотқа арыз берді. Бірінші және екінші сатыдағы сот шешімдерімен акционерлік қоғамның талабы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Газды бөлшек саудада өткізу бағасы табиғи монополияларды реттеу комитетімен келісілгендіктен, 2020 жылғы 28 желтоқсандағы комитеттің қорытындысымен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы 17 процентке төмендетілді. Оның ішінде тұрғындар үшін 1000 текше метрге қосымша құн салығымен едәуір төмендетіліп, ол қазір 17351 теңгені құрайды. Алайда, «ҚазТрансГазАймақ» қабылданған шешіммен келіспей тағы сотқа жүгінді. Әзірге сот шешімі шыққанға дейін жаңа тарифті енгізу тоқтатылды. Қазіргі таңда департамент «Қызылордажылуэлектрорталығы» мен «Қызылордаэлектртарату тораптары» компаниясы акционерлік қоғамының өтінімдерін қарап жатыр.
Халықтың мүддесі болғандықтан біз жобалық тарифтерді талқылау бойынша жария тыңдауларды 2020 жылдың желтоқсанында ұйымдастырып, оған мәслихат депутаттары, жергілікті басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұтынушылар мен тәуелсіз сарапшылар қатысқанын атап өткіміз келеді. Жария тыңдауларды және өңірлік комиссия отырысында айтылған ұсыныс- пікірлер ескеріліп, тарифтердің жобалары қаралуда. Қорыта айтқанда, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді.
– Кейінгі кездері тұтынушылар «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны қызметіне көптеп реніштерін білдіруде. Атап айтқанда, пайдаланған судың көлемін артық көрсету халықтың оны дәлелдеп кәсіпорынға жиі барғыштауына, оның соңы дау-дамайға ұласып, бос уақыт жұмсап дегендей әбігершілік тудыруда. Бірақ, менің ойымша, әділдік үшін Қызылордадағы су тарифінің Қазақстанның өзге өңірлеріне қарағанда едәуір арзан екенін атап өткім келеді. Сонда жоғарыда айтылған түсінбеушілік неден туындап отыр? Тәртіпке келтірудің жолдары қандай?
– Сұрағыңыздың екінші бөлігінен бастайын. Халық «Судың да сұрауы бар» дейді. Біз жалпы табиғи ресурсқа ұқыптылықпен қарау мәдениетін әлі меңгере қойғанымыз жоқ. Қызылордада судың мың текше метрінің тарифі 44,9 теңге. Қарапайым тілмен айтқанда, сіз мың литр су үшін осыншама қаржы төлейсіз. Бұл – Қазақстандағы ең арзан тариф. Салыстыру үшін айтайын, Ақтауда 223, Қарағандыда 101, Атырауда 99, Ақтөбеде 85, Қостанайда 76, Көкшетауда 78, Таразда 109, Шымкентте 88, Петропавлда 81, Өскеменде 66, Түркістанда 62 теңге, осылай кете береді… Ал осыншама арзан тарифтің ақысын төлеп отыру енді біздің ар-ұятымызға байланысты мәселе деп есептеймін.
Жоғарыдағы түйткілді мәселені өз басым бірінші естіп отырмын. Ондай әурешілікке салу дұрыс емес. Тұтынушылар бізге шағым жазып жатса, оны тексереміз. Шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланғанымен, ешкімнің заң бұзушылыққа жол беруіне негіз жоқ. Меніңше, бұл кәсіпорынның жекелеген қызметкерлерінің орындаушылық қызметке салғырт қарауынан туған жағдай ғой деп ойлаймын.
– Шындығын айтқанда, бұрынғыдай емес, біз нарықпен алға жылжыған сайын проблемалар көптеп туындай бастаған сыңайлы. Шетелдік ақпарат құралдарын көріп, оқығаннан көңілге түйгенім, осы проблемалардың көпшілігі кешегі посткеңестік мемлекеттерге ғана тән ортақ құбылыс па деп ойлаймын. Коммуналдық төлемдерге ақыны уақытында төлемеу, ұдайы қарызға өмір сүру сол қызмет көрсететін кәсіпорын қызметкерлеріне де оңай соқпайды. Жалақысын уақытында ала алмауын былай қойғанда, олардың негізгі қорларын жаңарту үшін де қаржы керек емес пе? Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Кешегі ортақ жүйеде өмір сүрген Шығыс Еуропа елдерінде мұндай келеңсіздік біршама жойылған тәрізді ме, қалай? Әлде біздің нарыққа бейімделуіміз қиынға соғып жатыр ма?
– Сұрағыңыздың астарында қандай ой жатқанын сезіп отырмын. Біз 70 жылдай социализмнің теңгермешілік жүйесінде өмір сүрдік. Ол қоғамда жоспарлы шығын деген ұғым болды. Бірақ бірінің шығынын бірі жауып дегендей, халық үшін жеңілдетілген тариф қолданылатын. Есіңізде болса, жарық, су, тағы басқасының қызметіне, бейнелеп айтқанда, тиын-тебен төлейтінбіз. Әрине, кешегі кеңес дүниесінің осындай әлеуметтік сипаты басым болды. Бірақ экономика, шынын айту керек, мұндай ысырапты көтере алмайтын еді. Ол табысты жұмыс істейтіндердің ерік-жігерін тежеп тастайтын. Барлығына үкіметтен субсидия, дотация беру ақылға сыйымсыз ғой. Нарыққа көшу табысыңа қарай өмір сүру дағдысына үйретті. Біршама жөнге түсіп келеміз. Өмір көрсетіп отырғандай, аздаған ілгері жылжу нышаны сезіле бастады. Бұрынғы қордаланып қалған проблемалар азайды. Сонымен бірге бір нәрсені ескеруіміз қажет. Бізде тұрмысы төмен отбасыларына коммуналдық қызмет үшін бюджеттен өтемақы беріледі. Нарық жағдайында бұл халық үшін үлкен қолдау екенін ұмытпағанымыз абзал.
Ал Шығыс Еуропа елдеріне келсек, олар 1945 жылға дейін нарық экономикасымен өмір сүрді. 1990 жылы нарыққа қайта көшкенде ырғалып- жырғалу болмай, сілкіністерге жол берілмей, кез келген тосын құбылыстарды көтеруге дайын келді. Айырмашылығымыз осында. Шетелде коммуналдық жүйесі ортақ бірнеше отбасына арналған үйдің бір пәтері сатылатын болса, жаңа қожайын көршілерінің қандай екенін сырттай бақылайтын көрінеді. «Олардың төлем қабілеті қандай?» деген сауалдың жауабын іздестіретін болғаны ғой. Біздіңше, бұл – жылдар бойы қалыптасқан дағды. ендеше біздің тұтынушылар мәдениеті уақыт өте келе қалыптасатын шығар деп ойлаймын.
Сөз соңында жыл басынан реттелетін коммуналдық қызметтердің жылуға және электр қуатына қатысты бағаларынан басқалары қолданыстағы деңгейде қалғанын тұтынушылардың есіне сала кеткім келеді. Департамент өз кезегінде тұтыну бағаларының негізсіз өспеуін ұдайы қадағалайтын болады.
PS:
Өтегенова Гүлмира Сейтбекқызы 1966 жылы Қызылорда қаласында туған, 1987 жылы Қарағанды кооперативтік институтының тауар жүргізу және азық-түлік тауарлары саудасын ұйымдастыру бакалавры мамандығын бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданы тұтынушылар одағында тауартанушы болып бастады. Жалағаш ауданында кооперацияларда төраға орынбасары қызметін атқарды.
1995 жылдан Қызылорда облысы монополияға қарсы салада, табиғи монополияларды реттеу саласында 1 санаттағы маман, бас маман, бөлім бастығы, басшының орынбасары қызметтерінде болды. Кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын корғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы болды.
Қазір ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарады.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<