«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды.
Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын».
Президенттің Ұлттық құрылтайда
сөйлеген сөзінен
– Қылышбай Алдабергенұлы, денсаулығыңызға байланысты бір жыл бойы қоғамдық жұмыстардан оқшауланып қалғаныңыз көңілімізге қаяу түсірген еді. Енді міне, сырқатты сырып тастап, Құрылтайға қатысуыңыз барша жұртшылықты қуантты.
Кеше өзіңіз де әлеуметтік желі арқылы сырбойылықтарға қасиетті айдың тілегін айтып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтадыңыз.
Сізге де Наурыз мерекесі құт-береке алып келсін.
Көкше төріндегі алқалы жиыннан қандай әсер алдыңыз?
– Биылғы Құрылтайдың әсері де, көтерген мәселесі де ерекше.
Алдымен, жалпы жұмыс тәртібіне сәйкес, өзге секциялармен бірге Ғылым және білім секциясының жұмысында ой бөлістік. Онда қоғамда қордаланған, ғылым мен білім саласында көп көтерілген мәселелер кең көлемде қаралды. Секцияны жүргізген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы мен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен Құрылтайда жасалған ұсыныстардың орындалу барысы туралы есеп берді.
Ал Құрылтайдың жалпы жиналысында Мемлекет басшысы, Ұлттық құрылтайдың төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйледі.
Президенттің бір сағаттан аса уақытқа созылған баяндамасы өте мазмұнды шығып, онда көтерілген мәселелер мен бастамалар Құрылтайдың өтіп жатқанынан хабардар ел тұрғындарына барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел әрі нақты жеткізілді.
Құрылтай мүшелері әрбір секцияда атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, орындалған мәселелер, сол ұсыныстарға сәйкес қабылданған заңдар, Үкімет шешімдері туралы 4 секция өкілдері пікірлерін ортаға салды.
– Кейінгі жылдары халық «Жаңа Қазақстан» деген сөздің жақсылығына көз жеткізе бастады. Дәл осы өзгерістерге Құрылтайдың да қосып отырған үлесі аз болмаса керек.
– Әрине, солай. Президент өз сөзінде ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелерінің де орасан зор үлес қосқанын, жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырғанын тілге тиек етті.
Қазақстанның кейінгі үш жыл ішінде жаңа тұрпатты елге айналғанын алыс-жақын көріп отыр.
Осыдан үш жыл бұрын Президент халыққа арнаған Жолдауында елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасалатынын айтқан еді. Сол сөз үдеден шықты.
Халықтық референдум арқылы Ата заңға өзгерту енгізілді, конституциялық сот құрылды. Алқа билер жұмысы арқылы халық өкілдері сот ісіне тікелей араласып, шешім шығаруға құқық иеленді. Пилоттық жоба есебінде ауыл әкімдері, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды. Айтулы жоба біздің облысымызда да өз жемісін берді. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының Президент тапсырмаларын жоғары біліктілікпен іске асырып отырғандығының бір көрінісі.
Президент Құрылтайдағы сөзінде биылдан бастап барлық аудан әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлайтынын айтты.
Бүгінде билікке жаңа, тың ойлы, жігерлі жастар келіп жатыр.
– Құрылтайда әділ салық жүйесі туралы да сөз қозғалды. Осыған орай не айтасыз?
– Мемлекеттің өз міндеттерін толық атқаруы бюджет қаржысына тікелей қатысты. Ал бюджет қоржынын толтыратын – салық саясаты.
«Қазақстанда түрлі салық режімі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған» деді Президент.
– Бөлшектейтіндер деген сөз астарына тоқтала кетесіз бе?
– Бизнес иесінің бір қонақүйі бар делік. Оның ішінде тамақтанатын дәмхана да, басқа да көпшілікке қызмет көрсету түрлері болады. Қожайын аз мөлшерде салық төлеу үшін осы бизнестеріне бөлек-бөлек есеп жүргізеді.
Мұның астарын көп адам түсіне бермейді.
«Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды» деген Президент сөзінен көп жайттың мәні аңғарылды.
Сондай-ақ Президент салық реформасы шеңберінде батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек екенін, әйтпесе бұдан да зор қиындыққа тап болатынымызды ескертіп өтті.
«Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс» деді Президент. Шын мәнінде адал кәсіпкерлерге қолдау болса, олар жеке басының емес, халықтың хал-ахуалын көтеруге пейілдене жұмыс атқаратыны анық.
– Президенттің құрылтайдағы назар аударған мәселелерінің бірі қоғамды алаңдатқан түйткілдер болды. Осыған орай ой бөліссеңіз?
– Расында, бүгінгі қоғамда жат әдеттердің бой ала бастағаны байқалады.
Бұрынғы адамдардың ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде тұратын. «Сіз деген – әдеп, біз деген – көмек» деп бір-біріне сыйластық, құрметпен қарайтын. Қазір осы құндылыққа сызат түсіріп алдық.
Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары үшін адамның арына тию түк емес, оларды тыңдауға ұяласың. Еркіндікті пайдаланып, жалған мәлімет тарататындар аяқ тартатын емес. Уағыз айтамын деп ұлт санасына уын таратып жүрген діншілдер де бар. Олар жеті атадан қыз алыспаған салтымызды да теріске шығара бастады.
Осыған қатысты Президент: «Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс» деді.
Ғылым-білімге ұмтылатын шағында жас қыздар қазақтың салтында жоқ қара шәлі жамылып, бетін бүркеп жүретін болды. Президент осы секілді халқымыздың болмысына жат әдеттерге тосқауыл қою қажеттігін айтты.
Сонымен бірге жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтарға» сеніп, алданып қалғандардың көп екенін, жауапты органдардың бұл мәселені де назарға алуы керектігін сөз етті.
Қазақта «өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген ащы нақыл бар еді. Қазіргі «коучтар» да сол, өзі ажырасып жүріп, отбасы бірлігі туралы әңгіме айтып отырады. Айналып келгенде олардың мақсаты – халықты алдап, ақша табу ғана.
Кеңестік заманда «бар өнердің ішіндегі маңыздысы кино» дейтін идеология болды. Шынында, бір дәуір ұрпағы кино кейіпкерлері арқылы тәрбиеленді. Соларға ұқсап, ізгілік, батырлық, адалдық қасиеттерге ұмтылды.
«Қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар… Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн» деді Президент.
Мемлекет басшысы осы сөзімен ұрпақ болмысын қалыптастыратын үлкен мәселені қозғады және оны дұрыс жолға қоюды нұсқады.
Ақиқатында жеке қаржымен жасалатын киноның идеясын, тілін, тәрбиелік мәнін мамандар қатаң сараптан өткізбейінше, шынайы өнер туындылары өмірге келмейді.
– Құрылтайда халықтың тілегі мен заманның талабына сай келетін көп мәселе сөз болды. Сіздің ойыңша солардың қайсысы өте маңызды?
– Құрылтайда көтерілген мәселенің бәрі де елдің дамуы мен болашағы үшін ауадай қажет. Оның ішінде ертеңге ысырып қоятыны жоқ. «Қара қазан қайнаса баршаға бірдей» дегендей, салық саясаты маңызды ғой, жасанды интеллектіге кейін келерміз деуге бола ма?
Дамыған елдер жасанды интеллектіні барлық салаға енгізіп үлгерді. Біздің еліміз де бұл мәселеден қағажу қалып отыр деп айта алмаймын.
«Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік мамандармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе – менің бақылауымда. Таяу арада, мүмкін жыл соңына дейін Астанада Smart city жобасы енгізілгенін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта еліміз нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын» деді Президент.
Осының өзінен-ақ біздің еліміздің жасанды интеллект жағдайында қаншалықты алға жылжығанымызды байқауға болады.
Дегенмен, білім саласы жаныма жақын болғандықтан, Президенттің білім мен тәрбиені қатар алған қағидатын аса маңызды деп санаймын. Өйткені, бұл мәселе бүгінді де, болашақты да қамтитын маңызға ие.
Президент айтқандай, біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болмағыны рас.
«Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деді Президент.
– Келесі құрылтайдың Қызылордада өтетіні Сыр жұртшылығы үшін үлкен жаңалық болып отыр. Бұл жөнінде өзіңіз де әлеуметтік желіге сүйінші хабар жарияладыңыз. Жалпы, құрылтайдың Қызылордада өтуі жаңалық қана ма әлде игілігі де бар ма?
– Президент Көкшедегі құрылтай жұмысының ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне мән берді. Ұлтымыздың «қазақ» деген төл атауының да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды.
«Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деді Президент.
Әрине, құрылтайдың Қызылордаға келуі – жаңалық қана емес, жақсылықтың нышаны. Барлық құрылтай мүшелерінің дамыған Қызылорданы көріп, Сыр елінің бірлігі мен тірлігіне куә болғаны біз үшін үлкен мәртебе.
Құрылтайдың Көкшеде өтуі курорттық аймақтың дамуына үлкен ықпал етпек. Осы мақсатта қомақты қаржы да бөлінетін болады.
Құрылтай Қызылордаға да дәл осындай игілік алып келеді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. Туған жеріміздің жарқын күндері үшін жасап жатқан еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз.
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<