Былтыр Рамазан айының ерекшелігі көп болды. Жамағат тарауық намазын мешіттерде оқи алған жоқ. Ұйымдасып ауызашар жасау мүмкіндігінен қағылды. Құлшылық үйлерінің есігі көпке дейін құлыптаулы тұрды. Жұма намазының орнына әркім үйінде бесінді өтеді.
COVID-19 әлі күшінде. Ал бүгін әлем мұсылмандары қасиетті аймен қайта қауышып отыр. Ол биыл қалай өтеді? 8 сәуірден бері «сары аймақ» санатындағы Сыр бойы жұртшылығы нені ескеруі керек? Ауырып, айыққандар ауыз бекітсе бола ма? Коронавирусқа қарсы вакцина оразаны бұзбай ма?
Осы сарындағы сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Болатбек Әбуов жауап берді.
– Алланың қалауымен исі мұсылман асыға күткен мүбәрак айға аман-есен жетіп отырмыз. Шүкір дейміз. Осы орайда туындайтын алғашқы сұрақ: тарауық намазы биыл тағы оқылмай ма?
– Алдымен, баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкір, мақтау-мадақ болсын!
Өздеріңіз білетіндей, эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі себепті ел аймақтары «жасыл», «сары» және «қызыл» болып бөлінді. Діни басқарма қасиетті ай кезінде өңірлерде діни рәсімдер өткізу тәртібін осыған байланысты белгіледі.
Мысалы, «жасыл аймақтарда» тарауық намазы сақтық шараларын бұлжытпай орындау, қысқа сүрелер оқу арқылы, ауа райының ыңғайына қарай мешіт ауласында өткізіледі. Мешіт дәретханаларын қолданғанда әлеуметтік арақашықтық пен сантитарлық талаптарды сақтай отырып, тез дәрет алу талап етіледі.
Бұл жағын «сары аймақтардағы» жамағат та ескеруі тиіс. Қызылорда облысы, өкінішке қарай, осы қатарда. Ауру асқынған соң карантин шектеуі де күшейтілгені белгілі.
«Қызыл аймақтарда» орналасқан мешіттерде тарауық намазы жамағатпен бірге уақытша оқылмайды. Дегенмен, санитарлық талап жергілікті бас санитар дәрігердің шешіміне сәйкес өзгеруі мүмкін.
– Ауызашар өткізіп, сауап алғысы келетіндерге не айтасыз?
– Бұл да «коронавирус бағдаршамының» түсіне тікелей байланысты. «Жасыл аймақтарда» ауызашар өткізілетін орынның 30 проценті ғана толуы, бірақ 50 орыннан аспауы тиіс. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу мен құдайы тамақтарды өткізуге рұқсат берілген. Бірақ біз ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз. Қалған екі аймақтағы елді мекендерде ораза ұстаушыларға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп берген ләзім.
Азық-түлік себетін ұйымдастыру, оны үйді-үйге жеткізіп беру ісіне «Зекет» қайырымдылық қоры жауапты. Осы ретте шамасы жететін ағайынды ауызашар қоржынына үлес қосуға шақырамын.
– Қазір жер-жерде коронавирусқа карсы вакциналау шарасы қызу қарқын алды. Ораза ұстаған адамға бұл әсер етпей ме?
– Вакцина оразаны бұзбайды, діни басқарманың пәтуасы осындай. Шариғат бойынша оразаны дене арқылы емес, табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе ғана бұзады. «Фәтауа Һиндия» кітабында да бұл туралы: «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды», – делінген.
Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді екіге бөліп қарастырады. Біріншісі – ас-су сияқты денеге азық, қуат боларлық, екіншісі – емдік мақсаттағы (денеге қуат, азық болмайтын). Олар: «Тері астына және бұлшықетке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», – дейді. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдар көзқарасы әртүрлі. Көптеген ғалымның пікірінше, тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды.
Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, жұқпалы аурулардан сақтану және иммундық қасиетті арттыру үшін адам организміне егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе салу оразаны бұзбайды.
– Ораза кезінде ПТР сынамасын тапсыруға күмәнмен қарайтындар да бар…
– Оны тапсыру кезінде адамның ішіне ештеңе кірмейді. Сондықтан алаңдамаса болады.
– Қауіпті індеттен жазылып шыққандар ораза ұстаса, әлсіреп қалмай ма?
– Шамасы жетпеген жағдайда ораза ұстауға міндетті емес. Бірақ мұның бұрын ауырып, кейін денсаулығы түзелген және ауыз бекітуге мүмкіндігі келетін мұсылмандарға қатысы жоқ.
– Пітір садақасының көлемі биыл неге артты?
– Пітір садақасы былтыр 370 теңге болса, осы жылы 420 теңгеге жоғарылады. Бұл негізсіз емес. Рамазан айында орындалуы тиіс құлшылық түрі Ханафи мәзһабында екі келі бидай (ұн, талқан, тағы басқа) немесе мейізбен, әйтпесе, төрт келі құрма не арпамен есептеледі.
Қазіргі күні бидайдың өзі емес, одан шығатын ұн, талқан сияқты өнім түрлері кеңінен қолданыста. Сол себепті діни басқарма пітір садақасын ұнмен есептеу туралы пәтуа берді. Яғни екі келі ұнның орташа бағасына тең. Ұнның құны басқармаға қарасты қалалық, облыстық өкілдіктердің мәліметі негізінде анықталды. Ауқатты адамдар пітір садақасын мейіз (3580 теңге) немесе құрма (7300 теңге) құнымен бергені абзал.
Тұрмысы төмен, яғни мал-мүлкі нисаб мөлшеріне, яғни 85 грамм алтын (1 160 мың теңге) немесе 595 грамм күміс (200 мың теңге) құнына жетпеген кісі оны беруге міндетті емес. Беріп жатса, сауабын алады. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға берген дұрыс. Қайтыс болған адамдар мен ана құрсағындағы бала үшін пітір садақасы берілмейді.
– Рамазан оразасы – балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, жолаушы емес әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Оған мүмкіндігі жоқтар қандай жақсы ісімен сауап жинай алады?
– Алла Тағала Құранда: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (біркүндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят).
Сауығуынан күдер үзгендер, егде жастағылар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия (төлемақы) береді. Підия – орта есеппен бір адамның күнделікті таңғы және кешкі асы. Биыл оның мөлшері 2500 теңге деп белгіленді. Підия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, халі нашар жандарға үлестіріледі.
– Ораза тұтпай, қазасын өтемей-ақ піддия беруге бола ма?
– Підияны созылмалы ауруға шалдығып, түзелуінен үміті жоқ науқастар, ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісілер бере алатынын жоғарыда айттым. Ал ораза ұстаған адамның ауруы уақытша болса, ол підия беріп құтылмайды. Ауыз бекітпеген күндерінің есесін Рамазан айынан кейін толтыруы шарт.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты дайындаған
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<