Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңаша серпін байқалады. Қарқынды құрылыстар салынып, өңірдің бүгінгі келбеті айтарлықтай өзгерген. Уақыт талабынан туындаған әлеуметтік мәселелер де оң шешімін тауып келеді.
Аймақтағы оң өзгерістерге өкілетті билік өкілдерінің де ықпалы болуы тиіс. Осы орайда Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, партия филиалының төрағасы Қайрат Ерназаровпен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат Шаршыбекұлы, Президент тапсырмасымен елімізде жұмысшы мамандар даярлауға баса назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға сіз басқаратын филиалдың қосқан үлесі қандай?
– Ел экономикасының дамуы, түрлі салалардың ілгерілеуі және Қазақстан азаматтарының өмір сапасының жақсаруы – өз ісінің шебері саналатын еңбек адамдарына тікелей байланысты.
Осы орайда Қазақстан Халық партиясы жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Еңбек адамы» жобасын қолға алған болатын. Осы жоба шеңберінде бүгінге дейін түрлі іс-шаралар өткіздік.
Соның бірі, ҚХП Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде жұмысшы мамандықтары тақырыбы бойынша арнайы іс-шара ұйымдастырылып, өз ісінің кәсіби мамандары студенттермен кездесті. Атап айтқанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірәсілов, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалының техникалық бөлім басшысы Жұлдызбай Мусаев өздері еңбек етіп жүрген саланың жұмыс барысын әңгімелеп, мықты маманға қашан да сұраныс жоғары екенін айтты. Қазір заманауи техника қаншалықты дамығанымен, адам факторының орны бөлек екенін айта келіп, жұмысшы мамандықтардың ел өмірі үшін маңыздылығын тереңірек түсіндірді. Кездесуде студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мәлімет алды.
Айта кетейік, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі 34 мамандық бойынша орта буын техник мамандарды оқытады.
Оның қатарында ауыл шаруашылығы, теміржол, энергетика, құрылыс, көлік салалары бойынша мамандар дайындайды.
2024-2025 оқу жылында колледжге 572 білім алушы 1-курсқа қабылданса, жалпы 1800 студент білім алды. Өткен жылы колледжді 356 түлек бітіріп, 75 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде ЖОО-да өз мамандығы бойынша білімін жалғастырушылар, әскер қатарына шақырылғандар бар.
Бұдан бөлек, «Dalatex» тігін фабрикасында болып, ұжым жұмысымен таныстық. Бүгінде ерлер, әйелдер және балалар жейдесін, арнайы жұмыс киімдері мен күштік құрылымдардың формаларын тігетін фабрикада 100-ге жуық адам еңбек етеді.
Машақаты көп текстиль саласында тер төгу оңай емес. Оның үстіне әрісі Қытай, Түркия, берісі қырғыз және өзбек ағайындармен бәсекеге төтеп беру керек. Осы орайда отандық өнімді өркендету жолында бар ынтасымен еңбек етіп жүрген жергілікті кәсіпкерлер де өз саласын жан-жақты меңгергенін атап өткеніміз жөн.
Тағы бір мысал, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өңірлік филиал ұжымымен кездестік. Өздеріңіз білесіздер, газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні белгілі. Бүгінде аймақтың бірқатар елді мекені табиғи газға қосылып, облыс тұрғындарының 78 пайызы газ тұтынатын болды.
Жыл басынан бері тағы 4 елді мекенге газ желісі тартылды. Осы орайда еңбек адамдарын партия филиалы атынан құттықтап, лайықты жұмысы үшін алғыс білдірдік.
Күнделікті халықтың көз алдында еңбек етіп жүрген «Қызылорда тазалығы» ЖШС ұжымымен де кездесу ұйымдастырылды. Мұнда 500-ге жуық адам жұмыс істейді.
Қысы-жазы, күннің ыстық-суығына қарамастан тынымсыз еңбек етіп, қаланың тазалығын сақтап жүрген жұмысшылардың еңбегіне елдің де құрметі ерекше.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аталған мекеме ұжымына да алғыс білдіріп, олардың ұсыныс-пікірлеріне назар аудардық.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес елімізде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлау мәселесі дер кезінде қолға алынды, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады деп сенеміз.
– Біздің аймақ негізі аграрлық салаға бейімделген. Бұл саладағы жаңа бастамаларға, олардың тиімділігіне қатысты не айтасыз?
– Иә, Қызылорда облысы ежелден аграрлық аймақ ретінде қалыптасқан. Әсіресе, күріш шаруашылығы – өңірдің басты бағыты. Кейінгі жылдары климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында бұл салада жаңа тәсілдер мен технологиялар енгізіліп, бірқатар тиімді бастама қолға алынуда.
Айталық, бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымында соя, жүгері, мақсары, бақша өнімдері сияқты дақылдар алқабы ұлғайып келеді. Бұл – егіс алқаптарын әртараптандыру арқылы жерді шаршатпай, суды үнемдеуге бағытталған бастама. Тиімділігіне келсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері көбейіп, нарықтағы сұранысқа бейімделеді.
Бүгінде облыстағы кейбір шаруашылықтар дрон, GPS-мониторинг, агроаналитика сынды цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр.
Мал шаруашылығында да электрондық бақылау жүйесі орнатылған. Мұның нәтижесінде жұмыс өнімділігі артады, шығын азаяды, нақты дерекпен басқару мүмкіндігі туады. Сонымен қатар, шағын шаруа қожалықтары бірігіп, кооперативтер құрып жатыр. Бұл техниканы ортақ пайдалану, нарыққа бірлесіп шығу, субсидия алу мүмкіндігін арттырады.
Сонымен қатар, аграрлық бағыттағы колледждерде жаңа агротехнологиялармен жұмыс істейтін мамандар даярланып жатыр.
«Ауылда тұрақты жұмыс орны болуы үшін сапалы кадр керек» қағидаты негізге алынып, жоғарыда айтып өткеніміздей, еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Жалпы өңірде аграрлық саланы жаңа заман талаптарына сай жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Саладағы тың бастамалар – су тапшылығының алдын ала отырып, нарық талабына бейімделудің нақты қадамдары.
Ең бастысы, олар ауыл экономикасының тұрақтылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне тиісінше үлес қосып жатыр.
– Қазір өңірде қандай мәселе өзекті? Өзіңіздің сайлауалды бағдарламаңыздың орындалуы қай деңгейде?
– Бүгінде өңірдегі өзекті деген мәселенің барлығы кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қай салада болсын, ілгерілеушілік бар. Аймақ экономикасы мен әлеуеті қарқынды дамуда. Әсіресе, кейінгі жылдары құрылыс саласындағы қарқынды өзгерістер қаламыздың сәні мен сәулетін арттыра түскендей. «Өнер орталығы», «Оқушылар сарайы», «Шығармашылық-инновациялық академия», «Теннис орталығы», күні кеше ғана құрылысы аяқталған облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазанғап атындағы музыкалық колледж, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты сынды түрлі мәдени-көпшілік және шығармашылық орындар – аймағымыздағы рухани дамудың айқын көрінісі. Әсіресе, келешек ұрпақ үшін керемет қолдау, келелі іс болды деп ойлаймын.
Сайлауалды бағдарламамда көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен орындалып келеді. Мысалы, әлеуметтік нысандар салу (мектеп, балабақша, емхана), өңірге инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету, ауыл-аймақтың инфрақұрылымын дамыту мәселелері әрдайым басты назарда. Бұдан бөлек, өңірдегі өзекті мәселелер халықпен бірге, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, шешімін табуда.
– Облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін қоғам тұрғысынан қалай бағалайсыз?
– Қоғам үшін ең бастысы – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруы. Осы тұрғыдан алғанда, облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін оң бағытта деп бағалауға болады. Себебі нақты нәтиже беріп жатқан негізгі көрсеткіштер бар.
Экономикалық өсім туралы айтсақ, облыс экономикасы әртараптандырылып, индустрия, ауыл шаруашылығы және шағын бизнес бағыттарында нақты өсім байқалады. Кейінгі бір жылда өңірге тартылған инвестиция көлемі артты, оның ішінде жеке инвестициялар үлесі көбейді. Жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары құрылуда.
Әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін тауып отыр.
Медициналық қызмет сапасы жақсарып, ауылдарға жаңа емханалар, модульдік медпункттер ашылуда.
Инфрақұрылымдық дамуға келсек, ауыл-аймақты ауызсумен қамту деңгейі өсіп, газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жол жөндеу қарқыны жоғары, әсіресе, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың басым бөлігі талапқа сай деп айтуға болады.
Қоғамдық тұрғыдан қарасақ, бүгінде халықтың мемлекеттік бағдарламаларға, әлеуметтік қолдау шараларына деген сенімі артып келеді. Ашық диалог, қоғамдық кеңестер мен кездесулер арқылы тұрғындармен байланыс тұрақты жолға қойылған.
Қазір заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Соған сәйкес жаңаша мәселелер туындап отыратыны да шартты деп қарауымыз керек. Кез келген мәселенің шешімі бар. Ең бастысы, еліміз аман болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





