Жалағаш ауданы сонау кеңестік кезеңнен бері алтын астықтан тау тұрғызып, аймақ абыройын асырған, еңбекшіл халқымен елдің ынтымағын танытқан ырысты мекен. Ауданнан шыққан Еңбек Ерлері Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Несіпбай Әпірезов сынды даңғайыр диқандардың ізін жалғаған бүгінгі Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп келеді.
Өткен жылы Жалағаш ауданының 85 жылдығы аталып өтті. Осынау уақыт аралығында ауданның өткені мен бүгіні сарапталып, тарихы тың деректермен толыға түсті. Бүгінде ауданның тыныс-тіршілігі алға басып, халықтың тұрмыстық әлеуеті арта түскені байқалады. Соның көрінісі, жыл аясында түзілген жүйелі жоспар нәтижесі жемісті қадамдармен айқындалды.
Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен сұхбаттасып, ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жайлы ой бөліскенді жөн көрдік.
– Ардақ Әбдіғаппарұлы, өзіңіз білесіз, ел экономикасын көтеруде шағын және орта кәсіпкерліктің елеулі ықпалы бар. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар қай деңгейде жүріп жатыр?
– Расында қазір көзін тапқан адамға кәсіпкерліктің тиімділігі зор. Оның үстіне уақыт талабынан қалыс қалуға болмайды. Сондықтан кейінгі жылдары аудан тұрғындары кәсіпкерлікке бейімделе бастаған. Әсіресе шағын кәсіпкерлік арқылы шаруасын шырқ үйіріп, халыққа қызмет көрсетіп отырғандар қатары артып келеді. Соның көрінісі, биылғы жылдың алғашқы жартысында шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 2786-ға жетті. Оның 2680-і немесе 96 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Дәлірек айтсақ, қаржы институттары арқылы кәсіпкерлер ұсынған 127 жоба 2,4 млрд теңгеге қаржыландырылып, 135 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға ынталы азамат аз емес. Сөзіміздің дәлелі, биыл «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы аталған жоба аясында 109,4 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылып, 24 жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, өңдеу бағытында 13 жоба, асылтұқымды мал бағытында 5 жоба, ара балы өндірісі 1 жоба, басқа да бағыттар бойынша 3 жоба іске асырылды. Айта кетейік, бағдарлама арқылы алғашқы қадамын бастаған шағын кәсіпорындардың алға қойған жоспары ауқымды. Бүгінде жұмысын бастаған «Еңбек» ауылындағы «Ақерке тәттілері» шағын кондитерлік кәсіпорны, Бұқарбай батыр ауылындағы пескоблок өндірісі – қазіргі нарық талабына сай, халықтың да сұранысына лайықты жобалар.
Өңірде өндірістік жобаларға да басымдық беріліп келеді. Атап айтқанда, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға аудан бойынша жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 6 жоба енгізілді. Бұл жобалар аясында өңдеу саласы бойынша күріш ақтау, кондитерлік өнімдер шығару, арнайы киімдер дайындау, мақсарыдан май, жүгеріден ұн, күріштен лапша өнімдерін шығаратын цехтар іске қосылып, 47 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Осы қатарда «Ер Әлі» ШҚ-ның «Күріш ақтау және жем өндіру» зауыты, «Таң LTD» «Өндірістік база құрылысы», «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлік құрылымының «Кондитерлік өнімдер шығару» цехы, «Өркен Әлем» ЖШС-ның өндірістік цех құрылысы, «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның қоймалар құрылысы, т.б жобаларды айтуға болады. Бүгінде аталған жобалар іске қосыла бастады.
Жыл аясында облыс аумағындағы өнім өндірушілердің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрме байқауы өткенін білесіздер. Байқауға экономиканың түрлі саласынан 67 тауар өндіруші қатысып, 9 жеңімпаз анықталды. Оның қатарында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Жалағаш ауданына қарасты «Таң LTD» күріш өндіруші серіктестігі жеңімпаз деп танылды. Айта кетейік, аудандағы «Таң LTD», «Ер Әлі» ШҚ, «Құрманбай ата» ШҚ, «Сәрке батыр», «Байтабын» серіктестіктері – ауыл шаруашылығында көпжылдық тәжірибесі бар, халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан құрылымдар.
– Ауыл шаруашылығы – аудандағы аса маңызды әрі жауапты сала. Олай дейтініміз, аймақ брендіне айналған ақ күрішті өсіруде аудан диқандары еселі еңбек етіп, өнімнің көлемін ғана емес, сапасын арттыруға да күш салып келеді. Бүгінде бұл салада қандай жаңалықтар бар?
– Иә, ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласының бірі. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай бұл сала толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Жалпы күріш өндірісінде жалағаштықтардың көп жылғы тәжірибесі бар. Соның айғағы, жыл сайын межеленген жоспардан артық өнім жиналып, Сыр салысының сапасы да жоғарылап келеді. Әрине, осындай нәтижелі жұмыстардың елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына да әсері бар. Бұдан бөлек, дәстүрлі салада еңбек ете жүріп, абырой мен даңққа бөленген дарабоз диқандардың, Еңбек Ерлерінің есімі бүгінгі ұрпақтың жадында.
Бүгінде ауданда 338 шаруашылық бар. Оның 202-сі (59,7%) егінмен және 136-сы мал шаруашылығымен (40,3%) айналысады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес биыл 37149 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 19764 гектарды құрады.
Жердің, судың жайына қарай ауданда егін алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Мысалы, суды аз қажет ететін дақылдар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 167 гектарға көбейді. Ерте көктемнен бастап егілген дәнді дақылды жауын-шашынға қалдырмай, дер кезінде жинап алу да жауапты әрі қауырт жұмыс. Сол себепті биыл шаруашылықтар тарапынан 200 млн теңгеге 14 техника сатып алынды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, аудандағы шаруашылық құрылымдарының 40 пайыздан астамы мал шаруашылығымен айналысады. Қазір ауданда есеп бойынша 34385 бас мүйізді ірі қара, 29520 бас уақ мал, 32 184 жылқы, 752 бас түйе, 9721 бас құс өсірілуде. Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда, төрт түлікте өсім бар.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған нәтижелі жұмыстардың тағы бір көрінісі – пайдаланылмай жатқан және пайдалану барысында заң талабы бұзылған 8753 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі жеке иеліктен мемлекет қорына қайтарылды. Осы орайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға енгізуде жалпы көлемі 1803 гектарды құрайтын 7 жер учаскесі заңды тұлғаға табыс етілді.
Ауданда жеке тұрғындардың картоп, сәбіз, қауын-қарбыз, қызанақ-қияр сияқты күнделікті тұтынатын бақша дақылдарын егуіне шаруашылықтар есебінен 500 гектар жаңадан жер дайындалып берілді. Жасыратыны жоқ, қазір сырттан тасымалданатын азық-түлік пен көкөністің бағасы қымбат. Осы орайда бақшалық өнімі тұрғындардың өз-өзін қамтамасыз етуіне сеп болары сөзсіз.
– Қазір қай ауылға барсақ та, жол қатынасы, көшелердің сапасына байланысты мәселе көп айтылады. Ауданда автожолдардың жайы қалай?
– Аймақ басшысының қолдауымен, яғни, облыстық бюджеттің қаржыландыруымен, қазір ауданда жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Айталық, биыл жол саласын дамытуға бюджеттен 1 млрд 731 млн теңге бөлінді.
Бұл қаржыға 2,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Ақсу – Беркімбай қалпе» автомобиль жолы, Жалағаш кенті және 6 елді мекен бойынша 21 шақырымды құрайтын 38 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәлірек айтсақ, Жалағаш кентінің 11 көшесі, сонымен бірге, Бұқарбай батыр, М.Шәменов, Қаракеткен, Далдабай, «Аққыр», Еңбек ауылдары бойынша автомобиль жолдары мен ішкі көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтеді.
Расында кент және ауылдардағы көшелердің басым бөлігі көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Бұған байланысты тұрғындар тарапынан да үнемі ұсыныстар айтылатын. Биылғы жоспарға сәйкес 38 көше жөндеуден өтсе, көптің көкейіндегі өзекті мәселенің біршама шешімін тапқаны деп айтуға болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан мен елді мекендер арасын жалғайтын негізгі күрежолдардың барлығы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ биылғы жол жөндеу жұмыстары толық аяқталғанда жақсы және қанағаттанарлық ішкі жолдардың үлесі 88 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, ауданның жол саласы бойынша 3 млрд 394 млн теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды.
– Тіршілік тетігі – ауызсу, электр жарығы, газ. Аудандағы атап айтарлық жаңалықтың бірі – көпшілік «көгілдір отынға» қол жеткізді. Бұл жұмыстың жалғасы қалай жүріп жатыр?
– Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Десек те ауызсу жүйесі ескірген елді мекендер бойынша қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып жатыр. Мысалы, биыл Есет батыр елді мекеніндегі ауызсу жүйесін қайта жаңғырту бойынша бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Аудан бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым, оның 32,5 пайызы тозған. Осыған сәйкес Жалағаш кенті, «Еңбек», М.Шәменов ауылдарының электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілер есебінен жоба-сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Айта кетейік, ауданда электр жарығына байланысты мәселе әлі де өзекті. Өйткені, жыл сайын елімізде электр энергиясын тұтынушылар саны бірнеше есе артып келеді. Сондықтан тозығы жеткен желілерді толық жаңартып, сапалы қызмет ұсынуды жолға қою – кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Иә, бүгінде аудан халқының 50 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Жалағаш кенті орталығы түгел қамтылған. Бүгінде елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары жалғасуда. «Қаракеткен» және Далдабай елді мекендерін газдандыруға 1 млрд 178 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталды. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру бойынша демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке ұсынылды.
– Әлеуметтік саланың бүгінгі жай-күйі қандай?
– Әлеуметтік салаға келер болсақ, оң серпін бар деп айтуға болады. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндет.
Ұлттық жоба аясында биыл 16 жоба арқылы 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазір 7 жоба бойынша 103 адам жұмыспен қамтылып отыр немесе жоспар 59 пайызға орындалды. Сонымен қатар, ауданда әлеуметтік жағынан осал отбасылардың мүшелеріне қайырымдылық шаралары үнемі жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері тұрғындарға 60 млн теңгеге жуық қаражатқа қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Ауданда жұмыссыздықты азайту үшін кәсіпкерлікті дамыту, жаңа бизнес бастамаларына қолдау көрсету бағытында тиісті шаралар қолға алынуда.
Білім саласы бойынша 2024-2025 оқу жылын 20 мектептен 6603 оқушы бітірді. Оның ішінде 11-сыныпты 450 түлек аяқтап, білім деңгейі жоғары 16 бітіруші «Алтын белгі», 48 бітіруші «Үздік аттестат» иеленді.
Бүгінде балаларға қосымша білім мен тәрбие берудің маңызы зор. Бұл мақсатта аймақта ауқымды жұмыс атқарылып, жас өрендер игілігін көруде. Соның бір дәлелі, ауданда заман талабына сай «Оқушылар үйі» пайдалануға беріліп, балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетіп отыр. Қазір мұндағы 18 үйірмеде 630 бала, «Өнер мектебіндегі» 7 үйірмеде 160 бала білім алса, №202 орта мектеп жанындағы қосымша білім беру орталығындағы 5 үйірмеге 395 бала, аудандық спорт мектептеріне 1170 бала қамтылған. Бұған қоса, мектепішілік 669 үйірмеде 4058 бала, кент орталығындағы №201 мектеп-лицей жанындағы «Мұрагер» оркестр сыныптарында 140 бала бар. Жалпы білім алушылардың 90 пайыздан астамының түрлі үйірмелерде қосымша білім мен тәрбие алуына жағдай жасалған.
2025-2026 оқу жылына дайындық барысында 5 мектепке жай жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 3 мектептің жанынан жаңа ойын алаңдары салынып, 2 мектептің ойын алаңдары күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтылып, полиция бөлімімен интеграция жасалған.
Ауданда денсаулық сақтау саласы жылдан жылға дамып келеді. Аудан орталығындағы соңғы үлгідегі аурухана, жаңа типтегі емхана тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, аурудың алдын алуға оң ықпал етуде. Сонымен қатар, биыл республикалық бюджет есебінен «Қаракеткен» ауылдық округінде жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен жасақталған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Мәдениет саласында да маңызды жобалар іске асырылуда. Аудан үшін ең ауқымды жобалардың бірі, аймақ басшысының қолдауымен жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» пайдалануға берілді. Аталған ғимаратта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдар біріктірілген. Айта кетейік, бір орталыққа шоғырландыру арқылы кейбір мәдени ошақтардың шетін қалған мәселесі шешімін тапты.
2025 жылы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы аясында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» тақырыбымен өткізілген облыстық өнер байқауында жалағаштық өнерпаздар жүлделі 2-орын иеленді.
Ауданда есепке алынған 61 тарих және мәдениет ескерткіштерінің 1-і республикалық маңызы бар, 57-сі жергілікті маңызы бар, 3 алдын ала есепке алу тізіміне енгізілсе, 17 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды. Мәдени ескерткіштер санатындағы Мырзабай ахун мешіті демеушілік есебінен жөндеуден өтіп, Мырзабай ахун жерленген орынға консервациялау жұмыстары жүргізілді. Бұл игілікті істі «Таң ЛТД» ЖШС атқарды.
Спорт саласындағы жетістіктер де аз емес. Бүгінде 14 мыңға жуық аудан тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуда. Бұл жалпы тұрғындардың 40,5 пайызын құрайды. Аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда әртүрлі деңгейдегі 160 медаль алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінгі күнге халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 1, І разрядты спортшы – 10, спорт шеберіне үміткер саны 9-ға жетті.
«Ауыл – ел бесігі» аясында кент орталығында жоба құны 471 млн теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Аққыр» елді мекенінен жалпы құны 175 млн теңге болатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.
Қазақстан футбол федерациясымен әріптестік байланыс орнатылып, екіжақты меморандумға қол қойылды. Осы орайда орталық стадионның жасанды жасыл алаңы УЕФА-ның «Alan» жобасы негізінде қайта жаңғыртылмақ. Жүзеге асатын жобаның жалпы құны – 180 млн теңге. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Ауданда қарқынды іске асырылып жатқан жұмыстардың бірі – «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы бюджеттен 155 млн тенге қаржы қаралып, Жалағаш кенті мен 14 елді мекенде абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кент және ауылдық округтерде 17 су жүретін канал тазартылып, 43 әлеуметтік нысанға, 7 тарихи-мәдени ескерткіш аумағына, 21 аллеялар мен саябақтарда көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Айта кетейік, ел ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға белсене араласып жүрген демеуші аз емес. Бүгінде олардың көмегімен жалпы құны 261 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылуда.
Жалпы 2025 жылдың бірінші жартысында ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, барлық сала бойынша көрсеткіштер алдын ала жасалған болжамнан біршама жоғары деңгейде орындалды. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 139,3, өңдеу өнеркәсібі 222,3, инвестиция тарту 102,1, бөлшек сауда 101,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 102,5, тұрғын үй көлемі 105,3, құрылыс жұмыстары 111,5 пайызға орындалып, аудан тұрғындарының тұрмыстық әлеуетін көтеруге тиісінше ықпал етті.
Осы жылға бекітілген аудан бюджеті 9,3 млрд теңге көлемінде қалыптасып, жыл көлемінде 10,9 млрд теңгеге нақтыланып, бірінші жартыжылдықта жоспарланған бюджет 100 пайызға орындалды.
Әрине, бұл – ауданның негізгі көрсеткіштері. Осындай еңбектің жасалу жолында бірлік пен ынтымақтың басты тірек екенін жақсы білесіздер. Ертеден елдікті үндеп, шаруаны күйттеп, татулықты ту етіп келетін ағайынның ісі өрге жылжығаны – бәріміз үшін қуаныш. Сол жолда жұмыла берейік дегім келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жақсы бастамалар жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





