Жалағаш – 35 мыңнан астам халқы бар шағын аудан. Ал тұрғындардың 15 мыңға жуығы белсенді халық санатында. Аудан халқы әуелден-ақ атакәсіпті қолға алып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Қажырлы еңбегімен елдің құрметіне бөленген А.Бисенов, Ұ.Еспанов, А.Балғабаева сынды Еңбек Ерлерінің ізін басқан жалағаштық диқандар Сыр маржанын өсіруде қашан да көш ілгері. Айталық, өткен жылы 36750 гектар жерге егін егіп, одан жоғары өнім алған. Бұдан бөлек, заман талабына сай шағын кәсіпкерлікке бейімделіп, шаруасын ұршықтай иіріп отырған тұрғындар қатары артып келеді. Айталық, бүгінде ауданда 2383 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген болса, оның ішінде 2185-і тұрақты жұмыс істейді. Нәтижесінде, өткен жылы 2,8 млрд теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндірілген. Біз бұл орайда Тәуелсіздік жылдарынан бері аудан өмірінде орын алған өзгерістерді ой елегінен өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы аудан әкімі Асылбек Шәменовпен әңгімелескен едік.
– Асылбек Өмірбекұлы, аграрлы салаға бейімделген ауданда негізгі өндіретін өнім – күріш. Алайда кейінгі жылдары егінге су алу мәселесі айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Бұған байланысты қандай шаралар қолға алынды?
– Иә, ол – рас. Жалағаш ауданы – даму әлеуеті жоғары, аграрлы аймақ. Негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы. Жыл сайын 150 мың тоннадан астам күріш жинайды. Десек те, Үкімет тапсырмасына сәйкес жылдан-жылға егінді әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.
Бүгінгі күні ауданда егін шаруашылығымен айналысатын 190 шаруашылық бар. Бұл шаруашылықтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, егіске пайдаланған минералдық тыңайтқыштарды, гербицидтерді және су құнын арзандатуға субсидиялар берілуде. Осындай қолдаудың арқасында шаруашылық құрылымдарының экономикалық жағдайы біршама жақсарып келеді.
Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақсатында инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіріп егу (ротациялау) схемасы бекітілді. Қазіргі таңда инженерлік жүйеге келтірілген жерлерде күріш, мақсары, жаңа және ескі жоңышқа дақылдары кезектестіріліп орналастырылуда. Расында, дақылдарды ротацияға сәйкес орналастыру су тапшылығының алдын алуға өзіндік септігін тигізуде. Сол сияқты, егін шаруашылығын дамытудың бір бағыты замандық техникаларды кеңінен қолдануға байланысты. Бұл ретте «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің инвестициялық шығындарын және техникаларын, жабдықтарын лизингке сатып алудың пайыздық мөлшерін субсидиялау, сондай-ақ «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша несие және лизинг жүйелері арқылы қолдау қарастырылған. Осының нәтижесінде аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері техника паркін біршама жаңартуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, суды аз пайдалана отырып, мол жеміс алу мақсатында ауданда бақ өсіруге көбірек көңіл бөліне бастады. Айталық, Мақпалкөл, Таң ауылдарында өсірілген алма бақтары жемісін беріп, оның алды облыс тұрғындарына да жетіп жатыр. Айта кетейік, сырттан тасымалданатын бау-бақша өнімдеріне қарағанда, жергілікті өнімдерге сұраныс жоғары. Біз алдағы уақытта осы жұмыстарды одан әрі дамытуға ден қоямыз.
– Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы орайда аудан өмірінің өткен шағына көз жіберіп, ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігін тарқата айтсаңыз…
– Егін және мал шаруашылығы ежелден-ақ тұрғылықты халықтың күнкөрісі саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауданда негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 30-35 центнерден ғана өнім алынса, 2019-2020 жылдары 63,5-тен 69,2 центнерге дейін өнім алып, облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында «Үздік аудан» атанды. Сол секілді, 2009-2010 жылдары аудан шаруашылықтары жылына бар болғаны 4-5 техника сатып алатын болса, қазіргі таңда жылына 100 жаңа техникаға дейін жетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы ауыл шаруашылығында 4 млрд теңгеден астам қаржыға 93 дана жаңа техника сатып алынды. Жаңа техникаларды пайдаланудың нәтижесінде шаруашылық құрылымдары агротехникалық талаптарды жоғары деңгейде жүзеге асырып, егіннің барлық түрінен мол өнім алуға мүмкіндік туды. Жергілікті инвесторлар тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл тұрмысының жақсаруына, сол арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпал етіп отыр. Ол жағын өздеріңіз де жақсы білесіздер, әр жыл сайын егіс қорытындысымен үздік деп танылған ауыл шаруашылығы мамандары, жұмысшы-механизаторлар жоғары сыйақылар және жеңіл автокөліктер иеленіп жүр. Осындай қолдау шараларының нәтижесінде дәстүрлі салаға жас мамандар да бет бұра бастады.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Олай дейтініміз, 1990 жылдары аудан бойынша жеке мен шаруашылықтардың малын қосқанда мүйізді ірі қара 60 мың, уақ мал 130 мың, жылқы 15-20 мың, түйе 3-4 мың, құс 15-20 мың шамасында болған. Ал қазіргі көрсеткіштерде едәуір өсім байқалады.
Ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 113 құрылым болса, оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын көбейтуде. Атап айтқанда, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мол. Бағдарламалар бойынша жұмыс жасайтын шаруашылық құрылымдарының есебінен МІҚ – 37349 басқа, жылқы – 14899 басқа, түйе – 658, қой-ешкі – 52286, үй құстарының саны 9458-ге көбейді.
Сондай-ақ, 9,3 млрд теңгені құрайтын «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңіне аудан бойынша жалпы көлемі 15123 гектарды құрайтын инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілді.
– Аудан тұрғындары үшін көп жылдан бері күрмеуі шешілмей келген мәселе – орталық аурухана болатын. Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында аудан әкімі Қ.Баймахановтың бастамасымен, асарлатып салынған аурухана күні кешеге дейін қолданыста болды. 2020 жылы 100 орындық жаңа аурухана пайдалануға берілді. Оның халыққа қызмет көрсету сапасын қалай бағалар едіңіз?
– Шындығында көп жылдан бері тұрғындардың төзімін тауысқан аурухана мәселесі шешімін тапты. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 2019 жылдың мамыр айында 100 орындық жаңа аурухана құрылысы басталып, 2020 жылы пайдалануға берілді.
Кезінде асар әдісімен салынған ескі аурухана ғимараты емделушілерге медициналық қызмет көрсету үшін қолайсыз болғаны анық. Ескі ғимараттағы палаталар санитарлық нормаға сәйкес келмейтін, палаталардың өлшемдері әрқилы, бір палатада 9 адамға дейін жатқызылатын. Аурухана ғимаратында тек 1 ғана операциялық блок болатын, яғни гинекологиялық және хирургиялық науқастарға бір бөлімде ота жасалатын. Реабилитациялық 10 төсек-орын терапия бөлімінің құрамында құрылғандықтан, терапиялық әртүрлі науқастармен бір бөлімшеде жатқызылып, ауыр науқастармен бірге ем алуына мәжбүрлік туындайтын. Аурухананың жоқтығы, әсіресе, пандемия кезінде қатты білінді. Аудан бойынша былтыр 112 адамнан коронавирус анықталып, 225 тұрғын пневмонияға шалдықты. Бұл уақытта провизорлық стационарлар мектеп, лагерь және ауылдық ауруханаларда дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, аудандық ауруханада талапқа сай медициналық қызмет көрсету мүмкін болмағандықтан, науқастар көбіне облыс орталығына жіберілетін.
Ал жаңа аурухана типтік жобада, 100 орындық, 3 қабаттан тұрады. Мұнда науқастардың жақсы ем-дом алуына барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат терапия, хирургия, реанимация, гинекология, балалар бөлімі, асхана, қан алу мен қан құю және басқа да қажетті құрылымдық бөлмелерден тұрады. Сала мамандарының айтуынша, жылжымалы рентген-диагностикалық «Radius» аппаратын қолдану арқылы травматология-ортопедиялық оталарды кіші инвазивті тәсілмен кең көлемде жүргізуге, сондай-ақ, эндовидеохирургиялық аппаратты пайдаланып, хирургиялық, гинекологиялық жедел және жоспарлы оталар жүргізуге мүмкіндік болады.
Бұдан бөлек, реабилитация бөлімшесіне бұрын-соңды болмаған вертикализатор, жүру имитаторы аппараттары беріліп, инсульт алған науқастардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында емдеу шаралары кеңінен қолданылады.
– ХХІ ғасыр ұрпақтарына білім мен тәрбие беруде мұғалімдерге қойылатын талап еселеп артты. Басқару жүйесі, білім сапасын бақылау мүмкіндіктері өзгерді. Жалпы осы салада қандай жаңалықтар бар?
– Білім беру саласында мемлекеттік қолдаудың нәтижесін білесіздер. Көрсеткіштеріміз жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінгі таңда аудан мектептерінің 75 проценті жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген. Материалдық базасын нығайту бағытында 2020 жылы облыстық бюджеттен 125 млн 53 мың теңгеге 4 мектепке «3Д модельдеу» жабдықтары (инновациялық мектептер №№201, 123, 31, 32) алынды және 10 мектеп 4 химия кабинеті, 6 биология, 5 физика пәндік кабинеттерімен толықтырылды. Аудан бойынша 12 мектепте робототехника үйірмелері жұмыс жасайды. «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы шеңберінде Мақпалкөл ауылындағы №117 орта мектеп, Аққыр ауылындағы №188 орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Биылғы оқу жылында М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайдағы №34 орта мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Таң ауылындағы №118, Аламесек ауылындағы №124 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзірленді. 2020-2021 оқу жылында ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 18 млн теңгеге тиісті жұмыстар атқарылды.
Ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі шешімін тапқан. Өткен жылы 90 орындық «Жауқазын» балабақшасы жаңа ғимаратқа қоныстанды.
2020-2021 оқу жылында ауданда 321 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 36 оқушы «Алтын белгі», 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Жалпы 295 бітіруші түлек ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.
Білім саласындағы тағы бір жақсы жаңалық – 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға тапсырыс беруші – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Жалпы жоба құны 431,5 млн теңге, ал келісім шарт құны 378,1 млн теңге. Бас мердігер – «Самат- Мұнай» ЖШС. Ғимараттың құрылысы 2020 жылдың шілде айында басталған, биыл қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.
– Қазір Жалағашқа келген кісі тазалық пен абаттандыру ісіне ризалық білдіріп жүр. Көшелер жөнделген, жүзу бассейні, балалар ойын алаңы салынған дегендей…
– Әрине, тазалық, айналаның көрікті болып тұруы халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Кент орталығындағы көшелердің басым бөлігі асфальтталып, жол белгілері қойылды. Абаттандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, таяу күндерде жалағаштықтар жүзу бассейнінің игілігін көреді. Ғимаратта үлкен, кіші бассейндер, жаттығу залы, дәрігерлік кабинет, дүкен, киім ауыстыру бөлмесі және душ қабылдайтын орын қамтылған. Осынау әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға қаржы салып отырған кәсіпкер Қайыржан Құлтекенов – Атырау облысының азаматы, «Казкомсервис» ЖШС-ның құрылтайшысы. Ал құрылысты салып жатқан мердігер – «Интегрострой» ЖШС. Жоба аясында бассейн құрылысын салуға 395 млн теңгеден астам қаржыға келісім-шарт жасасқан. Жоба мерзімінен бұрын, маусым-шілде айларында жүзеге асырылмақ.
Тағы бір жаңалық – аудан орталығынан балаларға арнап жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл ауданымызға күн электр станциясын құрылысын жүргізген «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілік қаржысы есебінен салынды. Ойын алаңына орналастырылған жабдықтар жоғары сапалы және балалардың жан-жақты қауіпсіздігі де ескерілген. Алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің әріптестігі аясында жүзеге асырылатын бірқатар жаңа жобалар бар.
– Қай заманда да тіршіліктің түп тамыры ауылда жатыр. Десек те, Тәуелсіздіктің әдепкі жылдарында сол ауылдардағы құны бар дүние-мүліктер қолдан-қолға өтіп, талан-таражға түскені рас. Бүгінгі ауыл бейнесі туралы не айтуға болады?
– Өте орынды сұрақ. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алтын қазығымыз саналатын ауыл өмірі айтарлықтай қиындықтарды басынан өткерді. Қалыптасқан тіршілік арнасын жоғалтып алды. Дегенмен, бүгінгі таңда ауыл тұрмысы заман талабына сай өзгеріп, шаруашылықта жаңаша өзгерістер жүзеге асырылып келеді.
Ауданда күріш дақылын өндіруде көпжылдық тәжірибесі бар Таң ауылын өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы ауылдың тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Таң LTD» ЖШС тарапынан ауылды абаттандыруға байланысты көп жұмыс атқарылды.
2018 жылы Таң ауылындағы 100 орындық «Таң бөбегі» бөбекжайының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қазір балабақшада 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 56 млн теңге тұратын 100 адамға арналған спорт кешені пайдалануға берілсе, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 13 млн 244 мың теңге қаржы бөлініп, 150 орындық Таң ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, «Таң ЛТД» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 2021 жылы 2 қабатты 2 пәтерлі 4 тұрғын үй, орталық монша, жылыжай кешені, орталық стадион, спорт кешені салынып, пайдалануға берілетін болады.
«Еңбек Жер» ЖШС директоры Ш.Ысқақовтың өз қаражаты есебінен де ауыл орталығын көркейтуге, абаттандыруға талпыныс жасалып отыр. Ауыл тұрғындары үшін көп жылдан бері шешімін таппаған аяқсу мәселесі болатын. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 8 млн 900 мың теңгеге «Мәдениет» каналына электрлі су тартқыш насос алынып, қазіргі уақытта электр желісін қайта тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бюджеттен 4 млн теңге бөлініп, Қ.Адаев көшесі (ұзындығы 500 метр) ағымдағы жөндеуден өтті.
Биыл Мүсірәлі баба, Сырбай ата, Ғ.Мұратбаев көшелеріне күрделі жөндеу, Т.Дәуітбаев, А.Құнанбаев, М.Байділдаев көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, «Еңбек Жер» ЖШС жылыжай және күріш зауытын салуды жоспарлап отыр. Міне, осындай тіршілік ауыл-ауылда астасып, қызу еңбек жасалуда.
– Биылғы жылдың жақсы жаңалығы десек болар, аудан орталығына көптен күткен «көгілдір отын» жеткізіліпті…
– Бұл енді халықтың игілігіне жасалған ең бір қуанышты жағдай. Жалағаш кентінде газ құбырларының құрылысы жүргізілді. Тапсырыс беруші – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, бас мердігер мекеме «StroyGazCompany» ЖШС. Жобаның жалпы құны 3 млрд 691,3 млн теңге.
Жобаның сипаттамасы бойынша бірінші бөлікке «Тереңөзек-АГТС-дан Жалағаш-БГРП-ға дейін 1,2 МПа жоғары қысымды бұрма-газ құбырын тарту жұмыстары (жалпы ұзындығы 25,9 шақырым) кіреді. Бүгінгі күнге бұл жұмыстар толық атқарылып, тиісті сынақтан өткізілді. Екінші бөлікте кентішілік газбен жабдықтау желілерін салу құрылысы. Жоба бойынша 2 ГРП (газ тарату пункті), 18 ШРП (шкафты тарату пункті) орнату, 19 шақырым орташа қысымды, 78 шақырым төменгі қысымды жерасты газ желісін, 37 шақырым төменгі қысымды жерүсті газ желісін тарту қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстар 90 процент орындалып тұр.
Жалпы Тәуелсіздік жылдары Жалағаш ауданында 8,5 мың жұмыс орны құрылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,6 есеге өсіп, 2,3 мыңға жетті. Аудан тұрғындарының 100 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 проценті жөндеуден өтті. Әлеуметтік салада 13 медициналық ұйым (аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік бекет), 3,3 мың орындық 5 мектеп, 1,7 мың орындық 23 балабақша, 28 спорттық кешендер мен алаңдар салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да халықтың тұрмыс-тіршілігі, ұрпақ мұраты, жалпы өмірлік құндылықтар жолында жасампаз істер жүзеге асады деп сенемін. Ал бұған тірек болатын, әрине, Тәуелсіздігіміз.
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<