Аймағымызда «Руханият жылы» деп аталған 2024 жылдың аясында мәдениет, өнер, шығармашылық, жалпы руханият саласындағы күрмеулі мәселелердің көбі шешімін тапты. Одан бөлек, бірқатар мәдени нысандар бой көтеріп, жаңа жобалар жүзеге асырылды.
Атаулы жыл қорытындысындағы айрықша атап өтер жаңалықтың бірі – қалалық Жастар театры ашылды. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін бірнеше жыл бойы қалалық мәдениет бөлімі жанында үйірме ретінде қызмет көрсетіп келген өнер ұжымы өз алдына шаңырақ көтеріп, мемлекеттік мекеме болып құрылды. Осы орайда Халықаралық театр күні қарсаңында «Жастар театрының» басшысы Нұрмат Мансұрмен әңгімелескен едік.
– Өткен жылы Жастар театры кәсіби мәртебесін иеленіп, жұмысын бастады. Жаңа міндеттер айқындалып, жоспар жүйеленді. Жалпы шығармашылықта қандай жаңалықтар бар?
– Иә, 2024 жылдың 4 қаңтарында кәсіби театр ретінде жұмысын бастаған өнер ұжымы жыл аясында үлкен шығармашылық ізденіспен еңбек етті. Айталық, бір жыл ішінде 5 премьераны сахналап, көрерменге керемет сый жасады.
Тарихқа сәл шегініс, 1925 жылы сол кездегі ел астанасы – Қызылорда қаласында алғашқы қазақ театры ашылған екен. Арада жүз жыл өткенде қалалық Жастар театры шаңырақ көтергені де тарихи сабақтастықтың көрінісі секілді. Осы тұста айта кетейік, жай ғана үйірмеден жұмысын бастаған театрдың негізін қалап, кәсіби тұрғыда қалыптасуына көп еңбек сіңірген ақын, режиссер-сценарист, Театр қайраткерлері одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов ағамыз. Қазіргі күні де ол кісі театрдың көркемдік жетекшісі ретінде театр труппасының шыңдалып, шығармашылық әлеуетін көтеруіне зор үлесін қосып отыр.
Өткен жылы ең алғашқы премьера жазушы Т.Әбдіктің «Оң қол» әңгімесінің желісінде қойылды. Жас драматург Нұрдәулет Баймаханның пьесасын режиссер Берік Ахмет сахнаға алып шықты. Қойылымға «Би Әли» спорт кешенінің құрылтайшысы Асхат Шаукенбаев есімді азамат демеушілік жасады. Екінші спектакль «Сезімді қайтейін…» деп аталады. Жасөспірім шақтағы албырт сезімді арқау еткен туынды өте әсерлі болды. Соның дәлелі, былтыр тикитонда еліміз бойынша ең көп билет сатылған он спектакльдің қатарынан орын алды. Туындының авторы Нұрдәулет Баймахан, қоюшы режиссері Берік Ахмет.
Мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінген қаржыға 3 спектакль сахналадық. Алғашқысы – «Еңлік–Кебек» шығармасы. Ш.Құдайбердіұлының дастаны мен М.Әуезовтің пьесасының коллаборациясын жасап, жыр-дастан желісінде сахналанған қойылым өте сәтті шықты. Спектакльді бүгінгі қазақ театр әлемінде танылып келе жатқан талантты режиссерлер Ұлан Болатбекұлы мен Шағуан Үмбетқалиев сахнаға қойды.
Жерлесіміз, тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіровтің өмірінен алынған «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?!» атты спектакльді де көрермен өте жылы қабылдады. Бүгінде мектеп ұжымдарының сұранысы бойынша жасөспірімдер арасында көбірек қойылып жатыр. Өйткені шығарманың басты кейіпкері Зейнолланың тауқыметті тағдырына мойымай, табандылық таныта білген өршіл мінезі, қайсарлығы жасөспірімдерге жігер беріп, өмірлік мақсатына жетуге жетелейді. Шығарманың авторлары – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев және ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов.
Театр ұжымы түрлі жанрда өздерін сынап көруге талпыныс жасап келеді. Соның бір көрінісі – әлемдік туынды, америкалық драматург Кен Людвигтің «Бикештер» комедиясын қойып, репертуар қорына енгізді. Жалпы Жастар театрының жаңа қойылымдарын көрермен жылы қабылдады.
– Көрермен демекші, қазір театр қойылымдарына көрерменнің қызығушылығы қандай? Бұлай деп отырған себебіміз, сонау бір жылдары драма театр, кинотеатр, концерттерге көрермен келе бермейтін…
– Иә, дұрыс айтасыз, сондай бір уақыт болғаны рас. Кітап оқымайтын, театрға бармайтын, ұлттық құндылық дегенді ұғына бермейтін өлара кезеңді басымыздан өткердік. Театр билеттерін мекеме аралап таратып, оның өзінде өтпей қалатын жағдайлар болып тұратын. Оның да өзіндік себебі бар шығар… Дегенмен бүгінде тұрғындар театр билеттерін өз еркімен, алдын ала сатып алып, жаңа қойылымдарға қызығушылықпен келіп, тамашалайды. Спектакль аяқталғанда қошемет көрсетіп, алғыс білдіріп жатады. Шындығында, өткен жылы сахналаған барлық қойылымымыз көрерменсіз болған жоқ.
– Театр труппасы қалай құрылды? Жалпы шығармашылық ұжымды жасақтауда қандай мәселелер бар?
– Театрларда, әсіресе, жаңа құрылған театрда труппаны құру және ұстап тұру өте қиын мәселе. Оның себебі, кәсіби мамандар: актер, режиссер, суретшілерді айтпағанда, техникалық қызмет көрсететін мамандар да жетіспейді. Мысалы, Алматы, Астана қалаларындағы өнер академияларында білім алған жастар өңірлерге келе бермейді. Өйткені олардың алдынан түрлі әлеуметтік мәселелер шығатыны жасырын емес. Сондықтан біз өңірдегі табиғи таланты бар жастарды қатарымызға алып, тәрбиелеп жатырмыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлан Болатбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев сынды білікті мамандарды шақырып, шеберлік сағатын ұйымдастырдық. Бұдан бөлек, театр тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы-драматург Ұларбек Нұрғалымұлының өңірге келген сапарында театр ұжымымен кездесу ұйымдастырып, тәжірибесін алдық. Нәтижесінде, труппаның деңгейі көз алдымызда өсіп, кәсіби қырлары айқындала бастағанын байқадық.
– «Руханият жылында» облыс әкімінің бастамасымен мәдениет, өнер саласы өкілдері үшін көптеген қолдау шаралары жүзеге асырылды. Жастар театры да бұдан қалыс қалмаған болар…
– Иә, өңір басшысы өткен жылы мәдениет және өнер саласы өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетті. Соның ішінде 40-қа жуық пәтер табыстады. Олардың қатарында Жастар театрының екі маманы пәтерге ие болды. Кез келген отбасы үшін басты мәселе – баспана, сондықтан жас мамандар үшін бұл ерекше қолдау болғанын айтып өтуіміз керек.
Жалпы Жастар театрының мемлекеттік мекеме ретінде құрылуы аймағымызда идеологиялық саясатты іске асыруда, рухани құндылықты дәріптеуде, оның ішінде классикалық өнерді дамытуда, сол арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратыны ақиқат. Осы орайда өңірдің талантты жастарынан құралған кәсіби Жастар театрының ашылуына қолдау танытқан аймақ басшысына алғысымыз шексіз.
– Өзге өңірлердегі театрлармен байланыс қай деңгейде? Алдағы жоспарларыңыз жайлы да айтып өтсеңіз…
– Еліміз бойынша 67 кәсіби театр бар екен. Соның 10-нан астамы Жастар театры. Астана, Алматы, Семей, Атырау, Шымкент облыстарының Жастар театрларымен тығыз байланысып, ортақ мәселелерімізді бірге талқылап, ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Сонымен қатар, Шымкент, Тараз өңірлеріне сапарлап, театрларында өз спектакльдерімізді сахналаймыз деп отырмыз. Бұдан бөлек, Өскемен, Ақтау қалаларында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтеді деп жоспарланған. Бұған байланысты да театрдың шығармашылық ұжымы алдын ала әзірлік жасап жатыр. Өңірлермен байланысу арқылы өзара тәжірибе алмасып, шығармашылықта жаңаша ізденіс пен жауапкершілік те арта түсері сөзсіз.
Айта кетейік, облыстағы Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театры да жас актерлар мен режиссерлар үшін бағыт-бағдар алатын бірден-бір өнер ордасы деп білеміз. Іргелі өнер ошағының құрылғанына биыл 70 жыл. Осыған орай облыста халықарлық театр фестивалі өткелі отыр. Иә, Сыр өнерінің қарашаңырағына айналған драма театрдың аймақ тарихында айрықша орны бар екені даусыз.
Бүгінде Жастар театры жанында үйірме жұмыс істейді. Мысалы, мектеп қабырғасында жүріп-ақ талантымен танылатын балалар бар. Біздің мақсатымыз – сондай балалардың өнерін ерте бастан анықтап, бағыт-бағдар беріп, сахнаға үйрету. Айталық, билеті ең көп сатылған «Сезімді қайтейін…» спектакліндегі кейіпкерлердің басым бөлігін мектеп оқушылары ойнап шықты. Сол сияқты, Жансая Бауыржанқызының «Қайдасың, мама?» деп аталатын моноспектаклі, қуыршақ театры дайындаған «Туған күн» қойылымы да көрермен көңілінен шықты. Ал 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай өзбек халқының «Қызыл алма» спектаклін сахналаймыз. Сырдың сыралғы көрерменін осы қойылымды тамашалауға шақырамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық еңбектеріңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<