Жанкүйерлер сенімін ақтауға тырысамын

6

0

Ағылшын Премьер-лигасында ойын көрсеткен нигериялық Виктор Мозес биыл Қызылорданың «Қайсар» командасының намысын қорғайды. Газет тілшісі нигериялық футболшының алдағы мақсаты мен Қазақстанға келуі жөнінде ой-пікірін білген еді.

– Алдымен Қазақстанға қош кел­діңіз демекпіз. Жанкүйерлер сіз­дің Англияның «Ливерпуль» және «Челси» клубтарында доп тепкеніңізді жақсы біледі. Қызылордалық «Қай­сар» жейдесін киюге келісім беруі­ңіздің басты себебі неде?

– Маған ұсыныспен шыққан командалар аз болған жоқ. Әрине, әрбір футболшы өзіне қолайлы нұсқаны қалайды. Мен «Қайсар» өкілдеріне жо­лыққан сәтте команданың алға қойған мақсаты жөнінде білдім. Қызылорда қаласында былтыр жаңа стадион пайдалануға берілгенін естідім. Оған қоса биыл алдына жоғары мақсат қойып отыр екен. Бұл жобалар мені қызықтырды. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін өз үлесімді қосуға шешім қабылдадым. Оған еш өкінген емеспін. Осылайша маған жаңа мүмкіндікке жол ашылды. Командамен бірге үлкен жетістікке қол созамын деген ойдамын. Алдағы уақытта «Қайсардың» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барамын. Онда футболшылармен танысып, тәжірибемді арттыра түсемін деген ойдамын.

Тағы бір айта кетерлігі, команда биыл академия ашуға ниет танытып отыр екен. Бұл мақсатта жаңадан құры­лыстар бой көтеріп, футбол алаңдары салынатынын естідім. Ендігі кезекте Қызылордада жас таланттарға жол ашылып, өз елінің атағын шығаруға күш салатынына көзім айқын жетеді.

– Өзіңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз. Футболға қалай келдіңіз?

– Мен 1990 жылы Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келдім. Ан­г­лияның «Кристал Пэлас» команда­сының түлегімін. Алдымен сол клубта 2007 жылы мансабымды бастап, одан кейін «Уиган Атлетик», «Челси», «Ливерпуль», «Сток сити», «Вест Хэм Юнайтед», «Лутон Таун», Түркияның «Фенербахче», Италияның «Интер», Ресейдің «Спартак» клубтарында доп тептім. 2012-2018 жылдары Нигерия ұлттық құрамасының намысын қорғадым.

– Сіздің қорғаныс және жартылай қорғаныс шебінде ойнай ала­тыныңызды білеміз. Өзіңіз алаңның қай шебінде болғанды қолай­лы деп бағалайсыз?

– Алғаш мансабымды бастағанда негізінен қорғаушы болдым. Әрине, бапкерлер мені өз командасында қай шептен көргісі келетінін алдын ала айтып жүрді. Сондықтан мен үшін қай-қайсысы да оң жамбасыма келеді деп ойлаймын. Жалпы, футболшы үшін әмбебап болған артық емес. Бұл оған қосымша мүмкіндікке жол ашады.

Алдағы уақытта «Қайсар» сапында жоғары жетістікке жетсем деген мақсатым бар. Сондықтан бас бапкер мені қай шептен көргісі келсе, соған бейімделуге тырысамын.

– Алдағы уақытта Қазақстан Премьер-лигасында қанша гол салуды жоспарлап отырсыз?

– Менде ол жөнінде әзірге нақты жоспар жоқ. Оны жанкүйерлер уақы­тында көре жатар. Басты мақсатым – команданың әрбір ойынында же­ңіске үлес қосу. «Қайсардың» биыл­ғы жоспарына көз салып көрсек, жан­күйердің көңілінен шығуға күш сала­мыз деп айта аламыз. Оған барлық фут­болшының тәжірибесі, шеберлігі, жауапкершілігі жетеді деген ойдамын.

– Қызылорданың жазы ыстық­тығымен ерекшеленеді. Бұл сіз үшін қиындық туғызбай ма?

–  Футболшы ешқандай ауа райы­на қарамайды. Мейлі, ол суық болсын, ыстық болсын. Жасыл алаң тө­рінде жақсы ойнап, өз командаңның жеңісіне үлес қосу – басты міндетіміз. Мен қанша жылдан бері ойнап келе­мін. Кездесу барысында ауа ра­йының қолайсыздығын талай көрдік. Барлығында көпшілік көңілінен шы­ғуға тырыстық. Сол мақсатымызға жеттік. Ол жайында команда өкілдері де айтты. Сон­дықтан кез келген ауа райында ойын көрсетуге дайынмын деп айта аламын.

Сондай-ақ мен дүниеге келген Ни­герия да ыстық ауа райымен танымал. Бұл – Африка құрлы­ғын­дағы көптеген елге тән табиғат құбы­лысы.

Жергілікті жанкүйерлердің қарсы алуы қалай болды?

– Қызылордалық жанкүйерлер өз командасына әрдайым қолдау біл­діреді деген сенімдемін. Оны та­ныс­тыру барысында да байқадым. Стадион­да үш мыңнан астам адам жиналған екен. Олардың тарапынан маған қол­дау ерекше болды. Ал­дағы уақытта қызылордалық жан­кү­йерлердің сені­мін ақтауға тырысамын.

– Өзіңізбен бірге әлемге танымал футболшылардың биыл Қазақстан Премьер-лигасында ойын көрсетуге ниет танытып жатқанын естіген шығарсыз. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Тәжірибелі ойыншылар әрбір чемпионаттың жоғары деңгейде да­муына оң әсерін тигізеді деген сенім­демін. Мен оны қолдаймын. Бұл жер­гілікті жастардың шеберлігін же­тіл­діруге өз әсерін тигізеді. Келешекте әлемге танымал футболшылар көбірек келеді деген ойдамын.

– Қызылорда қаласын көргенде алған алғашқы әсеріңіз қандай? Қала ұнады ма?

– Сырттан кіріп келе жатқанда қалаға көз салып қарап көрдім. Қан­шама жаңа ғимараттар бой көтеріп жатқанын байқадым. Бұл әрбір елдің әлеуетін байқатады. Қызылорда ша­ғын қала болса да, дамуы жағынан ұнады. Өте тыныш қала секілді. Менің өзім негізінен тыныштықты жақсы көремін. Сондықтан Қызылорда мені осы жағынан ерекше баурап алды деп санаймын. Алдағы уақытта қаланы аралап көремін. Қызылордамен жақын танысамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»