Пайғамбарлардан кейін адамзат қауымы азғындыққа түспес үшін және жалған дүниедегі пенделердің парызын есіне түсіру үшін Алла өзі таңдаған құлдарына, яғни, әулиелерге ерекше қасиет дарытқан. Өйткені адам баласы ұмытшақ әрі қыңыр. Олар әулиелер тұрмақ, Пайғамбарлардың өзін талай рет тас атып қуған. Әулиелер сол ерекше қасиеттерімен халықты жақсылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге, иманға үндеген. Жүрген жерін жамандықтан тазартқан. Адамдарды ауру-сырқаудан айықтырған. Сондықтан халық оларды ерекше құрметтеп, зираттарына тәу еткен. Алайда, әулиелердің отқа салса, күймейтін, суға салса, батпайтын қасиеттері немесе бір мезгілде екі шаһарда, екі мешітте намаз оқи беретін кереметтері құпия болып қала берген.
Әулиелердің мұндай қасиетін лажсыз мойындаған ғылым оны «телепортация» деп айдарлағанымен, зерттеуге тісі батпай, фантастикалық кинолардың сюжетіне қосумен шектеліп отыр.
«Сен маған қол созсаң, мен саған құшағымды ашамын» деген Жаратушының пендесіне деген мейірімі шексіз. Адамды о баста жаратқанда ол ұшырауы ықтимал әр дертке бір дауаны қоса жаратқан. Оны қолдану құпияларын әулие, емші, ғұламалар көкірегіне құйған.
Өз тақырыбымның «жырбастауы» секілді осы деректерді бекер еске түсіріп отырғаным жоқ. Оның мен баяндамақ әңгімемен арадағы үзілмес тінін осы жазғанымды оқып, қолмен ұстағандай байқасаңыз керек.
***
«Магнит адам» деген атпен танымал халық емшісі Нартай Тұрсановты көптен бері білемін. Қарапайым қалпынан танбайтын, күле сөйлеп, жағдайыңды сұраудан әрі аспайтын жанның пәлендей құпиясы да жоқ секілді. Осылай ойлағанмын. Бірақ…
Сол күні бұрыннан білетін емес, беймәлім, бейтаныс жанның алдында отырғандай едім. Өз күйіме өзім аң-таңмын. Алдымен бел құяңым ұстап бүгілдім, артынша ауруымнан айығып, өн-бойымда өзгеріс пайда болды…
Енді екеуара әңгімені әрі-бері ырғамай, қаз-қалпында баяндап көрейін.
– Нареке, сіздің денеңіздің әртүрлі заттарды магнитше жапсырып алатыны туралы хабардармыз. Жаңылмасам, жүз келіден жоғары. Мұндай салмақты зілтеміршілер екі қолымен көтеріп зорға ұстап тұрады. Қажырлылықтан бөлек қасиет қажет ететін бұл ерекшелік қайдан келген?
– Менің ата-бабам әртүрлі қасиет иеленген кісілер. Мысалы, жаугершілік заманда туған төртінші атам Биікбай – ел қорғаған батыр, тарихи тұлға. Бейбіт заманда өмір сүрген өз әкем Махамбетқали облыстың бас ақыны атанған адам. Сыр елінің айтыс өнерін белгілі дәрежеге көтерген кісі.
Өз бойымдағы ерекшелік бала кезімде-ақ байқалды. Бірақ, оны «байқайтын» ешкім болмапты. Тек әкем ғана «анау-мынаудан аулақ жүр» дейтін. Бірақ, кезінде сол сөздің түп мәніне бойладым дей алмаймын. Тоқсаныншы жылдардан беріде емші-балгерлер көптеп шықты. Олардың ішінде елдің сөзіне ілініп, күлкіге қалғандары да аз емес. Егер бойдағы қасиетімді көрсете бастасам, онда жұрт мені де күлкіге қалғандардың қатарына қосып қоятындай, өзімді ол ортадан оқшаулау ұстадым. Емдеу ісін осыдан он бес жыл бұрын қолға алсам да, оны барынша жасырын жүргізуіме тура келді.
Өзің айтып отырған әртүрлі заттардың денеме жабысып тұруына қасиет деп қарамадым. Бертін келе қызығушылығым ауып, зерттеп байқасам, әлемде алғаш рет Васильев деген экстрасенс денесіне 142 келі темірді жапсырып көрсеткен екен. Ал, менің денеме 165 келі темір оп-оңай жабысады.
– Мұның сыры неде?
– Құранда «Пайғамбарларымнан кейін ерекше қасиетке ие құлдарым болады» деген сөз бар. Алла кәләмінің өзінде ашып айтпаған сырды кім түсіндіріп бере алсын. Егер сен «магия» деген сөзді естіп жүрген болсаң, сол магия Құдай берген қасиет. «Черный магия» дейтін де бар. Өз қасиетін теріс бағытта немесе бас пайда, бақай есебіне жарататындарды солай атайды. Қазақтың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деген сөзі осыған қатысты. Бұрын Ұлы даламызда Құдай қасиет берген мұндай кісілер көп болған. Алайда, сол аталарымыз өзін үнемі қатаң бақылауда ұстаған, жаманшылықтан жырақ жүрген. Өйткені, Құдай берген қасиетін қара басына жұмсап, жауыздыққа бағыттағандар ақыретте қатаң жазаға тартылмақ. «Әркім өзіне берілгенінен сұралады» деген.
– Сіз адамдарды қалай емдейсіз?
– Менің тәсілім халық медицинасында нүктелі ем деп аталады. Аты айтып тұрғандай, мен адамның ауырып тұрған нүктесін емдеймін. Ал, химиялық дәрілер ағзаға енгенде аурудың нүктесіне дөп түспейді, бүкіл денеге жайылады, яғни, осыдан адамның сау ағзасы зардап шегеді. Мен әуелі науқастың бойын сол дәрілерден шөгіп қалған зиянды заттардан тазартып аламын. Алайда, өзіме де ауырлықты сезінуге тура келеді.
Адам ағзасы үлкен комбинатқа ұқсайды, ішінде жүздеген цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұрады. Сол цехтардың бірінің жұмысынан ақау шығып, «өндіруге» қабілетсіз күйге түскенде адам ауырады. Оның психикалық та, физикалық та себебі болуы мүмкін. Емші осы себепті көре білуімен еркешеленеді. Мысалы, мен де адамның қай жері ауыратынын тамыр ұстамай-ақ, сұрап білмей-ақ анықтай аламын.
– Қашаннан бері ашық емдеуге көштіңіз?
– Егер Тоғызбаев Кенжебай ағамыз болмаса, менің әлі де ауыл арасынан аспай жүре беруім мүмкін еді. Бұл кісі елімізге аты белгілі, өте білгір емші. Кенжекең «сенің қасиетіңді көпке паш етуіміз керек, сол арқылы біраз өтірік емшілердің жолы қысқарар» деген ақылын айтып, бір жыл қасына ертіп жүрді, науқас жандарға бірігіп ем жасадық. Қазір бес жыл болды, ашық ем жүргізіп келемін.
– Бұған арнайы рұқсатыңыз бар ғой?
– Мен Құртқа тәуіп атындағы проскопиялық ғылым академиясының, дүниежүзілік психологтар, дәрігерлер, халық және рухани емшілер ассоциациясының мүшесімін. Дәстүрлі Шығыс халық медицинасы дәрігерлері академиясының, ҚР Халық және рухани емшілері мекемесінің толық мүшесімін. Әлемдік халық және рухани емшілер ассоциацияның курстарынан өткенмін. Сауықтырудың энергиялық ақпараттық жүйесімен, халықтық рухани және дәстүрлі медицина тәсілімен емдеуге рұқсат етілген сертификатым бар.
– Жақында сізге әлем және Рио олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Нижат Рахимов келіп, ем алыпты. Онымен бұрыннан араластығыңыз бар ма еді? Қазір жағдайы қалай?
– Араластығым жоқ. Ол 2020 жылы болатын олимпиада ойындарына Сочиде дайындалып жатқан жерінен келді. Жаттығу үстінде белі ауырып, әртүрлі дәрі қолданып, терапиялық ем алса да, нәтиже болмапты. Білетін кісілерден естіп, мені іздеп келіпті. Сөйтіп, Қызылордада үш күн жатып ем алды, кетерінде зілтемір көтеруге дайын қалпына түсті. Бірақ мен оған әлі екі кезең ем алу керектігін айттым. Негізі адамға толық ем қону үшін алдымен оның сол емшіге ықласының ауғаны абзал, таза ниетпен келуі шарт.
Нижаттың ем алғанын естіген шенді, қалталы кісілер маған «қанша болса да ақшасын беремін, мені де емде» деп жан-жақтан хабарласты. Олар мені ақша үшін келеді деп үстемдік пиғыл таныту арқылы өздерінің немқұрайы ниеттерін байқатып алды. Ондай шақыртуды қабыл алмаймын, өйткені емімді күтіп отырған, күні белгіленген басқа кісілер бар. Егер емші ақшалының артынан жүріп, басқаға берген уәдесін жұтса, онда оның емінің шипасы да жоғалады. Емшіліктің осы секілді өз қағидалары бар, мәселен, алдыңа ауырып келсе, жауың болса да емдейсің. Дәстүрлі емшілік – ақиқатты және саф тазалықты талап ететін қасиет. Өз басым жаман сөз айтылатын жерден аулақ жүремін, қиянат жасаудан қорқамын, бес уақыт намазымды қаза қылмаймын, дәретсіз іс бастамаймын.
– Нареке, Алла бойыңызға берген шапағат шипаңызбен халқыңызды қуанта беріңіз. Сіздей жандардың ортамызда жүргеніне шүкір айтамыз.
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<