«Ауыл» партиясы атынан сайланған Садық Мұстафаевтың мәслихат сессияларында өзекті мәселелер көтеріп, орнықты ұсыныстар айтып жүргенін білеміз. Әрине, ауыл өмірінде өткір көтерілетін мәселе көп. Сондай-ақ Садық Шоңмұрынұлы – спорт саласының кәнігі маманы. Депутаттың ой-сарабын сұхбат барысында білген едік.
– Ауыл – қазақтың құтты мекені. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Сол ауыл тағдырына келгенде өңірдегі бастамалар қаншалықты көңіліңізден шығады?
– Сырт көз біздің өңірді «Ақ күріштің отаны» деп бағалайды. Жергілікті диқандар ұзақ жылдардан бері осы дақылдың бабын жасап, өнім жинап жүр. Алайда кейінгі жылдары су мәселесі өткір күйге түсті.
Облыс басшылығы тарапынан тиісті іс-шаралардың қолға алынып отырғаны қуантады. Көктем келгенше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы негізінде сала мамандары нақты егін көлемін жоспарлап, оған пайдаланылатын су мөлшеріне байланысты көршілес елдермен Үкімет тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кейінгі екі жылда жергілікті диқандар суды үнемді пайдалануға мән бере бастады. Жалпы су ресурстары әлем бойынша өзекті мәселе екенін жақсы білеміз. Мұндай талап біздің өмірімізге де еніп жатқанын ұмытпауымыз тиіс. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер дайындалғаны – құптарлық іс. Сол арқылы халық картоп, көкөніс-бақша өнімдерін өсіруге мүмкіндік алып отыр. Демек, ынталы адамға еңбек көзі бар. Бұл, әрине, ауыл тұрғыны үшін маңызды.
Жалпы аймақта аграрлық саланы өркендетуге жағдай бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес. Соған сәйкес елдегілер әрекет етіп, нақты жұмыстар жүргізгені дұрыс деп ойлаймын. Мұның бәрі «Ауыл» партиясының басты назарында.
– Су тапшылығына байланысты күріш егісінің көлемін шектеу жөнінде пікірлер бар. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Иә, кейінгі жылдары облыста күрішті суару мәселесі өзекті болып келеді. Бұл мәселеде ауыл және су шаруашылығы саласы мамандарының тұжырымдарына сүйену керек. Шаруалар белгіленген алқапта ғана күріш егіп, соған сай су алуға үйренгені артық емес. Есепке жүгіну шығынға жол бермес еді. Әзірге бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз.
– Өзіңіз сайланған №12 сайлау округі бойынша тұрғындардың ұсыныс-пікірі қалай ескеріліп отыр?
– Аталған сайлау округі Қызылорда қаласының шеткі аймағында орналасқан. Сайлауалды және одан кейінгі жүздесулер барысында тұрғындар көптеген өтініш-тілегін жеткізді. Мәселен, қаланың шеткі бөлігінде «Светлый канал» деген су жолы бар. Оны «Шанхай», Әл Фараби аумағындағы тұрғындар пайдаланады. Мұнда негізінен жер үйлер орналасқан. Десе де көпшілік үшін күрмеулі мәселелер бар. Кейбір азаматтар есік алдындағы бау-бақшасына аяқсу жеткізе алмайды. Ал каналдың жағасындағы үйлерде ыза көтеріліп, салдарынан жеміс-жидек қурап кетеді. Тұрғындармен жүздесуде осы мәселелер жиі қозғалады.
Оған байланысты қала әкімімен жүздесіп, оны шешу жолдары талқыланды. Мамандар пікіріне де көңіл бөлдік. Біраз жыл бұрын қала орталығындағы «Сарқырама» каналы секілді табанына бетон құйылып, жағасындағы тұрғындар үйіне ыза теппейтін жағдайға келтіру ойластырылды. Сондай-ақ жағасында адамдар серуендейтін демалыс аймағын жасауға да болады. Өкініше орай, бұл аумақта ондай орындар санаулы. Алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын.
– Өзіңіз ұзақ жылдар бойы облыстың спорт саласында басшылық қызмет атқардыңыз. Депутаттық мінберде оған байланысты қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?
– Рас, еңбек жолым спорт саласымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселе менің назарымнан тыс қалған емес. Жалпы қазір бізде білікті бапкерлер тапшы. Сыр өңірі – талай талантты жастарға жол ашқан аймақ. Олардың арасында әлемдік деңгейде топ жарған жігіттер мен қыздар бар. Сол жарасымды үрдісті жалғастыру – әрбіріміздің міндетіміз. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Чемпиондарды дайындап шығару – ұзаққа созылатын процесс. Осы орайда білікті бапкерлер еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, оған қатысты тиісті шараларды қолға алып, нақты іс жасалуы қажет деп санаймын.
Сондай-ақ спорт мектептерінің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі назардан тыс қалмаса деген ұсынысым бар. Расын айтқанда, өңірде бұл жөнінен игілікті істер атқарылып келеді. Сол жұмыстарды жалғастырып, материалдық-техникалық базаны жақсарта түсу қажет.
Оған қоса мына мәселеге назар аудартсам деймін. Облыстағы спорт мектептерінің залында көп жағдайда салқындатқыш құрылғылар қойылмаған. Әсіресе, жаз мезгілінде өте қиын. Далада аптап ыстық болғанда онда жаттығу жасауға ешбір мүмкіндік жоқ. Ұлттық құрама сапында жүрген кейбір жастардан бастап сол залдарда дайындық жүргізеді. Осы мәселені облыстық мәдениет және спорт басқармасына жеткізген едім. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдемін.
Пандемия кезінде көптеген әлемдік және республикалық жарыстар өткізілмей қалды. Оған бөлінген қаржы үнемделді. Қазір әлемде сан алуан сайыстар бәсекесі қызып тұр. Ендеше, бұрынғыдай спортшылардың жарыстарға баруына арналған ақша мәселесін қайтадан қалпына келтіруіміз қажет. Облыстық мәслихат сессиясында осы тақырыпқа байланысты мәселе көтердім. Нәтижесінде оң шешімін тапты. Бұған облыс басшылығы тарапынан ерекше қамқорлық көрсетілді.
Жалпы спортқа және сол жолдағы азаматтардың еңбегіне немқұрайлы қарауға болмайды. Әрбір спортшының шеберлігі бәсеке арқылы шыңдалады. Сондықтан спорттың сұранысы қанағаттандырылуы қажет деп есептеймін. Қазір облыс басшылығының талабы да, қолдауы да қайбір салада болмасын көрініп тұр. Демек, өңірдегі өзгеше бетбұрысқа байыпты үн қоса білу маңызды.
Әңгімелескен
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<