Жас таланттар театрды жаңа белеске бастайды

5044

0

Өткен айда Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұжымы Түркия еліне гастрольдік сапармен барып, сондағы көрерменге өнерін ұсынды. Бұл сұхбатты бірден ұйымдастыруға болар еді. Бірақ республикаға, өңірге белгілі қос артист Еркін Асанов пен Айгүл Байдалиева бірінен соң бірі бақиға аттанып, Сыр елінің театрына бұл өте ауыр тиді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Хұсейін Әмір-Темірмен кеш те болса әңгімелесіп, Түркия сапары жөнінде сыр-сұхбат құрдық.

– Аға, Түркия сапарынан соң араға біршама уақыт салып сұхбатасуымыздың себебін топшылап отырған шығарсыз. Театр ұжымы екі бірдей дарынды өнер иесінен қапыда айырылып қалып, Сыр бойының өнері мен мәдениеті қара жамылды. Әріптестеріңіздің өмірдегі, өнердегі орны туралы естелік айтып берсеңіз…

– Бұл біз үшін өте үлкен соққы болғаны рас. Қайталанбас рөлдері арқылы театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, көрермен жүрегінен жол таба білген Мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Айгүл Байдалиева ұжымның беткеұстары еді. Театр сахнасында 100-ден астам рөл сомдап, орта буын артистке айналды. Негізінен басты рөлдерді сомдап шыңдалған, шығармашылық деңгейі биік актриса болатын. Талай республикалық фестивальде топ жарып, аймақ абыройын асқақтатты. Қайбір жылы Қарағандыда Біржан салдың 185 жылдығына арналған фестивальде Сұлтанәлі Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясын қойғанбыз. Сондағы Мәдинаның рөлімен көзге түсіп, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. Қабілетті, дарынды, еңбекқор еді. Үлкендерден тәрбие алып, жастарға білгенін үйретуден жалыққан жоқ. Орта буынның алдыңғы шебінде жүрді.

Театрымыздың тағы бір дарынды артисі Еркін Асанов ауыр дерттің кесірінен 38 жасқа қараған шағында көз жұмды. Ол біздің ортамызға келгенде 20 жаста болатын. Жұмысқа негізі сахна қызметкері ретінде қабылданған. Әріптесіміз Эрнест Машрапов бір күні «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегісін сахналамақ болды. «Алладиннің рөлі Еркінге келетін сияқты, байқап көрсем қайтеді?» деді. Еркіннің актерлік қадамы осылай ойда-жоқта басталды. 2006 жылдан бастап облыстық театр артисі қызметін атқарып келді. Ақырындап үйренді, ізденді. Ең бастысы, тәрбиеге көнді. Тәп-тәуір актерге айналды. «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында Жұматты, «Нарком Жүргеновте» тергеушінің рөлін сомдады. Қарап тұрсаң, екеуі – бір-біріне қарама-қарсы рөл. Бірі – комедиялық, екіншісі – драмалық. Соған қарамастан кемеліне келтіріп ойнады. Актерлік қабілеті жылдан-жылға шыңдалып келе жатыр еді, амал қанша?!

Қос әріптесіміздің бірінің артынан бірі кеткені қабырғамызға қатты батты. Өнерде әрқайсысының өзіндік орны бар еді. Бір білетінім, енді Айгүлдей ешкім бола алмайды. Тура сол сияқты Еркіннің орын да ешкім баса алмайды.

– Енді Түркия сапарына ойыссақ. Спектакль таңдауда неге мән берілді? Ол жақтың адамдары қалай қабылдады? Қандай әсермен оралдыңыздар?

– Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен көптен бері тығыз байланыстамыз. Бірлескен ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Соның ішінде Қазан қаласында дәстүрлі түрде өтіп тұратын түркі халықтарының «Наурыз» халықаралық театр фестиваліне, Қызылордада үш жылда бір ұйымдастырылатын түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне ерекше тоқталғым келеді. Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің «Аласапыран» атты спектаклімен 2005 жылы Қазаннан олжалы қайттық. 2010 жылы Алматыдағы Орта Азия халықтарының фестивалінде Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» спектаклін сахналадық. Қызылорда облысының Әзербайжандағы күндері аясында сол елдің екі қаласында болдық. Мырза Фатали Ахунзаденің «Кетпейсің, болды, кетпейсің!» деген комедиясын халық жақсы қабылдап, жоғары бағалады.

Театр ұжымы 17 мамыр күні Түркияның Анкара қаласы Кечөрен ауданындағы Неджип Фазыл Кысакүрек театрында жазушы, драматург Сұлтан Раевтың «Ақ Ләйлек» психологиялық драмасын сахналап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Оған да «ТҮРКСОЙ» ұйымы мен Қызылорда облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін айтуға тиіспіз.

«Ақ ләйлек» – психологиялық-интеллектуалды драма. Азғантай адам ойнаса да әлемнің менталитетін көрсете алатын дүние деп есептеймін. «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев өзінің спектаклін біздің сахналауымызда көргісі келді. Бұл – фестиваль немесе бәйге емес, Сыр елі мәдениетінің облыстық театр арқылы көрінісі. Қазақ диаспорасы, қазақ студенттер, «ТҮРКСОЙ» өкілдері бар, былайша айтқанда аншлагпен өтті. Көрермен сілтідей тынып тамашалады. Спектакль аяқталғасын ұйым бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф өнерімізге жоғары баға берді. Түркияға гастрольдік сапардан кейін Сұлтан Раевтың атынан Қазақстанның «ТҮРКСОЙ»-дағы өкілі Бақытжан Омаров өнер иелеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады. Одан бөлек, әріптестерімізге ұйымның арнаулы медалі табысталды.

– Өзіңіз айтқандай, бұл біздің театрдың шет елге бірінші шығуы емес. Бұған дейін барған елдердегі көрерменнің театр мәдениетін қалай салыстырар едіңіз?

– Ағылшындар театрды шоқтығы биік өнер санайды. Сондықтан онда театр мәдениеті әбден қалыптасқан. Егер ұнамаса, залдан шығып кете береді. Көрерменді елітпесең, ұстап тұра алмайсың. Лондонға барып өнер көрсеткенімізде залдан шығып кеткен ешкім болмады. Өнерімізді жоғары бағалап, қошемет көрсетті. Түркияда спектакльде басты рөлді ойнаған әріптесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Залипа Төлепова, оның немересін сомдаған жас актриса Жауһар Еркіноваға қошемет ерекше болды.

Қазақ көрерменінің деңгейі біртіндеп өсіп келеді. Бірақ «әттеген-ай!» дейтін де тұстар бар. Кейбір адамдар баласын ертіп келеді. Ол тыныш отырмаса, өзінің де, өзгенің де мазасын алатыны белгілі. Қызылорданың халқы жылына бір-ақ рет келіп спектакль көрсе, аншлаг болар еді. Театрдың қайда екенін білмейтіндер бар. Ал бір рет келгендер қайта-қайта келуге құмартып тұрады. Келіп мақтау айтса, соған мерейіміз тасып, сын айтса, түзелуге тырысар едік. Әзірге еуропалық деңгейге жете алған жоқпыз. Бізге соған ұмтылу керек.

– Театр облыстың ауыл-аймағына шығып өнер көрсетіп жүр ме? Оған қажеттілік бар ма, қалай ойлайсыз?

– Ара-тұра болса да шығып тұрамыз. Бірақ бізге үлкен декорацияны апару қиындық туғызады. Кеңес одағы кезінде сәуірдің соңына қарай гастрольдік сапармен ауыл-аймақты аралауға шығып, қыркүйекте бір-ақ оралатынбыз. Ол дәурен өтті. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, мектептерге, арнаулы, жоғары оқу орындарына барып, спектакль қоятын кездер болады. Кейде өзіміздің залда жекелеген ұжымдар үшін белгілі бір тақырыпта қоямыз.

– Актерлік – үлкен ізденіспен, білім қуумен қалыптасатын өнер. Бірақ қазір YouTube, TikTok сияқты әлеуметтік желілерде көрініп, содан-ақ танылып, киноға түсіп жүргендер аз емес. Бұл тенденцияға көзқарасыңыз…

– Оның екі жағын қарастыруға болады. Режиссер өзінің туындысындағы бейнеге сол адамды лайық көруі мүмкін. Екіншісі – қаржылай мүмкіндік. Кәсіби актерлар жоғары гонорар қоюы мүмкін. Сондықтан қалтасына қарай осындай азаматтарды шақырады.

– Қазақстандағы ізіңізді жалғап келе жатқан орта, жас буын режиссерларға көңіліңіз тола ма? Кімдерді астын сызып тұрып айтар едіңіз?

– Мен, мысалы, театрдың көркемдік жетекшісі қызметін актер Бақытбек Темірбековке бердім. Ол «Шанель №5» деген спектакль қойды. Қазіргі күні көрерменнің оң бағасын алып үлгерді. Жас актерлар Қанат Арқабаев, Санат Жүзбай спектакльдер қойып, қарым-қабілетін байқатып жүр. Бұл театрдың жаңа белесі басталғанын көрсетеді.

Елімізде де талантты режиссерлар шоғыры қалыптасып келеді. Мысалы, Нұрқанат Жақыпбай, Қуандық Қасымов, Данияр Базарқұлов, Фархад Молдағали, Дина Жұмабай, Ұланмырза Қарыпбаев және тағы басқаларды айта аламын. Әрине, жастардың көзқарасы өзгеше. Олардың еңбегінен әлемдік деңгейге ұмтылысты байқауға болады. Осылайша театрдың жаңа тынысын ашқысы келеді. Тіпті біздің классиканың өзін өзгертіп жіберетін, артық кететін кездері бар. Бірақ олар жаңалық жасауды, эстетикалық категорияда спектакль қоюды шығармашылық міндет санайды.

– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық жолда еңбегіңіз жана берсін, аға!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<