Жасанды интеллект адамның орнын алмастыра ала ма?

3667

0

Жаңа заманда жасанды интеллект қолданылмайтын сала жоқ. Маңдай терді қажет ететін қара жұмысты айтпағанда, адамның ақыл-ойы айналысатын қызметтің бәрін жасанды интеллект атқарып-ақ келеді.

Айта кетейік, жасанды сана алдағы 5 жылда еңбек нарығына түбегейлі тың өзгерістер әкеледі деп болжануда. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамы ең ірі жұмыс берушілерге жүргізілген сауалнама деректеріне негізделген. Сауалнамаға әлемнің сан түрлі елінен 27 сала мен 45 экономика бағытын қамтитын 11 миллионнан аса адам жұмыс істейтін 803 компания қатысқан. Нәтижесінде жұмыс берушілер 69 млн жаңа жұмыс орны ашылады деп күтуде. Алайда жаңа жұмыс орнының санынан артық 83 млн жұмыс күші қысқарады-мыс.

Иә, жасанды сананың сиқырына, біз елестете де алмайтын мүмкіндігінің күшіне таңғалудан жалықпай келеміз. Уақыт алға жылжыған сайын жанданатыны, түрлі нұсқаларының дами түсетіні тағы бар. Аталған жасанды сана туралы болжам жасай аламыз ба? Миллиондаған жұмыс орнының жабылуы адамзат қорқынышына айнала ма? Жалпы жасанды интеллект адамның орнын алмастыра алатыны рас па? Осы сұрақтарға арнайы сала мамандары не дейді?

Нұрлан Серікұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Жасанды интеллект институтының директоры:

– Сіздер де байқап жүрген шығарсыздар, қаншама адамның постында, әлеуметтік желілерде DALL-E жасанды интеллект жүйесімен жасалған суреттер толып кетті. Бұл – басы ғана. Жасанды интеллект дегенде, қарапайым адамның ойында бірден «Мұның бізге не керегі бар?» деген сұрақ туындайды. Ол үлкен ақпарат қорымен жұмыс істейді. Мәліметтер болмаса, олардың заңдылығын анықтау мүмкін болмайды, ал ол – ЖИ жұмысының негізі. Енді ойланып қарайық, үлкен мәліметтер қорын қайдан аламыз? Ол біздің күнделікті іс-әрекетіміз, сөйлеген сөзіміз, тіпті көзіміздің жыпылықтауы мен жүрек қағысымызда-ақ тұр, яғни, ақпараттың айдыны шексіз.

Ал жасанды сананы қай жерде қолданамыз десек, күнделікті қажеттілікке ие денсаулық саласында қолдануға болады. Рентген суреттерін оқыта отырып, өкпе ауруларын анықтап береді. Немесе стоматологиялық суреттерді зерттеу арқылы, қай тістің қандай ауруға шалдығатынын болжайды. Тіпті жаңа дәрілерді ойлап табады. ЖИ-ді дұрыстап пайдаланса, адамзат дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Адамдардың кейбір міндеттерін орындауға қабілетті. Мысалы, деректерді талдау, сандық дизайн, жол жүру навигациясы және клиенттерге қызмет көрсету сияқты салаларда ЖИ адамдардан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Бұл технологиялар дәлдікті, жылдамдықты және үнемділікті арттыра алады.

Алайда әлі де көптеген салада адам орнын толық алмастыра алмайды. Адамның сезімталдығы, шығармашылық қабілеті, этикалық шешім қабылдау және күрделі әлеуметтік арақатынастарды түсіну қабілеті сияқты аспектілерінде ЖИ шектелген. Мәдениет, педагогика, психология, медицина және өнер сияқты салаларда адамның басымдығы сақталып қалады, өйткені осы салаларда адами байланыс пен шығармашылық ойлау өте маңызды.

ЖИ технологияларының дамуы адамдарға арналған жұмыс орындарын ауыстырумен ғана шектелмей, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі. ЖИ-дің дамуы еңбек нарығындағы өзгерістерді, бұл өз кезегінде білім берудің жаңа бағыттарына және үздіксіз оқытуға баса назар аударуды қажет етеді.

Тимур Бектұр, IT аналитик:

– Бұл тақырыпта пікірталас көп. Былтыр Стенфорд университетінің Stanford AI Report деген материалы жарық көрді. Жасанды интеллектінің еңбек нарығындағы үлесі туралы айтылған. Айта кетсек, аталған жүйе 300 млн жұмыс орнын жояды деседі. Әрине, статистика, сандар шегеленіп қойған дүние емес. Бірақ осындай сандар айтылуда. Есесіне, тағы сол 300-600 млн жұмыс орнын әкелуі де мүмкін. Еңбек нарығындағы дүмпуі қатты болады. «Жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды. Бірақ оны қолданатын адам қолданбайтын адамның орнын басады» деген әмбебап сөз жиі айтылады. Смартфон қолданбайтын, компьютерді пайдалана алмайтын журналист пен технология тілін жақсы түсінетін журналисті салыстырсақ, кім жылдам? Бастапқыда телефон шыққан кезде де адамның орнын басады деген қорқыныш болды. Дегенмен ол жағдайды жақсартты. Жасанды интеллект те дәл солай. Ғалымдар егер адам сауатсыз, топас болса, онда жасанды интеллект оның орнын басады дейді. Ал енді ерттеп міне алса, онда баса алмайды деген сөз.

Жасанды интеллект аспаннан салбырап түспейді. Оның негізгі қорегі — мәліметтер қоры. Онсыз жұмыс істей алмайды. Ал аталған жүйемен қазақша контент арасында мықты байланыс болуы үшін мәліметтер қоры керек. Ал ол қор қайдан келеді? Әдетте, мәліметтер интернеттен келеді. Қазір кез келген тақырып бойынша ағылшынша, орысша, қазақша іздеп көрсеңіз, қазақшасының үлесі қандай болатынын бәріміз жақсы білеміз.

Қазақ қоғамы қазақша контент жасамай, көбейтпей, орысша контент тұтынуды жалғастыра берсе, онда жасанды интеллект пен қазақ тілінің арасында байланыс әлсіз болады. Сондықтан ChatGPT қазақша сауатсыз, шалақабілетті. Өйткені интернеттен ақпарат жинаған кезде мәлімет аз. Әрине, уақыт өте келе жетілуі мүмкін. Бірақ «алма, піс, аузыма түс» деп күтіп отыруға болмайды. Қазақша контентті тезірек, көбірек жасау керек. Мысалы, орыс, ағылшын тілді орта контентті қалай жасаса, біз де сол қарқынға ілесуіміз қажет. Ал қазіргі күйімізбен отыра берсек, дамуы кешеуілдей береді. Мысалы, ағылшынша, орысша аудионы мәтінге айналдыратын технология осыдан он шақты жыл бұрын жасалып қойды. Біз болсақ, енді қолға алып жатырмыз. Себебі бізде data set әлсіз болды. Әрбір қазақ контент жасап, мәтін, аудио, видео түрінде интернетке жүктеуі керек. Бастысы, сапалы жасалуы қажет. Қазір ChatGPT қазақша сұраққа нашар жауап береді. Өйткені, интернеттегі қазақ контенті калькамен аударылған, сапасыз жасалған. Жасанды интеллект «қазақтар осылай сөйлейді екен» деп ойлайды. Сапалы қазақшаны осылай ғана үйрете аламыз.

Дина Мәделханқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<