Бүгінде ауызсу тапшылығы тек әлемдік мәселе ғана емес, еліміз үшін де өзекті тақырыпқа айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 780 миллионнан астам адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Қазақстан да бұл қатерден тыс қалған жоқ. Мамандардың айтуынша, егер суды үнемдеу қолға алынбаса, 2030 жылға қарай елде су тапшылығы 15 пайызға жетуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдер қатарына енуі ықтимал. Осы орайда Қызылорда қаласында биылдан бастап ауызсу мен сарқынды судың жаңа тарифтері бекітілді. Бұл өзгерістер не үшін қажет болды? Тұрғындарға қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры Жасұлан Абатовқа бірнеше сауал қойған едік.
– Жасұлан Уәлиұлы, өңірде ауызсудың тарифі айтарлықтай өсті. Бұл өзгерістің себебі неде?
– Иә, биыл наурыз айынан бастап Қызылорда қаласында ауызсу мен сарқынды судың тарифі қайта қаралып, жаңа мөлшермен бекітілді. Бұған бірнеше фактор себеп болды. Ең алдымен, бұл – кәсіпорынның экономикалық және техникалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет шара. Соңғы жылдары шикізат, жанар-жағармай, энергия, құрал-жабдықтар мен реагенттер құны айтарлықтай өсті. Сонымен бірге, қызметкерлердің жалақысын көтеру, апаттық жағдайларға жедел әрекет ету, су көтеру ұңғымаларын жөндеу, экологиялық қауіпсіздікті сақтау мұның барлығы тұрақты қаржыландыруды талап етеді. Ал бұрынғы тарифпен бұл қажеттіліктерді толық өтеу мүмкін болмай қалды. Себебі, 2020-2024 жылдарға орташа тариф 62,70 – 82,58 теңге аралығында бекітілсе, 2023-2024 жылдары кәсіпорын 63,48 теңге орташа тарифпен жұмыс жасады. Ескі тарифпен 5 жыл бойы жұмыс жасап келдік.
– Жаңа тариф мөлшері қандай? Бұл қарапайым тұрғындарға қалай әсер етеді?
– Бұрын 1 текше метр ауызсу үшін тұрғындар 49,04 теңге төлесе, жаңа тарифке сәйкес 77,8 теңге болып, 58,5 пайызға артты. Бұл дегеніңіз 1 литр су шамамен 8 тиын деген сөз. Сараптап қарасаңыз, аса қымбат емес. Сонымен қатар, сарқынды судың тарифі де 51,7 теңгеден 75,5 теңгеге көтерілді. Айта кету керек, әр адамға айына 3 текше метр су тұтыну нормасы белгіленген. Егер осы мөлшерден асып кетсе, артық шығын жоғары тарифпен есептеледі.
– Тарифтің өсуі тұрғындар тарапынан қарсылық тудырып жатқан жоқ па?
– Әрине, кез келген өзгеріс, әсіресе коммуналдық қызметтер саласында баға өсуі халық үшін оңай қабылданбайтыны белгілі. Дегенмен бұл шешім – бір күнде қабылданған жоқ. Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы №90 бұйрығына сай, «Тарифтерді қалыптастыру қағидалары» негізінде сарапталып, экономикалық есептеулер жасалды. Сонымен бірге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті тарапынан барлық ұсыныстар мен ескертулер ескеріліп, соңғы шешім бекітілді. Осы ретте бір айта кетерлігі, Қызылордадағы су тарифі басқа өңірлермен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде. Мәселен, Қарағандыда тариф 180, Ақтөбе 154, Атырау 123 теңгеден. Сарқынды судың тарифі 234-89 теңгенің аралығы.
– Жаңа тариф суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға көмектесе ала ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте су үнемдеу проблемасына да ерекше тоқталып өткен еді. «Суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «Суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін» деген болатын.
Расымен, қазір біз суды шексіз, еш есепсіз қолданамыз. Мысалы, ауызсуды көлік жууға немесе бақша суаруға пайдалану жиі кездеседі. Бірақ бұл – үлкен ысырап. Мамандар тарапынан су тапшылығын орын алу ықтималдығы көп айтылуда. Оның шындыққа айнала бастағаны сонша, бұл мәселе әлем көшбасшылары бас қосқан алқалы жиындардың басты тақырыбының біріне айналды. Ал біз осы сәтке дейін судың қадірін шындап сезіне қойған жоқпыз. Жарты сағатқа су тоқтап қалса, әлеуметтік желіде шу көтереміз, мекемеге телефон соғамыз. Судың қадірін түсінетін кез жеткен секілді.
– Кәсіпорын тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Өткен жылы кәсіпорын 18 млн текше метрге жуық ауызсу өндірді. Оның 3748,6 мың текше метрі техникалық шығындарға кеткен. Ал 7582,1 мың текше метр сарқынды су қабылданды. Халыққа 10,9 млн текше метр су таратылды. Бұдан бөлек, бюджет мекемелері, жылу-энергия кәсіпорындары және басқа да заңды тұлғаларға су жеткізілді. Жүйеде жиі апаттар болып тұрады, оларды дереу қалпына келтіру үшін қажетті техника мен мамандар үнемі дайын болуы керек. Сонымен қатар, жарамсыз ұңғымаларды жою, жер қойнауын қорғау, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау бәрі біздің міндетіміз. Ол үшін тұрақты инвестиция қажет. Жаңа тариф осы шығындарды өтеуге де бағытталған.
– Суды үнемдеу үшін тұрғындарға қандай қарапайым кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, суды босқа ағызып қоюдан арылу керек. Кранды ашып қойып, ыдыс жуу немесе тіс жуу су шығынын бірнеше есе арттырады. Сондай-ақ ауызсуды бақша суаруға есепсіз жұмсау дұрыс емес. Су есептегіш құралдарын орнату да үнемдеудің бір жолы. Қысқасы, әр адам өзінің күнделікті әрекетін қайта қарап, суды үнемдеуді әдетке айналдырса, бұл үлкен жетістік болар еді. Қазақ «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған.
– Оныңыз рас. Пікір бөліскеніңізге рахмет.
Әңгімелескен:
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






