Аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалға, әлеуметтік-экономикалық оңды істерге мәслихат депутаттарының қосқан үлесі аз емес. Өңірдің дамуы жолында оң шешім қабылдау, бұқара мен билік арасында дәнеркер болу – депутаттың басты міндеті. Ел сенімін арқалап жүрген халық қалаулысы Ибадулла Құттықожаевпен әңгіме өткенді саралап, алдағы міндеттердің ауқымын таразылауға арналған еді.
– Ибадулла Дүйсенбайұлы әңгімемізді депутат ретінде атқарған жұмыстарды саралаудан бастасақ. Өткен жылы қандай мәселе шешімін тапты, биылғы мақсат қандай?
– VI шақырымдағы облыстық мәслихат депутаты болып сайланып, елді мекендерді аралағанда мені Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылжарма ауылдық округтеріндегі кіреберіс жолдардың мүшкіл жағдайы алаңдатты. Бұл жайлы сайлаушылар да өтініш білдірді. Осы өтінішті депуттатық сауал ретінде бюджеттік комиссияға ұсынып, 200 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жолдар жаңадан асфальтталып, қалпына келтірілді. Қарауылтөбе ауылдық округі табиғи газға қосылды. Алдағы жылдары Қосшыңырау ауылын газдандыру мәселесі шешімін табатын болады. Ауылдық округтерде кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.
Қазір тұрақты жұмыс орындарын ашу, азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа, жастарды жастар практикасы арқылы еңбекке тартуға мән берілуде. Алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Мысалы, жауын-шашынды күндері балалардың мектепке қатынауы қиындайды. Ал көшеге тас төсеп, орташа жөндеуден өткізу үшін қыруар қаржы қажет. Мысалы, Досан ауылындағы 12 көшеге, Абай ауылындағы 6 көше орташа жөндеуге 500 млн теңгедей қаржы керек. Мұндай қаражат берілген өтінім бойынша облыстық не республикалық бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ, жарық күшінің жетіспеуі, электр желілерінің талапқа сай болмауы, ауызсу, аяқсуға, көгалдандыруға қатысты мәселелер де бар. Мүмкіндігінше елді мекендердегі халықты толғандыратын мәселелерді шешуге жұмыс жасаймыз.
– Жауапкершілігі жоғары қызметіңізбен қатар депутаттық міндетті бірге алып жүру қиын емес пе?
– Колледж директоры болу оқу орнындағы барлық жұмыстарды үйлестіруді міндеттейді. Оның ішінде оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар, шаруашылық жұмыстар, материалдық-техникалық базаны нығайту, есеп-қисап, стратегиялық жоспарды, меморандумды іске асыру, ұжымның бірлігін, студенттердің тәртібін сақтау, т.б.
Мемлекетке қызмет жасасаң, оған жалақы аласың. Қызметті жақсы атқарсаң, абыройлы, сыйлы боласың. Ал, депутаттық міндет – өзіңе жүктелген үлкен жауапкершілік. Ақысыз болса да, өзіңнің халыққа қызмет жасау ниетіңнен туған міндет. Сол себепті жауапкершілік абыройыңа жалақы алатын қызметіңнен кем әсер етпейді. Екі міндетті де жауапкершілікпен атқаруға болады. Кейде негізгі жұмысыңнан қолың босамай, депутаттық міндеттерді орындауда белсенділік төмендеп кетеді. Осындай сәттерде ауылдық округ әкімі не тұрғындар өкілдері келіп, мәселе көтеріп, оны шешіп жатсаң, бір серпіліп қаласың.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов депутаттармен кездесіп, сайлаушыларды толғандыратын мәселелерді тыңдап, оны іске асыруға колдау көрсетіп келеді. Алда сайлаудың да ауылы алыс емес. Сайланатын депутаттардың міндеттері партияның алға қойған сайлауалды бағдарламасымен, ал сайлауалды бағдарлама аймақтың даму бағдарламасымен үйлесімді болады, яғни ортақ мақсат – бір бағыт. Елді мекендер бойынша әр жылда қолға алынатын жұмыстар жоспарланғандықтан, депутаттар қаржының тиімді игерілуіне, оның сапасына, уақытылы орындалуына бақылау жасайтын болады.
– Өз округіңіздің тұрғындарын қаншалықты жиі қабылдайсыз? Кездесуге тұрғындар көбіне қандай мәселемен келеді?
– Қай қызметте де келген кісілерді қабылдауға, айтқан өтініштерін шешуге мән беруге тырысамын. Депутат болып сайланғаннан кейін осы қалыптасқан дәстүр өзгерген жоқ. Қайта жауапкершілік артты. Себебі, тұрғындар өз депутатына елді мекеннің мәселесін жеткізеді, көтерілген әрбір мәселе тұрғындар үшін маңызды. Бұрын қабылдауға тұрғындар жеке басының жағдайын айтып жиі келетін. Қазіргі қабылдауларға келетін сайлаушылар көпті толғандыратын, ауылға ортақ мәселелерді көтереді. Бұл, әрине, көпшіліктің елдің қамына, оның болашағына бей жай қарамайтынын білдіреді. Сайлаушылар негізінен көтеретін мәселелер – көшелерге тас төгу, асфальттау, ауылдық округтерді газдандыру, клуб, спортзал салу, жұмыс, жарық, т.б. Сондай-ақ, малын жоғалтқан, жұмыссыз, баспанасыз жүрген азаматтардың жеке мәселелері де бар. Қабылдау күнім кестеге сәйкес сәрсенбіде өтеді. Бірақ аптаның қай күні келсе де, сайлаушылармен кездесуге мүмкіндік қарастырылады.
– Бір сұхбатыңызда сайлаушылар көңілінен шығу, олардың аманатын орындау менің депутат ретіндегі басты міндетім деген екенсіз. Халық сенімін арқалаудың салмағы қандай?
– Бойыңда намысың, ұятың, жауапкершілігің болса, халық сенімінің жүгі жеңіл емес. Сайлаушылармен жиі кездесіп, елді мекенді аралап, тыныс-тіршілігінен хабардар болып жүрсең, көңілің тоқ, қанағаттанарлық күйде боласың. Ал егер қызмет бабымен қолың босамай, кездесулер сиреп, байланыс нашарлай түссе, көңілің де пәс болып, мазасыз күй кешесің. Саған кездескенде ықыласын білдіріп жақсы пікірлер айтып жатқанымен, өз ісіңе өзің қанағаттанбасаң, өзіңді сергек сезінбейсің. Себебі, халық сенімі, халық аманаты әрбір депутатқа үлкен жауапкершілік жүктейді.
Өзімнің сайланған сайлау округтерім бойынша сайлаушыларға есеп беру, атқарылған жұмыстарды, алдағы міндеттерді талқылау, кездесулер өткізу жұмыстарын жүйелі, жоспарлы атқаруға тырысамын. Сайлауалды бағдарламада жоспарланған жұмыстарға қарағанда, елді мекен үшін маңызды, өзекті мәселелер туса, ауылдық округ әкімімен, қоғамдық кеңеспен, тұрғындармен ақылдаса отырып, сол мәселелерді бірінші кезекте шешуге жұмыс жасалады.
Келесі шақырылымдағы депутаттар округ бойынша емес, партиялық тізім бойынша сайланады. Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына сол партиядан сайланған барлық депутаттық корпус жауапты. Сондықтан әрбір партияның сайлауалды бағдарламасымен жақсы танысып, оған ұсыныстар енгізуде сайлаушылар белсенді болуы керек. Өйткені, халықтың аманатын орындау жеке депутатқа емес, тұтастай партияға жүктеледі.
– Сайлауалды бағдарламаңызда білім беру, денсаулық, мәдениет және спортқа көңіл бөлуді басты назарда ұстапсыз. Қазір аймақтағы іргелі оқу орнында басшылық қызметтесіз. Білім саласындағы басты мәселелерге тоқталсаңыз…
– Мен басшылық ететін оқу орны – мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі. Бұл техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны – еліміздің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес мамандар дайындайтын республикадағы 10 базалық колледждің бірі. Басты мақсат – еңбек нарығының сұранысына сәйкес, заман талабына сай білімді де білікті орта буынды мамандар дайындау. Өздеріңіз байқап жүргендей, бұрыннан келе жатқан көптеген мамандықтар өндірістен тыс қалып, олардың жұмыстарын цифрлы технология атқарып, қазіргі сұраныстарға сәйкес жаңа мамандықтар пайда болуда.
Осы талаптарға сәйкес материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаңа мамандықтар ашу қажеттілігі туындауда. Биыл біз электр энергиясын жеткізу, тұтыну, жылу электр қондырғылары мен геологияға қатысты 10 кабинетті талапқа сай жабдықтауға кірісіп жатырмыз. Оған 323 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа мазмұндағы бағдарламамен оқытуға оқытушылар арнайы курстан өтуде. Жаңа оқулықтар алынуда. Колледж жанынан құрылған оқу-әдістемелік бірлестікте облыс көлеміндегі колледж оқытушыларын арнайы курстардан өткізіп жатыр. Енді колледжде мүмкіндігі жоғары, өндірістен хабары бар, заман талабына сай оқытушыларға кеңінен жағдайлар жасалатын болады. Әрбір оқу ордасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – бітірген түлектердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыда өзгелермен салыстырғанда бізде жақсы нәтиже бар. Әсіресе, темір жол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ мамандықтары, электрик, энергетик, механик, технолог, құрылысшы, т.б. сұранысқа ие. Жалпы алғанда күрмеуі шешілмеген мәселе жоқ. Тек ынта мен талап болса, барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
– «Жастар жылын» қорытындыладық. Сіздің оқу орнында жастар тәрбиесіне, оларға қатысты өзге де мәселелерге қаншалықты көңіл бөлінуде? Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Колледжде жастар тәрбиесіне, олардың пікіріне ден қоямыз. Әр топты аралап, оқушы-студенттермен сөйлесіп, оларды толғандыратын мәселелерді білуге, шешуге тырысамын. Жастардың жан-жақты дамуына, оқуына, дене шынықтыруына, тамақтануына, демалуына ыңғайлы болу үшін жатақхана, акт залы, асхана, оқу кабинеттері жөндеуден өтті. Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруда, студенттердің өзін-өзі басқару жүйесін дамытуда жастар ісі комитетінің жұмысы жанданды. Колледждегі әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бағытында «Мерген», «Жас сарбаз» клубтары құрылып жаңа бағыттағы жұмыстарын ұйымдастыруда. Тек колледж қабырғасында ғана емес, оқудан тыс уақыттағы, отбасындағы жағдайларынан да хабардармыз.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<