Жауапкершілік пен жанашырлық – жұмысымыздың негізгі бағыты

2181

0

Бүгінде қоғамдағы келеңсіздіктің дені әлеуметтік мәселе төңірегінде туындайды. «Әлеуметтік» ұғымымен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, ортаға әсер ету, қамсыздандыру секілді тіркестер құлағымызға әбден сіңісті болған. Мұның астарында әр мәселеге атүсті қарамау, көмекке зәру жандарға мемлекеттен қол ұшын созу өте өзекті екені айтылған. Бұл ретте әлеуметтік сала мамандарының еңбегі ерекше. Кәсіби мереке қарсаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевпен әңгімелескен едік.

– Ғабит Жұмабекұлы, әлеуметтік сала реформаларының басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Бұл саланың жұмыс нәтижесі де халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының тұрақталуымен өлшенеді. Бүгінде салада жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жобаларға тоқталып өтсеңіз…

–    Өзіңіз білесіз, Сыр өңірінде байыпты бастамалар, мақсатты жобалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды дамуда. Облыс 9 айдың қорытындысы бойынша экономикалық даму көрсеткіштері жағынан республикада көш басынан көрінді. Соның ішінде әлеуметтік қорғау саласының жетістіктері аймақ көрсеткішінің дамуына әсер ететін бағыттардың бірі екенін атап өту керек.

Басқарма бірнеше бағытта жұмыс атқарады, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енді. Бүгінде 36 мыңнан астам  жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 31736 адам тіркелді. Оның ішінде 9342 адам бос жұмыс орнына орналастырылды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған 1000 адам өз кәсібін ашты. 3 мыңға жуық адам «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы онлайн-оқудан өтті. Қысқа мерзімді курстарды аяқтаған 96 адам жұмысқа орналасты. Жұмыс берушінің жұмыс орнында оқыту бағыты бойынша 20 адам оқуға жолданды. 

Субсидияланатын жұмыс орындарына 14495 адам орналасты. Бұл жастар тәжірибесі,  ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» жобалары арқылы жүзеге асуда.  1558 азамат жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Грант иегерлері негізінен – атаулы көмек алушылар, мүгедектігі бар адамдар, көп балалылар, асыраушысынан айырылғандар, мүгедектігі бар балаларды асыраушылар. Олар жүзеге асырған жобалар арқылы қосымша 82 жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес 8642 жұмыс орны, «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде 258 жоба бойынша 2792 жұмыс орны құрылды. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру квотасы шеңберінде 62 адам жұмысқа орналастырылды. Солтүстік өңірлерге 42 отбасы (құрамында 151 адам) қоныс аударды.

–    Жасыратыны жоқ, бұрын атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін түрлі амалға баратындар көп еді. Қазір көмек тек шын мұқтаждарға берілу керек деген Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Облыста мұндай көмекті қанша адам алады?

– Бұл бағыт бойынша мониторинг жүргізіледі. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15087 адамға немесе 32,1% төмендеп,  31869 адамға көмек көрсетілсе, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 9635 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша төлем төленді. Сонымен қатар, шартты атаулы әлеуметтік көмек алушылардың еңбекке жарамдыларын белсенді шараларға тарту жоспары 74% болып белгіленіп,  нәтижесінде 71,6% құрады. Есепті кезеңде 5997 отбасына  атаулы әлеуметтік көмек төленді.

Әлеуметтік келісім-шарт негізінде көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды жастағы 590 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. 1811 отбасына тұрғын үй көмегі төленді.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 12489 адамға 925,3 млн теңге әлеуметтік төлем төленді. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарынан шыққан 20209 адамға 249,7 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.Облыс әкімінің грантымен 69 балаға  білім алуға мүмкіндік ұсынылды.

–    Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында әлеуметтік осал топтарды қолдаудың маңызын әрқашан айтып келеді. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған?

–    Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың бірі  – мүгедектігі бар адамдар. Аймақта 33764 мүгедектігі бар адам тіркелген. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1170 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 26716 адам оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралымен қамтамасыз етілді. Облыс көлемінде 2023-2027 жылдарға 1837 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеуден өткізу жоспары белгіленді. Биыл мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, жеке сектор, әлеуметтік және спорт саласы бойынша 374 нысанды бейімдеу жоспарланды. Бүгінгі күнге 236 нысанға толық бейімдеу жүргізіліп,  республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді.

–    Былтыр салаға 85 жыл толды. Облыс құрылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік саланың маңызы бөлек. Осынау жылдар ішінде қаншама реформадан өтіп, қазір жаңа деңгейге көтерілді. Әлі де қандай шаралар қолға алыну керек деп ойлайсыз? Халық үшін қабылданған Әлеуметтік кодекстің жемісті тұстары қандай?

–    Иә, тарихқа үңілсек, 1938 жылы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің тарихы басталған. Ел ішінде «собес» деп аталып кеткен әлеуметтік қамсыздандыру саласы қаншама реформаны, бағдарламаларды, Жол карталарын жүзеге асырды. Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілу үстінде. Өткен жылы күшіне енген Әлеуметтік кодексті қабылдау нәтижесінде 10 заңнан бірыңғай құқықтық негіз құрылды.

Облыста «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, Қызылорда қаласы мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары жабылды. «Еңбек мобильділігі орталығының» филиалдары «Мансап орталығы» атауымен өз жұмысын бастап, облыстың еңбек нарығын үйлестіруде. Сонымен қатар, Қызылорда қалалық, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанында «Отбасын қолдау орталықтары» заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға жәрдемдеседі және мұқтаждығын зерделеп, қайырымдылық жұмыстарды жүргізеді. Бүгінде басқарма 7 бөлімнен құрылған, қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, жұмыссыз азаматтардың және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын арттыру бағыттарын үйлестіреді. Бес орталық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.

–    Қазір барлық салада цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік салада цифрландыру деңгейі қалай?

–    Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде лицензиялау, сонымен қатар, жан басына шаққандағы қаржыландыру 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі. Бұл инновациялар халықты әлеуметтік қорғауды жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып саналатын әлеуметтік қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазір мамандар тізімін жасау, қызмет көрсету процестерін цифрландыру  мақсатында  әлеуметтік-еңбек саласының ақпараттық жүйелеріндегі «Career Enbek», «HR Enbek», «Socium» порталдарына облыстағы  арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдарының деректері мен мәліметтері енгізілуде.

Бұл өз кезегінде бір адамға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтің сапасын бақылауға, талдау жасау және шығындарын айқындауға, сонымен қатар, ситуациялық орталық арқылы ұйымдарда көрсетіліп жатқан қызметтердің сол мезетте нақты бейнежазуын көруге мүмкіндік береді. Өзгерістер – көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, олардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялаудағы маңызды қадам.

–    Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Еңбек адамына деген құрмет көрсету арқылы жастарды жұмысшы мамандығына баули аламыз ба?

–    Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы, еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс екенін әрдайым айтып келеді. Биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Еңбек адамына құрмет көрсету біздің аймағымызда оң жолға қойылған. 2014-2019 жылдар аралығында ең алғаш рет облыстық Еңбек әулеттерінің форумы өткізілді. Форум облыстағы 56 еңбек әулетін республика көлеміне таныстырды. Сонымен қатар жыл сайын Еңбек күні қарсаңында «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырып келеміз. Бұл мереке – адал еңбегімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі.

–    Көмекке зәру жандарға қол ұшын беруде әлеуметтік сала мамандарының еңбегі ерекше. Әріптестеріңізге мерекелік тілегіңіз…

–    2013 жылы 22 қарашадағы Мемлекет басшысының Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып белгіленді. Біздің мекемеге жас баладан бастап еңкейген қарияға дейін келеді, яғни, қызметкерлер халықпен тікелей жұмыс жасайды. Келушілер мәселесіне немқұрайлы қарамай, барынша шешуге, түсіндіруге тырысамыз.

Мереке қарсаңында әріптестеріме денсаулық, отбасыларына амандық, береке-бірлік тілеймін. Жауапкершілігі мол салада атқарған жұмыстары нәтижелі болғай.

–    Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<