Жұмыссыздықпен жүйелі күрес

3595

0

Әлемдік тәжірибеде халықты еңбекпен қамту ісін басқарудың әртүрлі модельдері қолданылады. Мәселен, америкалық модель еңбекке қабілетті азаматтардың елеулі бөлігі үшін еңбек өнімділігі төмен, бірақ халықты кеңінен қамтумен ерекшеленеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда жұмыссыздар қатары азайғанымен, кедейлік мәселесі шешілмейді. Ал скандинавиялық модель мемлекеттік секторда табысы орташа, еңбекақысы қанағаттанарлық жағдайдағы жұмыс орындарын көптеп аша отырып, негізгі күшті солай қарай тартуға бейімделген. Бұл модель негізінен мемлекет қаражатына арқа сүйейді. Үшінші еуропалық модель еңбек өнімділігін арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесіне орайластырылған. Мұндай жағдайда жұмысшылардың жалақылары біршама жоғары болады. Қазақстанның қазіргі қолға алған шаралары осы модельге келіңкірейді, бірақ өзіндік ерекшеліктері аз емес.

Аймақта жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін көрсетіп келеді.  Осы орайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевпен сұхбаттасқан едік.

Ғабит Жұмабекұлы, өңірде жұмыссыздық деңгейі қаншалықты төмендеді?

– Былтыр облыста 86 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 9155 бос жұмыс орны ұсынылған болатын. Осының нәтижесінде 3799 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Жыл сайын Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы біздің өңірден теріскейге 425 адам, яғни 117 отбасы қоныс аударды. Соның ішінде 146 адам тұрақты жұмысқа орналасып, баспанамен қамтылды. Жұмыссыздықты төмендету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғандықтан, 4,8 пайызға төмендеді. Ал жастар арасында 3,5 пайызға тұрақтады.                

Былтыр «Жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы» шеңберінде 52389 жұмыс орны ашылса, субсидияланған жұмыс орындарына 16 мыңнан астам адам қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес, 12 916 жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы да басты назарымызда. Осы санаттағы 1529 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз-өзін жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, екі мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.  Ал 234 адам қайтарымсыз грант алса, 964-і «Бастау бизнес» және қысқа мерзімді курстардан өтті. Жалпы өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға төмендеген.

– Атаулы көмек алатын азаматтарға арнайы мониторинг жүргізіле ме? Нәтижесі қандай?

– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай төмендеп келеді. Олар көмекке шын мұқтаж ба? Соған тексеріс жүргізіліп, арнайы мониторинг ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жәрдемақыны алушылар саны 14 407 адамға кеміді.

Өткен жылы 9 мыңнан астам азаматқа 4,6 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленіп, жекелеген санаттағы 40 мыңнан астам адамға жергілікті өкілетті органдардың шешімімен қаржылай көмек берілген еді. Одан бөлек халықтың осал топтарынан шыққан 460 студенттің оқу ақысына көмек көрсетілді. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларға, мүгедек және жалғызбасты қарт кісілерге қайырымдылық жасалды. Бұл игі шаралар биыл да жалғасын табады.

Біздің өңірде 33 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Әлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңғыртудың бір бағыты – мүгедектігі бар адамның отбасы мүшелерін әлеуметтік қызмет көрсетуге тарту. Тиісінше, жұмыссыз отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде тіркеліп, оған қызмет көрсеткені үшін еңбекақы алады. Осылайша 2500-ге жуық адам жұмыспен қамтылғандар санатына енді.

Тағы бір айта кететін жайт, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектігі бар адамдар қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Биыл да осы жұмыс жүйелі жүргізіледі. Айта кетейік, мүгедектігі бар азаматтардың қолайлылығы үшін 366 инфрақұрылым нысаны қайта жөнделді.

– Шетелден жұмыс күшін тарту бағытына тоқталсаңыз… Қандай жұмыстарға, қай салаға келіп жатыр?

– Иә, басқарма тікелей шетелден жұмыс күшін тарту және қандас мәртебесін беру, ұзарту мемлекеттік қызметтерін де көрсетеді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға биылға 776 бірлік квота бөлінген.  Облыста бірлескен 40 кәсіпорын жұмыс атқарса, ондағы қазақстандық мамандардың саны – 7190 адам, 370 шетел азаматына, атап айтсақ, 351 қытайлық, 10 сербиялық, 2 румыниялық, 6 украиндық, 2 корейлік, 2 ирандық, 5 түркиялық азаматқа жұмыс істеуге рұқсат берілген. Облыстық бюджетке түскен салық 244,2 млн теңгені құрады. Ал биыл бөлінген квота бойынша 500-600 адам жұмыс күші ретінде келеді деп күтілуде.

– Биыл «Күміс жас» бағдарламасына қандай өзгерістер енді? Бағдарламаның тиімді тұстары қандай?

– Аталған бағдарламаның тиімділігі жоғары. Өткен жылы республика бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 50 жастан асқан 15166 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылған. Расында да  бүгінде зейнетке әлі шықпаған орта жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын. Көпшілігі – үйде бала күтімімен отырып қалғандар немесе түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. Жоғарыда аталған жоба осындай жұмыссыз жүрген жандардың зейнетке шыққанға дейін еңбек етуіне үлкен көмек.

Олар «Күміс жас» жобасына қатысып, 36 ай бағдарлама негізінде жұмыспен қамтылады. Қатысу үшін арнайы өтініш беруі керек. Әрі тұрақты жұмысынан бөлек бағдарламаға да тапсырып, екі жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Биыл 2000-нан астам аймақ азаматы аталған бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттен қаржыландырылу жағынан мәселе жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<