Зиянкестер – жасыл желектің басты жауы

6036

0

Тал-дарақты егу бар да, оған күтім жасап, бой түзеуіне жағдай жасау бір бөлек. Осы орайда өсімдіктер ауруы және оларды зиянкестерден қорғау мәселесі өзекті екені белгілі. Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, PhD Гүлназ Меңдібаевамен сұхбатымызда бұл жайт кеңінен қозғалды.

Жас ғалым Қазалы ауданында туып-өскен. Әңгіме арасында Сыр топырағына жерсінген өсімдіктер жайын да айналып өтпеді.

– Гүлназ, пісетін уақыты болмаса да қауын-қарбыз базарға түсті. Саудасы қызып тұр. Бұларды құрт, көбелек сияқты зиянкестерден аман деп айта аламыз ба?

– Осы күні қауын-қарбыз, қандай жеміс-жидек болсын, ерте пісіру және зиянкестермен зақымдамау, аурудан қорғау үшін әртүрлі препараттарды жиі қолданатын болған. Өзіңіз білесіз, бала күнімізде құрты да бар, қарайған жері де бар тәтті қауын-қарбызды шілде ішінде жеуші едік. Ал қазір сырты ғана әдемі «сувенир» көкөністер мен бау-бақша дақылдары ерте пісіп, оны тұтынған жас та, кәрі де аллергиямен, балаларымыз түрлі іш ауруымен алысып жүр. Институтымыздың пестицидтер токсикологиясы зертханасы базардағы қауын-қарбыз құрамын зерттегенде пестицидтердің қалдық мөлшері 2-2,5 есе көп екенін анықтаған. Сондықтан оларды шілденің ортасына дейін жеуге болмайды.

– Осы жаз кене мен шегіртке «жауған» мезгіл болған сияқты. Бірақ зиянкестердің көбі химиялық өңдеуге бейімделіп алғаны сондай, ештеңеге қыңқ ете қоймайтын болыпты. Екеуінен қорғанудың басқа қандай жолы бар?

– Тұрақты өңдеу кезінде зиянды организмдерде препараттарға қарсылық туындайды. Бұл шын мәнінде, препараттардың тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты әртүрлі белсенді заттары бар препараттарды алмастырып қолдану үшін мамандармен кеңесу керек. Алдағы уақытта биологиялық қорғау шараларын күшейткен жөн.

– Қураған тал-дарақты күтіп-баптау тәртібі қаншалықты қатаң сақталып жүр? Ондай ағаштардың санына талдау жүргізіле ме?

– Негізінен кез келген қала болсын, аймақ болсын, бұрыннан бар және соңғы жылдары егілген түрлі жасыл екпелер туралы нақты талдау жүргізу үшін оларды есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізу қызметтерінің базасы болуы керек. Оған өсіп тұрған жасыл желекті ағаш, бұта түрлеріне дейін есептеу, жай-күйін бағалау, күту бойынша ұсыныстар, дендрологиялық жоспар әзірлеу негізінде жаңа екпелер, аумақтық және жасыл желек түрлері бойынша ақпарат енгізіледі.

Енгізілген мәліметтер негізінде нақты жағдай бағаланып, апатты күйдегі ағаштар анықталады. оларды одан әрі күтуге болатын-болмайтыны нақтыланып, орнына жаңадан көшет отырғызу сынды жұмыс атқарылуы тиіс. Алматы қаласы жағдайында осы жұмыстар толығымен жүйеге келтірілген. Барлық аудандағы ағаштардың саны мен жағдайы бойынша орталықтандырылған ақпарат беретін арнайы мекеме жұмыс істейді.

– Зиянкестердің ішіндегі өте зияндысы қайсы?

– Зиянкестер жасыл желектің басты жауы екені сөзсіз. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанда орман және қалалық жасыл желектерде жәндіктердің инвазивті түрлерінің жаппай көбеюі байқалады. Олардың биологиялық-экологиялық ерекшеліктері жеткілікті зерттелмеген. Бұл тауар айналымының артуына, шекарадан өтетін адамдар, жүктер мен көлік құралдарының көбеюіне байланысты. Инвазивті түрлер көбіне ірі көлік тораптары мен ірі қалалар арқылы енеді. Олар зиянкестер резервациясының бір түріне айналады.

Бұрын кездеспеген қауіпті инвазивті зиянкестер қара ағаштың зигзаг жасап егеуіші, еменнің үңгі егеуіші, мәрмар қоңызы, испан ұлуы, қара ағаштың үңгі егеуіші, 2022-2023 жылдары Іле және Жетісу Алатауындағы жабайы жемісті таулы ормандарында жапырақ жегіш қауіпті карантинді зиянкес – жұпсыз жібек көбелегі, аса қауіпті зиянкестер – жұлдызшалы тоқығыш егеуіш, қызылбасты жұлдызшалы тоқығыш егеуіштер  пайда бола бастады. Сондықтан зиянкестермен күресте барлық қалада тұрақты түрде ерте көктемнен күзге дейін орман-патологиялық мониторинг жасалып, күресу шараларын ұйымдастыру керек.

– Қызылордада көшет көп егілгенімен бой тіктеуі қиын. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Біздің өңірге тән ағаш түрлері және оларды зиянкестерден қорғау тәсілдерін бөліссеңіз…

– Табиғи ормандарға қарағанда жасыл желекті қорғау маңызды. Себебі екпелердің шығымы мен жерсінуі әлсіз келеді. Сондықтан қаланың жергілікті климатына сәйкес шығымы жоғары және ұзақмерзімді үйеңкі (аcer), жиде (elaeagnus), акация (асасіа), айлант (ailanthus altissima) сынды ағаштарды егуді ұсынамыз.

Қызылорда қаласы аумағында бұрыннан бар және соңғы жылдары егілген терек, Сыр талы, қарағаштардың өздігінен қурап қалуы сияқты жағдайлар кездеседі. Көгалдандыру бағытындағы мәселелер бойынша жасыл екпелердің (қылқан жапырақты, жапырақты ағаштар, бұталар) орман-патологиялық жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жасалып тұрады. Осы орайда дің жараларын, қуыстарды, жарықтарды сауықтыру бойынша арнайы ынталандырушы құрамдарды қолдану арқылы емдеуге кеңес береміз. Сонымен қатар көктем-жаз кезеңінде жасыл екпелердің зиянды организмдерінің түрін, құрамын анықтап, заманауи биологиялық препараттар мен өсімдіктердің өсуін ынталандырушы құраммен бүрку жұмысын атқарған жөн.

– 2025 жылға дейін Аралдың ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл егу жоспарланған. Сексеуілдің шөлге төзімді екені онсыз да белгілі. Ал зиянкес жәндіктерге қаншалықты төзімді?

– Сексеуіл Қазақстанның жалпы орман қорының 52 пайызын алып жатыр. Ол – шөл аймақта орман құратын жалғыз ағаш тектес өсімдік. Бүгінде елімізде шөлге айналу процесімен күресуге арналған халықаралық бағдарлама міндеттерін орындау мақсатында əр жыл сайын сексеуіл ағашын қолдан өсіру ауқымы артып келеді. Дегенмен, тұқымды егу бір бөлек, оны мұқият күтіп-баптап, өсіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Егілген тұқымдық материалдар толыққанды өніп шыққанымен, әртүрлі аурулар мен зиянкестердің және арамшөптердің әсерінен өскіндердің сақталу әсері төмендеп кетті. Әртүрлі орман шаруашылықтарынан (орман питомниктері) әкелінетін тұқымдар зертханалық және танаптық жағдайда егілгенде көпшілігі мүлдем өнбейді. Ал өнген тұқымдардың көбі ауру инфекцияларын жұқтырғаны, яғни тұқымдардың патогендік кешені құрамында саңырауқұлақ, бактерия, вирустардың бары анықталды.

Жалпы, тұқымды себу алдындағы өңдеу жұмыстарын сапасыз жүргізу немесе мүлдем жүргізбеу, дәрілеушілерді пайдаланған жағдайда дұрыс таңдамау тұқымдық инфекцияның өну кезінде жаппай көбеюіне әкеліп, өсімдікке үлкен қауіп туғызады. Нәтижесінде толыққанды өскін шықпайды. Сондықтан тұқымға егер алдында микрофлорасының түр құрамын анықтау үшін фитосараптама жасалуы қажет. Тұқымдардың фитосараптамасы негізінде дәрілеуші препараттар таңдап, оның өніп шығу энергиясы, өңдеуге дейінгі және кейінгі зертханалық өнгіштігі тексеріледі. Дәрілеуші препараттардан бөлек, әр өсімдік үшін жеке өсу реттегіштері таңдалады. Бұл тұқымдық инфекцияны тежеуден бөлек, себу сапасын, өскіннің, тамыр жүйесінің өсу қарқынын арттырады. Сау тұқымнан сау өскін алып, одан әрі тұрақты мониторинг жүргізу арқылы ғылыми сүйемелдеумен зиянкестерге қарсы күресті жүйелі түрде ұйымдастырса, нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Қанша зиян болса да ондай жәндіктерді жаппай жойып жіберу табиғи тепе-теңдікті бұзатыны сөзсіз. Ғылымда осы жағы қаншалықты ескеріледі? Зиянкестермен экологиялық жолмен күресу жолдары бар ма?

– Республикамыздың көптеген елді мекендерінде жасыл желекті зиянкестерден қорғауда химиялық өңдеудің кемшіліктері ескерілмей жүргізілуде. Өңдеу барысында алғашқы кезде зиянкестер жойылып, жақсы нәтиже көрсеткенімен, кейінірек олардың жасырын зияндылығы орын ала бастайды. Мәселен, қайталап өңдеуден соң аз уақытта кейбір зиянкестер (кене, өсімдік биттері, тағы басқа) қолданылған инсектицидтерге бейімделіп, төзімділігі артады. Сондықтан жасыл желек пен орманды зиянды ағзалардан қорғау шаралары ғылымға негізделген болуы тиіс. Қорғау, сауықтыру қала аумағының қауіпті пестицидтермен одан әрі ластанбауы, экологиялық ахуалды, орман-патологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кешенді шараларды (биопрепараттар, энтомофагтар және феромондық тұзақтар) қолдану арқылы негізінен биологиялық әдістермен тұрақты, оңтайлы мерзімде жүргізілуі тиіс.

Органикалық, минералды макро және микротыңайтқыштармен жеткіліксіз суару ағаштардың әлсіреуіне, өлуіне әкеп соғуы мүмкін. Іс жүзінде барлық қалаларда табиғи топырақ сақталмай, ылғалданумен аэрацияны қамтамасыз ететін кеуектілік пен оның құрамдас элементтері арасындағы тепе-теңдік бұзылып, жасанды топырақ қалыптасты. Топырақтың қатты ластануының бір себебі, өнеркәсіптік өндірістің зиянды қалдықтарының түсуінен. Сондықтан топырақ құнарлылығының төмендегенін ескере отырып, макро-микроэлементтер, гумин қышқылдары, экстрасол, аквасорбенттер, тағы басқа өсімдік өсуін реттеушілермен жасыл желекті қоректендіру қажет.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» дегендей, жер-Анамен тілдесіп, Қазақстанның барлық аумағын жасыл алқапқа айналдыру – біздің басты борышымыз.

– Гүлназ, қыз баланың ғылым жолында жүруі оңай емес екені белгілі. Кімдердің қолдауын сезінесіз?

– Қоғамда адам ретінде орнымды тауып, маман ретінде қалыптассам, ол – әуелі Алланың, сосын ата-анамның, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебінің, Қазалы аграрлық колледжінің, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұстаздар қауымының ерен еңбегі. Мен өзімді мықты ұстаздардың алдын көрген бақытты шәкірт деп есептеймін.

Ғылым жолы қиын да қызықты, шыдамдылық пен шапшаңдықты талап етеді. Осы жолға келген алғашқы күнімнен бастап тәрбиелеген энтомологияның атасы, биология ғылымдарының кандидаты, доцент, марқұм Нұрсағым Жамаубайұлы мен он жылдан астам уақыттан бері жол көрсетіп келе жатқан ұстазым, биология ғылымдарының кандидаты Нұржан Серікқанұлына ерекше алғыс айтамын. Нәтижелі жұмысымның артында отбасымның тыныштығын қамтамасыз етіп, күні-түні жұмыс істеуіме қолдау білдіріп жүрген жарым Қанат тұрғанын атап өткім келеді.

– Сұхбат үшін алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<