Ғылыми негізделген тәсілдер тиімді

682

0

Сурет ашық дереккөзден

Кезінде Үлкен Арал қасіретін жеңілдету іс-шараларына отандық және шетелдік ғалымдармен бірге отбасымның барлығы дерлік, ұлым Ержан, қызым Майра, олардың анасы Тамара Омарғазықызы болып, қолымыздан келген жақсылықты аямадық. Арал ұлтанына жүргізілген ғылыми тәжірибелерге Германия ғалымы, профессор Зигмар Брекле жетекшілік етті. Израиль елінің ғалымы, профессор Арон Айермен бірге мелиоратор әрі топырақтанушы агрохимик, геохимик-геофизик ретінде шөлейттенген тұзды ұлтанның жаңадан пайда болған жазығына, қуаңшылық жағдайына бейімделген өсімдіктерді (сарсазан, қарабарқын, жыңғыл түрлерін және сексеуіл) егу технологиясын зерттеп тауып, енгізумен шұғылдандық.

Ержан мен Майра басқа жергілікті қатысушылармен бірге жазыққа сексеуіл мен жыңғыл көшеттерін екті. Тамара Омарғазықызы агрохимик-аналитик ретінде жүргізілген тәжірибелердің қилы тақырыбына сәйкес, теңіз ұлтанының суы кепкенде, күрделі тұзды жағдайда құрылған топырағының үлгілерінен агрохимиялық және тұзды құрамды заттарды тұрақты анықтап отырды.

Халықаралық маңызы зор, өте өзекті Арал мәселелеріне дұрыс, ғылыми негізделген шешім табу үшін жасалған тәжірибелер нәтижелері алыс-жақын шетелдік баспаларда, Қазақстанда, ал өте маңызды әрі өміршең шешімдер мен ұсынымдар кітап-кітапша түрінде әлемге әйгіленіп жатты.

Арал теңізінің ұлтанына сексеуілден жамылғы жасау жолын тауып, қасіретіне тосқауыл қоямыз деп жатқанда енді Кіші Арал теңізі суының деңгейі күрт түсті деген оқыс хабарды естідік. Тұла бойымыз дір етіп, қолымызға қалай қалам-қаруымызды алғанымызды өзіміз де білмей қалдық.

Бүгінгі Қазақ елі ояу әрі сергек, бізді қолдайтын көрші елдермен бірігіп, Үлкен Аралдан келер зиянды болдырмауға қуаты мен жігері, тәжірибесі жетеді. Климаттың оқыс ойраны мен Арал қасіреті ұласып, жер бетіндегі елдердің экологиялық санасының жедел оянуына үлкен себепші болды.

Осы жаһандық өзекті мәселелер, Арал мен климат байланыстылығы жөнінде Араб елінің Дубай қаласында өткен саммитте ерекше талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көп елдің басшылары алдында табиғаттың қатерлі құбылысынан туындаған қиындықтар (орман өрті, су тасқыны, қуаңшылық, т.б) бәрімізге бірдей келетін жаһандық қасірет деп экология жөнінде айтты. Президент сөзі көп қолдауына ие болғанына біз де қатты қуандық. Шүкір, әлемге әйгілі Аралда жасалған құнды ісіміз бар. Осы ғылыми жетістіктеріміз Аралдың тұзды топырақты шөлейт жазығын ғылыми негізде жаппай көгалдандыруға сәтті қолданылса дейміз.

Енді Кіші Арал мәселесі асқынбай тұрғанда оның судан ашылған акваториясын Сырдария суымен шұғыл әрекеттер арқылы тез арада бұрынғы тұрақты деңгейіне дейін толтырмасақ, Үлкен-Кіші Арал тағдыры күрделеніп кетуі мүмкін. Сырдарияға су сырт елден келеді. Ішкі егін суын осыдан былай өзіміз үнемдеуіміз керек. Ауызсу мен егін суының өзектілігі жаһандық деңгейде артып барады. Осы мәселеге көзқарасымыз оңтайланса, Арал тағдыры түзелетініне сеніміміз артады.            

Кезінде Үлкен Аралдың құрғаған ұлтанында шетел ғалымдары күнделікті атқаратын іске бізді қызықтырып жетелеуінің арқасында жұмыс өте нәтижелі болды. Осындай қызығушылықпен және тапсырманы етімізге сіңген адами тәртіппен орындадық. Ерте көктемде соғатын құмды суық боранына, жаздағы шыжыған ыстығына, күздегі үскірік қара суығына көніп, төзіп жүріп 180 айдың 7 айында Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйғарымымен Аралдың құрғаған ұлтанынын зерттеу үшін құрылған бірінші дүниежүзілік экспедиция мүшелері тарихи құнды, нәтижелі тәжірибелер жасаппыз. Жетістіктеріміз ағылшын тілінде үш кітапқа енгізіліп, орыс тілінде бір кітап және 19 мақала жарияланды.              

Бір таңғаларлық жағдай, осы орасан еңбегіміз өз елімізде әлі тиісті бағасын алмады. Біз бірінші болып Аралдың тірі жансыз меңіреу шөлейтін зерттеп, оны тірілтіп, сексеуіл орманына айналдырудың, ғылымға сүйенген әдіс-тәсілдерін жариялап, тізіп бердік.

Тарихи және құнды, дүниежүзілік деңгейде жасалған ғылыми нәтижелеріміз көпшілік назарына жетпеді. Жаһандық климат өзгерісі Аралдың қазіргі жағдайына әсер етпей ме деп те ойлаймын.

Табиғат өкпесі боранымен, апталаған ыстығымен оқыс келіп, бүлдіргені былай тұрсын, қуаңшылықты тұрақтатып, малға жұт, жерге тақырлық әкеліп, тіршілікті тоқтатар күшімен өлшенеді. Осындай болатынынан жер жүзі халқы хабардар.

Былтыр 25-26 мамырда Қызылорда қаласында Арал қорының есеп беру халықаралық конференциясы өтті. Бұл жиынға Жапониядан, Қытайдан, Германиядан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қазақстаннан, т.б елдерден қатысқан ғалымдар өз жетістіктерін ортаға салып, талқылап жатты. Бір қызығы, баяндамаларында сексеуілдендіру жұмыстары Арал ұлтанында еш кедергісіз жайқалып шықты дегеніне күмәнданып, «топырақтану маманынсыз ол мүмкін емес» дегенімде, Қарақалпақстан ғалымы «ақсақал өте дұрыс айттыңыз» деді. «Біз 10 жылдан аса сексеуілді өсіре алмай қиналдық. Почвоведті алып едік, 3000 гектар ұлтанға еккен сексеуіл өскіні өсіп, жайқалып тұр» деді де, слайдпен сол жерді көрсетті. Екі күндік конференцияда  Аралдың шөлейт тұзды, жансыз жерін бірінші болып игергеніміз және құнды ғылыми еңбектер аталмады. Орнымнан тұрып, төрт кітапты барлық отырғандарға көрсеттім. Өзімнің және Германия ғалымы, профессор Зигмар Брекленің, Израиль ғалымы Арон Айер мырзаның және басқалардың еңбегін, жинақтарды ұсындым. Үшеуі ағылшын тілінде дүние жүзіне әйгіленген еді. Төртіншісі 2021 жылы орыс тілінде жазылып, Қызылорда баспаханасынан шыққан. Бұл Қазақстанда бірінші басылған, Аралдың ұлтанында атқарылған ғылыми тәжірибелер нәтижелерінің бірінші жинағы болатын. Авторлары мен және Ғалиолла Мейірман. Кітаптың аты – «Особенности формирования растительного покрова на обсохшем дне Аральского моря». Атқарған еңбегімізді ескеріп, біздің істегенімізді дамытып, ұлтанды көгертіп, сексеуілдендіріңдер деп, алдағы істеріне сәттілік тіледім. Жапонның сол кездегі Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада қолымды алып, біздің еңбегімізге басын иіп ризашылығын білдірді.

Енді 1997-2011 жылдары атқарылған 15 жылдық ғылыми тәжірибелердің нәтижелерін, тарихи маңызын, ұсыныстар мен шешімдердің ерекшелігін мұқият талдайық.

Біріншіден, 15 жылдың ішінде Үлкен Аралдың ұлтанында Қазақстан ғалымдары 225 күн, шетел ғалымдары 180 күн болып қилы-қилы тәжірибелер жасадық. Жаздың ыстығында тереңдігі 1,5-2 метр көп шұңқыр қазып, теңіз ұлтанының жаңа топырағының құрылымын зерттеп, жер картасын сыздық. Келешек тәжірибені салу әдіс-тәсілін ойластырғанда, сексеуіл өскінінің айлап есеюін зерттегенде, күзде тәжірибе салғанда, отандық және шетелдік ғалымдарды талпындыратын жаһандық мәселені шешу күнде есімізге түсетін. Намыс бізді алға ұмтылдырып, жігерлендіріп отырды. Профессорлар Зигмар Брекле мен Арон Айер сол кезде дүние жүзіне ғылыми еңбектерімен танымал ғалымдар еді. Шын патриот екенін Біріккен Ұлттар Ұйымы басшылары біліп, Арал ұлтанын зерттеп игеруге бірауыздан қолдап, жібергенін өздерінен естідік және ісімен дәлелдеді. Олар біздің қасіретімізді өз еліне келген үлкен апаттай қабылдады. Қазақстан ғалымдарын және қатысушыларды бұрыннан таныс адамдардай құшақ жайып қарсы алды. Жұмыс бастағанда шын жүректен шыққан өміршең, ұшқыр ойларымен бізді баурап алып әрі оң істерімен алға жетелеп отырды. Жан-тәнімен беріліп істеген ғылыми жұмыстың нәтижесі құнды болып тарихта қалатыны белгілі еді. Тілдесуімізді оңайлатқан, орысша, немісше және ағылшынша сөйлейтін, ұлты неміс, Шымкент қаласының тумасы, phd докторы Вальтер Вухерер – Зигмар Брекленің шәкірті.                

Екіншіден, Арал ұлтанын зерттеп игеруге келген отандық ғалымдар да, қатысушылар да – өз мамандықтарын терең меңгерген, өмір елегінен өткен адамдар. Тапсырыстар күнделікті, өте жедел атқарылды. Басқарушылар күнде мұқият тексеріп барып, тиісті бағасын беріп қабылдады. Кезі келгенде қиын тапсырыстарға араласып, көмектесті. Жұмыс аяғында, әдеттегідей, ғылыми кеңес құрып, қателерді бірлесіп түзеттік. Кешкі ас соңында басшылар ертеңге тапсырма беретін. Күнделікті жұмыс осындай сергек бақылауда болғандықтан, тәжірибе нәтижесіне, шешімдеріне сенім артып, олардың өміршеңдігіне көзіміз жететін.

Үшіншіден, шөгінділердің су астында орналасуына байланысты, әртүрлі жазықтардың табиғаты жағынан құрлыққа тән көрнекті бейнелері құрылады. Олардың қыр-сырын жетік білу үшін сол жазықтардың әр жерінде 1,5-2 метр қазба шұңқырлар (разрез) жасап, тұз қабаттарының орналасуын зерттейміз. Күнгей қабырғасынан, әртүрлі тереңдігінен топырақ үлгілерін аламыз. Үлгілер көрсеткішіне сәйкес жазықтар картасы жасалады. Осы карталар мәліметтерінен тәжірибе салудың әдіс-тәсілдері анықталады. Аталған әдіс-тәсілдермен отырғызылған сексеуіл өскіндері өз орындарында, тұздан келетін зиянды көрмей, еркін өседі. Өскіндер отырғызылған ұяларынан өсуіне кедергі сезбесе, оны өскіннің өскен орнын жерсінуі дейді. Құрылымы әрі құрамы әртүрлі жазықтарға өз ерекшеліктеріне қарай, анықталған әдіс-тәсілдерімен сексеуіл өскіндері отырғызылса, жерсінуі 15-20-дан 45 және 90%-ға артады. Осы көрсеткіштер мәліметтерінің маңызы Арал ұлтанын сексеуілдендіру жұмысында өте зор екені түсінікті. Осылай зерттеу нәтижесінде сенімді әрі тұрақты сексеуіл жамылғысын жасаудың жаңа жолы табылды. Мұны сексеуілдің өміршеңдігі дейді.

Төртіншіден, жерінің ерекшелігіне байланысты, түрлі әдіс-тәсілмен отырғызылған тәжірибедегі сексеуіл өскіндері кедергісіз өсіп-дамып, есейіп осы күнге дейін жайқалып, жапырақ жайып тұр. Кең тараған ауруларға шалдықпай келеді. Сексеуілдің алды 20 жылдан асыпты. Өміршеңдігіне себепші болған қолдан жасалған жасанды және адами факторлар – карта жасап әдіс-тәсілдерді анықтау жолы, жауапкершілікті күнде сезіну, топырақтану ғылымын, Арал ұлтанында жаңадан құрылып жатқан әртүрлі құрамды әрі тұзды топырағын терең біліммен ұштастырып, орынды және уақыт жағынан ұтымды қолданған мамандар.

Бесіншіден, қыр-сыры әртүрлі жерден салыстырмалы түрде електен өткен ғылыми нәтижелердің сәтті шығуы мен сенімге бірден ие болуында. Тәжірибелердің ұтымды шешімдері мақала-кітап арқылы ел-жұртқа жарияланды. 

Сонымен Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен құрылған, бірінші болып Арал ұлтанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген экспедиция ғалымдарының нәтижелерінен 2 маңызы зор ұсыным әлемге таралу үшін баспадан екі кітапша болып шықты. Қилы-қилы ғылыми тәжірибелер жетістіктерінен 19 мақала жазылды. Олар Берлинде, Парижде, Ресейде, Беларусьте, Украинада және Қазақстанда жарық көрді. Тәжірибелер Дүниежүзілік Даму банкінің қаражатына жасалды. Қаражат банкіден профессор Зигмар Брекленің беделімен алынды. Осы тарихи тәжірибелердің ғылыми нәтижелері ағылшын тілінде 3 ғылыми жинаққа еніп, Берлинде, Парижде басылды.               

Климат өзгерісінен туындаған жаһандық апаттар – орман өрті, су тасқыны, қуаңшылық қасіреті, таудағы қардың аздығынан өзендер мен теңіздердің су деңгейінің күрт төмендеуі, т.б. халықтың ығырын шығарып жатыр. Сырдарияның екпінді су деңгейі де тұрақсызданып, күрішке су жетпей жатыр деген ақпарат құлағымызға жеткенде, Кіші Арал теңізінің тағдырына жанашыр ретінде қатты алаңдай бастадық.

Кіші Арал теңізінің суы тартылса, жалпы Арал теңізінің акваториясы (қазандағы) шөлейттенуге күрт бет бұрады. Аралқұм жоны құйындап соққан жел арқылы әр жерде шоғырланып, шашылып жүрген құм төбелерімен қосып, тұтастырып, Қарақұм мен Қызылқұм жоталарын жалғастыруға тырысады. Сонда Арал қазандығын жартылай құм басады. Сырдария суы Әмудария сияқты құм құрдымына кетеді. Үлкен-Кіші Арал қазандықтарының айналасын құм жондары қоршап, Арал өңірін Сахараға айналдырмаса да, соған ұқсас өлі өмір кеңістігін кеңейтуге бет бұрады. Қуаңшылықтың шөл даласында шөл тіршілігі басталады. Шөл дала климаты жаһандық климат әсерінен тұрақтануға талпынады. Осы өзгерістердің Қазақстанның континентальдық климатына оңынан теріс әсері басым.

Кейінгі буынға шөл даланы, Қарақұм, Қызылқұм мен Аралқұм арқылы Мойынқұммен тұтасқан құм жоталарын ұсынбас үшін әлі де көп жұмыс атқарылуы керек. Олай болса, апатты бәсеңдету үшін қолдан келер сексеуілдендіруді, елді, жерді ағаш егіп ормандандыруды бүгіннен бастап тез қолға алайық, ағайын! Арал теңізі ұлтанының жазығын қоршаған Қызыл-Аралқұм жоталары батысқа қарай қозғалмасына кім кепіл?! Ол үшін Президентіміздің Үлкен Аралдың тұзды ұлтанын сексеуілдендіру және Кіші Арал теңізінің суын молайту бастамасына іспен көмектесейік. Күріш еккен кезде оның көлемін керегінше азайтуға тарылмайық. Бірте-бірте күріш жүйесінен, суды аз талап ететін дақылдар (бидай, жоңышқа, арпа, сұлы, жүгері, картоп, қарбыз, қауын, көкөніс, жеміс ағаштарының көлемін ұлғайту) жүйесіне көшуге батыл бетбұрыс жасаған дұрыс болады дейміз.       

Ал Үлкен Арал шөлейт жазықтарын сол кеңістіктерде жасалған тарихи-ғылыми жетістіктерді жетік меңгеріп барып, фитомелиорацияның жаңа технологиясын, сексеуілдендірудің іс-шарасын тез арада жаңаша дайындап, қолға алған дұрыс. Жаңадан пайда болған тұзды шөлейт жазықтарды тарихи тәжірибелер нәтижесімен, дәлелденген әдістерімен көгалдандырса, сексеуіл өскіндерінің өсіп-дамуына зиянын тигізе алмайды. Қилы-қилы тұздар қабатын өскіндер тамыры айналып өтеді. Сонда ғана Арал ұлтанына тұрақты, өміршең өсімдік жамылғысы жасалады. Сексеуіл жамылғысы бүкіл Арал жазығын қамтыса, құм белестерінің, төбе-төбе құмдардың тұтасып, Аралқұм жоталарына қосылуына орасан табиғи бөгет болар еді. Ғылыми негізделген әдіс-тәсілдерді қолданып отырғызылған сексеуілдер, қандай да жолмен табылған қаражаттың және Халықаралық қордың тиімділігін арттырады. Әдіс-тәсілдердің карта жасау жолымен дұрыс анықталуын қамтамасыз ететін топырақтанушы агрохимик, геолог, биолог, мелиоратор-инженер, тағы басқа қажетті мамандар. Олар өз мамандығына сәйкес білімді терең меңгеруі керек. Жұмыс орны шөл дала болғандықтан, жауапкершілігі мол, намысты, денсаулығы мықты адамдардан құралған зерттеу экспедициясы Аралды көгалдандыруды абыроймен адал орындайтынына сеніміміз мол.

Арал қасіретін жеңілдету жолында адал қызмет ету, бүкіл адамзатқа рақымшылық пен қайырымдылық жасағанмен бірдей.

Хасый ЖАМАНТІКОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<