Киік көбейді: пайдасы қайсы, зияны неде?

7

0

Фото: «Охотзоопром» ӨБ РМК

Елімізде, оның ішінде Қызылорда облысында киік, ақбөкен сияқты түз жануарларының саны қанша? Оларды ату заңды ма? Биыл қыста Арал ауданында ақбөкендердің топтасып жүргенін, тіпті елді мекендерге дейін кіргенін білеміз. Бұл қаншалықты қалыпты? «Охотзоопром» ӨБ РМК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов өзара әңгіме барысында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

– Ақбөкеннің арасын­да Қызыл­орда облысында тұрақтай­тыны өте аз. Ұлытау, Қостанай, Ақ­төбе облыстарын ме­кендейтін олар қыс мезгілінде қар қалың жа­уып, қорек таппаған соң жа­йы­лымдық жер іздеп осын­да ке­леді. Бұл – табиғи заң­дылық. Әлеу­меттік желіде тара­ған бей­нежаз­бада киіктердің әлсі­регені туралы жазылды. Бұл да алаң­дай­тын нәрсе емес. Қарашадан жел­тоқсанға дейін киіктердің күй­­леу кезеңі өтеді. Бұл уақытта кө­бінесе аталықтары әлсіреп, күші қалмайды. Қызметкерлеріміз Арал ауданына барып, аң айдау, оларға жем шашу жұмысын жүргізді. Қа­зіргі күні аталықтары әлденіп алды, – деді Расул Маханов.

Филиал қызметкерлері Арал ауданының аумағынан әр жерден, қар астынан 12 бас киік аталығының өлексесін тапқан. Былтыр 463 бас аң өлексесі залалсыздандырылған болатын.

Киік көбейді: пайдасы қайсы, зияны неде?

– Бүгінде елімізде үш популя­цияда есеп бойынша 3 млн 978 мың бас киік тіршілік етеді. Орал популяциясы – 2 млн 300 мың, Бетпақдала популяциясы – 1 млн 600 мың, Үстірт популяциясы – 78 мың. Киік саны он жыл шамасында 40,4 пайызға көбейген. Бұл – был­тырғы санақ қорытындысы, санақ төлдейтін сәуір, мамыр айларында жүргізілгенін ескеруге тиіспіз. Біз­дің есебімізше, Сыр өңірінде 60-65 мыңдай киік бар. Оның 30 мыңнан астамы Арал ауданының ау­мағында шоғырланған. Киік – тез көбейіп, тез азаятын аң. Қыс қатты, қар қалың болған 1992 жылы киіктер көптеп қырылған көрінеді. Саны тіпті 15 мыңға дейін түсіп кеткен деген дерек бар. Жиырма жылдан астам уақыт көбею тенденциясы байқалды. 2013 жылы еліміздің солтүстік бөлігінде қайтадан ауру­дан қырылып қалды. Кейін тағы көбейе бастады. Миграция жо­лы­мен кезінде киік Қызылорда об­лысы арқылы Өзбекстанға өтіп кеткен жағдайлар болған, – деді филиал басшысы.

Былтыр шілде-желтоқсан айла­ры аралығында Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарының ау­ма­ғында киік санын реттеу жұмысы жүргізілді. Мамандар мұның себе­бін сайын дала сұлуының көбеюі­мен байланыстырады.

– Көктемнен бастап киік егіс­тік алқаптарын таптап кетеді. Егін­мен айналысатын шаруа қо­жалықтарының өкілдері «егінге түседі, еккенімізді тып-типыл ете­ді» деп шағымданады. Түген­деу жұмысы осындай өтініш негі­зін­де қолға алынған. Киікті аулауға «Охотзоопром» мекемесі қыз­мет­керлерінің қадағалауымен аң­шы­лар жалданды. Нәтижесінде былтыр табиғи ортадан 196 210 бас киік алынды. Олардың еті ет комбинаттарына өткізілді. Ал мү­йізі «Охотзоопром» мекемесінің Алматы қаласындағы сақтау ор­ны­на жиналды. Әрқайсысының тұ­сына реттік саны қойылған, арнайы температурада сақтаулы тұр. Мү­йізді фармацевтикалық мақ­сатқа пайдалану бағы­тын­да Үкімет іс-шаралар жүргізіп жатыр, – деді Расул Маханов.

Жалпы ақбөкен жойылып кету қаупі төніп тұрған аң бо­лып есептеледі. Бірақ саны кө­бейгесін 2023 жылы бұл тізімнен алынды. Дегенмен, түз еркесін заңсыз атқаны үшін елімізде қылмыстық жауапкершілік қа­растырылған. «Охотзоо­пром» филиалының қорғау ай­ма­ғында инспекторлар өт­кен жылы 17 қылмыстық дерек­ті анықтаса, биылдыққа 2 бра­коньерді қолға түсірген.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»