Табиғат қателікті кешірмейді

484

0

Сурет ашық дереккөзден

Бір тал кессе, орнына он тал егетін халқымыз табиғатты ерекше аялаған. Ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы биосферадағы жаратылыстың тепе-теңдік заңдарын бұзды. Мұның соңы азынаған желге, ащы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әр түрлі улы қосылыстармен ластануына әкелді. Адамдардың денсаулығы нашарлап аурудың түрі және саны көбейді.

Қазір экология және қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзекті болып отыр. Елімізде оған қатысты қабылданып жатқан шаралар да аз емес. Өндіріс орындарына қомақты айыппұл салынып, экологиялық мәселелерге немқұрайлық танытқандар жазалануда. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейтіні белгілі. Табиғат адамзатқа ортақ дүние болғандықтан, оған тек мамандар ғана емес, әрбір адам жанашырлықпен қарау керек.

Жаһандық жылыну үрдісі зор қауіп төндіруде. ХХ ғасырдың басынан бері ауаның орташа температурасы 0,74 °C-қа жылынса, соның үштен бірі 1980 жылдан кейінгі кезеңнің үлесіне тиеді.  Ал ХХІ ғасыр ішіндегі температураның өсуі төменгі мөлшерінде 1,1-2,9, ал 2,4-6,4 градус аралығында болуы мүмкін. Оның салдарынан жер шарының барлық өңірінде ыстық күндер саны артады. Бұған қоса, құрлықтық аудандардың басым бөлігінде жылу толқыны жиі орын алып, температураның таралуы қысқарады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Электр энергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты  Бахытбек Әбжәлеловтің айтуынша, жер бетіндегі орташа температура 1850 жылдан бері шамамен 1,1 0С көтерілген.

– Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, қалдықтарды лақтыру, түрлі-түрлі жағымсыз әрекеттер – бәрі-бәрі жаһандық жылынудың басты себептері болып тұр. Жер шарының орташа температурасы қазіргіден 2°С жоғарылайтын болса, бұл адамзатқа ауыр апат алып келуі мүмкін. Дүниежүзілік мұхит деңгейінің өсуімен қатар жаһандық температураның да өсуі атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің өзгеруіне әкеледі. Осылайша табиғи катаклизмдер жиілеуі мүмкін, – дейді ғалым.

Жаһандық жылынудан өзге, қоршаған ортаны қорғау және экология жайы әр елді алаңдатуда. Қазіргі таңда ауызсу, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі үлкен мәселеге айналды. Өйткені, қоршаған ортаның ластануы экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге көп кедергі жасайды.

– Кейінгі статистикалық мәліметтер бойынша өнеркәсіптік өндіріс пен ғылыми-техникалық прогрестің дамуы адам денсаулығында болатын түрлі өзгерістерге әкелген. Сондықтан кез келген әлеуметтік жүйе табиғи ортамен сәйкестікте өмір сүруі қажет және табиғатты пайдалану әдістерін, өндірісті табиғат мүмкіндіктеріне сай жүргізуі шарт. Сонда табиғат та өз популяциясын және өмір салтын сол мүмкіндіктерге үйретеді. Табиғатпен санаспай өмір сүру адамның өмір-тіршілігіне, әсіресе денсаулығына әсер етіп, тіпті бұрын кездеспейтін аурулар пайда болуда. Ал адамзат үшін ең басты байлық – денсаулық, – дейді Б.Әбжәлелов.

Топырақтың тұздануы жылдам жүруде

Қазақстанның көптеген аудандары бүгінгі күнде экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырылған түрде қаржы бөлінеді. Алайда, мұның бәрі, республиканың ұлттық табысының 1%-на да жетпейді.

Мамандардың айтуынша, республикадағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30%-дан аспайды. Өндіріс сарқынды, шайма және қолданылған судың әсерінен Ертіс, Орал өзендерінің суы, зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден әлдеқайда асып түседі. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы, тек 300 шақырымдық жол жүріп өткен соң ғана жүзеге асады екен. Қазіргі экожүйені қалыптастыру, ғылым мен техника жетістіктерін өндіру, осы мақсаттарға қаржы жұмсау мөлшері теңізге тамған тамшыдай.

Жер және минералды шикізат ресурстары, ауылшаруашылық алқаптары тозудың аз-ақ алдында десе де болады. Суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмендеуі, топырақ қабатындағы гумус қабатының жұқалануы, егін алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал табиғатта қалыңдығы 5 см гумус қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет болса, бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кететіні анық.

Экология мәселесі сөз болғанда Аралдың жайын айтпауға болмас. Арал қасіреті республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет –  Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстанның президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды. Бір кездері арнасынан асып-тасып жатқан алып теңіздің бүгінгі жайы жүрек ауыртады. Ұлтанынан ұшқан тұзды шаң әлемнің түкпір-түкпіріне жетіп, барған сайын қатерлі де, қорқынышты сипат алып барады. Бұл проблеманың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да мінбелерден қайта-қайта көтерілуі де сондықтан.

Эколог ғалым Аралдың фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын екенін айтады.

– Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқтап, кейінгі 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13-20 млн тонна деп есептеледі. Тұзды шаң әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауыл шаруашылығына зардабын тигізуде. Топырақтың тұздануы Өзбекстанда  60%, Қазақстанда 60-70%-ға артып отыр. Мұның өзі жалпы шаруашылыққа зиянын тигізуде. Арал теңізінің болашағы дүниежүзі халықтарын толғандыруда. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шөлге айналу, атмосферадағы ауытқушылықтар, антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады.

300 миллион тонна пластик

Қазір өндірісте пластик ыдыс пен целлофан қалта көп пайдаланылады. Мәліметтер бойынша, пластикалық өнімдерді шығаратын зауыттар жылына атмосфераға 400 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Жануарлардың пластикті жеп қоюы, соның салдарынан жойылып кету қаупі де жоқ емес.

Пластмассадан жасалған ыдыстар бір рет қолдануға арналған. Алайда  олар екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтыны белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырайды да, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды. Жерасты суы арқылы ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеледі.

Жыл сайын елімізде көлемі мен түрі әралуан пластик ыдыстар тонналап өндіріледі. Қазір көпшілігіміз бір реттік ыдыстарды пайдалануды әдетке айналдырғанымыз рас. Оларды пайдалану уақытты үнемдегенімен, зияны орасан. Мәселен, пластик ыдысты жуып жатқаннан гөрі қоқысқа тастай салу ыңғайлы. Ал қоқыстың шамадан тыс көптігінен қоршаған орта ластанып, адам денсаулығы зақымдануда.

Жалпы, пластик ыдыстар химиялық қосындылардан жасалатыны белгілі. Сондықтан оларды дұрыс пайдалану туралы мамандар кеңес береді.

Егер пластиктің табанында PS деген таңба болса, ол тек салқын азық-түлік салуға немесе құюға арналған. Ал оған ыстық шәй құйылса, ыдыстан стирол деген улы зат бөлініп шығады. Мұндай ыдысты көп қолданатын адамның бауыры мен бүйрегі дертке шалдығады.Оны аты айтып тұрғандай, бір рет пайдалану керек. Қайта-қайта жуғанмен де, ол түбегейлі тазарды деген сөз емес. Керісінше, жуған сайын пластмасса құрамынан улы заттар бөлінеді. Біржолғы стақандарға газы бар су, қышқыл шырын, ыстық шәй құйсаңыз қауіпті.  Оның зиянын адам бірден сезбеуі мүмкін, бірақ ішкі ағзалардың қызметін бірте-бірте әлсіретеді. Тағы бір назарға алатын жайт – пластикалық ыдыстарда тағамды ұзақ уақыт сақтауға, микротолқынды пеште қыздыруға мүлде болмайды. Артықшылығы – мұздатқышқа төзімді, ол тағамның құндылығын сақтай алады.

Адамзаттың сұранысына қарай жыл сайын әлемде 300 миллион тоннадан астам пластик өндіріледі. Оның 10 миллионға жуығы мұхиттарға тасталады. Бір ғана пластиктің кесірінен мұхиттағы тіршілік көзі жойылып, табиғатқа залал келуде. Сондықтан жер шарының тіршілігін тоқтатпау үшін ең алдымен оны пайдалануды шектеу қажет. Сұраныс азайса, зауыттар экологиялық таза өнім өндіруге мәжбүр болады.

Стихиялық қалдықты жоюда алғашқы орында

Кейінгі кезде қаламыз республикадағы ең таза өңірлердің қатарынан орын алған. Әсіресе, мұны сырттан келген қонақтардан естіп қуанып қаламыз. Тазалықтың табалдырықтан басталатынын ескерсек, туған жеріміздің мұнтаздай болуы әрбірімізге де байланысты. Алайда әлі де тазалық мәселесіне салғырт қарайтындар жетерлік. Нақты деректерге сүйенсек, облыстық экология департаменті мамандары жыл сайын заңсыз қалдық орындарын анықтап, рұқсатсыз тасталған қалдықты азайтуға жұмыс жасап келеді.  Мәселен, 2018 жылы  240, 2019 жылы 228, 2020 жылы  136, 2021 жылы  105, 2022 жылы 99, 2023 жылы 74 рұқсатсыз қалдық орны анықталған.

– Бұл көрсеткіш жылдан жылға азайып келе жатқанын көрсетсе де, халық арасында қоқыс тастау тоқталмай отыр. Бүгінде облыс стихиялық қалдық орындарын жою жөнінде аймақтар көрсеткіштерінде алғашқы орында. Сонымен қатар, бірінші ретте заңсыз қалдық орындарының түзілуін болдырмауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырады.  Биыл геопортал жүйесінде жаңарту мен өзгерістер енгізілген жоқ. Дегенмен департамент қызметкерлері қала аумағында заңсыз қалдық орындарын анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады, – дейді облыстық экология департаментінің баспасөз маманы Ботакөз Сейіл.

Экологиялық сараптама нәтижесінде атмосфералық ауаға шығарылатын ластағыш заттарға берілетін норматив көлемі 4803, төгінді 327 тоннаға азайтылып, 2780 тонна қалдықты залалсыздандыру жұмысы қарастырылған. Жалпы облыс бойынша өткен жылға берілген шығарындының лимиті 51,1 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 6600 тоннаға төмен. Іс-шараларды жүзеге асыру барысында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың азаюына қол жеткізілді. Облыстағы 7 полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.

Қаладағы негізгі экологиялық мәселелердің бірі – №6 жылу-электр орталығының күл қалдықтарын жою. Бұл бағытта сала мамандары тиісті шараларды қолға алған. Айталық, күл қалдықтары «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің зауытына шикізат ретінде кезең-кезеңімен цемент шығару өндірісіне пайдаланылады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<