«Тал өспейді» мен «тал екпейдінің» арасы

1395

0

12 мыңға артық егілді

«Қызылордада тал өспейді» деген сөзге тойғанбыз. Әзіл. Бірақ түбінде зіл бар. Кім болса да осылай Қызылорданың қысы-жазы желден көз ашпайтын, ауасы құрғақ, топырағы тұзды климатын тұспалдағанын түсінеміз.

«Тал өспейді» деген «тал екпейді» деген сөз емес. Егуіміздің кемі жоқ. «Жасыл Қызылорда» мекемесінің мәліметіне сенсек, биыл көктемде облыс орталығында 8 мың көшет отырғызу жоспарланған. «Жоспарды 12 мыңға артығымен орындадық» деп ақпар берді ондағылар.

– Қаланың аяқсу тұрақты беріліп тұрған Бейбарыс сұлтан, Қорқыт ата, Сағымбаев және тағы басқа орталық көшелеріне климатқа қолайлы талдар егілді. Мониторинг жүргізіп тұрамыз. Нәтижесінде қураған талдар анықталса, кесіп алынады, – дейді «Жасыл Қызылорда» КММ басшысының орынбасары Болат Бисенбаев.

Канал, арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғымасы және насос арқылы аяқсу беру, сквер аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалды күтіп ұстау, қураған ағаштарды кесу және балақтау ендігі жерде осы мекеменің міндетінде. Оның құрылғанына көп болған жоқ. Қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев жаңа мекемеге сенім артатынын, бірақ жұмысы бір ізге түскенше кемі екі-үш жыл керек екенін жеткізді.

«Әуелі суару жүйесін жөндеп алайық»

Қызылордалық Болат Нұрқожаев ерікті түрде көшелерге ағаш отырғызып жүр. Бізбен әңгімесінде 12 метр жерден 500 көшет алып, оны сұрағандарға таратып бергенін айтты.

Сыр өңірінде жылда егілетін талдың санында есеп жоқ. Былтыр көктемде қаланың әр аумағына 5 мың түп тал егілген. Әкімдік оған 10 миллион теңге жұмсаған. Бірақ сансыз көшеттің көктегені некен-саяқ. Туған жеріміздің жайқалып тұрғаны шамалы. Қоғам белсендісі суарылмағасын, күтіп-баптамағасын солай болатынын алға тартты.

– Шымкент, Алматы, Астана қалаларында тал егіп, су құйсаң, шыға береді. Қызылордада олай емес. Тамшылатып суару жылыжайға, бүркіп суару газонға арналған. Қаланың сол жағалау бөлігін абаттандырып, тамшылатып суаратын етіп қойған. Оны Назарбаев даңғылында да бірнеше рет байқадым. Пандемия кезінде бүркіп суару жүйесін пайдаланылды. Ол да іске аспай қалды. Бюджеттің қаржысы осылай тиімсіз жұмсалып жатыр. Бейбарыс сұлтан көшесі көгалдандырылды. Бірақ оның бойындағы әрбір ағаш бұрын-соңды суару жүйесі арқылы жақсы жетілді. Бізге, ең алдымен, арықпен суару жүйесі мәселесін шешіп алу керек, – дейді ол.

Сыр топырағы қарағаш, үйеңкі, жиде, тораңғыл егуге қолайлы. Қылқан жапырақты өсімдіктерді жерсіндіру қиын. Қоғам белсендісі оны тек бағбан күтім жасайтын ғимарат немесе үйдің алдына егуге кеңес берді. Су келмеген жерге егудің қажеті жоқ.

– Тал күтіміне келсек, алдымен, жерді баптау керек. Біз болсақ, бір шелек су сыятындай етіп қазып, көшетті отырғызамыз. Ол дұрыс емес. Өскен кезде де тамыры жайылатындай етіп, қорек ретінде топыраққа көң араластырып, жерді өңдеп барып еккен дұрыс. Қара жерге шыбықты қадай салғанмен шаруа шешілмейді. Қорек болмағасын көшет көбіне өліп қалып жатады, – дейді Болат Нұрқожаев.

Сондай-ақ ол тұрғындар бәрін әкімдікке итеріп салмай, өзі де қарекет қылу керек екенін жеткізді.

– Ең болмаса, жылына бір рет үй жағын, арық жүйесін тазалау керек. Қалада жұмыс күші жетпеуі мүмкін. Жасыл желекті көбейтуден бұрын бар талды сақтап қалудың өзі мұң болып тұр. «Болатын баланың бағын кеспе, өсетін талдың басын кеспе» дейді. Ал біз талдың басын кесеміз. Биік өсу үшін талдың астын балақтау керек, – дейді қоғам белсендісі.

Арша, шырша, қарағай, қайыңға дейін жайқалтқан

Қызылордадағы тал-дарақ өсіру ісіне бір кісідей үлес қосқан бір жан болса, ол – Бектай Сүлейменов.

Жақында ғана жасы 85-ке толды. Соған қарамастан күйлі, қуатты. Қаланың сырт жағындағы 25 гектар жердің 8 гектарын баққа айналдырған. Біз барғанда бейнеткеш ақсақал бел жазбастан сонда жүр екен. Қолында кетпен-күрегі. Азаннан кешке дейін тыным таппайды. Көздің жауын аларлық көрініс – 34 жыл бойғы осындай еңбектің жемісі.

– Әуелгіде 4-5 сотық жерді шағын насоспен суару арқылы егуден бастадым. Қазір мұнда алма, алмұрт, шие, сары өрік, қара өрік, жиде, жүзімнің үш-төрт сорты, таулы жерде өсетін арша, бот арша, боз арша сияқты ағаштарға дейін бар. Қызылорданың климатында көшетті күзде егудің тиімділігі төмен. Одан көктемде дұрыс. Жазда қылқан жапырақтыларды егуге болады, – дейді Бектай Сүлейменов.

Кейіпкеріміз Қызылорданы жасыл қалаға айналдыруға болатынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Оған жетудің жолы – құр науқаншылдық емес, шынайы ынта мен еңбек қана екенін үнемі айтып келеді. Бейнеттің зейнеті шығар, қазіргі күні ат шаптырым аумақта қарағай-қайың, аршаға дейін бой түзеп тұр.

Бағбан ақсақал қаладағы тубдиспансердің емделушілеріне тиімді ұсынысын жеткізді.

– Өкпе ауруына шалдыққан науқастар үшін жасыл желектің пайдасы мол. Дәрігерлер тубдиспансерде жатып емделген науқастарға емі біткесін Көкшетаудағы, Солтүстік Қазақстандағы қарағай орманына баруды ұсынады. Осындай жағдайды өзімізде де жасауға болады. Жергілікті билік мәселеге көңіл бөліп, қаражат қарастырса, 7-8 гектар жерге қатарластырып ағаш егуге өзім көмектесер едім. Науқастар ем-дом қабылдағаннан кейін жасыл желекте таза ауа жұтып, серуендеп жүрсе, денсаулығын түзеуге көп көмектесер еді, – деді ол.

Бектай атаны мазалайтын тағы бір жайт – баққа барар жолдың жайы. Ойдым-ойдым жолмен, әсіресе, жауын-шашынды күні көліктің де, жаяу адамның да онда жетуі қиын. Қаланы көгалдандыруға зор үлес қосқан ақсақалдың бұл өтініші жергілікті билік тарапынан елеусіз қалмаса екен дейміз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Нұрболат Нұржаубай (фото)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<