80 жыл өткен соң: Әке рухына тағзым

366

0

Қазақтың классик ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің «Топырақ» атты ғажап өлеңі бар. Онда сәби шыр етіп жерге түскенде түбі әлгі адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс деген ескі иланым туралы сөз болады. Соғыстан әкесі қайтпай қалған ақын cол өлеңін былайша аяқтайды:

– Түбі қайтып оралар-ау деп біз де,

күттік, күттік – өтті, бітті қан майдан.

Кім біледі…әкем сонау шалғайдан

бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!

Еуропа елдерінің өзінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде опат болған он жеті мың қазақтың денесі жерленген. Аты-жөндері де белгілі. Олардың туған-туыстарын іздестіру өз алдына бір бөлек жыр. Ал есімдері беймәлім күйде қалғандары қаншама?!

…Сыр өңірінің тумасы Әбдрайым Жаманбаев соғысқа 1942 жылдың маусым айында аттанып, үш айдан соң қыркүйекте қаза табады. Сол уақытта артында қалған ұлы Алмас небәрі жеті жаста екен. «Қара қағаз» келгені болмаса оның қайда жерленгені кешегі күнге дейін белгісіз болып келді. Бірақ, ұлы үмітін үзбей әкесі туралы әйтеуір бір дерек табылар деп өмір бойы іздеумен болды.

Ақыры «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің арқасында үміті ақталды! Сексеннің сегізіне аяқ басқан кезде әкесінің Ленинград майданында қаза тауып, алдымен Липки селосында, сосын Синявино елді мекеніндегі бауырластар зиратына қайта жерленгені туралы естиді.

Сол хабарды ести сала мамыр айының басында қасына қызы Күләшті ертіп, Алмас ақсақал Ленинград облысына аттанғанда тағы да жанынан «Atamnyn Amanaty» табылды. Қоғамдық бірлестік Ресейдегі әріптестеріне алдын ала хабарласып, бара жатқан отандастарымызға мүмкіндігінше қолдау көрсетуді өтінеді.

– Осы игілікті істің басы-қасында болған жергілікті іздестіру тобының өкілі Василий Бойкоға алғысымыз шексіз. Туған жердің бір уыс топырағын ала келіп, қабір басында атамыздың рухына құран бағыштап, бауырластар зиратында жатқан барлық боздақтардың ерлігіне тағзым еттік. Ең бастысы әкемнің өмір бойғы арманы орындалды, – дейді Күләш Алмасқызы.

Енді Әбдрайым Жаманбаевтың бейнесі мен аты-жөні жазылған ескерткіш тақтаны бейіт басына орнатуды Василий Бойкоға аманаттап кетіпті. Ол болса орнатқан соң суретін салып жіберуге уәде берген көрінеді.

Біздің бір ұққанымыз – ерлік ешқашан ескірмейді. Ерте ме, кеш пе атамның аманаты да орындалады.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<