Абыройлы ғұмыр кешкен азамат

397

0

Ашығын айтқанда, мен бұл кісі жайлы бұрын да аз-кем естуші едім. Танитын тұстастары «өте батыл, тура айтатын, ештеңеден тайсалмайтын» қасиеттерін тілге тиек етіп отыратын. Егер әр нәрсені өз атымен айта алатын болса, демек, жағымпазданудан аулақ жан болғаны ғой. Тап осындай қасиеттер біздің қоғамға әсіресе керек емес пе? Сыртынан біліп жүрген кезімде көкейде осындай ойлар түйіп жүретін едім.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Алматыдағы жоғары оқу орнын аяқтап келген, бірер жыл тәжірибе жинақтап үлгерген, қысқасы, оң-солын ептеп тани бастаған жас маманбыз. Қызылорда облыстық комсомол комитетінің идеология бөліміне меңгеруші қызметіне енді бекітілген кезімде өзімнен кейінгі бауырласым, жаныма ерекше жақын қарындасым Сәуле тұрмысқа шығатын болды. Хабар маған да жетті. Ішімнен қатты жақсы көретін қарындасымды ешкімге қимағандаймын, «кім екен, неге асықтырды екен?» деп сұрау салып жатырмын. Ауылдағы ағам Елтай «бізге алыс емес, қырғызалы руынан» деп бір қойды. «Қырғызалы үлкен ел ғой, оның ішінде кімнің баласы екен?» деп, одан бетер сұрақты жаудыра түстім. «Мына «Келінтөбе» кеңшарында директордың орынбасары болып істейтін Әбусейіт деген кісінің баласы, аты Айдар деді ме» деп, Елтай ағам жағдайды тереңірек түсіндірді.

Осы кезде ойыма орала кетті. Бір жолы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында үлкен жиын өткен-ді. Мен облыстық комсомол комитетінің атынан осы жиынның мәдени іс-шараларына қатысқан едім. Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рысбек Мәмбетов мені бір топ қонақтармен таныстырды. Солардың арасында осы Әбусейіт Қалдыбекұлы ағам да бар болатын. Әлі есімде, «сен Шаханбайдың жиені деп естідім, демек, мен саған нағашы болам» деп, Әбекең күле сөйлеп еді. Мен басымды изеп жатырмын. Әзілқой Рысбек дос «Жолтай менің қайным ғой, бұлар шетінен мықты» деп қалжыңды онан бетер қыздырған.

Міне, енді сол кісімен құда болмақшы екенбіз. Қарындасымды сол үйге келін етіп ұзатпақпыз. Бір жағы таныс ел деп қуансақ та, қарындасым әлі жас қой деп іштей қимастық сезім де бар еді бойда…

Екі жас бір-бірін ұнатқан соң, олардың көңіл шешімі бізге заң, әрі соза беретін не бар? Осылайша, «Келінтөбе» ауылына Елтай ағам бастап, мен қостап, тойға да бардық. Жылы-жылы сөздер айттық. Екі жасқа жақсы өмір, бақытты болашақ тілеп, ауылға қайтқанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Арада талай жылдар жылжып өте шығыпты-ау, ә? Қазірде Айдар мен Сәуле екеуі үш ұлынан бірнеше немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде.

***

Қызылорда қаласынан Алматыға қоныс аударғанша, 1990 жылға дейін әртүрлі қызметте болдым. Комсомол жетекшісі, облыстық газеттің бөлім басшысы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық бөлімшесінің хатшысы, қалалық кеңеске депутат та болған жағдайымыз бар. Құдам Әбусейіт аға қалаға сол жылдары жиі-жиі келетін. Келген кезінде басқа жаққа бармайды, дереу біздің үйге тоқтайды. Жарым Ботакөз Шазындақызының шын ықыласымен әзірлеген дәмді асын жеп алып, содан соң жата-жастанып әңгімелесеміз. Ол кісі әңгіменің майын тамызатын. Қандай оқиға болмасын, тыңдайтындай етіп баяндаушы еді.

Сондай әңгімелесу сәттерінде оның өмір жолымен де жете таныстым. 1945 жылы армия қатарына шақырылып, қырғын соғыстың соңғы ұшқындарын көргенін, адамдардың ауыр жарақат алуы мен есінен тануы жағдайларын, тіпті туған-туыстарын танымай қалуы сияқты жан түршігерлік жағдаяттарды баян еткенде денем тітіркеніп кетуші еді. Елуінші жылдары Қазалыдағы техникумға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, есепшілік мамандықты игеріп, еңбек майданына араласады. Содан бергі аралықтағы еңбек жолы Жаңақорған өңіріндегі шаруашылықтармен тығыз байланысты екен. Жай маманнан бас маманға дейін, ферма қызметкерінен ферма басшысына дейін, кеңшардың қатардағы қызметкерінен кеңшар директорының орынбасарына дейін қалай сатылап өскенін асықпай, баппен баяндап отырған сәті бүгін де көз алдымда.

Жалпы Әбусейіт Қалдыбекұлы туралы сөз қозғағанда қандай елеулі қырларын ерекшелеп айтуға болар еді?

Ең алдымен, ол – қандай жұмыста болмасын, өзіне жайлы жер іздеп, бұқпантайлап-бұғып емес, керісінше әділетсіздіктерге қасқая қарсы тұрып, күресе білген қайсар мінез азамат. Кім біледі, осындай тік мінезі екінің біріне ұнамаған да шығар?

Екіншіден, ол өзінің алған біліміне сәйкес, саланы жетік білетін маман ретінде айналасына құрметті жан болғаны да шындық ауылынан алыс кете қоймайды. Көп білетіндер, әдетте, қылтың-сылтыңға көне бермейді, сосын да кейбір «жылпос» замандастары «аяқтан шалуды» ойластырған да болар?

Үшіншіден, Әбекең жақсы отбасы иесі болды, өзі таңдап қосылған жары Зұлфия Төлепбергенқызына өмір бойы құрметпен қарады, екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірнеше ұл-қыз тәрбиеледі, олардың бәрінің жақсы білім алуына мүмкіндік жасады.

Төртіншіден, Әбусейіт аға тек өз отбасын ғана ойлап қойған жоқ, жалпы әулеттің абыройын көтеруге, туған ауылының беделін арттыруға да зор үлес қосқанын көзкөрген замандастары жақсы біледі деп ойлаймыз.

Айта берсек, Әбусейіт Қалдыбекұлының қадап айтар қадір-қасиеті таусылар ма? Міне, өзі өмірден өтіп кетсе де, артындағы елі оның атқарған еңбектеріне тиісті баға беріп, өзін сағына іздеп жатыр екен. Соның бір көрінісі – өмірінің аяғына дейін өзі тұрған кеңшардағы үлкен бір көшеге есімі беріліп жатқандығы. Көшенің атын алуға бастамашы болған Әбу­сейіттің інісі Зұлхарнайдың ұлы Анарбай Қалдыбеков.

Соңғы демі біткенше еліне қызмет етіп, халқымен бірге болған асыл азамат Әбусейіт Қалдыбекұлының есімі мен еңбегі халқы барда, артында қалған есті ұрпақтары барда ешқашан ұмытылмақ емес.

Жолтай ЖҰМАТ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Роман&Драма» халықаралық әдеби журналының бас редакторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<