Адал еңбектің ақтаңгері

650

0

Өмір мен өлке

Бұл өлкеден табанының топырағын көзге сүртерлік небір әулиелер өтті. Сол әулиелердің ірісі – Қамыс әулие. Қай заманда өмір сүргені Құдайға мәлім, әйтеуір, әуелі Алла, Қамыс әулие – тарыққанға жолыққан жебеуші.

Аққұм ауылың сулы, құмды өңірін жайлаған қалың елдің ішіндегі Керейт Қонақбай аталығынан тарайтын Малай да маңайына ықпалды, айтқаны ақ, дегені дұрыс, көреген кісі екен. Сол Малай ата балаларына «Біз қасқыр заманда тудық, сендердің замандарың түлкі болады» депті.

Қызыл өкімет алдымен молданы қуды. Көзі ашық, көкірегі ояу жанның бәрі сәлделі молдадан сауат ашып еді, енді олардың ілімі теріс болып шықты. Сосын ортақ қоғам құрамыз деді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» дейтін халыққа атанның белі бүгілетін жүк артты. Одан өтіп малды, ауқатты адамдарды қуғындады. Абайдың «сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» деген сөзінің мәніне бойлаған жоқ. Қазақтың байлары өз руының жағдайын жасай отырып, тіршіліктің тепе-теңдігін сақтай білген. Міне, осы тепе-теңдік бұзылды.

Сөйтіп, ортақ меншікке негізделген Аққұм әуелі артель, сосын колхоз болып құрылды. Малай көреген айтқан түлкі заман туды. Түлкідей бұлғаңы көп сол заманды қолы құрыштан, белі беріштен жаралған еңбек адамдары қайта түлетті. Бірақ, бұл кейінірек…

Малайдан Жиенбай, одан Ес, Естен Бәйеке мен Бисен дүниеге келген. Бисен де бір рулы елдің алдында жүрген аузы дуалы адамы болған. Шежіре жүйесінде жалғыз-жарымдап келе жатқан Ес ақсақал Бисеннен де тармақталмай қалам ба деген қауіппен: «Балаларым, Қамыс әулиеге түнесеңдерші» деп жөн сілтеді. Сол әулиенің шапағаты тиіп, Естің келіні Сәпия ана 1926 жылы ұл тапты. «Бұл менің Алладан сұрап алған балам» деп атасы оның атын Аллаберген қойды. Алладан ат тонын ала қашқан заманда осындай есімдердің бәрі Алдаберген болып бір әріпке өзгерді. Сол заманда Құдайдың атын айтудан қорыққандарға қос көріндіріп, Бисен атамыз Қамыс әулиенің басында шырақшы болып отырыпты.

Алдаберген жасынан ата тәрбиесін көрді, барлық ойын баласы секілді асыр салып, ой-қырды шапқылап, ашамайға мініп, асық ойнап, туған топырақтың қасиетін бойға сіңіріп өсті. 1944 жылы Шымбөгеттегі сегізжылдықты оқу озаты болып бітіргенде колхоз бастығы менің қасымда жұмыс істесін деп қалап алды. Сол кезде колхозға шот қағып, есеп жүргізетін адам керек еді.

Көп ұзамай он сегізге шыққан Алдаберген әскерге шақырылды, дәлірек айтқанда соғысқа аттанды. «Алланың өзі берген бала, қолдаушысы да бір Алла болсын» деп Бисен қарт дұға жасаумен болды. Дұғаның күші, тағдырдың ісі Алдабергенді елге аман келуге жазды.

1951 жылы туған жерге оралған жеңіс жауынгері бір-екі жыл пошта жұмысында істеп, Қызылордадағы ауылшаруашылығы техникумының механикаландыру факультетіне түсті. Ауыл адамына беріге дейін техниканың тілін түсіну қиын соққан еді. Тракторға май керек десе, әр үйден сарымай жиып келетін кезді де көрді, бұл жұрт. Ол «ХТЗ», «ЧТЗ» деген темір доңғалақты тракторлар шыға бастаған соғыстан бұрынғы кез болатын. Соғыстан кейін де сол техниканы меңгеріп кеткен адам аз, шаруаның теміріңнен ағаш арбам жақсы деп тарта беретін кезі. Сондықтан тракторды жөндеп, майлап жұмысқа қосатын МТС-тар ашыла бастады. Соның бірі «Қазақстанның 20 жылдығы», «Жамбыл», «Еңбек» колхоздарының техникасына жауапты «Мәдениет» МТС-іне оқу бітірген Алдаберген механик болып келді.

Оның жанын аямайтын еңбеккештігі, жауаптылығы, трактордың сынып қалған темір шалғысын, тырмасын тауып беріңдер деп отырмай, жоқтан бар, ескіден жаңа жасап жүретін ізденгіштігі қосшыларға да, басшыларға да ұнады. Ұнағасын Алдабергенді өзінің қасына шақыратындар да көбейді. Солардың бірі «Еңбек» колхозының басқарма бастығы Сермахан Тұрабаевтың Алдабергенді аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Байбол Сопбековтен колхоздың бас инженерлік қызметіне тікелей сұрауы еді.

Өнертапқыш, өзгеге сенгіш

Содан жас маман бас инженерге айналды. Астына үш аяқты мотоцикл мініп, егіс пен малшылар қонысын кезіп жүріп еңбек етті. Ұйқыдан шала, күлкіден ада күндер оның өз ісіне берік, халық қамына қайым екенін көрсетті. Егіс басында тұрып қалған тракторды өзі жөндеп, маңдайынан тер, қолынан май тамшылап жүретін бас инженерді былайғы жұрт жұмысшыдан айыра алмайтын. Сосын тракторды селкілдетіп айдап кете беретін. Колхоз жұмысы білектінің күшін сарқып, әлсіздің қан сөлін алды. Техника тапшы. Бұрын тракторға тіркелген тырманың басын салмақтап екі ұшына екі адам отырғызатын. Бұл азаптан шөпшілер ат тырмасын оңай көретін. Бұған да бір айла ойлап тапқан бас инженер болды. Ол темір белдіктің астына ағаш табан салып, тырманың бауырын жерден көтерді, жұмысты жеңілдетіп берді. Осы жаңалық барлық шаруашылықта қолға алынып, жаңа тырма облыс орталығынан көптеп жасалып, таратылды.

Мұндай адамды бүгінде өнертапқыш дейді. Патенті, сыйақысы бар. Ол кездегі жалғыз ой шаруашылықтың жұмысы болды. Ешкім Алдаберген тырманың жаңа түрін шығарыпты демеді, «Еңбектің» жаңалығы деді де қойды.

Алдабергеннің маман есебінде шаруашылыққа ендірген тосын әдістері көп. Соның өтеуі шығар, 1962 жылы «Еңбектің» бас инженерін басшылар «Жаңаталап» колхозына басқарма бастығы етіп тағайындады.

Осы жұмыстың қыр-сырына енді қанып, шаруашылықтың су, жол мәселесін шешу керек деген Алдабергеннің алдынан жыл өтпей жатып, кездейсоқ жағдай шықты. Сол жылы СОКП Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев қоғамдық құрылысты жаңалау деген саясатпен шаруашылықтарды ірілендіру науқанын жүргізді. Соған орай Жалағаш пен Қармақшы ауданы қосылып кетті. «Жаңаталап» қой совхозы болып құрылып, оның директорлығына Шымкенттен келген Бадамбек деген азамат бекіді.

Жер жайын, ел жағдайын білмейтін директор шаруашылықты аздырып-тоздырып бір-ақ тоқтады. Бұл кезде Алдаберген Бисенов басшылардың ұсынымымен Алматыда алты айлық директорлық курста жүр еді.

Сонда Бадамбек Алдабергеннің артынан Алматыға барып, қисайған шаруашылықты өзің түзетіп алмасаң болатын емес деп азар да безер болған. Ел басқару, мал-жанның егесі болу дегеннің  ауыр міндет екенін түсінді. Ол осы ұсынысын аудан басшыларына да айтып жеткізді, өзі қызметінен кетті. Ақыры, аудан басшыларының ұйғарымымен Бисенов «Жаңаталап» совхозына директор болып келді.    

Жаңа директор келе көпшіліктен «жағдайларыңыз қалай, отбасыларыңызға не нәрсе жетпей жатыр?» деп сұрады. Бұл сұрақ жұртқа «жұмыс неге жүрмей жатыр?» дегендей естілді. Егіншілер су тапшылығын айтты. «Сіз өз үйіңіздің жағдайын айтыңыз, су мәселесін өзіміз шешеміз» деді Бисенов. Директорды дәл осылай сұрайды деп кім ойлаған?!  Сонда жұрт шу ете қалды, мұқтаждығының бәрін ақтарды. Осылайша, жаңа директор алдымен тұрғындардың мәселесін қозғады. Біріне отын түсіруге трактор, біріне аудан орталығынан шай-қант алу үшін көлік, ал, біріне еңбегі есебінен ақша бергізді. Директор жиналыста «жағдай түзеледі, барлық жұмысты механикаландырамыз» деген еді. Мехнат шеккен халық механикаландыру деген сөзді естігенде түсініңкіремесе де бір жақсылықтың басы екенін білді.

Дегенмен, техниканың тапшы екені рас-ты. Ал, канал қазатын экскаватор ешкімде жоқ. Директордың ойына МТС-та қирап жатқан экскаватор түсті. Анатолий деген бір орыс болатын. Темірдің тілін адамның тіліндей түсінеді. Сол орысты өзінің совхозына көшіріп алды. Тамағы тойған жерді отаным дейтін қолы алтын орыс еді, соған осы шөмішті тракторды жүргізіп бер деп қолқа салды. Не затының керегін тізімде деді. Екі-үш күн өткесін Анатолий Алдабергенге: «Мұны аяққа тұрғызу үшін мен Красноярскіге барып келуім керек, ол үшін 3 мың сом қажет», – деген. Директор айтқан ақшасына жолпұл деп 500 сом қосып беріп, Анатолийді қияндағы бір өлкеге аттандырып жіберді. Алдым, бердім деген қолхат та сұрамады. Егер Анатолий омырауын оймыштап «сені көрген жоқпын» десе, абыройсыздыққа ұшырар еді. Сөйтіп, шаруашылықтың, ел-жұрттың мүддесі үшін жиған-терген абыройын ата-тегі белгісіз біреудің қолына ұстатып жіберді. Адамға сенудің үлгісі еді, бұл!

Он күннен кейін тонна-тонна темірін пойызға тиеп салған Анатолий келіп тұр! Қолдан құрастырған сол экскаватор Тасарық пен Бозарықтың арасын ақшаңдатып, күллі елді көкке бөлеген су бұлағын сарқыратты.

Талап пен табандылық

«Жаңаталапқа» жаңалық ене бастады. Бұрын 600 гектар шамасында күріш егіп, әрбір гектардан  14 центнерден ғана өнім айналдырған шаруашылық алғашқы жылдың өзінде егісті 1100 гектарға жеткізді. Барлық жағынан тұралаған совхозды қалыпқа түсіру үшін Алдаберген Бисенов төрт жүзден аса егінші мен малшы, жұмысшыны ортақ іске жұмылдыра білді. Кәсіподақ, комсомол ұйымдарының белсенділігін көтерді. Шаруашылықты механикаландырып, жерді тегістейтін, мал қыстауларын жөндейтін арнайы бригадалар ұйымдастырды. Ағаш жонатын, есік-терезе салатын арнаулы цех іске кірісті.

1970 жылы совхоздағы күріш егісінің көлемі 2000 гектарға дейін жеткізіліп, әр гектардан 50 центнердің үстінде өнім алынды. Бұл көрсеткішке сол кезеңде екінің бірі жете алмаған еді. Социалистік жарысқа түскен шаруашылық, өндіріс жұмыстары бес жыл сайын қорытындыланатын, сөйтіп, «Жаңаталап» сегізінші бесжылдықтан 800 мың сомның үстінде таза пайдамен шыққан.

Ел іші болғасын не жағдай кездеспейді. Алайда, ол заманда пәленбай миллион жепті дейтін, артынан ақталып кететін бүгінгі сорақылықтар жоқ. Тек ара-тұра біреу-екеулеп қажетіне алу, тәртіп бұзу дегендер қылаң беретін. Алдаберген жел сөзге ермейді, көзбе-көзге сенеді.

Бір күні директор есік-терезе салатын цехтан әйнек алып бара жатқан үлкен кісінің үстінен түседі. Қарсы жолығып қалған ол қолындағысын қайда қоярын білмей, үйдің терезесі сынып қалып еді депті. Сонда Алдекең: «Мен жұрттың жыртығын бүтіндейді десем, көптің мүлкін үйіңізге тасып жүр екенсіз ғой. Енді цехта жұмыс істемей-ақ қойыңыз», – депті ренжіп. Директор осылайша, шектен шыққандарды күллі ауылға жария қылатын.

Тағы бірде «Еңбек Қызыл ту» орденді елге белгілі ағамыз қарамағындағы екі жас баланы жұдырықтап жұмсағанына көз жеткізген директор: «Бізге адам сабайтын құрметті адам керек емес» деп қызметінен алып тастапты.

Осы бір жағдайлар директор қатал деген сөз қалыптастырды. Шынында, оны шығаратындар – жалқаулар мен қара басын күйттейтіндер. Ал, Алдаберген еңбекші жұртқа өте жанашыр және қамқор. Күрішші Әбдіразақтың көңілі алаңдап, уайым үстінде жұмысы мандымай жүргенін білген директор қосымша табыс белгілейтін комиссия мүшелеріне: «Жігіттер, Әбдіхалықтың анасы ауырып жатыр. Сіздер оның қосымшасына 15 процент қойыпсыздар. Соны 75 процент қылайық. Түбі сенімімізді ақтайтын азамат», – депті. Басқалар бұл сөзге мақұл десіпті.  

Біз айтқан әлгі адамдар ауылдағы аяғын қия басатындардың соңы болған сияқты. Бисенов келе жатыр дегенде сымдай тартылатын солар кейін осы оқиғаларды өз немерелеріне өнеге қылып айтыпты.

Осындай тәртіп пен табандылықтың нәтижесінде аяғын аннан-саннан бір басқан совхоз республикадағы үлгілі шаруашылықтардың біріне айналды. Ал, совхоз директоры халықтың құрметіне, үкіметтің қошеметіне бөленді.

Шаруашылық 1970 жылы СОКП Орталық Комитетінің, ВЦСПС-тің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы «Қызыл Туын» жеңіп алды.

1971 жылы бесжылдық жоспарын орындауда аса көрнекті табысқа жеткені үшін «Жаңаталап» совхозының директоры Алдаберген Бисенов КСРО-ның еңбек адамына берілетін ең жоғары атағы Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына алтын жұлдыз тақты.

Алтын баспалдақ

1972 жылы Алдаберген Бисенов Тереңөзек ауданы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы совхозға директор болып бекіді. Бұған дейін бұл совхозға Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов басшылық жасаған. Шаруашылықтың мәселесі шашетектен, кемшіліксіз Құдай ғана. Нағидың тұсында да совхозда мал басы есебінен жетіспеушіліктер болған сияқты. Сонда жұрт: «Бисенов нағашылы-жиендікке де қарамайды, көзінен тізіп тұрып түгендетеді, әйтпесе қабылдамайды» депті. Шынында, қасқыр тартқан, ауру алған малдың есебі шықпайды. Алайда, Алдаберген бұл жолы ешкімге түгендеп бер демейді, Ілиясовтің де артынан сөз ертпейді. Батырдың батырды құрметтеуі әлгілердің сөзін сап тыяды. Шіркін, сексен үш ай құлшылықтың сауабын берген Қадір түніндей қастерлі көңілдің бағасын білген арыстар.

Бисенов істі егістікті техникамен, ауыл тұрғындарын мәдени қажеттілікпен қамтудан бастайды. Бұл – сол заманның қиын мәселелерінің бірі. Су тапшылығына қарамастан, күрішті сусорғы арқылы егеді. Соның өзімен де 3 мың гектардан 48 центнерден өнім алады. Мал шаруашылығына мүмкін болған барлық жаңалықтарды енгізіп, малды асыл тұқымдандырып, төлді бонитировкалайды, яғни, пайдалы белгілері бойынша бағалаудан өткізіп, сұрыптайды. Соның арқасында ет, сүт өндіру өрістейді.

Бисенов егістің де, малдың да жағдайын жетік біледі. Бір жылы мал азығы аздық етті. Сиырға беретін шөп тапшы, сүт сауу төмендеп кетті, тіпті мал басына қауіп төнді. Сол кезде совхоз директоры ауылдың тайлы-таяғын қалдырмай жантақ оруға шығарды. «Алдеке, жантақ – түйенің асы, осы жасыма дейін сиыр жантақ жейді дегенді естімеппін», – деп ауыл үлкендерінің бірі бұл іске ықылас танытпаған. Дегенмен, тапсырма берілді, орындалу керек. Содан ауыл адамдары сай-сайды түгел жалаңаштап тастады. Қораға жеткен жантақ шөп турайтын машинаға тасталды, оның иір мойнынан бұрқырап жасыл құрақ құлап жатыр. Сиырларың ал, кеп бас салсын. «Жазған, мыналарың жантаққа өш екен ғой» депті сонда әлгі кісі.

Он алты жыл басқарған сол совхозға Алдаберген Бисенов бар жігерін жұмсап, нар күшін сарықты. Совхоз орталығынан жаңа тұрғын үйлер, мәдениет сарайы, сауда орталығы, қонақ үй, тұрмыстық қызмет көрсету нысандары бой көтерді. Көшелер айнадай болып асфальтталып, самаладай жарық тартылып, саялы ағаш отырғызылды. Осы игілікті істі тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев онан әрі жалғап, сән-салтанатын келтірді. Бүгінде бұл ауылда үш батырдың қолының табы, ісінің ізі жатыр. 

Күріш егісінің көлемі 3000-3500 гектарға дейін жеткізіліп, жыл сайын орташа өнім 50 центнердің үстінде алынды. Мемлекетке 100-160 мың центнерден астық тапсырылып, 120 мың центнер Сыр салысын сату жоспары артығымен орындалды. Бақша, картоп дақылдарынан алынған өнім де жоғары болды. Мал шаруашылығы саласы да өмір талабына сай жүргізілді. Совхоздың ірі қара фермасындағы асылтұқымды сиыр саны 4000 басқа жеткізіліп, жоспарға сай төл алынды. 3000 басқа арналған сауын кешені салынып, әр аналық сиырдан 3800 литрден сүт сауылды. 

Облысқа қайта құру кезеңінде келген Н.Әуелбеков өндіріс орындары мен шаруашылықтардың жұмысына сын көзбен қарап, қатаң еңбек тәртібін енгізген басшы. Сол кісі Қазақстанның 50 жылдығы совхозының жұмысына риза болып, басқалар Бисеновтің тәжірибесін үйренсін деп облыстық семинар өткізген. Ал, 1988 жылы Алдекең зейнетке шыққанда еңбегін бағалаған аймақ басшысы оған облыс орталығынан үй бермекші болған еді. Алайда, Алдекең жанға жайлы, тұрмысы оңай қаланы таңдамады. Өзінің кіндік қаны тамған Аққұм ауылынан ақ шаңқан үй салды. Шаруа дедік, шаршадық, енді ағайынмен араласып, дем алайық деді. Солай дегені болмаса, Алдекең ақсақал зейнет жасында да құс жастықты шынтағына бүктеп жатқан жан емес. Атқа мініп, қыр асып кетіп бара жатады. Егін егеді, үйінің айналасын жап-жасыл саяға айналдырған да Алдекеңнің өзі. Балаларын өнбекке жеткізіп, немерелерін еңбекке баулыды. Құдай қосқан жары Зүбәйра ана екеуі жарты ғасыр берекелі, құбатөбел тірлікті бірге кешті. Отанасы елу жыл бір әулетке келін болды, екі ене бағып, бірінің көңілін қалдырған емес. Қарттың жолын кеспеген, жастың қолын қақпаған мейірімді кісі ретінде көптің жадында қалды.

Ұл-қыздарының бәрі де елге еңбек етіп, әке даңқын төмендетпей, төрге оздырған азаматтар. Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де мәлім. Жаңа құрылыс материалдарын өндірудің энергия ресурстарын үнемдейтін технологияларын әзірлеу және жетілдіру жөніндегі ғылыми мектептің негізін қалаушы ғалым-педагог. Техника ғылымының докторы. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Артындағы ізі – немересі Мұрат Бисенов атасының ісін жалғады. Бұл күні ол – «Бақдәулет» шаруашылығының бас директоры. Өз пайдасынан ауылға монша, асхана, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар құрылысын салды. Биылғы жыл қортындысында үш үздік күрішшіге жеңіл автокөлік мінгізді.

Міне, артына осындай саналы, бойына халқының қасиетін тоқыған ұрпақ қалдырды.

Туғанына тоқсан бес жыл толып отырған құбатөбел тірліктің құлагеріндей атағы алысқа кетіп, бейнесі барша жұрттың жүрегінде қалған Алдаберген Бисенов – Қазақстанның «Құрмет», «Алтын» кітаптарына енген еңбек адамы. КСРО-ның жауынгерлік және еңбек марапаттарының иесі. Тәуелсіз еліміздің тұсында Жалағаш ауданының Аққұм ауылындағы №38 орта мектепке А.Бисенов есімі берілді.

«Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген еді Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Осы мақала бағдарламаға айналды, өйткені, шын мәнінде өткенін құрмет тұтпаған ұрпақ өрге қадам баса алмайды. Ал, Алдаберген Бисенов – кеше мен бүгін арасына алтын баспалдақ болған тұлғалардың бірі.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<