Адал еңбектің арқауын жалғаған

231

0

Артына өшпес із, ұрпағына таусылмас тағылым, ісіне қайталанбас қолтаңба қалдырып кеткен жандар туралы айтқанда, Тебеген Қожаназаров өнегесі еске түседі. Бүгін кісілік пен кішілікті тең ұстаған бекзат болмыс иесі туралы ой толғап, жазба жазудың орайлы сәті туды.

Тебеген Қожаназаров 1894 жылы Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылының аумағындағы «Ақбел-Көкиін» деген жерде дүниеге келген. 1910 жылы Қармақшыдағы орыс-қазақ мектебін үздік бітіріп, жастайынан еңбекке араласады. Жергілікті әкімшілікте, мәдени-ағарту мекемелерінде аудармашылық, іс басқарушы-хатшылық қызметтерін атқарған. Қиын да өтпелі кезеңде елдік істің иінін тауып, барды ұқсата білу тек асыл ерлердің ғана қолынан келген емес пе?

Атамыз 1917-1923 жылдары Қармақшы ауданындағы қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға белсене араласқан. Әсіресе, халықты жаппай сауаттандыру, мектептер ашу сынды ізгі істердің бастауында жүрген. Ахун-ұстаздар Ораз-Мұхаммед Бекетайұлының, оның шәкірттері Алдашбай ахун Ерназарұлының, Әлібай ахун Қосқұлақұлының ағартушылық ісінің жаңғыруына, жалғасуына дәнекер болған деседі көзін көргендер.

Еңбектің қызу майданында тер төккен Тебеген Қожаназарұлы 1924-1934 жылдары Қармақшы аудандық революциялық комитетінің, Қуаңдария болыстық атқару комитетінің мүшесі және Қуаңдария болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде қоғам құрметіне ие болған.

Қиыннан қаймықпаған қайраткерлік қасиетімен де ел есінде қалған. Әсіресе, 1935-1937 жылдары Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарғанда отырықшылықты дамытуға, егін егу мен мал өсіруге, ұжымдық еңбек дәстүрінің өркендеуіне ықпал етеді. Осылайша ауыл тіршілігінің тамырына нәр беріп, адал еңбектің арқауын жалғайды.

Ардақты азаматтың руханият мен мәдениет саласына қосқан үлесі де сүбелі. Бала жасынан Сыр сүлейлерінің шығармаларымен сусындап, ар мен абыройды биік қойған текті азамат туған елінде көмейінен жыр саулаған, ел алғысына бөленген жампоздарға әрдайым қолдау көрсетіп жүрген. Айталық, Омар Шораяқұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Молдахмет Далдабайұлы және өзге де қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларымен тығыз қарым-қатынаста болған.

Қазақ ССР Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов 1935 жылы «Шахнаманың» аудармалық-нәзиралық нұсқасын жазу үшін Тұрмағамбет ақынды Алматыға шақырғаны белгілі. Ақынды сол кездегі астанаға аттандыруды ұйымдастыруға Тебеген атамыз атсалысқанын біреу білсе, біреу білмес.

Халық қиын-қыстау кезеңде қамқор пейіліне, басшылық қызметіне риза болғандықтан, оны Тебеген би деп атап, «Ақжар» ауылындағы жерге «Тебеген ой» атауын берген.

Тағдырдың жазмышынан қашып құтылу әсте мүмкін емес. Тебеген Қожаназарұлы 1938 жылы 8 қазанда әкімшілік, мәдени-ағарту салаларында басшылық қызмет атқарған асыл азаматтармен бірге жазықсыз қамауға алынды. 1939 жылы 22 шілдеде шығарылған сот үкімімен Новосібір қаласындағы жазалау лагеріне жөнелтілді. Дегенмен «жақсыға жала жұқпайды» деген бар. Көп ұзамай 1940 жылы 16 желтоқсанда НКВД облыстық басқармасының қаулысымен қылмыстық іс қысқартылады.  Кейіннен 1998 жылы 13 ақпанда ҚР Бас Прокуратурасының шешімімен, «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңға сәйкес ақталды.

Ең өкініштісі, жала жабылып, жат жерге  айдалған оның туған топыраққа табаны тимей, жол үстінде ер жасы елуге жетпестен қайтыс болған. Жерленген жері белгісіз. Бұл жайында М.Исаев, С.Есмаханов, Т.Тебегенов бірнеше мәрте деректі мақала-очерк жазып, баспасөзде жариялаған.

Ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген. Атамызбен қанаттас қызмет атқарған азаматтар мен замандастары «бұл үш асыл қасиетті Тебеген Қожаназарұлы өзіне бойтұмар етіп, айналасын мейірім-шуағына бөлей білген» деп жылы естеліктер қалдырған еді.

Иә, асыл ердің жанына жалау болу, шаңырағының түтінін түзу ұшыру текті әйелге байланысты. Тебегеннің асыл жары Қапыш Алдабергенқызы шаңырақтың ұйықтысы, ағайын арасында беделді, бауырмал жан еді.

Бұл әулеттен тараған ұрпақтар өнегелі ізді лайықты жалғап келеді. Темірхан Тебегенов филология ғылымының докторы, профессор ретінде отандық ғылым саласында айтулы қолтаңба қалдырған. Немерелері де ғылым бағытында өнімді істер атқаруда.

Елі үшін тынбай еңбек еткен тұлғаның өнегелі ісі, қайраткерлік жолы ұмытылған емес. Тебеген Қожаназарұлына аудан орталығы Жосалы кентінен бір көшенің атын беруге шешім қабылданды. Бұл өткенін ұмытпаған жас буынның құрметі деп білеміз.

Ұлтқа қызмет етудің салмағын санамен, ауырлығымен армен өлшей білген Тебеген Қожаназарұлының адамгершілік, ақыл-парасат, даналық секілді төл өнегесі ұрпаққа ұлағат болатыны сөзсіз. Кейінгі буын  адами айбынын, қайталанбас қасиетін, қанық қолтаңбасын ұмытпайды.

Қызбала КЕНЖАЛЫҰЛЫ,

зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<