Адам болмысының боямасыз баяны

383

0

Ұялы телефон безек қағып қоя берді.

– Алло, амансыз ба, аға? Мен Жақсылық Түменбаев ағаңыздың баласы Мұхтармын. Марқұм әкемді білетін боларсыз?

– Білгенде қандай?! Жәкеңмен көзі тірісінде сыйлас болдым.

– Әкеміз тірі болғанда биыл 80 жасқа келер еді. Бар-жоғы 49 жасында өмірден мезгілсіз кетті ғой. Осыған орай туған топырағында еске алу рәсімін өткізбекпіз. Әкеміз туралы естелік жазып, оқырманға ұсынсаңыз…

Мұхтар Жақсылықұлының өтініші өткен жылдарды көз алдыма әкелді. Жақсылық аға жайлы жазба басына оның өмірдерегін ұсынуды жөн көрдім.

Жақсылық Түменбаев 1944 жылдың 5 қаңтарында Арал ауданына қарасты «Сазды» елді мекенінде өмір есігін ашқан. Орта мектептен кейін еңбек жолы «Арал» совхозында шопанның көмекшісі болудан басталды. Бала кезден қолына қалам алып, жазуға мейлінше машықтанған ол 1968 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен жоғары білім алып шықты. Туған топырағына оралып, облыстық «Ленин жолы» газетінің мәдениет және әдебиет бөліміне жұмысқа қабылданды. Жәкең құлаш-құлаш очерктер жазушы еді.

1975 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактордың орынбасары болды. Өмірдің қым-қуыт тайталасында жүрген адамның өз қабілет-қарымына деген сенімі болады. Сол сенім себебінен болар, Жәкең ҚазТАГ-тан кетіп, бірыңғай жазушылық жолына түсті яғни, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әдеби бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, көркем шығармалар жазуға кірісті. Бертін келе республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Осында басшылыққа келгенде журнал таралымы бар-жоғы үш мың дана болса, Жәкеңнің тікелей ықпалымен жүз есе артып, үш жүз мың данаға жетті.

Ол бар-жоғы төрт мүшел ғұмырын босқа өткізген жоқ. 1977 жылы «Қардағы іздер», 1979 жылы «Қимас қазына», 1981 жылы «Мен сүйген қыз», 1984 жылы «Тас бөгет» атты кітаптары «Жалын» баспасынан жарыса жарыққа шығып жатты. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан «Махаббат қорығы» атты повестер жинағы оқырманға жол тартты. Өкінішке қарай, Жәкең 1993 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан «Ақтық демің біткенше» романын көре алмай кетті. Қайтыс боларының алдында, яғни бір-ақ апта бұрын Бексұлтан Нұржекеевке қолжазбасын апарып тапсырған. Кітаптың атына қарасаң, бұл өмірден өтетінін білгендей. Айтқандай, ол Альберт Лихановтың «Шырғалаң» романын қазақша сөйлетті.

Сөз орайы келгенде Жақсылық Түменбаевтың шығармалары жайлы ой-толғамдарымды ортаға салғым бар. Жас жазушының алғашқы кітабы – «Қардағы іздер». Автор бұл кітабында жастардың алдыңғы ұрпақ ісіне адалдығы, азаматтық тұлғасының қалыптасуы хақында толғанады. Ал повестері мен әңгімелері енгізілген «Тас бөгет» кітабы адамның қалыптасуы, кейіпкердің еңбектегі алғашқы қадамын боямасыз баяндауға арналған. Шығармада өмір көріністері шынайы суреттелген, есте қаларлықтай кейіпкерлер бар. «Туған ошақ жылуы» повесінде қазіргі отбасының моральдық-этикалық санаты, бала тәрбиесі жайлы мәселелер төңірегінде ой қозғайды. Сондай-ақ, «Режиссер келген күн», «Лотерея билеті» әңгімелерінде селт еткізер сәттер көп.

Жәкеңнің шығармаларының кейіпкерлері – ауыл адамдары. Өз ауылының тұрғындары болуы да ғажап емес. Көп оқиға өмірден алынған. Тіпті кейбір кейіпкерлердің жазушының өзіне ұқсайтыны да жасырын емес. «Келіншектер» повестер жинағына топтастырылған шығармалардың бәрінде қазақ ауылының азаматтарының психологиялық портреттерін шынайы шеберлікпен жасайды. Әсіресе, соғыстан кейінгі ауыл өмірінен жазған шығармаларының шындығы жүректі қатты шымырлатады.

Жақсылық ағаның «Ауыл шетіндегі үй» деген повестер жинағына ерекше тоқталғым бар. Өйткені, мұндағы повестерінде Жәкең өзінің қайталанбас көркемдік бейнесін тапты.

– Бұл шығарма, – деп еске алады жазушы-драматург Серік Асылбекұлы, – меніңше тек Жақсылықтың ғана емес, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасының үлкен табысы болды.

Айтса айтқандай, бұл шығармада қазақ ауылының бейнесі, сонда өмір сүрген адамдардың тағдыры, мінез-құлқы, пейілі, сол кездегі қоғам қайшылығы айшықты суреттелген. Жәкең «Ауыл шетіндегі үй» кітабында Омарғали есімді ақсақал арқылы ауыл адамдарының бітім-болмысын боямасыз баян етеді.

«Егемен Қазақстанда» жарияланған А.Есенжолдың мақаласынан үзінді келтіре кетейін.

«Ауыл шетіндегі үйдің иесі – Омарғали. Автор оны былай суреттейді: «Омарғалидың жас кезінен бері сүйегіне сіңген әдеті боз ала таңнан тұрады. Мұнысына жұрт бір кезде сүйсінетін: «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық емес пе?» Қазір күледі: «Осының не шаруасы қалып барады екен» деп. Бірақ оның ерте тұрғанынан әзір зиян көрген ешкім жоқ дейді. Сондай-ақ қаламгер оның таң алагеуімнен тұрғандағы бірінші жұмысы – құдық басында тұрып қалған малдарды суару екендігін айтады. Осыдан-ақ кейіпкердің барлық болмысын біліп, оның жанкешті, еңбекқор адам екенін жақсы тани түсесіз.

«Омарғали – қазір кемтар кісі. Оң аяғын сүйретіп басады, оң қолы жансыз бос салбырап, бұйдасын шұбатқан түйеше бір қырымен жүреді. Сонысына қарамай ол артынан біреу қуып келе жатқандай ылғи асығыс, істеген ісінің бәрі тез. Оның қауға тартқанын көрсеңіз: қауғаны құдыққа сау қолымен салады, сосын жұлқи бір тартып, оң қолтығына қысып алады да, екінші тартқанда шелекті науаға төңкереді» дейді жазушы.

Енді жас күнінде ел ісіне араласып, Батпақты ауылының іргесін қалаған атпал азаматтың соғыс салдарынан мүгедек болып қалғандығына жаныңыз ауырады. Оның қазіргі кемтар күйіне қатарластары түгілі кемпірі, кезінде ауыл-аймаққа «паң келін» атанған Қымбаттың өзі мүсіркеп қарайды. Соның бірауыз зілді сөзі Омарғалиды қаралай састырады. Тек әкесіне жалғыз қызы ғана шыр-пыр болып жүреді. Шығарманы оқып отырып, біресе мұңайып, біресе қуанып, әрі-сәрі күй кешесіз. Жазушы шеберлігі деген осы болар.

Повестегі Омарғали қарттың адалдығы мен намысқойлығы, өмірінің жарық сәулесі – жалғыз қызына деген махаббаты нәзік сезімталдықпен бейнеленген».

Келесі сөз кезегін Жәкеңнің көре алмай кеткен «Ақтық демім біткенше» романына берсем деймін. Роман оқиғасы Арал ауданы аумағындағы Қарақұмның бір қойнауын мекендеген ескі қазақы ауылда өтеді. Оның желісі колхоздастыру кезеңінен бастап, кешегі елуінші жылдарды қамтиды. Автор сол дәуірдегі сапырылысқан оқиғалардың екпінімен кеткендей болса бұл нағыз детективтік шығарма болып туар еді. Романда сол дәуірдің қым-қиғаш оқиғаларына сай сабылып өріп жүрген кейіпкерлер де жоқ. Бар-жоғы он кейіпкерден аспайды. Шығарма желісі үш адамның монологі мен диалогі арқылы ой ағынымен өріліп отырады.

Романның жүгін көтеріп отырған үш кейіпкердің бірі – бас қаһарман Жабасов Ысыман. Бұл өзі тағдырдың тепкісіне мықтап ұшыраған жан. Он сегізінде соғысқа аттанған ақсары жүзді, ажарлы жігіт қанқасап майданнан құбыжық бейнеде оралады. Бір аяқты тізеден, бір қолды иықтан берген, маңдайдағы қос шырағының бірі – шаншылған шыны көз. Еңбек жолын осы сиқымен бастайды.

Екінші кейіпкер шопан Жанарыс – жазушының кейіптеуінде жібі түзу, алды-артын ылғи да ақылға салып пайымдайтын көнтерлі жан. Тұла бойы тұнып тұрған кісілік, біреудің біреуге жасаған қиянатына қаны қайнап, ал жақсылыққа жаны жадырап жүрген жан.

Роман желісінде осы заманның бар ауыртпалығын көтеріп, талай тар өткелден өткен кейіпкерлер Жанарыс пен Ысыманның өз өмірлерінің мән-мағынасын парықтаған ақтық кешуі оқырманды тұтас бір ғұмырлық дәуір туралы ой екшелеуге жетелейді. Сондай-ақ Қыдыр, Ақиіс секілді әрқайсысы өз алдына адамгершілік жүгін арқалап жүрген тағдырластар да жан-жақты сомдалған.

Қайталанбас қаламгердің жоғарыда аталған шығармаларына белгілі жазушылар тәнті болып, жоғары баға беретін. Жәкеңмен тонның ішкі бауындай аралас-құраласта жүрген танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Ол «Ақтық демің біткенше» атты тамаша романын жазып еді. Ақтық демі біткен соң жарық көрді әттең! Ол әлі талай роман жазатын ба еді, кім білсін?! Әр шығармасы үшін оқырманнан ұшан-теңіз алғыс та алар еді. Айтып-айтпай не керек, арманда кеткен азамат жазғанымен де сағындырады, жазбағанымен де сағындырады» деп қимастықпен еске алады.

Сыршыл суреткер Сафуан Шаймерденов: «Мен Жақсылық Түменбаевтың «Жұлдыз» журналында жарияланған «Ауыл шетіндегі үй» повесін бұрын оқыған едім. Ол повестің ұнағаны соншалық, газет-журнал беттерінен осы авторды әманда іздеп жүретінді шығарғанмын» деп ағынан жарылады.

Жәкеңнің өзіне тән тағы бір ерекше қасиеті – күйшілігі. Ол жазбасын қағаз бетіне түсірер алдында домбыра шертіп, құйқылжыта күй төгетін. Көзкөргендердің айтуынша, ҚазГУ-дің оркестрінде солист болыпты. Атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев оның домбыра шертісіне тәнті болып: «Әй, бала, сенің мына домбыра қағысың керемет. Журналистиканы қайтесің, менің оркестріме кел» деп шақырған екен. Бірақ қаламгерлікті мұрат тұтқан Жәкең келісімін бермеген көрінеді.

Бар-жоғы 49 жасында шығармашылықтың шыңына шыққан оның ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Жастарға арналған көркем шығармалары республикалық жабық конкурстарда бір емес, бірнеше мәрте бәйге иеленген. Сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Оған Арал ауданындағы туған ауылы «Сазды» елді мекеніндегі мектеп аты берілген. Мектеп оқушылары арасында жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сайыс өткізіліп, жеңімпаздарға Жәкең атындағы стипендия табысталады. Қызылорда қаласының орталығында Жақсылық Түменбаев көшесі бар, Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

Жақсылық ағамыздың Құдай қосқан жары Несібелі жеңгеміз 45 жасында қосағынан айырылған.

– Жәкең өмір бойы мені Несен деп еркелетумен өтті. Көңілденгенде Ақ Несен деуші еді. Бар бастан өткен ауыртпалықты артқа тастап, енді-енді отбасылық қызықты да шуақты сәттерді өткере бастаған шақта сыңарымнан айрылып қалдым, – деген оның да бұл өмірден кеткеніне он жыл өте шығыпты.

Шүкір, Жақсылық пен Несібелінің артында ұл-қыздары бар. Мұхтар әке жолын қуып, жеке телестудия ашып, деректі фильмдер түсіріп жүрсе, Гүлсая – сақтандыру компаниясында менеджер. Үлкендері Мұхит – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мемлекеттік материалдарды жинақтау АҚ төрағасының орынбасары.

– Көңілге жалғыз жұбаныш – осындай асыл ата-ананың тәрбиесін көргеніміз. Содан да оларға ұқсап бағуға, берген өнегесін ұрпаққа жеткізуге шама-шарқымызша тырысамыз. Біз барда олардың өмірі жалғасады, – дейді Гүлсая ағынан жарыла.

Ең бастысы, Жақсылық Түменбаевтың мәңгілікке қалдырған әлемі бар. Сыршыл прозасымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жазушының ұлттық болмысымызды шынайы бейнелеген шұрайлы шығармалары әлі талай өз оқырмандарын рухани сусындата бермек.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<