Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов

1860

0

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылған.

«Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.

А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

Алматы қаласының және Қызылорда облысының  Құрметті азаматы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері.

Ұлтының ар-ұяты бола білді

Әбекеңнің өмірден өткенін төбемізден жай түскендей болды деп айта алмаймыз. Өйткені бұл кісі бір жылдың төңірегінде қатты науқастанып жатты. Ең соңғы рет барғанымда тіпті шүйкедей болып қалған. Жатын бөлмесінен коляскамен алып шыққанда, жас бала сияқты болып қалғанын көрдім. Сонда менің көзімнен жас шығып кетті. Қандай Әбекең еді.

Көрмегелі үш-төрт ай болып еді, мені көріп ол кісінің де көзінен жас шықты. Содан кейін мен көзімнің жасын білдірмес үшін жас бала сияқты қылып корридорда коляскамен әрлі-бері қыдыртқан болып барып, қасына отырып әңгімелестік. Құлағы естімей қалған, тамақты қасықпен аузына салып ішкізді.

Бір кездері қандай Әбекең еді деп бәрі көз алдыма елестеді. Бұл – ұзақ әңгіме, сезімнің сөзі. Ал енді Әбекеңнің қазақ әдебиетіндегі, қазақ халқындағы рөлін, қандай орын алатынын айтып жатудың өзі артық. Сол сияқты Әбекең біз үшін сондай тұлға еді. Ол кісі біздің қорғанышымыз болды. Ұлттың мүддесін қызғыштай қорғаумен өтті. «Ана тілім ертең өлер болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» дейтін Расул Ғамзатовтың сөзін жадына сақтады. Нағыз ұлтжанды, ұлтын, тілін сүйген адам еді. Тілін сүйгендіктің арқасы емес пе? Ол әр шығармадағы ағат кеткен бір сөздің өзіне қадалып, шұқшиып отыратын. Өзінің романдарын қайта-қайта өңдеуден жалықпайтын. «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын жасадым» деп айтып отырғанда, мен сәл ренжіп: «Әбеке, одан гөрі жаңа шығарма жазбайсыз ба? «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын оқитын адам бар ма, жоқ па қайдан білесіз?» деп едім, бірақ ол кісіні алған бетінен қайтара алмайсың. Әр жеріне лайықты сөз қосып отыратын. «Бұл баяғыда жазылған шығарма ғой» деуші еді.

«Соңғы парызды» қанша ұзақ жазды. Бұл кісі ұзақ жазады, жұрт сияқты бір шығарманы бітіре салып, екінші шығармаға кіріспейтін. Әсіресе аудармаға қаншалықты көңіл бөлді, жер-жебірімізге жетіп ұрсатын да сол Әбекең еді. «Сендер шығармаларыңды орыс тіліне аударуға беріп, аударлығанына мәз болып қана жүресіңдер, ал әдебиетте, сөз өнерінде бір сөздің өзі көп нәрсені шешіп кететінін неге білмейсіңдер? Бір сөз шығарманың құнын арттырса, орынсыз бір сөз шығарманың бәсін түсіреді. Сендер осыған мән бермейсіңдер», деп кездескен сайын айтатын.

Қазақ елінің абыройы, ары, ұяты осы Әбекең еді ғой. Қайсы қырын айтайық, ол шығармаларымен қазақ әдебиетін әлемге танытып кетті. Ұлылардың соңғы сарқыны, соңғы тұлғасы О дүниеге кетті. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтармен бірге жүрген тұлғадан айырылып қалдық. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі бар, сол сияқты мен де бүгін ұзын қайың ғана емес, алып еменнің құлағанын естіп, жетімсіреп қалдым. Бұлай дейтін себебім, ол кісі телефон соққан сайын «Әй, бала» деуші еді, «тапқан екенсіз, жетпістен асқан адамды бала дегеніңіз қалай?» дейтінмін. Енді олай айтатын адам жоқ.

Ол кісі әр шығарманы оқығанда, қолына қызыл, көк қарындаш алып оқушы еді, менің соңғы жазған шығармам «Бөртені» ауырып жатқанына қарамай, бір күннің ішінде оқып шықты. Ол кісі оқыған нұсқасын сақтап қойдым. Белгі салмаған бір бет жоқ. Ең соңында өзінің пікірін орысша жазыпты. Оны айтып жатудың қажеті жоқ. Соңында: «Әй, бала, жылаттың ғой», деп қазақша бір сөйлем қосыпты.

Ол ана тілінің қорғаушысы бола білді. Жұрттың есінде бар шығар, Горбачев Алматыға келгенде Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде жатқан Әбекеңді шақырып алды, ол кісі сол күні ұшып келді де, ертесінде жиналысқа қатысып, өте керемет баяндама жасағаны әлі есімізде.

Сол кезде Әбекең өзінің сөзін оқып отырғанда Горбачев қасындағы біреумен сыбырласа бастағанда Әбекең мойнын бұрып: «Михаил Сергеевич, я это слово говорю вам», деп састырып тастап еді. Әсіресе 1986 жылы жұрт кімнің кінәлі, кімнің жазықсыз екенін білмей, «бұны ұйымдастырған кім?» деп біздің жастарымызға жала жауып, қаулы қабылдап, «Қазақ ұлтшылдығы» дегенді тауып, сөйтіп жатқан қиын кезде Әбекең «Известия» газетіне үлкен мақала жазды. Сол мақаладан кейін жалпы жұрттың пікірі өзгерді. Әбекеңнен басқа адамның мақаласы болса, газет те оны баспас еді. Бүкіл Одақта Нұрпейісов деген атақ-даңқы бар, өзі Москваның жазушыларымен араласып тұратын болғандықтан, бұл мақаланың салмағы жақсы болды. Сол мақала бүкіл Одаққа, орыстардың өзіне көптеген мәселені түсіндірді.

Қазақ қаламгерлерінің көбі қол жеткізе алмаған нәрсеге Нұрпейісовтің қолы жетті. Атақты «Роман газета» дегенге біздің әдебиеттен тұңғыш рет «Қан мен тер» романы басылды. Мен Колумбияда болған кезімде бір оқиға болды. Олар Қазақстан деген елді естіп те көрмепті. Сонда бір адам келіп, орысша сөйлесті. Сол кісі: «Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай жаңа шығарма жазды?» дегенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Біздің атақты жазушымызды Колумбиядағы біреудің сұрағаны қандай бақыт. Әбекең кім дегенде, ол кісі менің ұстазым, қамқоршым, арқасүйер ағам, заманда-сым, кейде құрдасым болды.

Зейнолла Қабдолов «Суырылмайтын қазық» деп ат қойып еді. Негізінде ол кісі біреуді жақсы көрсе, жек көрсе пікірін еш уақытта өзгертпейтін. Әр жағынан өзінің пікірі бар адам болды. Ендігі біздің міндетіміз – ол кісінің мінезі, кісілігі мен кішілігі жайлы өткір зерттеулер мен мақалалар жазу. Ұнатпаған кезінде өңменіңнен өтердей күшті жанары бар еді. «Не айтып отырсың?», «Бұл жазушы айтатын сөз бе?», «Шындығың қайда?» дейтін. Қалай болғанда да, ол кісі ұлттың қорғанышы, абызы бола білді. Мұхтар Әуезовтің шеберлігі жайлы аузынан тастамай жүретін, енді өзі де сол кісілердің қатарына, солармен сырласуға кетті.

Қадірлі Әбеке, еліңіздің алдында бір адамға ғана емес, бірнеше адамға тән парызыңызды өтедіңіз, арамыздан абыроймен аттандыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Халқыңыз сізді ешқашан ұмытпайды.

Қош болыңыз!

 Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Алаштың абызы

Аралда туып, Алаштың абызы болған Әбенің қазасы баршамызға қайырлы болсын! Иә, өмір заңы – келу, кету. Шүкір! Тәубе! Бәрін көрді. Барын берді. Ұлы үлгі қалдырды. Жоғары рухани планка (меже) қойып кетті. Соңғы рет кездескенде маған сыйлаған «Соңғы парыз» кітабына «Бұл менің ғасырмен, уақытпен есеп айырысқан еңбегім» деп жазыпты. Қандай ірі сөздер десеңізші!

Тағдыры оңай болған жоқ. Аштықтың, қуғын-сүргіннің куәсі болды, бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап, майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Өйткені Әбе тектілердің тұяғы, ата-бабалары ту ұстаған батыр, сөз ұстаған би болған. Сондықтан қасиетті тіліміз бен жерімізді даулағанда аузы дуалы ақсақал, данагөй қария алға шыққан жоқ па? Ұлы Абайдың жолымен кертартпалықты, озбырлықты, тоғышар пысықайлықты, әлеуметтік әумесерлікті, даңғойлық пен даңғазалықты сынап, шын намысты ширатып, қолымызға әзер қонған азаттық құсын қызғыштай қорғаған Әбенің ерлігі мен еңбегін қалай ұмытамыз? Әбе 95 жасқа толғанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Алматыға арнайы келіп «Енді ғасырлық мерейтойыңызда кездесейік» деген тілекпен бірге «Еңбек Ерінің» алтын жұлдызын төсіне тағып еді. Амал не, Алланың әміріне қарсы шығу мүмкін емес. Бірақ біз бүгін Алла тағалаға өкпе айту үшін емес, қазақ халқына осындай тұлғаны сыйлағаны үшін рахмет айтуға жиналдық. Жаныңыз жаннатқа самғағанмен, сөзіңіз, ойыңыз, пікіріңіз ақ қағаздың бетінде, қара жердің үстінде қалып барады ғой, аяулы Әбе! Соларды өзіңіздей, көзіңіздей көріп, әлі талай сырласармыз, мәслихаттасармыз! Өйткені алар асуларымыз қиындап барады. Шығар шыңдарымыз биіктеп барады. Қатарларымыз сиреп барады. Қалғандарымыздың ендігі жерде айтысып-тартысып жүруге қақымыз жоқ болса керек, рухани жаңғыруға рухани бірлікпен жетуіміз қажет болып тұр. Абыз ағамыздың қазасы осындайда кешегі ызғарлы қаңтардан кейін елді бірлікке шақырғандай болып көрінеді. Ендігі түскен ақ жол бір-бірімізге әрі сергек, әрі әділ болуды талап етеді! Осы бір ұйытқылы істе Әбенің рухы бізбен мәңгі бірге!

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Қазақтың Әбесі

Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер. Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды.

Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі.

Ол – Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы ғана емес, Мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан дамуына өз үлесін қосқан қоғам қайраткері.

Бір болмысына осынша мол парасат пен пайымды сіңіріп, рухани кемел тұлғаға айналған Ұлт мақтанышының өмірден өткеніне әлі де сене алар емеспін…

Ардақты аға, өзіңізбен бірге өткен уақыттар, дегдар дидарласулар, рухани құндылықтарды байытқан тағылымы мол кездесулер, ағалы-інілі болып сырласқан сәттер менің жүрегімде мәңгілікке сақталатын болады… Бақұл болыңыз, Әбе!..

Қылышбай Бисенов,

ҚР ҰҒА академигі

Артында өлмес өркендері қалды

Қазақ әдебиетінің ғана емес-ау, қазақтың рухани монолитінің тұтас бір қабырғасы сөгіліп, алып бір дәуірі көшіп бара жатқандай бүгін.

Ғалами саналарды сан-саққа салып, әлем қасіретінде дүйімді күңіренткен қайран Аралының соңын ала, мына фәни-жалғаннан Әбдіжәміл аға да бақиға ұзады. Дауылды күнгі кең шалқардың ақ бурыл толқындарына қатты ұқсайтын аппақ шашын теңіз желі тараштаған абзал аға жоқ енді. Өкінішті. Осы сәтте, бір шетте Көлқора шоқы күрсінеді. Мына тұс Беларан биігі егіледі. Ал бір кездегі азамат, жазушы ойы мен қиялын сан қиырға шақырып, биіктерге қанат қақтырған қайран Аралының мына суалған көз шарасынан енді ақ заһар сор өнбесе, мөлдіреп мұң жасы да шыға алмайтындай.

Ғасырдай бір ғұмыр-тағдырға куә-дүр дүние қайғыда бүгін.

Тұлға еді. Алып еді. Тасқа таңбаланғандай әр сөзі ғана емес, бар болмысы, бітім-тұлғасы қара жердің өзіндей сенімді, қарқара таудай орнықты еді. Соңғы сәтіне шейін сондай заңғар тұғырда тұрды ағамыз. Сонан ба, мына біз сонау алыс жақтарда, Аралдың сортап ұлтанында да өзін ес тұта жүріп, бұл кісінің барлығына марқайып, арқа сүйегендей бір бекем-жарқын ішкі сенім күшін сезіне жүруші едік…

Іні болдым. Кемді күн тіршіліктің кей сәттерінде қасында жүрдім. Ретті жерлерде аз-кем қолғабыс-көмекке жарадым. Бергенімнен алғаным көп. Болмыс туралы асыл-кеніш ойларынан, әдебиет, шығармашылық туралы сарабдал-сарас пайымдарынан, өмірден жинаған қаттаулы қазынадай тіршілік-тәжірибелерінен, тіпті, жай ғана адами тұлғасының өзінен сарқылмастай өнеге-үлгі көзін көру ғанибет еді… Өмір өзінің өткіншілігін тағы да сездірді. Тағдыр тебіренбес-аяусыз кеспірін тағы бір көрсетті.

Әйтсе де, ұлы тұлға артында жалғаса жайылған өміршең өркендер қалды. Алғысты-баталы дүйім ел-жұрт қалды. Сол хазіреті қауыммен мәңгілік көзайымда сонау алғашқы қанатқақты дүние «Күткен күн», онан кейін әлем игілік еткен «Қан мен тер», жазушы-азаматтың ел мен жер алдындағы соңғы парызын атқарған іспет «Соңғы парыз» еңбектері қалды. Ұрпағымен мың жасаған Лұқпан Хәкім өмірі секілді, енді жазушы өмірі осы туындыларымен жалғасады. Ол болмыспен бірге жасасардай ұзақ та мағыналы ғұмыр болмағына мен сенімдімін.

Бұл дүниенің бейнеті – бақи дүниенің зейнеті болар…

Жақсы адамның амал дәптерін Жаратқан оңынан бергей!

Алдыңнан жарылқасын, абзал аға!

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, эколог

Қазанама

Қазақ елінің қабырғасы қайысты, қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас қазаға душар болды. 2022 жылдың 5 ақпанында 98 жасқа қараған шағында елінің Әбесі болған, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан дарабоз тұлға, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов дүниеден озды. Сыр еліндегі қалың халқы қайғыра жоқтап, Аралы аңырап қалды.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.

1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1995 жылы Халық жазушысы Олжас Сүлейменовпен бірге қазақстандық ПЕН клубын құрып, негiзiн қалады, клубтың президенті болды.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады.

«Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүниежүзі халқының көптеген тіліне аударылған.

«Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.

А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974).

2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды.

«Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

2007 жылы Қызылорда облысының Құрметті азаматы, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Кәрімұлының қазасына орай әулетіне және барлық туған-туыс жақындарына, күллі қазақ еліне Сыр еліндегі қалың жұртшылығы атынан қайғыра көңіл айтамыз.

Қазақтың руханияты мен әдебиетіне ұшан-теңіз үлес қосқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталады.

Бақұл бол, Әбе, қазақтың абыз ақсақалы…

Қызылорда облысының әкімдігі,

Қызылорда облыстық мәслихаты,

Қызылорда облыстық Ардагерлер кеңесі,

Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңесі,

ҚР Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<