Әділет жолындағы өнегелі өмір

833

0

Сыр елінің перзенті, белгілі заңгер, аға әділет кеңесшісі Бақытбек Ерғалиев республикамыздың прокуратура және әділет саласында өзіндік жолын, ізін, ізгілігін қалдырған азамат.

Ол 1954 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында өмірге келген.

Мектеп бітірген соң еңбек жолын «Коммунизм» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Еңбектен қол үзбей жүріп, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде сырттай оқып, білім алған. Осыдан кейінгі Бақытбектің бар саналы ғұмыры құқық қорғау саласымен біте қайнаса өтті.

Қызылорда қаласы прокуро­ры­ның, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі болды. 1988-1994 жылдары Шиелі ауданының прокуроры, 1994-1996 жылдары Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1996-1999 жылдары Аты­рау облысының прокуроры, 2000-2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының проку­роры, ОҚО аймақаралық табиғат қорғау прокуроры, мұнан соң Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуроры болды. 2003-2011 жылдар аралығында Қызылорда, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары әділет департаменттерін басқарды.

Осылайша, ол отыз жыл бойы Конституция бекіткен әр  заңның үстемдігін сақтаушы, әділдікті жақтаушы білікті құқық қорғаушы болып қалыптасты. Алдына адам араша сұрап кел­генде фамилияға емес, Фемидаға қарайтын адал жан дүниесіне кір жұқтырмай қызмет жасады. Онымен бетпе-бет ке­ліп, ешкім де жалтара сөйлей алмайтын, өйткені, өң-жүзінен жалғандықпен бітіспейтін бір қай­сарлық көзге ұрып тұратын. Кейде бізге замандасымыздың тұлғасы баяғының сүбе билеріндей сұсты көрінетіні рас-ты. Дәл солай «салқын» көрінген Бақытбек жақын сөйлескенде жа­ныңды ерітіп, бар жылуын төгетін. Себебі, ол жасынан-ақ асыл мен жасықты, жақсы мен жаманды айыра білудің, жөнсізге жүген, әлсізге қамқор болудың сабағын алған. Текті, тәрбиелі, терең. Кішілікке келгенде тойған қозыдай, кісілікке келгенде озған жүйріктей сол бір дара болмысымен әріптестеріне ғана емес, біз секілді замандастарына да үлгі бола білді. Ол өте аңғарымпаз, істің астарындағы па­рықты, сөздің жүйесіндегі парасатты ойлап, түпсанадан түсіне алатын. «Ақылдыға сөз айтсаң – аз ойланып біледі, ақылсызға сөз айтсаң – тыңдайды да күледі» демекші, әрине, мұның бәрі оның ақылдылығына келіп тірелетін.

Прокуратура органдарында қызмет ету алмас қылышты ала­қаныңмен қан шығармай қысып ұстаған көрініске ұқсайды. Әр істің, әр шағымның тасасында әділдік іздеп шарық ұрған, бір ауыз сөз, бұрыс шешімнен шы­ңырауға құлап кеткелі тұрған адам тағдыры бар. Прокурор Бақытбек өзгенің мұңын өзінің ішінде қайната алатын қасиет егесі болды. 

Оның тілтабысқыштығы, кісінің жанын ұғуы, сырын түсінуі – көп қырының бірі. Шиелі ауданының прокуроры болып қызмет еткен жылдары сол жердің төл тумасындай болып кетті. Жергілікті жұртпен тығыз араласып, олардың қуанышы мен қайғысын бөлісті, үлкенді аға, кішіні іні тұтты. Аудан басшыларының алдында, елдің белді азаматтарының ортасында зор абырой, бедел иеленді.

Бәкеңнің бойына заңгерге керекті қағидаттарды табиғат әу баста сыйлаған сияқты. Оның әділетсүйгіштігі, көргенділігі, көңіл зеректігі, ақиқатшылдығы, адамның бәріне бірдей қарайтын қарапайымдылығы – «тура биде туған жоқ» дейтін даналықты еске салып тұратын.

«Дана кісі үлкен істе де, кіші істе де даналығын таныта біледі», – депті неміс ойшылы Гете. Дегенде, биік тұлғалы Бәкең өзін асқақ ұстамайтын. Оның болмыс сипаты «Ұлық болсаң – кішік бол» дейтін қа­рапайым мақалға сыйып тұрғандай еді.

Бақытбек Сабырұлы қай жерде қызмет етсе де, бойындағы бар қабілетін, білімін, күш-қайратын туған халқына арнады, жүктелген міндеттерді ауыр демей арқалап, біліктілікпен, жа­уапкершілікпен атқарды.

Үш облыстың прокуратурасын, әділет департаментін бас­қарғанда халықтың есінде қаларлық игі шараларды іске асырды. Сол тұрғыда үлкен ұйым­дастырушылық қабілетін көрсетті. Тәлімді тәжірбиесін ел мүддесіне жұмсады. Билік пен парасат арақатынасын ажырата білді, креслоның күшіне емес, өзінің ісіне, біліміне сенді. Жазылған заңнан жазылмаған адами кодексті жоғары қойды. Бүкіл әрекет-қимылын әділдікпен таразылады, өзін халықтың қызметшісімін деп санады. Оның адами болмысын арттырған қасиеттерінің бірі – хан болсын, қара болсын, ақиқаттан аттамай, шындықты батыл айтатын қай­сарлығы. Абзалы, бұл мінезі біреуге ұнап, біреуге ұнамаған да болуы мүмкін. Осы сөзімізге орай мына бір жағдай еске түседі.

Оңтүстік Қазақстан облыс­тық прокуратурасын басқарып тұрған кезінде облыстағы бір салалық басшыға республикалық билік тарапынан сын  айтылып, министірлік тарапынан арнайы комиссия құрылып, тексеру ұйымдастырылды. Сонда Бақытбек Сабырұлы құқықтық заң­ды­лықтардың сақталуын қам­­тамасыз ететін органның басшысы ретінде әділдіктен айнымай, министрлік құрған ко­миссия алдында азаматқа тағылған кінәнің негізсіз екендігін нақты көрсетіп берді. Дәл мұндай жағдайда, өзінен жоғары тұратын органның ойын жоққа шығарып, осындай қадамға бару екінің бірінің қолынан келмесі анық.

Бұл – Бәкеңнің адамдық, азаматтық ұстанымының бір көрінісі ғана.

«Жақсының соңына сөз ереді» дейді қазақ. Көзіңе қаймақтап, сыртыңнан ғайбаттап жүретін жандар жан-жағыңда толып жүреді, әсіресе олар қызмет тізгінін ұстап отырған­дардың қасынан оңай табылады. Оны күндейді, ақсатқысы келеді. Сол үшін талай жиіркенішті әрекеттерді қолданып бағады. Дәл осындай жағымсыз жағдайлар Бәкеңді де айналып өткен жоқ. Бірақ ол айтқаны мен істегенін мойнымен көтерді. Қателігінен сабақ алды. Сатқындық пен оңашадағы ой иірімдерінен тұратын дауылға төзімділігін, өзіне деген сенімінің нық екендігін көрсетті. «Бидің жолы – ақ, судың жолы – сара», бұл оқиғадан Бәкеңнің құны түсіп, абыройы ортайған жоқ.

Қолына билік, жамбасына орынтақ тисе, құйылған мүсіндей қатайып, табанының жерде тұрғанын ұмытатындар бар. Өмірде ондай жағдайларды ондап, жүздеп санамалайсың. Біздің Бәкең бойын тік, жолын таза ұстады. Жақсыны жақтады, жастардың тілеуін кеспей, ешкімге зиянын тигізбей, қисай­ғанды түзеп, жығылғанды сүйеп, дүниеден маңдайы жарқырап өтті.

Бәкең – сері көңілді, сергек туымды жан. Келген жерін керуен, барған жерін базар ететін жайсаң. Аңшылыққа өте құштар болатын. Дәстүрлі аң-құс аулау кезеңі басталар кезде қай жерде қызмет жасап жүрсе де демалыс күндерін алып, елге келетін. Әр келген сапарында Бәкеңмен өте жақын  сыйластығы бар марқұм Ибраев Мерғали ағамыз бастап, Қайруллаев Қорғанбек, Әбибуллаев Ибрагим, Әбенов Абдулла, Шүленбаев Абдулла, марқұм Ахметов Ғалымжан ағаларымыз, Абылаев Бекболат, Черпов Александр,  Байтайұлы Әмірбек, марқұм Пак Роберт және тағы басқа да азаматтар теміржол вокзалынан күтіп алатын. Әрқайсының бір аймаққа атандай салмағы бар осынша адамның  қарсы алуының өзінен де Бақытбектің адами, тұлғалық бағасын айқындауға болатын.

Бәкеңнің аң-құс аулау кезеңінің ашылу салтанатына өте қатты мән беретіні де қызық еді. Аң аулау кезеңі жергілікті биліктің шешіміне сай белгіленген күні, көрсетілген сағатта салтанатты түрде ашылып, жарияланатын. Шара барысында алғашқы қатысушыларға, сырт­тан келген қонақтарға сый-сияпат жасалып, ескерткіш сыйлықтар тапсырылатын.

Бәкең қазақтың әдеп-ғұрпына, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын. Әсіресе, қазақтың қо­нақжайлылығына аса көңіл бөлетін. «Ақ Еділдің арнасы болмасақ та – бұлағымыз, ақыл­ды бастың өзі болмасақ та – құлағымыз» дегендей, біз де Бәкеңнен адамгершіліктің, уәдеде, айтқан сөзінде тұрудың, адам­дармен қарым-қатынастың сан түрлі сырына қанығып, көп нәрсе үйрендік.

Бақытбек досым, құдам, антына адал, ағайындыққа берік, ағалықтан даналыққа бет бұрған шағында, абыройлы бейнетінің зейнетін көрер кезінде, көгерткен бағының жемісін жейтін мезгілде өмірден өтті. Иә, Бәкеңнің жағасы жоқ, жеңі жоқ көйлек кигеніне, есігі жоқ, төрі жоқ мәңгіліктің үйіне енгеніне де жылдың жүзі болып қалыпты.

Ол өзінен кейінгілерге жақсысы мен жаманы, адалы мен арамы сапырылысқан, дұрыс пен бұрыстың шегі көмескіленіп кеткені сонша, ақ пен қараны ажыратудың өзі қиын соққан дүдәмал заманда да тұлғалық тұғырға, адам деген атқа лайық өмір сүруге болатынын көрсетіп кетті.

Мен Бақытбекпен ұзақ жылдар достық рәуіште, одан бері де құдай қосқан, құйрық-бауыр жеген құдалық қатынаста болғанымды өзіме тағдырдың берген сыйы деп есептеймін.

Жалпы, Бәкеңнің азаматтық биіктігі мен адамгершілік қасиеттерін жеріне жеткізе айтып тауыса алмайтындығыма шүбәм жоқ. Күмәнсіз тілегіміз: «Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын» деген дұғалы ниет қана.

Бәкең зайыбы Жанат екеуі өмірге бес перзент әкеліп, олардан ұрпақ сүйді. Отанасы кішіпейіл, көпшіл, кісіге болсын дейтін мейірбан жан еді. Ең бастысы, ерін құрметтей білетін, оның абыройын жоғары ұстап, қонағын төріне, тілегін көкірегіне қондырып отыратын кең парасаттың иесі болатын. Кейде біз ер азаматтың жетістігін әйелінің арқасы деп жатамыз. Шын мәнінде, бұл көңіл жықпас сөз емес. Қазақ оны: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деген сияқты нақылдармен нақтап жеткізген. Бәкеңнің ырысын арттырып, қызметіне қолдау көрсетіп, ақ киіміне кір, арына дақ түсірмей осы дәрежеге көтерген әуелі Жаратқан, сонан соң Жанат еді десек, жарасады.

Міне, осындай ұлтымыздың отбасы құндылықтарын қастерлеп, үлгілі шаңырақ иелері болған жандардың бұл ізетті жолын енді ұрпақтарының жалғастыратынына күмән жоқ.

Әріп ҚОЖБАНОВ,

Сырдария ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<