Әке аманатына адалдық

432

0

Сырдария ауданы «Шаған» ауылының тұрғыны Ертай Тотанұлы кешегі зұлмат соғыстан жараланып, елге аман оралған әкесі туралы естелік жазуды өтінген еді. Ертай әкесіне көше атын беруді ауыл, аудан әкімдігінен сұрап, өтініші тым ұзаққа созылып кеткенін қынжыла айтты. Шындығын айтқанда, қазір екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткендердің тірі жүргені жоқтың қасы. Ал біз әңгімелегелі отырған Тотан Балапанов – «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері.

Бұл орден санаулы адамдарға, оның ішінде айрықша ерлік көрсеткендерге беріледі. Оның үстіне майдангер бір емес, екі соғыстың от-жалынында болған. Осы тұрғыдан келгенде жергілікті биліктің аталған мәселе бойынша сөзбұйдалыққа салынуы бізді де қайран қалдырды.

Тереңөзек ауданы «Далакөл» ауылдық кеңесінде 1919 жылы дүниеге келген Т.Балапанов 20 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылыпты. Соғыс басталғанға дейін әскер қатарында болған азамат алдымен Фин соғысына қатысқан. Гвардия старшинасы деген әскери атағы бар жауынгер тау зеңбірегі расчетының командирі ретінде неміс басқыншыларына талай мәрте тойтарыс берген.

1944 жылы Украинаның Житомир қаласы маңындағы ұрыста  ауыр жарақат алып, сол аяғынан айырылып, 1946 жылы елге оралған.

Майдангер туған жерге оралған соң Ворошилов колхозында есепші болған. 1954-1963 жылдары «Тереңөзек» күріш совхозында экономист, бас экономист болып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне атсалысқан. Т.Балапанов секілді мықты мамандардың арқасында совхоз «күріш фабрикасы» атанған.

– Әкеміз өнегелі өмірімен ұрпағына, кейінгі жас мамандарға жақсы тәрбие берді. Жиындарда өтімді сөз айтатын шешендігі бар болатын. Майдангердің ұрпағы болғанымды мақтан етемін. Әкеміз Сыр шайырларының, ақындардың өлеңдерін, мақал-мәтелдерді орнымен пайдаланып, тыңдаушысын баурап алатын сөзшеңдігімен ел аузында қалды. Соғыстан келген соң 1947 жылы анамызбен отасқан, қазір үлкен әулетке айналдық, – дейді Еркін Тотанұлы.

Соғыс және еңбек ардагері Тотан Балапанов елге сыйлы, өнегелі отбасының иесі болды. Өмірлік қосағы Бибайша Әлиевамен алты перзент тәрбиелеп өсірді. Жұмысында өзіне лайықты ізбасарлар дайындап, олар аудан, облыс көлемінде жақсы қырымен танылды. Балаларының барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, әртүрлі мамандық иесі атанып, халыққа қызмет етуде. Қазір бір-бір шаңырақ иесі, немере-шөберелі.

Тотан Балапанов Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды. Сондай-ақ «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», Жеңістің 20, 25, 30 жылдығына орай мерекелік медаль, «СССР қарулы күштерінің 50 жылдығы», СССР Халық шаруашылығы көрмесінің қола медалімен, Социалистік жарыстың 1973-1974 жылдарғы жеңімпазы төсбелгісімен марапатталды.

«Қызыл жұлдызды» майдангер 1981 жылы өмірден өтті. Артында өшпес із қалдырған соғыс ардагерінің ерен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі қалады.

Қазір кешегі сұрапыл соғыс туралы көп айтылуда. Архивтен алынған дәйектерге сүйенсек, бұрынғы кеңес халқының ортақ соғысында 27 млн адам қаза тапты. Оның ішінде қазақстандықтардың соғыстан оралмағаны 600 мың адамнан асып түседі. Соғыстан аман оралып, елді өркендетуге үлес қосып, кейін қайтыс болғандардың қатарында біздің ардагеріміз де бар еді. Ендеше олардың әрқайсысына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың төл міндеті болып саналады. Демек, «Шаған» ауылдық округінің әкімі Нұғман Смайылов бүгінде ауылдың қадірменді ардагері атанған Ертай Тотанұлының өтінішіне сергек қарайды деп сенеміз. Бұл бәріміздің әке аманатына деген адалдығымыз, парызымыз, борышымыз болып саналады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<