«Әкемнің айтқандары әлі есімде»

430

0

Ақберген Ержан. Бұл – Сыр еліндегі аға буын газет оқырмандарына жақсы таныс есім. 1963 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін жолдамамен облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетіне келген А.Ержанның бар саналы ғұмыры осы басылыммен тікелей байланысты болды.

Облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек еткен журналист осы жылдар аралығында редакция тапсырмасымен Сыр өңірінің түкпір-түкпірін шарлады. Қарт Қаратау мен айдынды Арал арасында ол бармаған ауыл жоқ еді. Бірде диқан қосынан репортаж дайындаса, келесі кезекте балықшы ауылының тіршілігін суреттеді, одан кейін малшы ағайындар өмірі жайлы мақала жазды. Оның кейіпкерлері даңқты күрішші Ы.Жақаев бастаған ауыл шаруашылығы cаласының қарапайым еңбеккерлері еді.

Ол атына заты сай, адамгершілік қасиеті мол азамат болатын. 2015 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Балалары әкесіне арнап 2016 жылы «Әке шырағы» деген естелік кітабын шығарған еді. Ол кітапқа қаламгердің әр жылдары жарияланған мақалаларымен қатар, жарияланбаған жеке еңбектері де кірді. Олардың арасында қарт журналистің майдангер әкесі туралы жазғандары да бар. Оқырмандарға бірқатарын ұсынып отырмыз.

Ораза айларында әкем Ерекеңді ерекше бір еске алатын әдетім бар. Ол кісі қарапайым да ақкөңіл және өте діндар кісі болатын. Үй-жайын, үсті-басын өте таза ұстап, өзі жүрген ортада тақуалығы, парасаттылығымен көзге түсетін. Көңілі қош болған сәттерде басынан өткен алуан жағдайларды қысқалап қана әңгімелеп отырар еді. Онысы тыңдаған адамға, әсіресе балалары – біздерге аз да болса тағылым болсын деген-ау, шамасы. Қырық екінші жылы қырық жасында Ұлы Отан соғысына алыныпты көкем. Содан ұрысты Мәскеу түбінен бастап Берлинде аяқтапты. Жас кезімізде балалығымыз ба, «көке, соғыста көргендеріңізді айтшы» деп ол кісіні мазалай беруші едік.

– Ей, балаларым-ай, оның несі қызық сендерге? Ол бір сұмдық қой, Құдай басқа салмасын, – деп сәл іркіліңкіреп барып әңгімесін бастап кететін. Әңгімесі көп, бәрі есте қалыпты. Соның біршамасы мынау.

«Сенің құдайың күшті екен»

– Ленинград түбінде соғысып жатырмыз, – дейді көкем. – Немістің түрі жаман, бет қаратпай тұр. Ысқырған оқ, ұлыған снаряд, күңіренген бомба. Бірде бесін болып қалған екен, дәрет алайын деп окоптан шығып бұқпантайлап анадай жердегі жар астына барғаным сол еді. Снарядтың ұлыған дауысын ғана естіп үлгердім, басқасын білмеймін. Ол кезде немістер қылт еткен бір адамды көрсе болды зеңбірікпен-ақ ата беретін және дәл ататын. Бір кезде ести бастадым, мені топырақ астынан қазып алып жатқан солдаттар (бәрі орыс болатын) «дәу қазақ өлді» деп шуласып жатыр екен. Құдайдың құдіреті, дәл төбемде жарылған әлгі тажалдан бір жеріме де оскөлкі дарымапты. Тек есеңгіреп қалыппын. Мұны көрген солдаттар өз көздеріне өздері сенбей тұр. Сонда Никөлай деген ұзын солдат тұрып:

– Земляк, сенің құдайың күшті екен. Осымен нешінші рет өлімнен қалдың? Сен ендігі жерде біз үшін де құдайыңа сыйынып жүрші, бізді де сақтасын, – деді шын ниетпен.

– Көке, сонда сіз соғыста жүргеніңізде де намаз оқып, ораза ұстадыңыз ба? – дейміз біз балалық түйсікке әлгі айтқандарын сыйғыза алмай.

– Иә, солай болды. Қанша қырғын болып жатса да бес уақыт намазымды қаза жібермеуге тырысатынмын. Бірақ, соғыстың аты – соғыс қой, сәл тыныштық орнаса қаза намаздарымды қайтарамын. Ондай кездері бүкіл рота менің Құдайға құлшылық етуіме жұмыла кіріседі. Неба (Нева дегені), бүкіл Балтық бойы жылауық жауыннан арылмайды. Құрғақ нәрсе таппайсың. Сосын барамын да қос уыс тамызықтық шөпшекті көкірек тұсыма тағып аламын. Атбой (Отбой дегені) болған кезде әлгі шөпшекті аламында оттық тұтатсам болды тез лаулап жана жөнеледі. Рота көмәндірінен бастап сол отқа жабыла шай қайнатып ішеміз. Сосын көмәндір менің дәрет алуым үшін су жылытуды бір солдатқа мықтап тапсырып қойды. Ал ораза ұстауға мүмкіндік болмады. Өйткені, онсыз да үнемі аш жүрдік. «Аяз, әліңді біл» дегендей, күні-түні оқ ұшында жүріп шамадан тыс тақуалық жасағанымды Құдайтағала да құптай қоймас деп ойладым. Бәрін өзі біледі деп сендім.

Жетпіс келі бөшкеден бес ожау кәпуста

– Алғашында «Мәксім» («Максим» дегені) пулеметін арқалап жүрдім, – дейді әкем бұдан әрі. – Бұл дөңгелектерін қосқанда 80-90 келілік зат. Пулеметшік жас орыс солдат. Мені туған ағасындай сыйлайды, байғұс. Бір ұрыста мен оқ беріп, ол атып жатыр еді, неміс мергені атқан разривной пулі менің оң жақ білегімді тесіп өтіп, оның кеудесін түгел қопарып кетті. Қас-қағым сәтте мен жараландым, ол өмірімен қоштасты.

Белорыс (Беларусь дегені) жерінде ежелгі құрдым батпақтар болады екен. Жазатайым оған түскен мал-жан қайтып жарық дүниені көрмейді. Ол жерге немістер де жуымайды. Біздің қолбасшылар осыны пайдаланып, сол батпақ үстімен түнде әскерді алдыңғы шабуыл шегіне жеткізіп алуды ұйғарыпты. Аралшық-аралшық арасына тасталған бөренелер үстімен қалт-құлт етіп жүріп келеміз. Жарақаттан жазылып келген соң (оқ білектегі жілік пен оның шыбыры арасынан өтіп кеткен екен, сүйек аман болған соң тез жазылып кеттім) тағы да «Мәксімді» арқалайтынмын. Арқама таңулы пулеметпен батпаққа құласам, онда өлгенім ғой деп тәңірге жалбарынып жүріп одан да аман шықтым-ай, әйтеуір. Алдыңғы шепке жеткен соң маған тәңкіге оқ ататын (ПТР) қаруды тапсырды. Тасада тығылып отырып, сонымен тәңкіге оқ атамын. Айтпақшы, айтайын дегенім бұл емес еді ғой. Түстің кезі. Кешеден бері ашпыз. Тамақтың келетін түрі жоқ. Жау оқты боратып жатыр. Содан көмәндір тылдағы көхнәдан (кухня) тамақ әкелуге мені жұмсады. Окоптан окопқа өтіп, кей жерде еңбектеп көхнәға да жеттім. Ағаш бөшкеге толтырып борыш құйып, арқама таңып берді. Құлдилап кері қайтып келемін. Қанша еңбектесем де бөшкені қайда жасырғандаймын. Немістер соны көздеп ата берген ғой. Ротаға жақындаған сайын жүгім жеңілдеп кетіп еді-ау. Сөйтсек, бөшкі оқтан шұқыр тесік болыпты. Бар сұйығы ағып кетіпті. Тек-төрт бес ожаудай кәпуста ғана қалыпты. Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді деген емес пе, аштықтан іштері ұлып тұрса да солдаттар күліп жатыр. «Өзіңнің аман жеткенің жақсы болды» дейді бәрі.

Сұлының сүті

Бір күні қалың орман арасымен жүріп келе жатып әжептәуір алаңқайға шықтық. Жаздың ортасы болатын. Белорыс жері құнарлы ғой әрі оған біздегідей судың керегі жоқ. Барлық дүние жауынмен көгереді. Әлгі алаңқайда, кімнің егіп жүргенін бір құдайдың өзі білсін, бітік сұлы жайқалып тұр екен. Дәні сүттеніп қалыпты. Ал соған келіп малша жайылайық. Сұлының басын қолмен сыпырып алып ауызға атамыз. Шайнап-шайнап, сүтін жұтамыз да қауызын түкіріп тастаймыз. Жарықтықтың өзі көпіргіш болады екен. Оны алғашында байқамаппыз, енді бір кезде қарасақ аузы-басымыз, омырауымыз аппақ жағал-жағал. Бір-бірімізге қарап тұрып, ал келіп күлейік. Көмәндіріміздің түрі де сондай. Сақтықты ұмытып кетіппіз. Тез ес жиып үлгерген көмәндіріміз жеделдетіп орманға кіруге бұйрық берді.

Алтын сағат

Қырық төртінші жылдың жазына да жеттік. Немістерді бет қаратпай ығыстырып барамыз. Олар да жауынгер халық қой, өліспей берісетін түрі жоқ. Екі жақтан да шығын көп. Кейбір ұрыстарда ротадан бір-екі адам ғана тірі қалған жағдайлар болды. Немістер де солай болып жатқанын олардың шептерін басып алғанда байқап жүрдік. Небір боздақтар кетті-ау, сонда. Қайран, жарық дүниеден қымбат не бар бұл жалғанда?! Осыны ойласам, дүниеқоңыздықтан әлде де жиіркеніп кетемін. Бірақ адамнан бәрін күтуге болады екен.

Соғыс жүріп жатқанда өлген жау солдаттарының жеке дүниелеріне қызығып, соларды үзіп жұлқып жинап, қапқа салып арқалап жүрген біздің солдаттарды көретінмін. Содан олар үлгерсе үйлеріне посылка салатын-тұғын. Ал үлгермесе, бір ұрыста өзі де оққа ұшып кете барады. Әдіра қалғыр сол дүние неге керек еді?!

Бір ұрыста жаудың алдыңғы шебіне бетпе-бет шайқаспен басып кірдік. Бірақ сырттарынан көмек келді ме, білмеймін, әйтеуір ысқырған оқ бас көтертпей қойды. Жер бауырлап жылжып келемін. Шалқасынан түсіп өліп жатқан шенді неміс әписерінің жанынан өте бергенім сол еді, құлағыма әлсіз ғана тырсылдаған бір дыбыс естілді. Мина екен деп қорқып кетіп, қозғалыссыз қалдым. Тыңдаймын, әлгі дыбыс әписер жақтан шығады. Назар салып қарасам, мен жақтағы сол қолында үлкен алтын сағат жылтырап жатыр екен. Дыбыстың содан шығып жатқанына анық көзім жетті. Несін жасырайын, алтын сағатқа қатты қызығып ойланып та қалдым. Сол кезде бұрынғылардың «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деген сөзі есіме түсіп, тәубеме келдім де «е, Алла, өзің жар бола гөр!» деп әлгі затқа қайта қарамастан ілгері қарай жылжи бердім.

– Алланың жар болғаны сол емес пе, міне бүгін алдарыңда сайрап отырмын ғой. Ана ордын-медальдар, Сталин мен Рокоссовскийдің ризалық хаттары болмаса, мені Берлиннен оралды деп кім айтады? – дейтін көкем жарықтық сәл мақтаныңқырап кетіп. Алла ол кісіге иман байлығын берсін!

Дайындаған

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<