Ән – адам жүрегіндегі ақ құс

274

0

Тағдырдың жазуына не шара? Сиқырлы, тенор даусымен сырнайын созып тұратын Бексұлтан ағаның жайдары жүзін көрмегелі де, әнін тыңдамағалы да біраз болды.

Ұмытпасам 1972 жылдың күз айы болуы керек. «Түркістан» совхозы («Қандөз» ауылы) «Қалғансыр» бөлімшесінің Сырдария жағасында үлкен семинар өткізілді. Сол семинарға мектептің 8-9-10 сынып оқушылары қатыстық.

Жаңақорған ауданындағы көркемөнерпаздар ұжымы келген екен, концерт қойды. Түскі үзіліс кезінде қараша үйде үлкен кісілер, ақын, әншілер отырып тамақ, шай ішіп өнерпаздар ән-жыр орындап жатты. Сол кезде оқу-тәрбие жөніндегі орынбасар Артық деген ағайымыз болатын. Өзі өнерге жақын кісі. Баянмен ән салғандықтан мені «Қара әнші бала» дейтін. Артық ағай «Сауран, жүр біз ана тұрған үлкен үйге барамыз» деп құлағыма сыбырлады да ертіп алып барды. Ән шырқалып жатыр, бір ағай баянмен «Ақбаян» әнін айтты. Дауысы сыңғырлап тұр, өте әдемі. Ағайым біреулермен сөйлесіп, мені үйге кіргізді. Амандасып, ән бастадым.

Ә.Бейсеуовтің «Алтыным» әнін, тағы сұраған соң ұмытпасам қырғыз әні «18 жасты»  шырқадым. Сол жерде Бексұлтан Байкенжеев, ақын Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаевты алғаш рет көрдім. Сол жылы Қарағанды қаласындағы ҚарМУ-дің тарих факультетіне құжат тапсырдым. Төртінші емтиханнан құлап, қайта елге оралдым.

Әкем Еркінбек мектеп директорымен сөйлесіп, тәрбиеші және үйірме жетекшісі етіп жұмысқа орналастырды. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін жүргізе отырып, өзімнің әнге деген талабымды одан сайын шыңдай түстім. Бексұлтан ағаның әндері ойымнан шықпай қойды. Әнші, ақын, композитор болсам деп армандадым. Келесі жылы мектепке Шымкент қаласындағы әл Фараби атындағы Мәдениет институтынан бір жолдама келген екен, сол жолдаманы мектеп директоры Е.Аманжолова апай ауданнан сұрап алыпты. «Сені мектеп директоры шақырып жатыр» деді оқу ісінің орынбасары А.Нұсқабаев ағайымыз.

Есенкүл апай «Бізге бір жолдама келді. Сенің қабілетің осыған жетеді, сол оқуға барсаң қайтеді» деп ұсынды. Қуанып кеттім де, жолдаманы алып ата-анаммен ақылдастым.

Сол жылы Шымкент қаласындағы Мәдениет институтына түсіп кеттім. 1979 жылы жолдамамен Жаңақорған аудандық мәдениет үйіне аға методисі болып қызметке орналастым. Бексұлтан ағамен концерттерде бірге жүріп, тығыз араласып, сазгерлік жағынан ұстазым болды. Мұғалімдердің оқу-әдістемелік жиынында композитор Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік», Ә.Бейсеуовтің «Маралдым» әндерін шырқадым.

Мұғалімдердің жиын мен концерті аяқталған соң, Бексұлтан аға алдымнан шығып:

– Сауран інім, қашан келдің? Баянмен ән шырқайтын тағы да бір әнші қосылды. Институтты бітіріп келдің бе? Мәдениет бөліміне кірдің бе? – деді.

– Иә, аудандық мәдениет бөліміне методист болып орналастым, – дедім.

– Ертең музыка кабинетіне кел, біраз сөйлесерміз, – деп жүріп кетті. Ертеңіне кеште музыка мектебінде кездестік, ұжымдағы өнер саңлақтары, ұстаздармен, сазгер Нағызхан Жаманбаев, әнші-сазгер Өмірбек Марсалиев т.б. жас өнерпаздармен таныстырып, аудандағы ақын-өнерпаздарды айтты. Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Қуат Алдабеков, режиссер Мариям апай, Әмір Мажитов, Шәкір ағай, актер Есенгелді, Бибажар Маханбетова, т.б. біраз өнерпаздарды атап шықты.

Бексұлтан ағамен Жаңақорған ауданында 16 жыл бірге қызметтес әрі өнер қанатында өмірден озғанша бірге жүрдік. Ол әнші-композитор, тамаша актер, керемет суретші, бір жағынан қабілетті ұйымдастырушы. Аудандық халық театрында көптеген рольді сомдап, Алматыда өткен халық театрлар байқауында талай рет бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанған.

Драматург Қ.Тұрсынқұловтың «Кәпірзада оқиғасы» пьесасындағы Ахат, С.Суханбердиннің «Айгүл», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», Т.Нұрмағанбетовтің «Кімге тартқан?», О.Бодықовтың «Арман азабы» пьесаларындағы бас кейіпкерлер бейнесін де өте сәтті шығарды.

Керемет суретші деп айтатыным, үйінде анасының суретін салып жатқанын көргенмін. Музыка мектебінің безендіру жұмыстарын өзі жасайтын. Қай жерде қандай байқау барын, өткізілетін мәдени іс-шаралардан хабардар болып жүретін-ді. Жұмыста да, концертте де ұйымдастырушылық қабілеті  жоғары еді.

1990-1991 жылдар Жаңақорған ауданы мәдениетінің нағыз кемелденген кезі екен-ау деп ойлаймын. Тамаша әншілердің де, шабытты ақындардың да, күйшілердің де, композиторлардың да, талантты актерлердің де, нағыз өнерпаздардың да толысқан шағы еді. Бірде ұстазым «жақында аудандық мәдениет бөлімінде бір жаңалық болады. Жаңақорған өнерпаздарын республика бойынша насихаттайтын бір жоспар жасап жатырмын, сол жоспардың басы-қасында өзің боласың, әзірге ешкім білмей-ақ қойсын» деді.

Қазір ойлаймын, егер сол жоспар жүзеге асқанда, өнерпаздар республика көлемінде танылатыны сөзсіз еді. Сол кездегі Мәдениет министрлігіндегі, телеарнадағы басшыларды да, «Қазақстан», «Шалқар» радиосындағы барлық өнер адамдарын, басшыларын өте жақсы танитын әрі өнердегі әріптестері еді. Мені таныстырған азаматтар көрген сайын Бекең жайлы сөз қозғап еске алады. Олардың көмегі де тиіп жүр. Бекең қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеп, қанатын кең жайып еркін өсуіне қажетті жайларды алдын ала болжап отыратын-ды. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновтің айтқан сөзі ойға келеді. «Композиторлар Сыдық Мұхамеджанов, Садық Кәрімбаевтің кереметтігі сол, олардың әндері мүлде бөлек-бөлек, бір-бірінен тіпті басқаша сипатта болып келеді. Ал Бексұлтанның әндері бір-бірінен туып, өрбіп отырады» деп еді. Соның айғағы ретінде «Ақбаян», «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Асыл жар», «Ақ жеңешем», «Сырдария», «Ұйқың жаным қанды ма?», «Жыл құсы», «Дос ғасыр», «Сағынып жүрші» секілді әндерді мысалға келтіруге болады. Оның барлығы да – ашық дыбыста жазылған әндер.

Шығармасын түгел тыңдамай-ақ композитордің стилін, әнін, үнін, жүрек лүпілін, ән жазу иірімдері мен саздылығын бәрібір біліп қоясың. Жұмабай Әбілов «Қасиетіңді қадірлеп өссін ұрпақ» мақаласында «Шындығында, ол қырықтың қырқасына шыққан сәттен бастап ерекше шабыт тұлпарына мінген еді. Бұрынғы әндерін былай қойғанда ұлттық салт-дәстүрге айтылған «Құда болып жүрейік» әні бір төбе» деп жазған болатын. Осы әнді Қазақ радиосына жаздырып, танылуына септігімді тигіздім. Түркістан университетіне барған соң, түркітілдес елдерді аралап, концерт қою сапары басталды. Түркия, Кипр, Грекия елдерінің Анкара, Стамбул, Афион, Қайсері, Леф Коша, тағы басқа қалаларындағы концерттерде орындап шет елге таныттым. Ән – адам жүрегіндегі аққұс деген рас шығар.

Сауранбек ЕЛЕУОВ,

Мәдениет қайраткері, өнертану доценті,

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<