Ағаның ақ пейілі

566

0

Қызмет еткен жылдары азаматтардың жақсылығын, жан-жағын шапағатына бөлеп жүретін ақ адал пейілін көп көрдік.  Көзі тірі болғанда Білім беру ісінің үздігі Мәді Маханов 80 жасқа толар еді. Білімді педагог, білікті басқарушы шәкірт тәрбиелеп, өз заманының үлгілі тұлғасы болды. Дүниеден өткеніне көп уақыт болмаса да,  замандастары, құрдастары «Мәді айтып еді» деп оның әдемі, әдепті сөздерін, игі істерін еске алып жүр.

Мәді әкесі Жұмаділ Ұлы Отан соғысына аттанғанда Ақтоған елді мекенінде дүние есігін ашыпты. Ағайындардың ортасында болғанымен, отбасының тауқыметі анасы Қаншайдың мойнында. «Құндақтап алып, жұмыс басына алып баратынмын, жылауды білмейтін» деп анасы айтып отыратын. Кейін «Ақтоған» елді мекенінен «Бірқазанға» көшіп, сонда тұрақтады. Бұл жерде әкесінің інісі Ибаділдің қамқорлығын көргенін Мәді жиі айтатын. Осы ауылда 1959 жылы мектепті бітірді, біз сол уақытта таныстық. Қаладағы №6 мектепте оқып жүрген кезім. Ата-анам «Тартоғайға» көшіп барған. Үйге баруға №55, 56 «Ташкент-Москва» поезына мінетінбіз. Кейде билет жоқ. Билет болса, қалтада тиын болмайды. Сонда жасырынып тұрып, қозғалған поезд вагондарына жармасатынбыз. Бірде сәті түссе, бірде сәті түспей міне алмай қаламыз. Осындай күндердің бірінде вагонның жолсеріктері «Бірқазаннан» түсіріп кетті. Станцияда бүрсеңдеп тұрған бізді бір бала өз үйіне шақырды. Ол жүрегі мейірімге толы Мәді еді. Анасы қайда баратынымызды сұрап, қолда барын ұсынды. Досым Ерғали Сансызбаевпен бірге әлденіп алып, теміржол бойымен «Тартоғайға» қарай жүріп кеттік.

Кейін қала мектептерінің спорттық ойындарында, фестивальдарда Мәдімен қатар жүрдік. Сол кезде теміржолда жұмысшы болып істейтін. Қызылорда пединститутына құжат тапсырып жүргенімде кездестік. Ол да «Жаратылыстану» факультетіне құжат тапсырған екен. Жоғары оқу орнында лекцияларды бірге тыңдаймыз. Құрдасым Мәді жаратылыстану бағытында оқыса да, әдебиетке жаны құмар еді. Танымал ақындардың әсіресе, Қасым Аманжоловтың, Оспанхан мен Асқардың сатиралық өлеңдерін жатқа айтатын. II курста оқып жүргенімізде Талдықорғанның драма театры Қызылорда қаласына көшіп келді. Институттың филология факультетімен байланыс жасаған болу керек. Аталған театр студенттермен байланыс жасап, талантты жастарды іздей бастады. «Жаратылыстану»  факультетінен Мәді тізімге енді. Ең алғаш қойылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде Жантық рөлін сомдады, мен музыкалық әрлеуші болдым. Мәкеңнің бойында өлең шумақтарын құрастыратын таланты бар еді. Ол әнді музыка аспаптарына қосылып, керемет шырқайтын. Спортты сүйді. Әсіресе волейбол ойнағанда жанын беретін. 

Мәді 1964 жылы әскерге шақырылды. Әскерде анасына алаңдап, негізсіз армия қатарына алынғанын, себебі бір үйдің жалғыз асыраушысы екенін алға тартып, Қорғаныс министрлігіне дейін хат жазады. Үшжылдық әскерден мерзімінен бұрын босатылды. Осы аз уақыт ішінде партия қатарына кандидат болды. Институттағы оқуын сырттай жалғастырып, М.Ломоносов атындағы №41 мектепке «Химия-биология» пәнінің мұғалімі болды. Кейін мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін, 1970-1973 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1973 жылы маусым айында Сұлутөбе ауылдық округіндегі М.Ломоносов атындағы №41 орта мектеп директоры болды. Педагогикалық еңбек жолы, мектеп басқарудағы шеберлігі осы мектептен бастау алады. Алға қойған мақсаттарын орындауда тынымсыз еңбек етті. Көп ізденді. Мектептің материалдық базасын жетілдірді. Білім ордасының жанынан аудандық музыка мектебінің спорт және жас натуралистер станциясының филиалдары ашылды. Бұған кадрларды жергілікті жерден орналастырды. Жыл санап аудандағы өзіндік тарихы бар мектеп нәтижелі істер мен табыс биігінен көрінді.

Мәкең 1987 жылы ауданда алғаш рет конкурспен білім бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Облыс басшыларымен тығыз жұмыс істеп, аудан мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын көтеруді басты мақсат етті. Мектептер жанынан қосалқы шаруашылықтар ұйымдастырды, жағдайды аудан басшыларына жеткізе білді. Сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы И.Әбибуллаев мектептерге техникалар алып беріп, шаруашылықпен айналысуға толық мүмкіндік жасады. М.Ломоносов атындағы №41 орта мектепте құс өсірді, егін шаруашылығы, шағын сауын фермалары жұмыс атқарды. Осындай оқуды еңбекпен ұштастыру бағытындағы Сырдария аудандық білім бөлімінің атқарып отырған жұмыстарын 1991 жылы мектеп базасында өткен республикалық семинарда көрсетті. Мәкеңнің басшылығымен «Кәусар бұлақ» жоспары батыл қадаммен енгізілді. Облысқа тараған жаңашылдық Сырдария ауданынан бастау алды. Сырдария ауданы тараған кезде республикаға танымал аудандық білім бөлімі үшке бөлінді.

 Ол өнер десе, ішкен асын жерге қоятын, ел ішіндегі таланттардың басын біріктіріп, көркемөнерпаздарды жинады. Ауылдағы жастардың басын қосып, түрлі қойылымдарды сахналады. Жұмысшылар комитетінің төрағасы Жұмабек Тәжімовтің қолдауымен штат бөлініп, актерлары да артты, көрермені көбейді. Алыс-жақын ауылдарды аралап, спектакль қоятын.  Әрбір қойылымға, оның кейіпкерлеріне, рөлді сомдауына ерекше назар аударатын. Кейін Жұмабек ағайдың жанашырлығымен «Халық театры» мәртебесін ресми иеленді. Мәкең мектеп басшысы ғана емес, ауылдағы әрбір жастың алға сүйрер ағасы, ақылшысы, қамқоршысы болды. Жаны жайсаң азаматтың жанында жүрдік.

Мәді Жұмаділұлы Тұрғанкүлдей адал жарымен ұл-қыздарды жеткізді. Өзі кетсе де, өшпес ізі, қимас іздеушілері қалды.

Ерденбек МҰХАНОВ,

Елеусін ДҮЙСЕНОВ,

Шиелі ауданының Құрметті азаматтары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<