Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой.
Мұқағали
Адам біткен жолаушы тірлігінде,
Сапар шеккен сағыныш күн бүгінде.
Туған жерге бармақ боп болат жолда,
Ойға шомып Айжарық тұрды бірде.
Атажұртқа салмаған көптен ізін,
Аңсады ма, Көкарал… көк теңізін?!
Тұрды Айжарық вокзалда Арал жаққа,
Мойынын созып, мұң торлап шетте жүзін…
Теңіз тасып түлесе тозған өңір,
Шүкір дер ек шүбәсіз азға небір.
Бірі… аттанса, тұратын бірі күтіп,
Қарап тұрсаң сияқты өмір – вокзал.
…Аптап.
Вокзал.
Шыжып тұр шілде күні,
Үйреншікті отарба күндегі үні.
Кездесті ақын Әскербек Айжарыққа,
Өскен жастай өзімен бірге жыры.
Ақын жүзін сабырлы бұрып бермен,
Ағасына сәлемін күліп берген.
Деді Айжарық: – Ағасын ардақ тұтқан,
Алады орын әрқашан жігіт төрден.
Қосқан бірі сұлу Сыр жырға алабын,
Бірі өрнектеп өмірі жүрді Аралын.
Екібастан есімін екеуінің,
Біле-тұғын біразы бұл қаланың.
Айжарықтың біледі ел таласпа, атын,
Әскербек те танымал Алашқа ақын.
– Шөл басайық, қане жүр, – депті Айжекем,
Дәмхана әне, вокзалға қараш, жақын.
Қара сөзден сүзетін қаймақ бірі,
Ал бірінің әдемі, әйбат жыры.
Шөлін басқан бір кезде екеуінің,
Шыға кепті лезде жайнап түрі.
Бір кездері торлаған басын қайғы,
Тағдырлары тым ұқсас, жасырмайды.
Сәлден кейін сырласты екеуара,
Босағадан аттаған ғасыр жайлы.
Ақын көңілі неліктен алаңдайды,
Айжарық та жауабын таба алмайды.
Отырды өстіп сырласып ол екеуі,
Қоғам жайлы…
бүгінгі адам жайлы.
Екеуінің самғаған көкке арманы,
Әңгімеден ел мен жер шет қалмады.
Ара-тұра Әскербек Айжарыққа,
– Қандай жазу жоспарың? – депті алдағы.
Тақырыбы түрен сап бар жазатын,
Қара сөзі Айжарық алға озатын.
Аттылы күн айтты әлі туатынын,
Әскербектей әнекей, маңғаз ақын.
–Туады адам,
Түбінде өледі адам,
Түк түсінбей қарайсың неге маған?!
Заман тыныш,
ұрпақ сау,
бәрінен де
Депті Айжарық: – болсыншы өлең аман!
Арзандаған жырының жоқ бағасы,
Сұлу Сырдай тілекші бопты анасы.
– Арал жайлы асқақтат ал, жырыңды,
Айжарықтай сол сәтте депті ағасы.
Тіктеп кенет еңсесін енді бірі,
Құлағына ақынның келді жыры.
Тебірентіп толқытты дәмхананы,
Теңіздейін тулаған желді күні.
…Ойдың отын үрлейді енді жыр не,
Апат Арал басына төнді мүлде.
Құлақ тосқан өлеңге Айжарықтың,
Көшкен ауыл елесі келді бірде.
Өзі көрген көк теңіз өткен күнін,
Адам қолы түбіне жеткендігін.
Мақтанышы бір кезгі байтақ Тұран,
Арал, Арал табаны кепкен бүгін.
Тірісінде адамға үміт тәтті,
Ақиқатты айтқанда жыр ықпапты.
Ақын жыры ертелі есін алған,
Даяшы қыз дағдарып тұрып қапты.
– Қазақ жырын балайды ұлт арына,
Болады оның сұқсыры… сұңқары да,
Ал өзіңнің аз емес,– депті Айжекем,
Жырың жылқы арнаған тұлпарына.
…Бәйге десе тілейді тұяқ дүбір,
Соңғы кезде мазасын жиі апты жыр.
Махмұтбай досымен құдды екеуі,
Сүлейлердің сарқыты сияқты бір.
Көріспеген жандардай көптен мүлде,
Әңгімесі қызмет еткен бірге,
Облыстық газетке ойысты енді,
Ой жіберіп екеуі өткен күнге…
– Өз бақытын аз емес тепкен пенде,
Сонан азап не дейсің шеккендерге.
Олар жайлы сыр айтқан сен ендеше.
Депті Айжекем: – құлақ тос өткендерге…
– Тірісінде адамды не тоспаған?!
Асқар тауды алдыңғы әке аспаған,
Айып па екен баласы бағындырса,
Депті әйгілі Жақайым Жетес бабам.
Сонда Әскербек айтыпты: – шығар ма ойдан?!
Туғаны да белгісіз күмән қайдан?!
Ұлы Абайдай баласын әлем танып,
Өтірік пе озғаны Құнанбайдан?!
…Әңгімесі Әскербек төмендегі,
– Көрінбейді көп талант – неге елдегі?!
Төбесінен дөп түсіп депті Айжарық,
– Інілерге өкпем жоқ өлеңдегі.
Және айтыпты: – бір кезде біраз адам,
Бізден гөрі жазбайтын жүдә жаман.
Неге екенін білмеймін кейінірек,
Үзіп кетті қолдарын прозадан…
…Түсіністік екеуі тапқан адам,
Әңгімесі сонан да тоқтамаған.
– Шуақ шашқан жұртына шапағаты,
Сонысынан жан аз ба бақ қараған?
Ала жіптен адам бар аттамаған,
Көкірегі және бар қап-қара адам.
…Зыр жүгірген ас тасып даяшы қыз,
Екеуінің сөзіне жалт қараған.
Бола-тұғын аға да, іні де көп,
Бәрі өткінші өмірдің, шыны керек.
…Бір кездері пойыздың әлгі вокзал,
Тоқтағаны естілді түбіне кеп.
Екеуінің басылып ет қызуы,
Әңгіменің үзілді көп қызығы.
Көк пойызға жүгірген қос қаламгер,
Құлағына жолсерік жетті ызыңы.
…Көз ұшында көк пойыз барады ұзап,
Жаяды алдан жазира дала құшақ.
Әлсін-әлсін Әскербек қимастықпен,
Көкжиекке көз алмай қарады ұзақ.
***
…Өте шыққан жиырма жыл бері сонан,
Кеше таныс жоқ бүгін көбісі адам.
Тілекші ағам тіпті аз жанымдағы,
Өмір неткен жақсыға еді сараң.
Өмір өстіп өкінтіп өтеді ме?!
Көрінбейді бұл күні екеуі де.
Кетті бірге бір күнде барша адамның,
Бара-тұғын мәңгілік мекеніне.
Қанша жанның сұм ажал қиды арманын,
Дүниенің жадыңа түй жалғанын.
Өлгеннен соң көріңе сыймайды екен,
Тіршілікте төріңе сыйған бағың.
Қалса да артта асыл сөз… жыры-досы,
Қалмағаны бірінен бірі несі?!
…Жүрдек пойыз сияқты желден озған,
Зымырайды тіршілік.
Ғұмыр осы.
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<