Аласармайтын асқарларым

366

0

Адам баласы үшін ең жақын адам – ата-анасы. Олардың алдындағы қарыз туралы қасиетті Құран кәрім  мен адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.а.) пайғамбардың  хадистерінде баяндалған. Алла Тағала әке-шешеге жақсылық жасауға әмір етсе, Пайғамбарымыз ата-ананы құрметтеуге үндейді. Біздің ең басты байлығымыз болып саналатын олардың саналы ғұмырындағы  рухани күші мен ерен еңбегін бағалап,  үмітін ақтау – әрбір перзенттің  парызы. Осы орайда, әкем Арасат Фейзулдаұлы мен анам Запира Рахманбердіқызы жайлы қалам тербеуді жөн көрдім.

Запира Рахманбердіқызы 1939 жылы Жамбыл облысы Еңбек ауылында дүниеге келген. Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Саналы ғұмырын өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғибратты тәрбие беруге арнаған анамыз 35 жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып, құрметті еңбек демалысына шыққан. Бүгінде Жаңақорған ауданында екінші ұлы мен келіні, немерелерімен бірге тұрады. Кітапты көп оқиды, конспект жазып, талдау жасайды, кесте тоқиды. Әкемізге арнап жазған «Арасат асуы» (2012 ж), «Бақыт бесігі» (2021 ж) кітаптарының авторы және «Ұстаздық мұрат» (2024 ж) атты деректі фильмін жарыққа шығаруға дәнекер болды.

1958 жылы Алматыдағы ҚазПИ-да бірге оқыған Арасат Фейзулдаұлына тұрмысқа шығып, екеуі 5 ұл мен 5 қыздың ата-анасы атанды. Үшінші курстан кейін сырттай бөлімге ауысып, 1960 жылы «Талап» ауылындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Ол жас күнінде  бейнетке пісіп жетілгеннің арқасында жаңа ортада келіндік міндетін еркін меңгергенін, сол кездегі басы бірікпейтін жүгерінің ұнынан жасаған кеспеге таңғалған жұрттың «қолынан бәрі келеді екен» деген мақтауын естіп марқайып қалатынын естелік ретінде айтып отырады.

Әкеміздің кіндік қаны тамған жер – қазіргі «Талап» бекетінің батысындағы Сырдария өзенінің жағасындағы «Шомырық» тоғайымен шектесіп жатқан «Арасат» құмының баурайы. Ол 1961 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Жаңақорғандағы өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасқан. Кейіннен мектеп директорының орынбасары және «Бірлік» орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Әр жылдары «Түгіскен» совхозында партком хатшысы, Жаңақорғандағы №3 мектеп-интернат директоры қызметін атқарған. Білім ошағы 8-11 сыныпты үздік оқитын дарынды балалар мектеп-интернаты болып қайта құрылған соң ұжымды өмірінің соңына дейін басқарды.

Сол жылдардағы жетістіктері туралы анамның «Арасат асуы» деп аталатын кітабында жан-жақты баяндалған. Іскер басшы, бастамашыл тұлға бола білген Арасат Фейзулдаев Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі атанып, екі мәрте облыстық мәслихат  депутаты  болып сайланды. Мұғалімдердің  VІ республикалық съезіне делегат болды. Жаңақорған ауданының кіреберісінен Алты ата мешітінің салынуына атсалысты. Бұл құлшылық үйі әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастыруда. 

Асыл азаматтың алға қойған мұраты бұдан да биік болатын. Тағдырдың пенденің таңдауымен санаспайтын кезі бар екен, көп арманы өзімен бірге кетті. Әкеміз тірі болғанда анам екеуі ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығына кенеліп, 85 жылдық мерейтойын тойлап, төрде отырар еді. Бірақ біздің ойлағанымыз емес, Алланың дегені болды. Ғибратты  ғұмыр кешкен ол отбасының тірегі, туған-туыс, ағайын-бауырларының сүйеушісі, халқының ұлы  бола білді. Жыл сайын мектепте еске алу кештері, оның атында пәндік олимпиада өткізіледі. Аудан орталығында көше аты берілген, соған шүкіршілік етіп, дұға бағыштаймыз. Туған жерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, ауданның білім саласында қолтаңбасы мен өшпестей ізін, ұрпаққа ұлағатты өмір үлгісін қалдырып кеткен ұлағатты ұстаз, білікті басшы, туралы естеліктерді бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес.

Биыл 85 жасқа толып отырған анамыз Запира екеуінің өзгелерден алабөтен сыйластығының сыры пәк сезімге қылау түсірмеуінде екені даусыз.

Әкемізді іздеп, түрлі шаруамен күнделікті келіп-кететіндердің қарасы мол болатын, үйден үнемі қонақ үзілмейтін. Соның бәріне анам еш қабақ шытпай қызмет көрсететін. Шаңырақтың берекесімен қатар, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату жолындағы қиын да күрделі әрі қызықты жұмыстың  тізгінін тең ұстады. Шәкірттеріне ұлттық тәрбиенің дәнін сеуіп, адамгершілікке, инабаттылық пен мейірімділікке баулыды.

Сөзімнің соңында анам Запира Рахманбердіқызын биылғы 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әкеміз көрмей кеткен қызықты көріп, шөпшек сүйіп, ортамызда аман-сау жүре берсін деген перзенттік тілегімізді білдіреміз! Ал әкеміздің парасатты асыл бейнесі әрдайым жадымызда, көзіміздің қарашығында, жүрегіміздің түкпірінде, үмітіміздің төрінде сақталады.

Салтанат Арасатқызы,

философия докторы, оқытушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<