Алаштың Алашыбайы еді…

291

0

«Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» демекші, жүрегінен ізгілік шуағы төгіліп тұратын жайсаң жандар артында өшпейтұғын із бен өлмейтұғын іс қалдырады. Күні кеше тай-құлындай тебісіп бірге өскен, есімін ел-жұрт «Алаштың Алашыбайы» деп атаған айтулы азамат Баймырзаев Алашыбайдың бұл өмірден өткеніне қырық күн де өте шығыпты.

Қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын азаматтың адами қасиетін, бойындағы кісілік пен кішілік парасатты көргенде марқайып қалатынбыз. Жайсаң жандарды жақын тартып, жалғандықтан бойын әркез аулақ ұстап, ешкімге ұқсамайтын жүріс-тұрысын көргенде ет-жүрегіміз елжіреп сала беретін еді.

Ел ішінде есімі еленген Алашыбайдың ғұмыр жолына көз салсақ, жоғарыда айтқанымыздай, өмір мен оның өз сыйы домбыраның қос ішегіндей қабаттасып, сабақтасып жатқанын көресің. Тағдыр талайы оған Аралдың ақ алтынды мекені Жақсықылыш жерінде дүниеге келуді жазыпты. Арал қаласында білім алып, Шымкент қаласында Химия-технология институтын тәмамдады. Одан соң Шымкент, Арал қаласында еңбек жолын бастап, Ақтауда «Ақбөбекпен» аты шықса, Арал ауданында әкім болып елге танылды. Осының бәрі айтуға оңай-ақ, ал оның астарына үңілсек, онда талай қызық та қиын, жауапты да жанкешті, соқпақты жолдар мен жарқын істердің жатқаны аян.

Сол уақыттарды айқындап айтсақ, Аралдан арман қуып келген Алашыбайға Ақтау айқара құшақ ашты. 1981 жылдан бастап 1988 жылға дейін Ақтау қаласында мұнай өнімдері базасы басқармасында инженер, құрылыс базасында директор, басқарманың бөлім бастығы, Жаңаөзен қаласында мұнай базасының, тігін фабрикасының директоры қызметтерін абыройлы атқарды. Қырықтың қырқасына шыққан бұл жылдар Алашыбайдың жұлдызы оңынан туған сәттер еді. Осының ізінше Ақтаудағы облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының басшысы, мұнан соң «Ақбөбек» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқарады. Осынау өмір жолындағы жылдар шоғырында «Ақбөбектегі» қызметі айрықша.

«Ақбөбек» – Алашыбайдың еңбектегі естен кетпес қолтаңбасы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы жаңа заманға сай талпыныс толғағынан туған «тұңғышы», ердің елге деген сыйы болатын. Өйткені, Алашыбай елге «Ақбөбек» арқылы танылды. «Ақбөбек» арқылы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтті.

***

Арал теңізі тартылғаннан кейін «Көкарал» бөгетін соғып, Кіші теңізді сақтап қалу Арал халқының көңіліндегі арманы еді. Бұл жөнінде көзі қарақты жандар талай ой қозғады. 1992 жылдың қыс айында «Көкарал» бөгеті алғаш қолға алынды. Бірақ, көктемгі тасқын судан бұзылған бөгет бастама көтерушілердің бетін қайтарып тастаған-ды.

Мұнан кейін жерлесіміз Алашыбай Баймырзаев ауданға әкім болып келген тұста, яғни 1996 жылдың жазында «Көкарал» бөгеті екінші рет қолға алынды. Оның осы істі жалғастыруға байланысты бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Баяғы күдік, баяғы күмән, сенімсіздік тағы да алдынан шықты. Тағы да Кіші Аралдың қажеттігін, теңіз-ананы қайта тірілтуге болатындығын тиісті орындар алдында дәлелдеу керек болды. Тағы да тәуекелдің желқайығына мінуге тура келді.

Ұзындығы 14 шақырымдық алып бөгет құрылысы оңай болған жоқ. Ол уақыттары елдің әлеуеті қазіргіден әлдеқайда төмен. Сонда да болса халық «Көкарал» бөгетін салуға тамшыдай болса да үлес қосып жатты. Нәтижесінде, екі жылда Кіші Аралдың суы Арал қаласына жақындады. «Көкарал» бөгеті арқылы Кішітеңізді сақтауға болатындығына көз жетті.

Ақырында бөгет салынды. Кіші Аралға су келді, сумен бірге тіршілік келді. «Ғасыр құрылысы» атанған алып бөгет инженерлік жүйеге келтіріліп, тікелей «САРАТС» жобасы өмірге келді.

Жерлесіміз, экономика ғылымының кандидаты Алашыбай Баймырзаев арманға бай азамат болатын. Оның біркездегі бір арманы «Көкарал» бөгеті болса, ол өмірге келді. Одан кейін ол «Жезқазған-Сексеуіл», «Сексеуіл-Бейнеу» теміржолын салуға жоғарыдағылардың көзін жеткізуді мақсат еткен болатын. Бүгіндері «Жезқазған-Сексеуіл», «Сексеуіл-Бейнеу» теміржолы салынып, халықтың игілігіне айналды. Бұл да болса азын-аулақ үлесін қосқан Алашыбайдың арманының орындалғаны болар.

Кезінде ат басын Алматыға бұрған Алашыбай үш шаруа қожалығының жұмысын жолға қойған. «Жетісу-Агро» деп аталатын фирмасы Алматы облысы Іле ауданындағы Шеңгелді аймағына орналасқан. Мың шаршы шақырымға жуық жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Ал «Қазагроөнім» деп аталатын екінші фирмасы Бақанас жерінде. Онда мал шаруашылығын кәсіп етеді. Нарынқолдағы 2 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан «Агро-Ақжар» қожалығы картоп, соя, зығыр, бидай, арпа, сұлы, тағы басқа дақылдар егуді кәсіп етіп, нәсібін ел-халыққа көрсетеді.

«Билік те, байлық та уақытша, ал менің басты байлығым – ұрпағым» деген, Алашыбайдың өмір жолы ғана емес, өнегелі де өркенді отбасы ұрпаққа ұлағат мектебі іспетті. Жұбайы Ләззат – дәрігер, асыл ана. Екі ұлы – Алмат пен Берік кәсіпкерлікті жалғастырып, бүгінде елімізде ғана емес, шетелдерде өз кәсіптерін жүргізіп жүр.

Жетпіс үш жасында өмірден өткен арда азаматтың артында сәулелі сәттері, алған асулары мен шыққан шыңы, ұлағатты ұрпағы қалды.

Несін жасырайық, «Алаштың Алашыбайы» атанған оның орны ортамызда ойсырап-ақ тұр. Десе де, ардақты да айтулы азаматтың ел-жұрты үшін жасаған игі істері үзілмей, ұрпақтар сабақтастығымен жалғаса береріне біз сенімдіміз.

Болатбек ПҰСЫРМАНОВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист,

Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<