Бүкіл қазақ еліне танымал асыл азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің біртуар перзенті, дарабоз тұлға Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірден өткеніне, міне, қырық 40 күнге таяп қалды.
Елге пана, ініге аға, үлкенге қимас іні бола білген тау тұлғалы азаматтың өмірден беймезгіл өткені кеудеге өкініш ұялатады. «Беу, дүние-ай!» дегізген сол өкініш көмейді көміп әлі тұр. Алайда жүйрік уақыт бір сәт тоқтаған ба? Сол зыр қағып зырылдаған уақыт әні-міне дегенше, қайырылмай барады. Өйткені уақыт адамзаттың еншісінде емес қой…
Бердібек Машбекұлының ойламаған жерден болған ауыр қазасы Сыр елі азаматтарының санасын сансыратып кетті. Аяқастынан келген қаралы хабарды естіген жұрт аспан айналып, қара жер қақ айырылғандай күй кешті. Ауыр қазаны естіген елдегі ағайындар хабарды еңселері езіле, қабырғалары қайыса қабылдады.
Ол тек Сыр елінің емес, барша қазақтың қадірлісі болды. Оны соңғы сапарға аттандырған сәтте анық байқадық. Қаралы топтың ортасында сансыз ой кешіп тұрып, дана Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген даналығы ойға оралды. Шынымен, «біздің Бекең өлген жоқ» деген ойға келдім. Оның іспен де, сөзбен де артына өлместей із қалдырғанын, елдің қадірлісіне айналғанын қаралы жиынға жиналған қалың қауымның қарасынан сезіндік. Сол сәтте Бекеңнің биік бейнесі Толағайдай толымды, Алпамыстай болымды көрінді. Бұл асыра сілтеп айтқан сөзім емес, шындығым осы.
Оның әрбір айтқан уәжінің өзі Жиреншенің сөзіндей кеудеге қонымды еді. Әттеген-айы, әлі де талай асуларды бағындаратын берендей берік азаматты өлімге кім қиған? Беймезгіл сәтте ажалдың жасыны тосыннан келіп, өмірін қиып түседі деп кім ойлаған?!
Бекең адал еңбегімен елін биікке көтерді. Сол адал еңбегі арқылы өзі алты Алаштың аңыз азаматына, ардақтысына айналды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста, егемендіктің іргесін қаласқан тұлғалардың бірегейі болды. Ауырдан қашпады, қиындықтан саспады. «Не істеймін?» деп жоғарыға жалтаңдамады, босаңдық танытпады. Дауыл мен жауынға қарсы жүрді. Иығына артқан ауыр жүкті қайыспай көтерді, ауыртпалық шақта көлеңке іздеп отыратын жай таңдамады. Өйткені оның мойнында ел тағдыры, адамдар тағдыры тұрды. Жеткен жетістігіне көңілі толмады, халқының қамын жеп кеудесін мұң торлады. Бұның барлығы Алашқа деген жанының тазалығы еді. Қайтсем халқыма қорған болам деп ой орманын аралады. Сөйтіп, беріле, ерінбей еңбек етті. «Халқым – бағым, елім – арым, туған жер – барым» деп жансебілдікпен жұмыс жасады. Абырой да, атақ та өзі іздеп келмейді. Бәрі адал еңбектің, төккен тердің, қара бейнеттің арқасында келеді.
Бердібектің ірілігі ісінде еді. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырына қонған кезеңде жұмыссыздық жайлап, күнкөріс төмендеген қиын шақта 1995 жылдың қыркүйек айында Бердібек Мәшбекұлы туған жері Қызылорда облысына әкім болып келді. Ол кісі жастық жігермен, жалынмен, күш-қайратымен тынбай жұмыс жасап, өңірді тығырықтан алып шығудың оңтайлы жолдарын қарастырды. Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңаша ізденістер арқылы жол іздеп, жанқиярлықпен еңбек етті.
Бұл біз көріп-білмеген нарықтық кезеңнің алғашқы ауыр тұсы еді. Бекең өзіне артылған сенімнен шығу жолында намыспен, қайсарлықпен, құштарлықпен, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасады. Өзі басқарған жылдар ішінде жаңа істердің көзін ашып, білімі мен біліктілігінің арқасында Сыр елін ауыртпалықтан алып шыға білді.
Менің Бердібек Сапарбаевпен таныстығым осы Сыр өңіріне әкім болып келгеннен басталды.
Ол кезеңде Қызылорда халқын нан өнімдерімен қамтамасыз ететін «Береке нан» акционерлік қоғамның директоры қызметінде болатынмын. Елімізде небір алып зауыттар мен іргелі комбинаттардың жұмыстары тоқтап тұрған шақ. Мемлекетте жекешелендіру саясаты жүріп жатқан. Жасыратыны жоқ, «Қызылорда теміржол су жүйесі», қаладағы сүт зауыты, басқа да ірі кәсіпорындар мен комбинаттар жекешеленеді дегенге өз басым сенгенім жоқ. Бірақ, сол кездегі саясаттың ұстанымы осындай болды. Бекең елге келісімен өз кабинетінде бір сәт те отырмай, мекемелерді, кәсіпорындар мен өндіріс орындарын үздіксіз аралап, олардың бойына қан жүгіртіп, тіршілік жасау шарасын бірден қолға алды.
Бір күні Бердібек Сапарбаевқа кіріп біздің мекеменің хал-жағдайы мен атқарып жатқан тірліктер жайлы баян еттім. Содан соң жекешелендіру жайлы ой қозғап, өндіріс орнын 3 жыл мерзімге сенімді басқаруға беруге болатыны жөнінде ой-пікірімді, ұсыныстарымды жеткіздім. Сол кезде байқағаным, Бекең мені әбден тыңдап алды. Содан соң аса сабырлықпен, ыждағаттықпен, пайым-парасатпен ұсыныстарыма оң пікірін білдірді. Ол кісінің бойында адами қасиетінің зор екенін аңдадым. Барлық жағдайға аса түсіністікпен қараған басшыны алғаш рет көруім.
Осыдан соң көп ұзамай, облыс басшысының кезекті аралауының реті біздің мекемеге келді. Бекең алдымен мекеме жұмысымен, тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты, цехтарды аралап көрді. Еңбек адамдарымен кездесті. Өте керемет жылы жүздесу болды. Еңбек адамдары ол кісімен емін-еркін сөйлесіп, ашық дискуссия орнатты. Аймақ басшысы олармен емен-жарқын тіл табысып, қиыншылық кезеңде сабырлы болуға шақырды. Өндіріс орнының жұмысына көңілі толып, оң бағасын берді. Ісімізге сәттілік тіледі. Біздің ұжымның еңбек адамдары ол кісінің жанашырлығын, жүрегі жұмсақ жан екенін көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. «Біз мынадай кішіпейіл басшыны өмір бойы көрген емеспіз» деген ойларын да жасырмады. Бекеңнің бойынан қазақилықтың жылы лебі есіп тұрғанын көпшілік сонда сезген еді, білген еді. Жұртшылықты кең пейілімен баурай білетін мұндай азаматтар қатары бүгінде бәлки, аз да шығар.
Бекеңнің тапсырмасы бойынша өзіміздің сол кездегі министрлікке жаңа жабдықтар алуға бір жетіге іссапармен кеттім. Ол жақта да жекешелендіру мәселесі қозғалып, түсінбейтін жақтарды сұрап-біліп, қолға тиген жабдықтармен елге қайттым. Елге келсем, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серікбай Нұрғисаев іздеп жатыр екен. Бірден ол кісінің шақыртуымен кіріп мән-жайды білдім. Сөйтсем, мекемені 3 жылға сенімді басқаруға бермейтін болыпты. Содан «Береке нан» АҚ аукционға шығатынын айтты. Енді сол кездегі саясаттың талабы солай болғандықтан оған не айтасың? Көнбеске амал жоқ, саясатқа қарсы шыға алмайсың.
Менің сол мекемеде қызмет еткеніме 20 жылдан асқан болатын. Директор болып істегенімнің өзіне 10 жылдан асқан. Сонымен еңбек демалысына арызымды жазып, орнымды босатып беруге тура келді. Саясаттың заңы солай, ешкімге ренжуге болмайды. Еңбек демалысынан кейін бірнеше ай өтті. Бір күні сол кездегі облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Аппаз Кәмішев телефон соқты. Сөйтсем, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарын құруда менің ұсыныстарымды, пікірімді, жоспарымды сұратыпты. Ол кезде «Береке нан» АҚ құрамына Аралдағы нан зауыты, қаладағы макарон өнімдерін шығаратын фабрика қарайтын. Бұл жөнінде өз ой-пікірімді, ұсыныс-жоспарымды 5-6 бет етіп қағазға түсіріп бердім. Облыс әкімінің орынбасары мен берген ұсыныс-жоспарды алып Бекеңе кіріп кетті.
Арада біраз уақыт өткен соң мені облыс әкімі қабылдады. Сұрақтар қойып, пікір алмастық. Берген жауабым, істегі жұмыс тәжірибем арқылы құрған жоспарым көңіліне ұнаған болуы керек. Бекең сонда:
– Сіздің еңбегіңізді бағалаймыз. Мемлекетке салық төлеу жайы бізге қиын соғып жатыр. Сондықтан осы сала бойынша алдағы уақытта біз арнайы мекеме ашқалы отырмыз. Соған сізді басшы етіп қоймақпыз. Ол осы өндіріс бойынша салықты төлеу жолдарын ұйымдастыратын болады. Сіз соған басшылық жасайсыз. Көп ұзатпай жауабын береміз, – деп шығарып салды.
Айтқандай көп ұзамай мекеме ашылып, соған басшы болып бардым. Барысымен жұмысты жолға қойдым. Арада 8 айдай уақыт өткеннен кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне шақырып алды.
– Сіз мына жаңа жұмысты бір арнаға түсірдіңіз. Оныңызға көп-көп рахмет! Енді сізге жаңа бір жұмысты тапсырғым келіп отыр. Қолыңыздан іс келетінн көрсеттіңіз. Сіз келіссеңіз, мен сенім хатымды беремін. Қазір Алматыға ұшуыңыз керек. Алматыда «Харрекейн» компаниясы бас кеңсесі бар, соған барасыз. Бас директормен кездесіп хатты бересіз де, сонымен бірігіп жұмыс жасайтын боласыз. Ол жұмыстың негізгі мақсаты – көктемгі, күзгі егіс кезінде жанар-жағармаймен облыстың ауыл шаруашылығы саласын қамтамасыз етіп отыру. Осыған қалай қарайсыз? – жүзіме қарады.
Келісімімді беріп, сол күні Алматыға ұшып кеттім. Бұл жұмысты 6 жылға жуық атқардым. Осы мекеме арқылы облыстың барлық аудандардағы ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағар маймен қамтасыз етіп отырдық.
Бір байқағаным, Бердібек қолынан іс келетін азаматтарды өте қатты бағалай білетін. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдарына аса мән беретін.
Осындай қиын кезеңдерде ол кісімен бірге жұмыс жасағанымды өзім мақтан тұтамын. Ол өте білімді еді. Өмірі қолынан кітап түспей, білім-білігін ұштап отыратын. Ұтымды ұйымдастырушы, елжанды, ұлтжанды, іскер басшы бола білді. Соның арқасында Қызылордадан өзге 4 облысты басқарды. Басшы болу оңай, ал елді басқару оңай шаруа емес. Бекең ақырын жүріп, істің нүктесін дәл баса білетін басшы еді. Мен айтар едім, Бердібек Сапарбаев осы іскерлігінің арқасында әкімдердің көшбасшысы бола білді. Ол сонысымен қатарына сыйлы, әріптестерінің алды болды. Кемел ақылдың кені еді.
Мына фәни жалғанда небір жақсы, аяулы азаматтармен кездесіп жолығып жүрміз. Осы ғұмыр-тіршілікте ел жүрегінде есімі жатталып, көңіл төрінде өшпестей таңбаланып қалатын азаматтар болады. Сондай дара тұлғасымен ел есінде мәңгі сақталып қалатын азаматтың бірі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев екені анық.
Бекең қайтқаннан кейін сүйікті жары мен баласы елге келіп, Құран оқытқан аста сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, балық шаруашылығының білгірі, ардақты ағамыз Құдайберген Саржанов «Бердібек – бес облысты басқарған азамат. Жасыратыны жоқ, кілең оттың ортасында жүрді. Тоқыраған тұста Сыр аймағында істің көзін ашып, кәсіпке тың жол тапты. Тіршілігі тұралаған көрші аймаққа барып, кетеуі кеткен елдің бетін түзеді. Шығысқа барғанда құлағанын тұрғызды, ойығын жамады, суға кеткенге тал қарматпай демеді, жебеді. Жамбылға келгенде керіскен елді тезге де, жөнге де салды. Сондықтан Бекеңе «Еңбек ері» атағы берілсе» деген ұсынысы айтылған жерде қалмаса дейміз.
Шығыс жерінде елді қызыл судың қарғынан құтқарып, демеу бола білген Бердібек Машбекұлы сол шығысқа өзімен бірге Ұлы Абайды да алып барғанын біреу білсе, біреу білмес, бәлки. Бұл жайында жерлес жампоз ақын Бақытжан Абызов «Абай ақынның Өскеменге келуі» атты жыр жолында Бердібектің еңбегін ерекше атап өтеді.
– Ана тілім босағаға енді бек,
Артқа тастап жаутаңдаған сәттерді.
Көк байрақты – әкім балаң Бердібек,
Төрге оздырды және Рухты ап келді,
– деп әкімнің руханиятқа деген адалдығын Бақытжан ақын аспандата, асқатата жырға қосуы еңбектің шынайы бағасы деп білеміз. Ендеше аты жырға айналған, ардақтыға айналған тұлғаның құрметтелуі өте орынды.
Шүкір, Аллаға! Артында ұйысқан отбасы, бауырлары, бала-шағасы қалды. Олар Бекеңнің нар тұлғасын төрге оздырарына сенеміз! Жаны жәннатта болып, Алланың нұрына, Пайғамбардың шапағатына бөленей! Абзал азаматтың рухы ел-жұртын желеп-жебегей!
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<