Қазақ қоғамы ауыр қазаға душар болды…
Алты алаштың ардағы, саф алтынның салмағы, ордалы елдің орманы, қордалы жердің қорғаны, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың кенеттен пәниден озуы қабырғамызды қайыстырып кетті. Қазалы жағдайда азалы сөз айтудың өзі аса ауыр екен. Бірақ Абай атам айтпақшы,
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» тұлғаға бағыштап ниетіңді білдіру – тірілердің міндеті. Тіпті баршаға ғана емес, өзіңе өзің көңіл айтумен бірдей. Олай дейтінім – Бекең мен үшін жаныма жақын адам, өмірімнің бір белесінде сәулеленіп тұратын тұлға. Сонау кеңес дәуірінде жоғары және арнаулы оқу министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген, отыздың белортасына келген жайма-шуақ жігітпен танысып, табысқан сәтіміз бір ғұмырдың мазмұнына айналды. Сол кездегі Шаяхметов адам танитын кісі ғой. Бекеңнің болашағынан зор үміт күтті. Министрдің лауазымына тағайындалды. Қызметіміз сабақтас болғаннан кейін ағалы-інідей араласып кеттік. Менің қызмет жолымның өсуіне де септігін тигізді. Еліміздің қай аймағында жүрсе де, бір-бірімізге тілекші болып, келелі мәселелерді келісіп шешетінбіз. Бердібек Машбекұлымен сыйласып, құрметтескен кезеңдердің естелігін ол алпыс жасқа толғанда арнайы мақала етіп жазғанмын. Он жылдан соң мәңгілікке қоштасамын деп ойлаппын ба? Жалғанның жарығы бір-ақ тұтам деген рас екен.
Мен бауырдың туабітті қасиеттеріне ерекше таңқалушы едім. Нағыз бейнетқор әулеттен шыққасын ба, маңдай тердің бағасын білетін. Ұдайы ізденіп, істің көзін тамыршыдай танып жүретін. Сарқылмайтын сарқырама! Күнде арнасынан асып-төгіліп, жұмысқа барынша жегілетін. Мұндай адамды «еңбек туған күні туған» дейді. Төзімділігі қандай! Жігері жасымайды, бірақ телегейдей тасымайды. Бабасы Алпамыс батырды суреттегендей, «отқа салса, жанбайтын, суға салса, батпайтын» тұлға! Өмірінде ауыр күндер де көп болды. Басқа адам болса, жасынып-жаншылып, кеудесін жерден көтере алмай қалар еді, ал біздің Бекең қасіретке төзді, қасиетін биік ұстады.
«Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма» деп, әулеттің қайғысынан әлеуметтің мүддесін биік қойды. Қайда жұмсаса да, «Гордиц түйіндерін» қылыштай қақ бөліп, күрделі мәселелердің ығытын тапты. Сондықтан да жұртты:
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйсінерге жарар ол» (Абай) деп, адал перзентінің абыройын асқақтатты! Ол соған лайық болды.
Өз басым «екінші өмір» деген ұғымға сенемін. Өйткені ол өмір заманның тынысында, адамның жүрегінде тұрады. Енді Бердібек Машбекұлының екінші өмірі жалғасады. Біздің жадымызда, ұрпақтар санасында!
Хош бол, аяулы бауыр-дос! Топырағың торқа болсын!
Бақберген Досманбетов,
академик
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<