Ана рухына арналған ізгі амал

370

0

Сыр өңірінде елім дейтін азаматтарды өсірген асыл аналар жетерлік. Олардың қатарында Рахат Зәкірқызын атап өткіміз келеді.

Ел ішінде «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Қарапайым отбасында туып, елге қызмет етіп келе жатқан азамат деп «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысындағы өкілі Оңталап Жидебаевты айтуға болады. Есімін жамағат, Сыр халқы жақсы біледі. Қайырымдылық пен ізгілікті жүрегі жұмсақ, нағыз жанашыр жандар жасайды. Ел қамында жүру, халық мұңын ойлау оңай шаруа емес. Әсіресе, көңіл мың құбылып, пейіл бұзылып тұрған қазіргі уақытта. Алдына жылап келгенді жылы сөзбен жұбатып, қиналып келгенге қажетті қолдау көрсетіп жүретін Оңталап ағамыздың еңбегі елеусіз емес. Ол жақсылығын елесін-ескерсін деп жасамайды.

Әйтсе де елге жасалған жақсылық, жоқ-жітікке көрсетілген қамқорлық ұмыт қалмайды екен. Бір ғана мысал, Оңталап аға Президент Жарлығымен «Шапағат» медалімен наградталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы медальді Ақордада өткен мерейлі жиында өз қолымен табыстады. «Алып анадан туады» демекші, елім деп жүрген Оңталаптай ағамызды дүниеге әкеліп, мәпелеп, тәрбиелеп, менің балам ғана болмасын, елдің панасы болсын деп өсірген Рахат Зәкірқызы.

Кім ата-анасын қуантқысы келмейді. Әкені ардақтап, ананы сыйлау, оларға жақсылық жасау – дініміздің әмірі. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол: «Анаңа» деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да: «Анаңа» деп айтты. Үшінші рет қайта сұрағанда да: «Анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші: «Әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» деп жауап берген екен. Пайғамбарымыздың да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ана сөзін құрметтеуі бекер емес. Содан болар, дана халқымыз «пайғамбар да анадан туған» деп жатады.

Асыл жар, немерелерінің сүйікті әжесі Рахат апай 1951 жылы 10 сәуір күні Арал ауданы Аван елді мекенінде  дүниеге келген. Әкесі Зәкір Қалмағанбетов қызметін аудан орталығына ауыстыруына байланысты 1968 жылы Арал қаласындағы Шевченко атындағы мектепті бітірді.

Мектеп бітірген соң «Пионерлер үйінде» қызмет жолын бастайды. Мұнан кейін №13 мектепте лаборант қызметіне ауысады. Отбасында жеті қыздың ең үлкені болған. 1972 жылы Тасболат Мұстафаұлымен отау құрып, шаңырақ көтерді, комсомол бригадасында қой бақты. Тасболат аға «Қарақұм» совхозына қоныс аударып, №3 фермада зоотехник болып қызмет жасады. Рахат апай сол ауылдың балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеді.

Дүниеге үш ұл, екі қыз әкелді. Жолдасы қызметіне байланысты ауылдан ауылға көшіп-қонғанда қасында қолдау көрсетіп бірге жүрді. «Қонақ келсе, құт келеді» демекші, өте қонақжай кісі еді. Фермаға келген әр қонақ үйден дәм татпай кетпейтін.

Күннің сәулесі жер бетін нұрға бөлегені секілді, бір ананың мейірімі мен жылы қабағы бір әулетке шуақ төгетіні рас. Рахат анамыз бір отбасының емес, әулеттің анасы атанды.

Тасболат аға шәй үстінде: «Жұмыс бабымен үйге келген қонақтарға бір күнде екі-үш марқа сойылатын. Құдай қосқан қосағым Рахат қонаққа қабақ шытпай оларды қуана қарсы алып, қызметін жасап батасын алатын еді. Ата-анамды да құрметтеді, разылығын алды. Бір туған бауырларымды да сыйлап, балаларыма да жақсы тәрбие беріп, жақсы келін, үлгілі ана болды» деп еске алған еді. Күйеуінің разылығын алған әйел жәннаттық делінеді.

Тасболат ағаның денсаулығы болыңқырамай отбасы 1995 жылы Аралдан Қызылорда қаласына қоныс аударып келді. Зейнетке шыққаннан кейін Рахат апай жарын бағып-қағып, қолынан келер қызметін жасады. Соңғы бес-алты жылда өзі науқастанып жүрді. Ауырдым деп кісі баласына еш салмақ салған емес. Дендеп келген дертінің себебінен биылғы 12 шілдеде, қасиетті жұма күні 73 жасында Алланың құзырына қайтты.

Рахат ананың дүниеден қайтқанына қырық күн толуына орай Оңталап аға бастаған ұрпақтары үлгі аларлық сауап іс жасады. Мұны ғибрат етіп айтуымыз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша аймақтық сайыс өтті. Құран Кәрімнің 10, 20, 30 парасын жатқа және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша ұйымдастырылған жарысқа қала, аудан, ауыл мешіттерінен келген үміткерлер қатысты. Жарысқа Рахат анамыздың ұрпақтары демеушілік көрсетті. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Алланың кәламын ұлықтаған шәкірттерге де ынталандыру сыйлықтары берілді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Бұндай сауапты іс жасау отбасындағы тәрбиеден туса керек.

Түркі халқының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи: «Адамның мәңгі жасауы мүмкін емес, есімінің мәңгі жасауы – мұрат» деген екен. Ана есімі ұмытылмай, артынан ізгі ұрпақтың дұғасы жалғасса, үздіксіз сауабы жетіп тұрары хақ. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы дүние салған соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: садақа жария, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салиқалы перзент» деп айтқан.

Шүкір, Тасболаттай текті әке мен Рахаттай асыл анадан туған перзенттер елге елеулі, халыққа қалаулы болып еңбектерін жасауда. Алланың берген перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарынан кем етпей, оқытып-тоқытып, әрқайсысын елдің азаматы қылып өсірді. Бүгінде ұл-қыздары өмірден өз орнын тапты. Ұрпақтарының бірі медицинада, енді бірі есепші, бірі жеке кәсіпкер, бірі дін саласында абыройлы еңбек етіп келеді.

Бір анадан: «Қай балаңды жақсы көресің?» депті. Сонда ол: «Ауырған баламды жазылғанша, даладағы баламды оралғанша, кіші баламды өскенше… Ал барлығын кеудемдегі жүрегім тоқтағанша жақсы көремін» депті.

Рахат анамыз ұл-қыздарынан он немере сүйіп, олардың қызығын көріп кетті. Бұл да болса, аз күнгі өмірдің бір қызығы. Ендігі борыш «әкеге қызмет – бізге міндет» дейді ұрпақтары.

Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<