Аңқылдаған аға еді алдымдағы

398

0

Сот жүйесі туралы сөз қозғағанымызда өткенге көз салмай бүгінгі жетістіктерімізді айту қиын. Бүгінгі күнге дейін әділдіктің ақ туын жықпай, сот беделін асқақтатқан күйі кейінгі ұрпаққа аманаттаған жандар жетерлік.

Алайда, зырғып өткен өмірдің бір орнында тұрмайтыны, тіршілігінде артына өшпес із қалдырып, кеше ғана арамызда жүрген жанның бақилыққа аттанғаны көңілді құлазытатыны тағы бар.

Сондай жанның бірі – қаршадайынан тәлімді тәрбиені бойына жиып, ардақты аға, сырлас дос, үзенгілес әріптес болған Бәкішев Серік Жұмабайұлының өмірден өткеніне де жылға жуық уақыт өтіпті.

Сәкеңмен төрт жылдай Қызылорда қалалық сотының судьясы болып қатар қызмет атқардым. «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» деп, дана халқымыз бекер айтпаған болар, сірә. Ұлы Отан соғысының ардагері, бір кездері Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы болған, елге сыйлы азамат Бәкішев Жұмабайдай елге танымал азаматтың ұрпағы болғандықтан бойынан тектілігі байқалып тұратын.

Еңбек жолында үлкен тәжірибе жинақтаған білімді заңгер, талапшыл әрі ақиқатын айтатын судья болатын. Онысы прокуратура, әділет органдарында жауапты қызметтерді атқарғанынан белгілі.

Мені ең бірінші болып судья болуға үгіттеген де осы кісі болатын. Қазалы аудандық прокуратурасында тергеуші болып жүрген кезімде аудандық сотқа облыстық әділет департаментінен  тексеріп келіп, сотта қаралған, мен тергеген істерді оқып, танысып, жақсы баға берген. Содан болар мен де судьялыққа тапсырып, кейіннен Қызылорда қалалық сотында жолымыз түйісіп, аға-іні болып сыйластық.

Парасат жеңсе, адам періштеден жоғары деген бар. Ақ пен адалдан жаралған азамат еді. Жоғарғы лауазымда отырып, халық пен әріптестердің ыстық ықыласына бөленсе де, тек қарапайым қалпынан танбаған.

Аңқылдаған, ешкімді ренжіткісі келмейтін, барынша мінезге бай азамат еді. Аңқылдағаны сол, қолы қалт ете қалса газет-журналды оқып, жақсы, тағылымды мақалаларды қарап, «мына мақала саған ұнайды, айтып жүрген мәселелерің» деп әкеліп беретін.

Сонымен қатар, алдына келген кісіні құшақ жайып қарсы алып, қоштасарда есікке дейін шығарып салатын тәрбиесі кейінгі іні-қарындастарына үлгі болатын.

Ақжарқын ағамыз аурудың ауыртпалығын, өмірдің тәлкегін көп көрді. Жаратушының сүйген құлына сынақты үйіп-төгіп беретінін жанымызға жұбаныш етеміз.

Науқастанып қалғанда артына ерген Ирина қарындасы қанатымен су сепкен қарлығаштай әрқашан жанынан табылып, қамқорлығын аямады. Қазір де асыл ағасын еске алып, әр ісін елге үлгі етіп жүрген жайы бар.

Алланың ісіне амал жоқ, жаны жайсаң азаматты сот жүйесіндегі қатар-құрбы әріптестері, тәлімін көрген кейінгі ұрпақ мәңгі жадында сақтап, жасаған еңбек жолын әркез ұлықтап жүреді. Онысы жақсының аты ешқашан да өшпейтіндігінен.  

Сағатбек Сүлеймен,

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<