Ақиқаттан аттамаған қайраткер

600

0

Тереңнен тамыр тартқан Сыр бойының тарихына үңілсеңіз, біздің өлкемізде ғажап адамдар ғұмыр кешкенін білесіз. Сырдың бір бүйірін жайлаған киелі де құтты мекен Жалағаш өңірінің де өзіндік танымдық тарихы бар. Бір шеті Қызылқұмға, бір шеті Қарақұмға емініп жатқан Жалағаш ауданының жері негізінен егін, мал шаруашылығына қолайлы болды.

Бір кездері шопандар Қызылқұм мен Қарақұм қойнауын құтқа толтырып, ал, егіншілер алқаптағы ақ маржан күрішін тасытып, ауданымыздың ырыс-берекесін арттырды. Алдыңғы буын әкелеріміз, диқандар мен малшы-шопандар қаңтардың аязына қарылып, шіліңгір шілденің ыстығына шыжғырылған еңбектерінің арқасында кеуделерін «Алтын жұлдызбен» жарқыратты, өздерінен кейінгі буынға еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, болашаққа даңғыл жол салып беріп кетті.

Аға ұрпақтың жүріп өткен жолы – ерлік пен парасат жолы десек ақиқаттан алыс кетпейміз. Қанқұйлы ХХ ғасырдың барлық қиыншылықтарын мойынымен көтерген, бақытты болашақтың негізін қалаған олар қашанда құрметке лайық.

Осындай құрметке лайық тұлғалардың бірі де бірегейі – соғыс және еңбек ардагері, белгілі қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендерінің иегері, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Камал Бердәулетов. Ол 1923 жылы Жалағаш ауданындағы қазіргі М.Шәменов ауылы аумағында дүниеге келді. Алдымен молдадан ескіше сауат ашып, кейін жеті жылдық мектепте білім алды. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін, кейін Алматы зооветеринарлық институтын бітірді. Еңбек жолын бұғанасы қатпай жатып колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап, кейін мұғалім болды, шаруашылыққа араласты. 1941 жылы әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан аман-есен елге оралып, 1945 жылы колхоз төрағасы болды. 1954-1961 жылдары Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының бастығы, 1961-1963 жылдары Жалағаш, Қармақшы аудандарында атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қармақшы өндірістік басқарма бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

1964 жылдың сәуір айының соңғы аптасында Кәмекеңді облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау басқармасына шақырды. Кезегін күтіп бастықтың кабинетіне кіргенде басшы орынбасарлары мен бөлім бастықтарын шақырып алды.

Кісілер толық жиналғасын Кәмекеңе қарап:

– Өзіңді неге шақыртқанымды білесің бе? – деді.

– Соны толық түсініңкіремей отырмын, шынымды айтсам…

– Олай болса тыңда, қазір Қызылқұмды игеру жөніндегі Үкімет саясатын өзің білесің. Облыстағы, аудандағы жағдай өзіңе таныс, ортамызда жүріп біраз тәрбие көрдің, тәжірибе жинадың. Сөздің түйіні, бізге қой өсіретін совхоз керек. Ол да саған таң емес, мәселен Жаңаталаптан жаңа отау бөліп, өз алдына совхоз етеміз бе деген ойымыз бар. Ол совхоздың қонысы, өрісі әлгі айтқан Қызылқұмда болады. Арғы жағы сексеуілді құмайт, бергі жағы Жаңадарияның бойы дегендей.

Кәмекең мәселенің мәнісін енді түсінді, арадағы сәл үзілісті пайдаланып, басқарма бастығына және отырғандарға қарап:

– Талап оң болсын! – деді.

– Өзіңе де солай дегелі отырмыз, – деді басқарма бастығы. Сосын Кәмекеңнің таңданысына мән бермеген сыңаймен отырғандарға қарап сөзін жалғады.

– Аққыр совхозына директор табылды. Осы уақытқа дейін бұл қызметке алты адамды тағайындамақ болдық. Бірақ олардың кейбірін біз жаратпадық, ал кейбірі өздері жаратпады, дәлірек айтқанда, жүрексінді, батылы бармады. Соған қарап Аққырға жүрегінің түгі бар біреу директор болатын шығар деп ойлаушы едік. Сол жүрегінің түгі бар адам алдарыңызда отырған Камал болып шықты. Қалай қарайсыңдар?

Жиналған кісілер Кәмекеңнің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Кәмекең істің мән-жайын түсініп, бұл шаруаның қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін бір-ақ сәтте ойша сараптап, қозғалақтап қойды.

– Камал шырақ, – деді басқарма бастығы сөзін жалғап. – Өзіңді бұдан бұрын да бірнеше жерге ұсынғанбыз, бірақ жаспын, тәжірибем аз деген өтініштеріңді ескердік. Ал енді бұл орынға сенен басқа қолайлы кісі жоқ. Жергілікті жерді білесің, Қызылдың қытымыр табиғатына да қанықсың, сондықтан жолың болсын дейміз.

Осыны айтып бастық орнынан тұрды. Бұл – ешқандай сылтау қабылданбайды, әңгіме аяқталды деген сөз еді.

 – Айтпақшы, – деді ол жиналған кісілер кабинеттен шығуға беттеген кезде. – Өзіңе сақтап отырған бір байғазым бар. Соны ала кет, ол – «ГАЗ-69» машинасы, соған бұйрық аларсың. Бұл – алар еншіңнің басы, оның үстіне көліксіз жұмыс бітіре алмайсың. Сол көлігіңді мініп алып, ауылға бар, қонысыңды көр, өрісіңді сайла, совхоз орталығының орнына қазық қақ. Осыны айтып бастық қолын ұсынды.

Кісілер тарап кетті, Кәмекең сыртқа шығып, сәуірдің әдемі кешкі ауасын жұтып, жаяу келеді. «Маған ауылға бар, қонысыңды сайла деді-ау, менде дәл қазір ауыл бар ма өзі?» Кәмекең өзімен-өзі мырс етіп күлді. Ішкі дүниесі алай-дүлей. «Япыр-ай, аяқ астынан директор болып шыға келдім-ау. Совхоз директоры, совхозы жоқ совхоз директоры. Әлі қонысы да белгісіз, қу медиен дала, Қызылқұмның қиясы. Сенімді ақтай алмай ұятқа қалмасам болар еді, бірақ енді болар іс болды. Уайымдағанмен ештеңе бітіре алмайсың, «Тәуекел ет те, тас жұт» дейді қазақ. Ер серігі – тәуекел, көз қорқақ, қол батыр, енді жұмысқа кірісу керек». Өзін-өзі қамшылаған Кәмекеңнің бойында әлдебір жігер-қайрат буырқанып, болашаққа деген ұмтылыс пайда бола бастады.

Ертеңіне аудандық өндірістік басқарма бастығының қабылдауында болып, бірқатар мәселелерді келісіп, нақты іс-шараларды бекітіп алды.

Осылайша Камал ағамыздың өміріндегі жаңа белес, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы қайраткерлік жолы басталып еді.

Иә, нөлден басталған жұмыстың қайсысы да оңай болмасы белгілі. Жаңа шаруашылықты құру оңай болмады.

Алдағы күндерді көз алдына елестетіп, оймен шолады. Қиындық деген бастан асады. Ең басты қиыншылық – совхоздың аудан орталығынан шалғайлығы. Жол қатынасы жоқ, құлазыған далаға құрылыс материалдарын жеткізу қалай болады? Құрылысшылар көлеңкелейтін пана жоқ, тіпті Аққырдың адырында бұта да аз. Көңілге бір демеу болатыны совхоздың орналасатын орны көлдің табаны болса керек, Борықтыбас деген атауы соны білдіреді. Оның арты Қаратерең, сонан кейін Бәйтерек, түстік беті – Жүзгендіқұм, алды – Қаракөл, еңісі – Көкшоқы. Жаңадарияның жазығы, жайылымы кең. Бірақ су дегеніңіз қат. «Сулы жер – нулы жер» десек, сусыз жер – нусыз жер емес пе?! Сусыз жерде қалай мал өсірмекпіз? Дегенмен оты мол, қой өсіруге таптырмайтын маң көрінеді. Көңілге тағы бір медеу болатыны осы.

Аудандық өндірістік басқармасының жетекші мамандарының кезекті басқосуына Кәмекең болашақ совхоздың жобасымен, территориясымен мұқият танысып, әзірленіп барған еді. Мәжілісте жобаға да, совхоз территориясына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Сөйтіп совхоздың бекітілген жер көлемін бұрынғы күйінде қалдыра отырып, Майлыөзек совхозынан шығысқа қарай біраз ығыстыру жайлы Кәмекеңнің ұсынысы еш талассыз мақұлданды. Бұл жердегі Кәмекеңнің мақсаты – Қанқожа, Көкшоқы деп аталатын учаскелерді қоса отырып, негізгі су арналары Майлыөзек пен Оңтүстік коллекторға жақындай түсу болатын. Осындай өзгерістер енгізілген бұл жоба аудандық атқару комитетінде талқыланып, 1964 жылдың 22 мамыры күні №154 қарарымен бекітілді. Осы қарарға сәйкес совхоз орталығын белгілеу және орналастыру жөнінде жеті кісіден комиссия құрылып, іске кірісті.

Жаяу жүріп іс біте ме, машина бар да жүргізуші жоқ. Аудан орталығындағы таныс мекеме басшысымен келісіп, уақытша жүргізуші тапты. Мамыр айының екінші жартысында Жаңаталап совхозының екінші бөлімшесіне аттанды. Бұл ауылда өзі көптен білетін көзіқарақты, партия-кеңес қызметінде болған Шәймағанбет ақсақал бар еді. Алдағы шаруаларды осы ақсақалмен ақылдаспақ. Ат басын сонда бұрып, сол үйге келіп бір-ақ түсті.

Шәймағанбет ақсақал да құлағы түрік жан ғой, барлық жағдайды біліп отыр екен. Кәмекеңнің келген шаруасын естіген соң ауылдағы жер жағдайын білетін екі-үш ақсақалды үйіне алдыртты. Кәмекең мынадай кеңестің сәті түскеніне қуанды, болмаса әлі кеңсесі жоқ совхоз басшысына әлгіндей кісілерді басын қосып, жинай қою оңай емес. Бұл шындығына келгенде совхоз дирекциясының алғашқы отырысы болды.

Кәмекең осы кеңесте бірталай жайға қанықты. Қызылқұмның үстімен Өзбекстанға талай рет қатынаған Әбіләкім ақсақал Қызылқұмда мал ұстаудың жайы жөнінде бірталай мәліметтер берді. Қызылқұмның жай-жапсарынан бірсыпыра мәселелерді еске салып:

– Сендерді ең қинайтыны су ғой. Қызылда ескі құдықтар бар, соны аршып әзір пайдалануға болады, сосын скважиналарыңды қазып аларсыңдар. Ал жол қатынасына қинала қоймассыңдар, трактор, машина дегендей көліктерің бар ғой, – деп Әбіләкім ақсақал сөзін түйіндеді.

Келесі мәселе совхоздың орталығының орналасатын орны болды. Оны мәжіліске қатысушылардың бірі Құттыбай құмы болсын десе, екіншісі Қанқожаны қолайлады, үшінші біреуі Қуаңдария бойын айтты. Бірақ көпшілік Қуаңдария бойын қаламады. Ол орталықтан тіпті қашық еді.

Шәймағанбет ақсақалдың үйіндегі кеңестен кісілер кеш тарады. Бірақ бірталай мәселенің беті ашылып қалды. Ертеңіне біраз жерді көзбен көріп, жер шолып қайтатын болып, оған екі-үш ақсақал бірге баратын болып келісті.

Екі-үш күн өтпей ресми комиссия сау ете қалды. Тағы да жол, ақылдасу, тағы да көсіліп жатқан кең дала. Комиссия суыт жүріп көп жерді аралады. Біріне анау, біріне мынау ұнамады. Аралап жүріп ұнаған жерлерге ат қойылып, айдар тағылды. Көкшоқы маңындағы бір еңісті Борықтыбас табаны деп атады. Қазақ ұғымында борықты сулы жер дегенді білдіреді. Осы қағидаға сүйеніп, совхоз орталығына осы табан лайық деп ұйғарылды.

 ***

Көкшоқының түбіндегі Аққыр ауылының негізін қалаған алдыңғы буынның да қатары сиреп қалды қазір. Сонау жылдары қырық мың қой өргізген Аққыр совхозының тарихы Камал Бердәулетовтің есімімен тығыз байланысты. Борықтыбас табанға Камал ағамызбен бірге ең алғаш Қостанбай ақсақал келіп қос тігіп еді. Киіз үйге қызыл жалау ілінді. Бұл тыңға жасалған шабуылдың алғы шептегі штабы болды. Ұзақ жыл Аққыр совхозында құрылыс саласында жемісті еңбек еткен Қостанбай Алыбаев ақсақал ауылға осылай барған еді. «Аққыр ауылы Қостанбайдың қосынан басталады» деген сөздің мәнісі осы. Қос тіккен күннің ертеңіне аудандық өндірістік басқармасы көрші совхоздардан қағыстырып, құрылыс материалдарын бере бастады. Камал ағамыз майдангер жауынгер Байтөреев Мәдібайды совхозға аға прораб, соның ізінше аудандық жабдықтау бөлімінің бастығы Сарманов Орынбайды бас инженер қылып бекіттіріп алды. Осылайша жаңа отаудың маңына қара-құра көбейіп, жұмыс та бір қалыпқа түсе бастады. Прораб Мәдібайдың күш салуымен Жалағаштан құрылысшылар бригадасы жасақталды.

Аудандық техника жөндеу станциясының Мәдениет учаскесінде жұмыс істеп жатқан 2 тракторын канал қазатын тіркемесімен 5 күнге сұрап алды. Белгіленген орынға қарақшы тұрғызылып, сол қарақшының бойымен арық тартылды. Әзірге осы болар деген оймен екі көшенің ғана ізі салынды. Ауылдың батыс жағындағы Майлыөзектен бір көне жарманың ізімен жарма тартылды. Осы жармамен ауылға су келді. Бұл әсіресе құрылысқа зор пайдасын тигізді.

Осылайша ауылдың алғашқы қазығы қағылды. Кейін ойлап отырса, сол қазық қасиетті қазық екен. Тусырап жатқан даланы алып тракторлар дауысы дүр сілкіндіріп, қара жердің қыртысын қақ айырып бара жатты. Бұл тарихи сәт 1964 жылдың мамыр айы болатын. Бұдан кейінгі кезеңде совхоздың басты маман кадрларын жасақтау басталды. Директор әрбір маманды аудан орталығынан, көрші совхоздардан сауын айтып, жеке-жеке үгіттеп, олардың әрқайсысының отбасынан көшуге келісім алып, өзінің командасын құрып еді. Сөйтіп жаңа совхоздың бас есепшісі, бас инженері, бас экономисі, бас зоотехнигі (бұл кісіні тіпті Алматыдан көшіріп алған еді) сол Кәмекеңнің командасында қажырлы еңбек етті. Мұның бәрі әрине, айтуға ғана оңай.

Енді осы жерден сәл аялдап, мақаланың кейіпкеріне жеке тоқталайық.

Шынында Камал ағамыз ерекше болмыс иесі еді. Батыл, іскер, білімді, білікті, көкірегі қазынаға, жады мұраға толы, бір сөзбен айтқанда, «толық адам» деген атауға әбден лайық болатын. Өз ісіне аса жауапкершілік танытатын, өзгелермен бірге өзіне де сын көзбен қарайтын, тастай талаптың, темірдей тәртіптің адамы болды. Мен және менің қатарластарым Аққыр совхозы құрылып, сол жаңа шаруашылыққа ағамыз басшылық жасаған жылдары бала едік. Сондықтан ол кісінің ат үстінде жүрген кезеңі туралы өз жадымыздан саулатып естелік айта алмаймыз. Десе де, Камал ағамызбен кейінірек жиі кездесіп, сұхбаттас болдық. Сол кезеңдерде ағамыздың жасы сексенді алқымдаса да, қарттыққа жығылып, еңкеймеген тұлғасына, көз жанарының өткірлігіне, жадының мықтылығына, ерік-жігерінің жасымағанына қайран қалып едім. Әсіресе, әңгіме барысында әр оқиғаны рет-ретімен баяндап, сатылап дамытып және жылдың мезгілі мен уақытын дәл айтатын есте сақтау қабілеті таңғалдырған. Қай естелігінде де нақтылыққа жүгінетін. Бұл – тарихқа құрмет. Өйткені, қай қоғамда да аға буынның жасаған елдік істері мен олардың естеліктері арқылы тарих түзіледі. Жадында сақталған оқиғаларды жаңғыртып, өткен күндердің суретін көз алдыма келтірген Камал ағамызды бір дәуірдің тарихи кейіпкеріндей көргем сонда. Расымен бүгінгі өскелең ұрпақ үшін ағамыз аңыз адамға, тарихи тұлғаға айналды.

Мен осыдан он жыл бұрын Аққыр қаракөл қой совхозының құрылғанына 50 жыл толуына орай естелік кітап жазғанмын. Әрине, ол кітаптың бас кейіпкері – Камал Бердәулетов. Ағамыздың тұлғасын дәл суреттеп, сан қатпарлы мінезін ашу үшін бірге қызмет істеген замандастарымен, көзін көріп, сөзін тыңдаған ізбасар інілерімен арнайы сұхбаттастым. Солардың ішінде бір-екі азаматтың естелігінің өзінен Камал ағамызды сан қырынан көріп, тануға болады. Ауданымыздың абыройлы ақсақалы, қадірменді қариясы марқұм Біржан Көштаев былай деп еді:

– Кәмекең өте батыл, мінезді кісі еді. Жасыратыны жоқ, ел басқаруға, әсіресе, шаруашылыққа басшылық жасау үшін ірі турайтын кесек мінез керек. Онсыз болмайды. Оның үстіне ол кісі майдангер, соғыс көрген адам. Соғыстың зобалаң зардабын көзімен көріп, жан-тәнімен, жүрегімен сезінді. Жастайынан небір қиыншылықтарды басынан өткерді. Соның барлығы Кәмекеңді төзімді, жігерлі, әділетті, намысты, батыл, батыр, нағыз «темір адам» етіп шыңдап шығарды. Кәмекең Аққыр совхозын қолымен құрып, аяғынан тұрғызды ғой. Ол еңбегін ел айтып жүр. Міне, кейінгі ұрпақ – өздерің зерттеп, зерделеп жазып жүрсіңдер. Өте дұрыс, ел үшін барын салып, терін төккен тұлғаның тарих бетінде қалғаны жөн. Олардың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі-өнеге.

Бір күні жаңадан бой көтерген Аққыр совхозына ауданнан уәкіл (өкіл) барады ғой. Ол кезде уәкілдің қолында құзырет бар. Егер оларға жөнді көңіл бөлінбесе, совхозды тексеріп, жетістігінен бұрын, кемшілігін жіпке тізіп алып кетеді. Сосын арғы жағы белгілі. Сондықтан уәкіл келсе, совхоздың басшысынан қосшысына дейін қоғадай жапырылып күтіп алып, қонақ етіп жайғап, сыйлап, құрмет көрсетіп, шығарып салады. Бірде сондай уәкіл Аққырға да барады. Ешкім күтіп алмайды. Тура шаруашылықтың кеңсесіне келеді. Директор жоқ, ауыл айналасындағы малшыларды аралап кетіпті. Мал шаруашылығының жұмысы қызатын көктем мезгілі болса керек. Әлгі уәкіл қасына жарандарын ертіп алып көлікпен заулатып ауыл маңындағы малшы ауылға келеді. Келе сала «Кабинетіңізде жоқсыз, басшы орнында отырмай ма екен?» деп директорды қыжырта сөйлейді. Сонда Кәмекең әлгілерге көзінің астымен сығырая бір қарап алып «Ау, мені кабинетіме қамап, сыртымнан құлыптап кетіп пе едіңдер?! Уәкіл де – халықтың адамы. Егер шынымен халықтың қамын ойлап, төрт түлік малдың жайын білуге келсеңдер, давай, қарап тұрмаңдар, қолдарыңа айыр-күрек алып, аударыңдар қораның көңін», деп түрін суытып, дауысын қатайтып қатулана бұйрық береді. Совхоз басшысының қаһарынан қаймыққан әлгі уәкіл мен қасындағы шабармандар амалсыз қолдарына айыр, күрек ұстап, жұмысшылармен бірге мал қораның қыстайғы қатқан қиын аударып, сілелеп шаршап ауданға қайтыпты. Міне, Кәмекең ел ісі дегенде ешкімнен де қаймықпайтын осындай батыл адам еді ғой.

Осы орайда Камал ағамыздың болмысын айшықтайтын жалағаштық белгілі ақын Темірше Сарыбаевтың мына арнау өлеңі еске түседі.

– …Есімде аға, жасымнан жарқын атың,

Жақын жүрдің, жаныңмен халқыңа тым.

Көтерілсең мінбеге күн күркіреп,

Шешендікке сілтідей зал тынатын.

Қопарылса мұзтаудан құлап көшкін,

Қаһарына тұра алмас шыдап та ешкім.

Қарсыласса қинамай, қидаламай,

Айтарыңды айшықтап бір-ақ кестің.

Жарқылдай бер, жан аға, ақ алмасым,

Ақ алмас боп әу баста жаралғасын.

Туралықтың тұрғасын туын ұстап,

Кім бар қане, имейтін саған басын!

Ауданымыздың мәдениет саласының дамуына үлкен үлес қосқан ағамыз Мәдениет қайраткері Тынымбай Мәдиев те Камал ағамыз жайында тебіріне естелік айтып еді.

– Камал Бердәулетов сойы бөлек тұлға еді ғой. Бірақ, біз қазақ өзі сондай кісілердің бойындағы қасиетін кеш танып, елге еткен еңбегін кеш біліп, бағасын да кеш беріп жатамыз ғой. Кәмекеңнің көзін көрдік. Қалыпқа симайтын адам еді. Басшылық қызметінен бөлек, адами тұлғасы да биік, өте мәдениетті, зиялы кісі еді. Әсіресе, өнерді жанымен түсінетін, өнер адамын ерекше құрметтейтін. Алпысыншы жылдардың аяғында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ауданға қарасты барлық ауылдарды аралап концерт бердік. Дарияның бергі бетін бітіріп, төменгі ауылдарға өнер сапарын жалғастырдық. Кезек жаңадан құрылған Аққыр совхозына келді. Аудан орталығынан екі сағатқа жуық жол жүрдік. Бізді ауыл сыртынан, дәлірек айтқанда атышулы «шлагбаумнан» төрт-бес адам күтіп алды. Мұнан соң бізді шаруашылықтың кеңсесіне апарып, өнер ұжымын директордың өзі арнайы қабылдады. Өнер жайында мәнді, мағыналы әңгімелер айтты. «Құм ішіндегі шалғай ауыл ғой» деп енжарлау келген біз бірден ойымызды жинақтап, бойымызды тіктеп алдық. Қонақжайлық танытып, бір үйге арнайы дастархан дайындатып қойыпты.

Сонымен концерт басталатын межелі мезгілде ауылдық клубқа бардық. Қызық осы жерден басталды. Шеткі есіктен кірдік. Тағы да таңғалдық. Әдетте біз басқа ауылдарға барғанда көрерменді сағаттап күтетінбіз. Ауылдың тіршілігі түннің бір уағына дейін таусыла қоймайды. Сиыр сауылады, мал жайғалады, қым-қуыт тіршілік. Клуб есігі жабылмайды, әлгіндей жұмыстарын бітіргендер, ұбап-шұбап концерттің аяғына дейін келе береді, тіпті кейбіреулер кіріп-шығып жүре береді. Амал жоқ, оларға да кешіріммен қарайсың. Ал Аққырда біз мүлдем басқа көрерменмен жүздестік. Біз барғанда зал лық толы және тып-тыныш. Алдыңғы қатарда костюм-шалбар киіп, галстук таққан зиялы қауым өкілдері отыр. Концерт аяқталғанша бір адам орнынан қозғалған жоқ. Концерттен соң ел ағалары, зиялы қауым қайтып кетпей, бізге алғыстарын жеткізді. Міне тәртіп, міне мәдениет, міне өнерге деген ықылас, құрмет! Әлбетте, мұнда совхоз басшысы Камал Бердәулетовтің қолтаңбасы жатыр. Кәмекең өзі басшылық жасаған совхоздың тек шаруашылығын ғана көркейтумен шектелген жоқ, сол ауылда үлкен мәдени орта қалыптастырып, ауыл руханиятын да жаңа белеске көтеріп кетті, – деп әңгімесін аяқтап еді Тынымбай ағамыз.

Осы екі ағамның қысқа ғана естеліктерінен кейіпкеріміздің болмысы толық ашылып тұрғандай. Ауыл шаруашылығының көрнекті де іскер ұйымдастырушысы ғана емес, бойына қазақы тәрбие сіңірген, көкейіне ілім-білім тоқыған, мәдениетті, зиялы кісі болатын. Ілім-білім демекші ағамыз ел тарихын, би-шешендердің тағылымды сөздерін көп білетін. Көп жыл «Сыр бойы» газетінің белсенді авторы болды, бірнеше кітап жазды, Қазақстан Журналистер одағына мүше болды. Зейнетке шыққан соң да облыс басшыларының ұйғарымымен 12 жыл бойы үш рет қатарынан сайланып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Қоғамдық негіздегі қызмет болса да, жан-тәнімен беріліп, үлкен абыроймен атқарды. Аймақтағы ардагерлердің басын қосып, елдің бірлігін, халықтың ынтымағын сақтауда аянбай еңбек етті. Қазақстанның қай өңіріне барса да төрге шығаратын қадірлі қарияға, абыз ақсақалға айналды.

Иә, уақыт көші тоқтамайды, сол уақыттан бері қаншама жылдар өтті. Ол күндер де қазір тарихқа айналды. Жүгірген аңның тұяғы кетіліп, ұшқан құстың қанаты талатын баябан далада жаңа шаруашылық құру майданда жасалатын ерлікпен парапар еді. Сол бейбіт күндегі қызу еңбектің майданындағы бас қолбасшы Камал Бердәулетов болды.

Иә, Қызылқұм қойнауындағы осы бір ауыл – расында жақсылар мен жайсаңдардың мекені. Қайда кетсек те біздің айналып табатын алтын қазығымыз. Атажұрт киелі де құтты мекен. Ауылдағы осы бір берекелі тірліктің бастауында ақиқаттан аттамаған, ар мен намыстан жаралған қайраткер тұлға Камал Бердәулетов ағамыз тұр. Таулар алыстаған сайын биіктейді демекші уақыт өткен сайын Камал ағамыз да кейінгі ұрпақтың көз алдында тау тұлғаға айналып барады. Ағамыздың арамыздан кеткеніне бірталай уақыт өтсе де, оның ісі мәңгі жасай бермек.

Тұрақ АДИСҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<